Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5936 0 пікір 23 Ақпан, 2013 сағат 16:55

Шерубай Құрманбайұлы. Жүсіпбек Аймауытұлы және терминология мәселелері

Жүсіпбек Аймауытұлының терминология туралы ойлары мен оны қалыптастыру туралы негізгі ұсыныстары оның «Ақ жол» газетінің  1925 жылғы 1 мамырдағы санында жарияланған «Пән сөздері қалай табылады?» деп аталатын мақаласында айтылады.

Жүсіпбек Аймауытұлының терминологиялық көзқарасын сөз етпес бұрын мына мәселеге назар аударған жөн. 1924 жылы «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» Елдес Омарұлының баяндамасы негізінде терминологияны дамытудың қағидаттары ресми бектілді.  Алаш зиялылары, осы алқалы жиынға қатысқандар баяндаманы қызу талқылай отырып, ортақ пікірге, бір пәтуаға келді. Съез қаулысымен бекітілген қағидаттардың қолданысқа енгеніне бір жыл да толмай жатып Жүсіпбек Аймауытұлының қайта мәселе көтеріп, ресми белгіленген қағидаттардан ерекшеленетін, өзгешелеу жол ұсынып отыруы назар аудартады.       Ж.Аймауытұлының аталған мақаласы Ахмет, Елдес, Халел сынды тіл білімпаздары мақұлдаған қағидаттардан бөлек жол ұсынуының өзі оның пікіріне ерекше мән беруді талап етеді. Сонымен терминологияны қалыптастрыудың өзіндік жолын жұртшылық талқысына ұсынған осы мақалаға ретімен тоқталып көрелік.

Жүсіпбек Аймауытұлының терминология туралы ойлары мен оны қалыптастыру туралы негізгі ұсыныстары оның «Ақ жол» газетінің  1925 жылғы 1 мамырдағы санында жарияланған «Пән сөздері қалай табылады?» деп аталатын мақаласында айтылады.

Жүсіпбек Аймауытұлының терминологиялық көзқарасын сөз етпес бұрын мына мәселеге назар аударған жөн. 1924 жылы «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде» Елдес Омарұлының баяндамасы негізінде терминологияны дамытудың қағидаттары ресми бектілді.  Алаш зиялылары, осы алқалы жиынға қатысқандар баяндаманы қызу талқылай отырып, ортақ пікірге, бір пәтуаға келді. Съез қаулысымен бекітілген қағидаттардың қолданысқа енгеніне бір жыл да толмай жатып Жүсіпбек Аймауытұлының қайта мәселе көтеріп, ресми белгіленген қағидаттардан ерекшеленетін, өзгешелеу жол ұсынып отыруы назар аудартады.       Ж.Аймауытұлының аталған мақаласы Ахмет, Елдес, Халел сынды тіл білімпаздары мақұлдаған қағидаттардан бөлек жол ұсынуының өзі оның пікіріне ерекше мән беруді талап етеді. Сонымен терминологияны қалыптастрыудың өзіндік жолын жұртшылық талқысына ұсынған осы мақалаға ретімен тоқталып көрелік.

Автор мақаласын былай бастайды: «Қазақ тілінде кітап көбейген сайын, пән сөздері де молайып келеді. Барлық пәнге керекті сөздерді ойлап тауып, жеткіземіз деп білім кеңестері әуре болып жатыр. Тәуір, ұғымсыз-қолайсыз сөздер де көп, қолданылып жүрген сөздер де көп. Сонымен жұрттың бірсыпырасы пән сөздеріне жарымай жүр. Бұл  әңгіме былтыр білімпаздар кеңесінде де сөз болып еді. Әлде болса сөз болу керек көрінеді. Сондықтан пән сөздерін қалай табу туралы пікір ұсынып, ойшылдардың алдына салмақпыз» дейді.

