Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3513 0 пікір 22 Ақпан, 2013 сағат 12:31

Айдос Сарым. Даналық ілімінің жоқтаушысы

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қолына қалам ұстаған қауым, мейлі  жазушы, мейлі жорналшы, мейлі тарихшы, мейлі философ, мейлі теолог болсын жиі-жиі қаузаған мәселесі - дін тақырыбы болғандығы айпарадай анық жайт. Тіпті, публицистикада дін мәселесі ең басты сәндік тақырыпқа айналды десек асыра айтқандық емес. Бұл буырқанған тың тенденция нені білдіретін еді? Әлбетте, перенауыз жазғыштардың оқтын-оқтын дін тақырыбын көтеруінің түрлі скепулятивті себептері бар болғанымен, қалың бұқара жетпіс жыл бойы атеистік вакумда оқшау өмір сүріп, рухани қажеттіліктің ең басты бастау-бұлағы - діни құндылыққа кенезесі кеуіп, қатты сусаған болатын. Осы бос қуыстың орнын толтыруда әркім қадари қалінше амал-әрекет жасап бақты. Әдепкіде, әртүрлі әлеуметтік құбылыстардың қайшылығынан тотығып, кейіннен қайта түлеу үдерісіне бет алған осы руханият майданында бұлттан шыққан күндей жарқ етіп көзге түскен философ-дінтанушы Досай Кенжетай болды десем сірә, қателеспейтін шығармын. Сонымен, Досай Кенжетай қандай құбылыс иесі?

Тұлпардың тұяғының дүбірі өзінен бұрын естіледі

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қолына қалам ұстаған қауым, мейлі  жазушы, мейлі жорналшы, мейлі тарихшы, мейлі философ, мейлі теолог болсын жиі-жиі қаузаған мәселесі - дін тақырыбы болғандығы айпарадай анық жайт. Тіпті, публицистикада дін мәселесі ең басты сәндік тақырыпқа айналды десек асыра айтқандық емес. Бұл буырқанған тың тенденция нені білдіретін еді? Әлбетте, перенауыз жазғыштардың оқтын-оқтын дін тақырыбын көтеруінің түрлі скепулятивті себептері бар болғанымен, қалың бұқара жетпіс жыл бойы атеистік вакумда оқшау өмір сүріп, рухани қажеттіліктің ең басты бастау-бұлағы - діни құндылыққа кенезесі кеуіп, қатты сусаған болатын. Осы бос қуыстың орнын толтыруда әркім қадари қалінше амал-әрекет жасап бақты. Әдепкіде, әртүрлі әлеуметтік құбылыстардың қайшылығынан тотығып, кейіннен қайта түлеу үдерісіне бет алған осы руханият майданында бұлттан шыққан күндей жарқ етіп көзге түскен философ-дінтанушы Досай Кенжетай болды десем сірә, қателеспейтін шығармын. Сонымен, Досай Кенжетай қандай құбылыс иесі?

Тұлпардың тұяғының дүбірі өзінен бұрын естіледі

Тұлпардың тұяғының дүбірі өзінен бұрын естілетіні секілді отандастары Досекең сонау Анадолыда жүрген шағында-ақ оның даналыққа құштар алғадай туындыларымен алғаш танысып білді. Оның Әзірет Сұлтан бабамыздың хикметтерін талдаған ғылыми туындылары түбі бір туысқан Түркия Республикасында оқып жүргенінде басылым беттерінде жарық көре бастады. Біз де Досекеңді Анкарада оқып жүрген кезінде Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың «Мират-ул Кулуб (Жүректің айнасы) атты трактатының түсіндірмесін жасап, арнайы кітап етіп басып шығарғанда жақыннан танып білдік.

Әлі есімде елімізде өткен бір ғылыми құрапатта Намық Кемал Зейбек: «Қазақ бауырлар сіздердің келешектеріңіз жарқын. Себебі, бүгінде Алаш аспанында күндей жарқырайтын жас тұлға-көсемдеріңіз өсіп-жетілуде. Сондай болашақ ірі тұлғалардың қатарына шәкіртім Досай Кенжетайды жатқызар едім. Ол сияқты жүрек іліміне, руханиятқа жаңа қырынан ғылыми талдау жасай алатын адам бүгінде Түркияның өзінде кемде-кем. Сіздерге осындай оғландарыңыздың жемісін көруді жазсын» деп жүрекжарды лебізін білдіріп еді. Содан бері Досекеңді жыға танымайтындарымыз оның әрбір шығармасын назарымыздан тыс қалдырмай оқитын болдық.

