Жұма, 29 Наурыз 2024
Құйылсын көшің 3240 3 пікір 6 Желтоқсан, 2022 сағат 13:38

Екі елдің жалғап арасын, келеміз біз де жарасып

Әуелі жиналысты ұйымдастырушы ДҚҚ Алматы қалалық филалының бастығы Омарәлі Әділбекұлына зор рақмет айтқым келеді. Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының 30 жылда қол жеткізген табысымен, жиналған тәжірибесімен бөлісуге шақырғаны аталған азаматтың білімділігі деп санаймын. Иә, 30 жылда ДҚҚ-ның еліміздің көші-қон үдерісіне қосқан үлесі ұшан теңіз, ауыз толтырып айтатын кезі келді.

Баяндамамды үш үлкен арнаға бөліп жеткізейін:

1. Арман мен асқақ рухтың тоғысқан жылдары

2. Егемен елдің елеулі ерлері – қандастар

3. Геосаясаттың құрсауында қалған ДҚҚ

Арман мен асқақ рухтың тоғысқан жылдары

1990 жылы елге оралғаннан соң, екі жылдан кейін, яғни, 1992 жылғы 28 қыркүйек - 4 қазан аралығында Алматы қаласында ДҚҚ-ның тұңғыш құрылтайы дүркіреп өтті.  Қарапайым қандастардың қатарындағы маған да бұл құрылтайдың бергені мол. Әлемнің 33 елінен 800 өкілдің келуі – қауымдастық тарихындағы «рекордты» орнатты. Бұл жиын қандастардың көңіліне жылу ұялатты, арманы мен асқақ рухын паш етті. Нәтижесінде сол жылдың қараша айында «Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығы» деген квазимемлекеттік орган дүниеге келді.

Сол жылдан бастап бұл ұйым «мәдениет алмасу», «көрші елдің ішкі ісіне араласпау» деген екі принципті алға тартты. Атамекенге оралған және ораламыз деген қандастарды құтты мекеніне қоныстандырып, табанынан тұрып кетуіне бір кісілік үлесін қосқанын қандастар әлі күнге дейін өнеге етіп айтып келеді. Осы орайда аталған мекемеде аянбай қызмет еткен Сұлтанәлі Базарбайұлы Балғабаев ағамыз бен Ботагөз Уатқанқызын ерекше ілтипатпен атап өткенім жөн болар. Олардың арғы беттен ат арытып жеткен ағайындарға шаршамай көмектескеніне талай рет куә болдым. Осы азаматтардың қамқорлығымен қаншама ауылдастарымыз есін жинап, елге қосылды. Демек 2017 жылға дейін бұл Қауымдастық квазимемелкеттік мекеме ретінде толыққанды «Бейімделу» орталығына айналғанын көрдік.

1990 жылдарының басында, өздеріңізге мәлім, еліміздің ішкі жағдайы мен сыртқы елдерімен арадағы қатынастар тым шиеленсіп тұрған кезі еді. Шығыстағы алып көршіміздің «Жаңа ғана егемендігін алған Қазақстан қандай геосаяси бағыт ұстанады? Еліндегі этносаралық күрделі жағдайды ушықтырып алмай ма? Зиялы қауымның кейбір өкілдері ел ішіндегі кеуделі топтардың астартын бірігуіне себеп болмай ма?» деген күдікпен үрейлене қарағаны рас.

Сондықтан да болар Қауымдастықтың жарлығында «бұл ұйым – саяси ұйым емес, саясатпен айналыспайды, тек елара мәдениеттің алмасуына дәнекер болады» деп жазылды. Мәдениет алмасудың көпірі демекші, Қауымдастық ҚХР мен Түркия тектес елдерге көрме ұйымдастырып, барған елдерінде қазақтардың ұлтық өнері мен рухани байлығын паш етіп, таныстырумен айналысты. Орталық өз қаражатына қандастардың әдебиеті, тарих және көркем өнері салаларына қатысты 700 баспа табақ 54 монография шығарды. Алматы қаласына орналасқан ДҚҚ Қазақстан жеріне табаны тиген қандастардың соғып, кеңес алмай кетпейтін мекеніне айналды.