Автор терминологиялық жұмыстарды неліктен олай ұйымдастыруға болмайтындығының себептеріне тоқталып, оларды санамалап көрсетеді. Ол бірінші себеп ретінде мынаны айтады:

1. «Тіл» деген нәрсе біліммен бірге өсетін, өрбитін жанды нәрсе. Тілдің өсіп, өркендеуі де табиғи жол болуы керек. Жанды нәрсе өз ағынымен, өз еркімен, қысылмай, зорлық көрмей, өсіп жетілмек. Мәдениетіміз күшейсе, тіліміз өзінен-өзі күшейеді. Қалай күшейеді? Жаңа сөздерді қайдан алады? Байқап отырсақ, жат ұғым жат сөзді өзі кіргізетін көрінеді. Төңкерістен бері еріксіз кіріп кеткен жат сөздер бар. Оларды халық сіңіріп алып қойды. Жұрттың миына орнап қалды. Енді олардың орнына жаңадан қазақ сөзін тауып кіргізіп, жат тілді қуып шығамыз деп талпынғанмен болмайды. Бойға сіңіп кеткен асты қайта құсуға бола ма? Сол тәрізді, сондай бойға тарап кеткен сөздерге мысал мыналар: аптономия, республика, сәбет, кәменес, ісполком, сайоз, мандат, әгент, милисия, әтред, налок, кәператсия, метеңгі, сабрание, әрістабайт, кунпескебайт, пұраба, контр,  пұртокол, ыстаж, бүджет, кәтегерие т.б.

... Бұл сөздерді еш білімдар ойлап тауып кіргізген жоқ. Өмір кіргізіп отыр. Өмір кіргізген жаңалықты жауып тастауға болмайды. Сондықтан жат тілден қашамыз десек те қаша алмаймыз».

Бұл Ж.Аймауытұлының білімпаздар құрылтайында бекітілген қағидаттарға қарсы келтіріп отырған бірінші дәлелі. Мұны оның терминологиялық қорды қалыптастыруда басшылыққа алып отырған ең басты ұстанымы деп те тануымыз керек.

Әрине, өзге тілдерден сөз алмайтын тіл болмайтыны белгілі. Бірақ автордың тілдің өркендеуін еркіне жіберіп, табиғи жолмен дамуына мүмкіндік беру керек деген пікірінің ғылыми негіз берік деуге болмайды. Ұлттың тілі ғылым мен техниканың, білімнің тілі ретінде қарқынды даму кезеңін басынан кешпеген уақытта оның табиғи жолмен қалыпты түрде өркендеуі мүмкін.  Ал тілдердің өзара байланысы күшейіп, мәдениеттердің бір-біріне ықпалы артқан, ұлттың ғылым мен техниканы игеруге өз тілінде араласып, терминдер тасқыны, ақпараттар ағыны келе бастаған мезгілде тілдің өз бетінше дамуына жол беру қажет деген пікірге қосылу қиын. Себебі, терминологияның дамуын ырқына жіберген жағдайда, біз көптеген қиындықтарға, проблемаларға тап болатынымыз анық. Терминологиядағы жүйесіздік, семантикалық сәйкессіздік, жарыспалылық, терминдердің үндесімсіздігі, терминологиялық бейберекеттік сияқты кемшіліктер дәл осы терминологияның дамуын қадағаламаудан, үйлестірмеуден туындайды. Міне сондықтан да терминологияның дамуын өз ағымына жіберу керек деген тұжырымның негізі бар дей алмаймыз. Бұл орайда Жүсіпбек Аймауытұлының  замандастары Ахмет Байтұрсынұлы мен Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлдары ұстанған жолдың дұрыстығына күмән келтіруге болмайды. Олардың белгілеген қағидаттарының дұрыстығы сонда олар терминологияның дамуын өз ағымына, ырқына жіберуді емес, оны реттеп, ұлт тілінің заңдылықтары мен мүддесіне сәйкес жүйелеп отыруды көздеді. Қазіргі терминтану ғылымында терминологияны дамытуды қадағалап, жоспарлап, үйлестіріп отыру қажеттілігі дәлелденді.