Кейін Досекеңмен аралас-құралас бола бастағаннан байқағаным ол ой шешендігіне аса қағылез, қандай бір пікір, қандай бір тұжырым болмасын жіті һәм шапшаң саралап, қандай мүдде тұрғысынан айтылғандығын тез аңғаратын. Суырып салма ақын, ділмар-шешендерге тән бұл қасиет қайдан жұққан деуші едім ішімнен. Сөйтсем, Досекең жас күнінде ауыл арасындағы ақындар айтысында бағын сынап, небір жиындарда жарысөзге шығып, шешендік өнерге әбден шыңдалған екен. Одан қалса, әкесі ерте қайтып, он балалы отбасының үлкені болғандықтан артынан ерген іні-қарындастарына бозбала шағында-ақ бас болған көрінеді. Тіпті, ұшқан ұясының түтінін түзу ұшыру үшін Мәскеуде оқып жүрген институтын 3 курста тастап, елге оралуға мәжбүр болыпты. Әйтседе, бойындағы туа-бітті оқу-білімге деген құштарлық  оның Түркістанда жаңа ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Университеттің «дінтану» бөліміне оқу түсуіне түрткі болады. Алғыр жігіттің қарымын, елгезектігін байқаған оқу ордасының басшылығы Досекеңе келе салысымен жастар комитетінің тізгінін ұстатыпты.

Тоқсаныншы жылдардың жылымығы кезінде Түркістанда да ұлттық жаңғыру үдерістері жүрді. Осы кезде Досай Кенжетай жастардың түрлі мәдени іс-шараларын ұйымдастырып, жас өскіннің  бағыт-бағдарын айқындауда өзіндік елеулі үлес қосты. Досекеңнің мұрындық болуымен өткізілген жастардың ақындар айтысы, поэзия кештері, түрлі шығармашылық бәйгелердің нәтижесінде бүгінде еле танымал Айнұр Әбдірәсілқызы, Асқар Дүйсенбі, Мұхиддин Исаұлы, Алау Әділбаев, Бекарыс Шойбеков, Ләззат Байырбекова, Алмат Алтай, Бекжан Есенбеков, Бекжігіт Баймаханов секілді қазақтың жас өрендері бүр жарып, өсіп шықты.

Анкараға оқуын жалғастыруға барғанда да түрік қоғамының ығына жығылып, солай қарай  өресін тіктеп өсе бастаған ұл-қыздарымыздың басын қосып, ұлттық бітім-болмысымыздың айбынын асыру мақсатында «Отау» шығармашылық бірлестігін құрып, «Желмая» атты ғылыми-танымдық журнал шығаруды қолға алады. Бұл Түркияда оқып білім алып жүрген қазақ жастарының алғашқы бірлестігі һәм ілкі журналы еді. Өз кезегінде бұл Анадолыдағы Алаш баласының рухани ұйытқысына айнала алды. Күні бүгінге дейін Түркияда оқып жатқан Қазақ жастары Досекең негізін салған осы сораппен жүріп, ілім-біліммен сусындауда.

Сал-серілік дәстүрдің шығу тегін айқындады

Досай Кенжетайдың «Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы» атты іргелі зерттеу жұмысы Қазақ философиясына соңғы жылдары қосылған сүбелі еңбек екендігі талассыз шындық. Ғылыми еңбектегі жүректің қылын шертер хақиқи ой-түйіндер ымыртта қалған жолаушыға сәулесін түсіріп, жол сілтеген балауыз шамдай әсер қалдыратыны анық. Монографиядағы ғалымның хикметке толы үні, ондағы тарихи дереккөздерге жасаған байламы, талдау методологиясы, ойлау жүйесі, рухани қыртыстар, таным қабаттарын жеке-жеке зерделейтін болсақ, атан түйеге жүк болары айдай ақиқат. Біз соның ішінде Қазақтың дәстүрлі ойлау философиясына қатысты тұстарына ғана аз-кем тоқталуды жөн көріп отырмыз.

Досай Кенжетай сопылық лабароториясына дендей ене отырып: «Ясауи жолының әдістемелік жүйесі «сайр-и сулук» арқылы анықталады. «Сулук» деп - сопылық психотехниканы, ал, «сайр» деп - рухани сапарларды айтады Қазақ мәдениетінде бұл әдіс «сал-серілік» дәстүрі ретінде ғибрат, насихат және сұқбат негізінде қалыптасқан. Оны таратудың термешілік, жыраулық жалпы халықтық өнер аясында дамыған» (Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы. Түркістан 2004, 249 бет) дейді терең толғанып.

Өз басым зерттеушінің Қазақ мәдениеті үшін тосын бұл ой-тұжырымымен танысқанда, біраз күнге дейін ерекше толғаныста жүрдім. Рас, осы күнге дейін Қазақтың сал-серілік дәстүрі тақырыбына қалам тартқан көптеген әдебиетшілер мен өнертанушылар болды. Бірақ, сал-серілік мәдениеттің шығу тегін дәл анықтаған мынадай тұжырымды әлі кездестірмеген едік. Хақиқатты танытар жүрек ілімінің соңғы ғасырларда солғын тартуынан ба, жоқ әлде кешегі Кеңестік атеизмнің әсерінен бе, біздің қоғам сал-серілерді дүниенің тек өткінші қызығын мұрат етуші бойына желік кірген өнерпаз, саятшы, атбегі т.б мамандық иелері ретінде бағалап келді. Ал, шынтуайтында сал-серілік өнер сұқбаттасу арқылы халыққа Хақты танытатын тамаша құрал болатын. Алайда, оның сырын маңдайдағы көзбен емес, жүрек көзімен ғана көруге мүмкіндігіміз бар. Әрине, бұл өз алдына бөлек әңгіме.