Егемен елдің елеулі ерлері – қандастар

Қандастарымыз да құралақан келген жоқ. 2002 жылы 2-ші рет ДҚҚ құрылтайы өткен кезде, қандастарға үкіметтің берілген көші-қон квотасы жылдан жылға көбейіп, ақыры елге оралғандар саны 1 миллионнан артқаны айтылды. Бәйтеректің жайылған тамырындай қандастардың 1 миллионнан тараған үрім-бұтақтары бүгінде 1,5 миллион адамнан асқаны анық. Адамның саны қалай тез өссе, қандастардың қоғамдық салалардағы атқаратын рөлі де соншалықты тез өсті, әл-ауқаты да нығайды. Қытайдан келген ағайындар озып, көш алдына шықты. Күншығыстағы көршіміздің тілін біліп, жақсы дәстүрі мен салтын бойына дарытқан қандастарымыз сол елдің түрлі ірі  компанияларымен селбесіп қазақ елінде өнеркәсіптің түрлі салаларында кәсібін дөңгелетіп, еліміздегі салық пен жұмыссыздықты азайту бағытына қомақты үлес қосып келе жатыр. Бұл туралы сіздерге Нәбижан Мұқаметханұлының арнайы жазған «Халықаралық феномен: қазақ халқының бөлінуі мен тұтастану үдерісі» (Әл-Фараби атын. ҚазҰУ. - Алматы: Қазақ ун-ті, 2021) атты монографиясын оқуға кеңес беремін. Өзім тарихшы болғаннан соң, Қытайдан оралған зиялы қауымның осы елдің тарих саласына, деректануға қосқан үлесін ерекше мақтанышпен айтар едім. Сөзім нық болсын десеңіздер, отандық тарихшы Бақыт Еженханұлының ел тарихын, соның ішінде XVIII-XIX ғасырдағы қазақ-қытай қатынасын зерттеген бір ғана мақаласын назарларыңызға ұсынғым келеді (Бақыт Еженханұлы, «Абылай ханның Цин патшалық ордасына жолдаған тұңғыш хаты және одан туған тарихи мәселе». Известия НАН РК, Серия общественных наук, 2010, No 2). Тарихшылардың назарынан тыс қалған бұл мақаланың бізге берері зор. Себебі, 1757 жылы «Абылай ханның Манчин патшасы Еженге жазған хаты» деп «жаһанды жаулап алған» нұсқасына сеніп, Абылай хан бастаған қазақ халқы «XVIII ғасырда Чиң үкіметіне бодаулыққа жығылып, Қытай билігін қабылдаған» деген тұжырымды барлық тарихшылар ертеден-ақ шегелеп тастаған.

Алайда, Бахыт Еженханның тынымсыз ізденісінің арқасында мәселеге қайта оралдық. Хаттың манчу мен тото тіліндегі екі бірдей нұсқасында Орта жүз ханы сәлемін басқаша жеткізіпті.

«Қандастар отанына не берді?» деген сұрақ жиі қойылады. Олар көркемөнер, тарих пен аударма саласында, жаратылыстану мен медицина саласында елеулі еңбектер жазды, рухани саланың жаңғыруына үлкен себепкер болды. Адами қатынастың, адамгершіліктің мызғымас қағидасын әкелді, өте-мөте еңбекқорлық руқты әкелді. Қазақстан мен өздері келген елдің арасын жалғауға зор үлес қосып келеді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан бір-бірін қиындықта тастамау, берген уәдені айтқызбай орындау, қонақжайлық пен ақжарқын мінез, мейірімділік, қиындыққа төзімді болу сияқты ата-бабасынан бойға сіңген қасиетті өздерімен білге ала келді.