Мақаладағы жұрттың санасына сіңіп кеткен кірме сөздерді қуып шығуға болмайды деуінде белгілі дәрежеде шындық бар. Әсіресе кірме сөздер тым көбейіп кетсе, олардың бәрін ұлт тілінің өз сөзімен алмастыру өте қиынға соғатыны рас. Оған бүгінгі қазақ терминологиясындағы мыңдаған кірме терминдер  нақты мысал бола алады. Алайда тілге кірген жат сөздерден мүлде арылуға болмайды деп кесіп айтудың да негізі бар дей алмаймыз. Мұндай пікірде біржақтылық бар екендігін айту керек. Әлемнің көптеген тілдерінде ұзақ жылдар бойы қолданыста болған жүздеген өзге тілдік атауларды төл сөздерімен алмастырылғанын дәлелдейтін деректер аз емес. Тіпті алысқа бармай-ақ мақала авторының өзі мысалға келтіріп отырған сөздерін алып  қарасақ та оған көз жеткізуге болады. Оның бойымызға тарап кетті, енді оларды өзгертуге болмайды деп мысалға келтірген жоғарыдағы сөздерінің көпшілігін біз бүгін өзгертіп, қазақша нұсқасында қолданып жүрміз. Мәселен, мына атаулар: кеңес (совет), атқару комитеті (исполком), одақ (союз), жасақ (отряд), салық (налог), жиналыс (собрание), тұтқындау (арестовать), тәркілеу (конфескация), құқық (право), хаттама (протокол), санат (категория). Бұлардың бірі ерте, бірі кеш тілге сіңіп, ресми бекітілген, жұртшылық қабылдаған сөздер қатарына енді. Мұндай мысалдарды әлі көптеп келтіре беруге болады.  Сол себептен де қазақтың аса көрнекті қаламгері, көркем сөздің хас шебері Жүсіпбек Аймауытұлының білім-парасатын құрметтей отыра, оның терминологияны дамытуға қатысты бұл ұстанымының ғылыми-лингвистикалық негізі берік дей алмасақ керек.

Жүсіпбек Аймауытұлы екінші себеп ретінде мынаны атап көрсетеді:

«Жаңадан жасалған сөздер күшпен тіл бола алмайды. Тілдің қолайлысы, ұғымға жайлысы алынады. Қолайсызы шығып қалып отырады. Тіршілік тартысында қандай талғау таңдау болса, тіл де сондай таңдау іздейді. «аухалтер» (аудандық халық тергеушісі), «кек» (кесіпшілер кеңесі), «хан бөлбас» (ханшілік бөлімі бастығы), «сәрсендеме» (гимнастика) деген сөздер өтпейді. Бұларды тіл қыламыз десек зорлық болады. Ел «атком»-нан «ісполком»-ды жақсы біледі. «Одақ»-тан «сайоз»-ды артық көреді: «сайоз»-дан нәрсе алады, «сайоз» ұйымнан пайдаланады. «ауылдық кеңес» дегеннен «ауылнай сәбет» дегенді жеңіл көреді. «Интернационал»-ды олай аударып, былай аударып, қазақтан қолайлы сөз таба алмай қойды. Бұл не? Тіл орынсыз бұрмалауды көтермейді екен».

Алдыңғы тармақта автор қазақ тіліне өзге тілдерден енген кірме атауларды жатсынбау керек, олар тілге сіңіп кетті десе, екінші тарамақта ол жаңа сөздерді күштеп тілге енгізудің қажеті жоқ дейді. Мұнда да ол негізінен тілдің дамуын еркіне жіберу керек деген бастапқы ойын жалғастырып, сабақтай түседі. Жалпы алғанда жазушы кірме сөздерді аударып өз атауларымызды жасауға аса ынталылық таныта қоймайды. Айтқан ойы да, келтірген мысалдары да соны аңғартады. Оның жоғарыда айтқан сөздің қолайлысы, ұғымға жайлысы алынады дегені дұрыс. Бірақ сол қолайлыны, жайлыны анықтап, іріктеп, саралап отыруды жалпы халыққа жүктеп қоюдың реті жоқ. Ондай іспен мамандар, тілдің заңдылықтарын, сөзге, терминге қойылатын талаптарды білетіндер айналысуы тиіс. Тілге сәтсіз жасалған, тілдік нормаларға жауап бермейтін сөздердің де еніп кетіп, орнығып қалғаннан кейін солардан арыла алмай жататын жағдайларымыз да аз емес. Бұл тиісті саралау жұмыстарының уақытында өз деңгейінде жүргізілмегендігінен, істің кәсібилікпен атқарылмағандығынан орын алатын кемшіліктер. Автордың екінші пунктте халық «жақсы біледі», «жеңіл көреді» деп атап көрсеткен, қолдаған сөздерінің бірқатары уақыт өте келе қолданыстан шығып қалды. Керісінше, «ісполком» орнына ол сынаған - атқару комитеті, «сайоз» орнына - одақ, «ауылнай сәбет» орнына - ауылдық кеңес орнықты. Мұны уақыт сыны дейтін болсақ, сол кезеңде осы сөздерді жасап, қолданысқа енгізген зиялыларды тілге зорлық жасады дей алмасақ керек.

