Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Не дейді?! 2467 7 пікір 5 Желтоқсан, 2022 сағат 13:49

Қазақстан. Монархия идеясы туралы...

Орта Азияда ұлттық атауы бар «Хандық» құра алған жұрт тек қана Қазақ. Бұл барша қазақтың ортақ мақтанышы. Сондықтан бұрын «күбірлеп» айтылатын «Хандықты» қайыра орнату белгілі бір ортада сөз етіле бастады.

Қазір қазақ тілді қазақтардың бәрі демей-ақ қоялық, басым көпшілігі «Қазақстан Халықтар Ассемблеясын» бюджеттен бөлінген ақшаны сақтай отырып, ұлттық негізде сақтап қалудың жолын ұсынуда. Соның бір жолы оны Жалпыұлттық мұрагерлік негіздегі «Сұлтандар мен қожалар әм билер ұрпақтарының қауымдастығына» айналдыру керек дегенді ауызға ала бастады. Сондағы уәж:

1. Ең бастысы тілі, діні әм ділі бөлек отандастарымыздың басын «Қазақстан – Алтын Орданың мұрагері» идеясы қосады.

2. Екі президент кезінде де тілі, діні әм ділі бөлек отандастарымыздың басын қосатын «демократиялық өзгерістерге» қол жеткізетін қадамдар қазақ ұлтының пайдасына еш жасалған жоқ. Оған қол жеткізудің жалғыз амалы Ұлыбританияның жолы – конституциялық монархия орнату.

3. Жалпыұлттық мұрагерлік негіздегі «Сұлтандар мен қожалар әм билер ұйымын» қалыптастырмасақ, тілі, діні және ділі өзге ұлт ұлттық мемлекет құрғанымызды өмірі мойындамайды.

4. Ата-бабамыз тәуелсіздігімізді жоғалтқанға дейін хандықта өмір сүрді, біз неге сол саяси дәстүрімізді парламенттік мемлекет құруға сай жаңғыртпаймыз? Неге біз АҚШ пен Ресейдің жазған сызғанымен жүруге тиіспіз. Бабаларымыз салған ұлттық сара жолымыз бар емес пе?

5. Біз ұлттық ерекшелігімзді осылайша сақтап, әлемдік демократияға өзімізше өзгеге жалтақтамай, еліктеп-солықтамай қол жеткізе аламыз.

Сонымен, елімізде шынайы демократия орнықтыруға қатысты «Ұлттық монархияға» сөз етіле бастады. Бұл «бабалар тілегі» аруақтар алдындағы азаматтық парызымыз деген ой ортаға тасталды. Бірақ атын атамауды өтінген бастамашыл топтың бұл қадам оң бола ма, теріс бола ма оны уақыт көрсетеді. Идея көтерілді, концепция түзілді, тек енді бұған қазақтың қалай қарайтыны ғана қалды.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

7 пікір