Геосаясаттың қыспағында көші-қоннан тыс қалған ДҚҚ

Қауымдастықтың жүріп өткен 30 жылын ой елегінен өткізіп, тарихын көз алдымызға келтірсек, аталған ұйымның «Бейімделу орталығы» ретіндегі «Алтын дәуірі» 2002-2015 жылы арасында болыпты. Онымен толық келісемін. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» сонау бір кезде Қауымдастықтың бас ғимараты, (Алматы қаласы Жібек жолы мен Уәлиқанов көшелерінің қиылысында) «Күлтөбеде күнде жиын, күнде той» демекші, бейне бір той думанның орталығы сияқты еді. Бүгінде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, мұң  басып, құлазыған келбетін көріп, сырттан келген ағайындар «өткен күннен белгі жоқ екен» десіп, ат ізін салмайтын болды. Бұл рас. 2017 жылы ДҚҚ 5-ші кезекті құрылтайы өткеннен соң, Қауымдастықтың жанынан «Отандастар қоры» деген ұйым пайда болып, Қауымдастықтың біраз функциясын «жұлып алып алған» болатын. Біздің «Бейімделу орталығымыздың» тіршілік тынысы тіпті тарылып, әуелгі квазимемлекеттік орган деген атынан бүгінде түймедей ғана елесі қалды. Бұған себеп іздеудің қажеті жоқ шығар. Өздеріңіздей білікті адамдармен кеңесуімнің нәтижесінде, үш нәрсені айта аламын.

Біріншіден, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы 1992 жылы қараша айында Әділет министрлігінің тіркеуінен өтті. Бірақ Қауымдастық қандастарды елге қайтарып, оларды Қазақстанның жер-жеріне таратып, орналастыратын қоғамдық орган болмағандықтан, өзінің мойнына осы бір зор міндетті алмаған. Ұйымның жарғысына көз салсақ, «ДҚҚ елара мәдениетті жалғайтын көпір рөлін атқарып, көрші елдің ішкі ісіне араласпайды» деп, көші-қон ісінен ат-тонын ала қашқанын біреу білсе, біреуі білмеген.

Сырттан енді ғана ат арытып жеткен ағайындарға жеткіземіз деп тиындап жалақы алған, Қауымдастың отаншыл, қайратты қызметкерлері осыны түсіндіретін. Сол қайраткердің бірі де, бірегейі де осындағы – Ботагөз Уатқанқызы.

ДҚҚ ұйымға жан-жақты қолдау көрсетудің орнына еліміздің қаржысын барынша тонаған «ұлықтар» қаражаттан қысып, «өз күніңді өзің көр, көре алмасаң, жауып көр!» дегені білініп-ақ тұрды. Осы кезде ертеректе келіп, ауқаттанған «оралман ағайындар» кеше өздеріне қол ұшын берген Қауымдастықтың қаржы қайнары болды. Қазақ билігі сол кезде көршілеріне, соның ішінде ҚХР мен Ресей үкіметінің қабағына қарағанын жақсы білесіздер. Шығыста ҚХР «енді ғана егемендігін алған Қазақстан Республикасы СУАР-дың қыл үстінде тұрған этникалық ара-қатынасына кері ықпалын тигізе ме, жоқ па?» деген күмәнға толы ойымен жақыннан бақыласа, теріскейде Александр Солженицын бастаған кейбір саясаткерлердің басымызға қара бұлт үйіргені есімізде. Осы себеппен, 1992 жылғы желтоқсан айында Қауымдастық тұңғыш рет форум өткізді.

Екіншіден,  1992-2010 жылдары елге оралған ағайындардың көбісі үкіметке қол жаюдың орнына, аржақтағы туысқандарын өздері шақыртып, келгеннен соң да үкіметке ауыртпашылық салмай, жергілікті жағдайға бейімделді. Тіпті жұмыспен қамтуды да өздері қолға алды. Сондықтан Қауымдастықтың алғашқы рөлін солар бөліп алып кеткен жері бар.

Үшіншіден, ел ауызынан жиі естіп жүрген жағдай, бұрынғы биліктің рушылдық идеядан туындаған салқын көзқарасы – өкіметтің көші-қонына кері әсерін тигізді. Еліміздің құрметті ақсақалы атанған кейбір ағаларымыздың сырттан келетін қандастарға «сол елінде отыра берсін, елге келмей-ақ қойсын» деген уәжі  негіз болған көрінеді. Қызық болғанда, Қытай жерінде азырақ албан тайпасына қараған рулар бар демесеңіз, сыртта отырған қандастардың дені Орта жүз қазақтарынан құралады екен. Егер бұл тұжырым рас болса, оны артқа тастайтын уақыт болды. Біз Жаңа Қазақстанға бет алдық. Осы жағын көбірек айтуға тиіспіз деп ойлаймын.