Мақала авторы үшінші себеп ретінде мына мәселелерге тоқталады:

«Мектептердің пән сөздерін кеңседе жасау дұрыс емес. Пән сөзін пән маманы, кітап жазушы шығару керек. Ешбір ғалым пән сөздерін кеңседе шешкізіп, жасамайды. Кітап жазушы өзі табады. Бір ғалымның шығарған кітабында кейбір сөздер қолайсыз болса, екінші жазушы ол сөздерін түзеп, өзгертіп, жаңа сөз кіргізеді. Сөзді пән иесі ғана шығармаса, бөгде кісілердің шығаруы мүмкін емес, өйткені әр пәнге жетік адамдар білім кеңесінде болмайды. Пән иесі көп ойланып, көп еңбектеніп тапса, кеңес сөзге көп ойланып отыра алмайды. Білім кеңестерінің жиылысында болғанымыз бар, онда сөздер жете тексерілмей үстірт қаралатындығы, көп отырса, жалығып, қолайсыз сөздерді де ала салатыны байқалады.

Білім кеңестерінің сөз табуы ғылымға негізделген (акдемически) жол емес, бұтақ (кустарни) жол. Ілім негізімен шешу үшін пән сөздерін жасаушылар әр тілді (араб, парсы, түрік, Европа тілдерін) білетін (филолог) адамдар болу керек. Сондықтан тіл қарастыру жұмысы білімге негізделмей, жорамалдаумен, сипаттаумен «осынау қалай болар екен?»-мен шешіліп жүр».

Ж.Аймауытұлы бұл жерде «терминдерді кім жасауы керек?», «термин шығармашылығымен кімдер айналысуы тиіс?» деген мәселелерге өз пікірін айтады. Автордың атып отырған ойы орынды. Әр саланың терминдерін сол саланың мамандары, оқулық, кітап жазушы авторлар жасауы керек. Өйткені олар сол өзі маманданған саласының ұғымдарын, олардың өзара байланысы мен ерекшеліктерін жақсы біледі. Бірақ мұнда мәселенің екінші қыры бар. Сала мамандарының бәрі бірдей тілді, оның заңдылықтарын, терминге қойылатын талаптарды жақсы біле бермейді. Сондықтан да автор бұл мәселені ғылыми тұрғыдан дұрыс шешу үшін «әр тілді білетін филолог адамдар» шешуі керек деп түйіндейді. Яғни ол бұл тұста мәселенің екінші қырын да дұрыс байқай білген. Жекелеген терминологиялық жұмыстарды сала мамандарының атқаратындығына қарамастан, жалпы қазіргі уақытта әлем халықтарының терминологиялық жүйесін жетілдірумен, жүйелумен және терминтануды ғылым ретінде зерттеп, пән ретінде оқытумен айналысушылар негізінен лингвистер болып отыр. Бұл терминнің сөз, сөз тіркесі ретінде тіл білімінің зерттеу нысаны болғандығынан болса керек.

Жүсіпбек Аймауытұлының білім кеңесінің жұмысына сын айтуына келер болсақ, оның сонау ХХ ғасыр басында айтқан пікірі бүгінгі күн үшін де маңызды болып отыр. Оның «Білім кеңестерінің жиылысында болғанымыз бар, онда сөздер жете тексерілмей үстірт қаралатындығы, көп отырса, жалығып, қолайсыз сөздерді де ала салатыны байқалады» деген сөзі дәл бүгінгі біздің Мемтерминкомға қатысты айтылғандай.

Жазушының баспасөз бетіндегі термин қолданысын реттеуге қатысты айтқан пікірлерінің бірқатары әлі де құнын жойған жоқ. Оларды ескерсек, қазіргі баспасөздегі термин қолданысында орын алып жататын кейбір кемшіліктерге жол берілмеуіне септігі тиер еді.

Шерубай Құрманбайұлы

филология ғылымдарының докторы,

профессор

Abai.kz

0 пікір