Сенбі, 28 Қаңтар 2023
Айқай 1140 4 пікір 5 Желтоқсан, 2022 сағат 13:58

Архимедтің қоштасу әні

Бұл Архимед Мұханбетов деген «30 пайыздық  әкім» деген халық сүйіп қойған дардай атағы бар ұлықтың  Қостанайдан өзі кеткенмен, көлеңкесі кетпейтін секілді. 7 жыл бойы әкімнің жылы орнынан қозғалуы, сірә, өте ауыр соқты-ау деймін, орнынан түскен ешбір әкім шығармаған қылықты шығарды.

Инстаграммдағы өз парақшасында қостанайлықтарды қатты қимай, көз жасын көлдетіп отырып, үшбу хат жазыпты. Бәрімен қимай қоштасады. Сірә, мұндағылар оның «аса көрнекті» істерін мәңгілікке ұмытпай, үнемі әндетіп жүретіндігінен өте дәмелі секілді. Әсіресе, зиялы қауым мен баспасөз өкілдері дегендегі сағынышы кеудесіне сыймай жүр екен-ау, шіркін.

Ойпырай, өтірік, екіжүзділікке салынудың да шегі жоқ екен ғой. Осында көзіміз тірі ғой, Қостанайға келіп, таққа қонған кезден бергі аттай жеті жылдың ішінде ең болмаса бір рет не зиялы қауыммен кездескен жоқ, не дені дұрыс бір баспасөз мәслихатына да қатысқан емес. Ал, ең сорақысы, осындағы өзі құрылтайшылық ететін маңдайымызға біткен жалғыз қазақ газеті – «Қостанай таңы» басылымына бір рет те бас сұғуға жарамады, сабазың.

Сөйте тұра осы зиялы қауымдар өкілдерін алдағы уақытта мәңгі-бақи жүрек тұсында сақтайды екен. Не деген сүйіспеншілік десеңізші...

Сол атақты қоштасу хатында өзінің осында күндіз-түні тер төге еңбек еткендігін атап өтеді. Сонда ол қандай еңбек? Нәтижесі қандай? Жұрт айтып жүретіндей қандай белгі?

Іліп алатындай ештеңе де жоқ қой, жоқ.

Ал енді Қостанайда осынша мерзім әкім болған Сергей Кулагин деген кісі кезінде Шөкеев Назарбаевтың көзін бақырайтып қойып, алдап: «Бізде қазақ драма театры бар» деп, жымырайған мәдениет үйін көрсеткен жаман үйден біржолата құтылып, қаланың қақ ортасына жаңадан үлкен бір қазақ драма драма театрын салып, халықтың үлкен бір ризашылығына бөленгені бар. Мұны аз десеңіз, ішінде барлық жағдай жасалып, жаңа заманғы медициналық техникамен түгел жабдықталған облыстық аурухананы қалың жұртшылыққа табыстап кетті. Енді көп жұрт соның рахатын көріп, облыстың түкпір-түкпірінен келген ауру-сырқаулары кең бөлмеде жатып ем алып, ал қара көздеріміз сәулетті ғимаратта театр өнерін тамашалап отыр. Сонда артында елеулі белгі қалдырған әкім қайсысы болды? Тіпті кезінде Кулагин періште болмаса да, оған «30 пайыз» деген атақ еріп те келген жоқ, еріп те кеткен жоқ.

Айта берсек, бұл Архимед халыққа соншалықты аса қажеті жоқ ғимараттарды миллиондаған емес, бірнеше миллиардтаған теңгеге салып, онысы кейін іске жарамай қалатыны секілді «өнерлері» көп болатын. Ол құрылыстарды тек қымбат бағамен салуды жақсы көргендігінен шығар, әлгі «30 пайыздық әкім» деген атақтың желімдей жабысып қалғаны.

Жалпы, бұл менің кеткен адамды жамандағаным емес. Кейбіреулер секілді мен оны сыртынан өсектеген әдетім жоқ. Көзі қарақты оқырмандар біледі, мен Архимедтің осында келгеннен бергі кезеңдегі жіберген кемшіліктерін ылғи көзіне шүқып жазып отырған жанмын. Тура 7 жыл бойы.

Мүмкін, менің де еңбегімді ескерер. Айтпақшы, ол менің жақын аталас туысым да болып келеді. Журналист деген мамандықтың бір жаман жері осы, туған-туысқандықтан ажыратады. Әйтпесе, Архимедтің игі істерін ылғи тізбелеп жазып жүргенімде аузымнан ақ май ағып отырмайтын ба еді? Енді, міне, дөйдей бір туыс әкімнен айырылып қалып, сорлап жүргенім. Әй, менің өзіме де сол керек. Жұрт секілді тыныш жүрмей...

Жайберген Болатов

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Анық-қанығы

Жақиянов: Маған ашық жала жабуға кірісті...

Ғалымжан Жақиянов 3116
Адасқандар

Мобилизация: Келімсектердің сенері - «дядя Вова!»

Жайберген Болатов 2231
Айқай

Елде ұлттық идеология өте әлсіз...

Бейсенғазы Ұлықбек 1901