Бүгінгі күні көрші елдерде ушығып тұрған елара қатынастың жаңаша ауқымын  көріп отырмыз. Жақында қайта сайланған президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сенім артып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруды үнемі есте сақтауымыз керек. Қандастардың ықыласы қатты ауып, сенім артып отырғанын өзім де жақсы байқап отырмын. Тоқаев мырзанының әуелі ғылымның жанашыры болғаны жаныма жылу ұялатады. Мысалы, ол Қазақстанның сыртқы істер министрі қызметінде отырған кезде Қытай тарихшысы Су Бейхайдың «Қазақ халқының тұтас тарихы» еңбегін қазақ тіліне аудартуға ең алғаш қадам жасап, тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлына хат жазғаны бәрімізге белгілі.

Қазір Білім мен Ғылым министрлігі өз алдына екі мекеме болып бөлінді. Ғылым министрлігіне қаражат құйылып жатқанынан да  бейхабар емеспіз.

Қорытынды

Бұл қысқаша жасалған баяндаманың қорытындысы ретінде айтарым: Қауымдастықтың ертеңіне көз жіберсек, ағайындардың үміт оты әлі өшпеді. Керсінше олар бүгінгі Қазақстаның жағдаятына ойысып, өздерін жаңа қырынан көрсете алады деп сенеміз. Осы жерде отырған Омарәлі Әділбекұлы арқылы осы ұйымның басшыларына жеткізгім келетіні, жақында Қазақстан үкіметінің бекітуімен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жасаған «Ашық Қазақстан 500+» атты көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы бекітіліп шықты. Бұның біз үшін екі маңызды бағыты:

Біріншіден, «Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыруды көздейтін білім беру иммиграциясы».

Бұл бағыттағы жұмыс жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын күшейтуге және білім беру сапасын арттыруға арналған.

Екіншіден, азаматтарды еңбек күші жетпейтін өңірлерге көшіп баруын ынталандыру да тұжырымдаманың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл ретте көшіп барғандарды баспанамен, әлеуметтік инфрақұрылыммен және жұмыспен қамтамасыз ету алдын-ала пысықталады.

Бұл әліде толықтыруды талап ететін «бағдарлама». «Ол үшін 100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды Қазақстанға тарту ұсынылады» (Abai.kz).

Қош көрдік дейік! Алайда бұны тек жақсы ниетте жасалған мемлекеттік үлкен миханизм ретінде қараймын. Әлі «көш жүре түзеліп», тармақтық атрибуттары толтырыла жатар. Сөзім құрғақ болмасын, бір мысал айтайын, жақында АҚШ-қа ертерек кетіп қалған қандасым айтады: «Әріптесім екеуміз жақында бір өнімді АҚШ-тың Патенттік басқару бюросынан өткізейік деп жатырмыз. Ары қарай қазақ жерінде өндірсек. Тіркелген паттентік құқықты қазақ үкіметі мойындай ма? Салықты бастапқы кездегідей төлей береміз, бізге жеңілдіктің керегі жоқ, тек Астанаға жақын жерден 5 гектар жер берсе. Оның құжатын қанша уақытта алуға болады? Сен соны біліп берсең...тағысын-тағы»,-деді.

Мен «сенің сұрағыңа жауап жоқ» дедім. Мысалы «500+» немесе «100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды Қазақстанға тартудағы» 100 деген санды қай негізде алып отыр? Сырттан келетін қандастарға үкіметтің берер төлем ақысы қандай? Оны кім береді? Қанша уақытқа беріледі? Сөзімнің соңында, әлгі АҚШ-тағы қандасымызға былай деп жауап қайырғандай болдым: «Қазірше бұл бағдарлама тек 10 жылға берілетін «Ғылыми-педагогикалық виза» немесе «Ата жолы» картасын енгізумен шектеліп тұрған көрінеді».

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні: Үкіметіміз белін буа  кіріскен екен, ендеше осында отырған Омарәлі Әділбекұлындай ұзақ жыл көші-қон ісімен айналысып, кәсіпті де бірге дөңгелеткен білімді азаматтардың ақыл-кеңесін алған дұрыс.

Президентіміз Тоқаев мырзаның басшылығымен сыртқы миграцияда «саннан сапаға қарай» көшіп, шығыс пен теріскейдегі көршілерімізбен жалғастық үзілмесін.

Жігер Жанәбіл

*Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Ұлттық бірегейлік - тәуелсіздіктің кепілі» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстелде жасаған баяндамасы. 

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1574
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3576