Нағында, сулук иесі Алла мен адам арасындағы жетпіс мың перде-мақамдарды (Қожа Ахмет Ясауи. Мират-ул Кулуб) кешіп өтіп барып, Хақпен қауышқаннан соң, сол Хақты таныту мақсатында халыққа қарай кейін қайтады. Сопылық ілімде бұл мақамды «Сайру ан-и Аллаһ» деп атайды. Рух саяхатшысы бұл кейінгі сапарында Хақтың құзырында өзін қалың бұқараның рухани тәрбиесіне жауапты сезініп, Ұлы Жаратушыны ұдайы зікір ете отырып, қарабасынан қалың бұқараның қамын жоғары қойып, халыққа түрлі қажетті мамандықтармен қызмет етеді. Бұл хақында белгілі зерттеуші Н.Нұртазина сулук иелері сопы-ғалымдар, сопы-патшалар, сопы-емшілер, сопы-шопандар, сопы-теологтар ретінде халықтың игілігіне пида болатынын  атап өтсе, Д.Кенжетай Шопан ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара, Қамбар атаны пір тұтқан сопылардың болғанын айта келіп «Жоғарыдағы сопылардың қазақ мәдениетінде төрт түлік малдың атасы ретінде танылуында да сопылық дүниетанымның ықпалы бар. Мысалы, сопылықта «ахилік (бауырластық)» институты, бүгінгі тілмен айтқанда, «маманданған сопылар бірлестігі» болған. Қазақ арасында «ұста және дүкеннің киелілігі» құбылысы осы бірлестіктің төл мәдениетіміздегі іздерін көрсетеді» (Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы. Түркістан 2004, 23 бет)  деп түйіндейді.

Әлбетте, сал-серілік дәстүрде діннің, сопылық ілімнің атрибуттарын байқаған зерттеушілер бұрындары да болған. Мысалы, Е.Тұрсынов: «Сал, серілер творчествосы мен дәстүрінің тығыз ішкі байланыстылығына қарағанда, серілер - сал типінің негізінде өткен ғасырда қалыптасқан өнер иелерінің жаңа түрі деп айтуымызға болады» дей келе, «сері» арабтың «сейір» және онымен түбірлес «серуен», «сайран салу» сөзедіремен байланыстырады (Тұрсынов Е.Д. Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері. 146-149 беттер). Ал, түрік культурологі А.Инан сал-серілік дәстүрдің Қазақ мәдениетіндегі маңызына тоқталып: «...Қазақтар Моңғолия, Алтай аймағынан Еділ (Волга) жағалауларына, Ауғанстан мен Иран шекарасынан Тобыл-Ертіс аңғарына, Памирден Орал тауларына дейін созылып жатқан кең байтақ кеңістікте өмір сүргенімен ортақ бір тілде сөйлейді. Заңы мен әдет-ғұрпында ешқандай өзгешелік жоқ. Мұндай жоғары дәрежедегі бірліктің себебі «сал-сері» деп аталатын ақын-жыраулары мен өнерпаз - алып ерендерінің бүкіл қазақ даласын толассыз аралап, ру-тайпалар арасында жүргізген ғибраттық-насихат дәстүрлерінен болса керек» (Hassan U. Turk Uzerine Incemeler. 152 s) деп тамаша ой-қорытынды жасайды. Сонымен бірге, белгілі зерттеуші Н.Нұртазина Асанқайғы, Бұқар жырау, Ақан сері, Абай, Шәкәрім сияқты тұлғаларды ұлттық сопы-жүректанушылар ретінде (Н.Нұртазина. Сопылық. Қазақ әдебиеті. 2000 ж) бағаласа, Т,Еңсегенұлы сайру-сулук ілімінің Сыр бойындағы мұрагерлері ретінде Бұдабай Қабылұлы, Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмұханбет Ізтілеуұлы, Құлан Алдабергенұлы және т.б. ақын-жырауларды (Т,Еңсегенұлы, Құран тектес асыл мұра. Ақиқат. 1996 ж) атап өтеді.

Дегенмен, белгілі философ Ғ.Есімнің сопылықтағы «сайр-и сулук» үрдісінің кейінгі ғасырларда өзгеріске ұшырап, ғашықтық сезім Жаббар Хаққа емес, жаратылыстағы сұлулыққа бағыштала бастағанын (Ғ.Есім. Хакім Абай. 1995) ескерткен ой-тұжырымының шындығы бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Рас, кейінгі дәуірде сал-серілеріміз жыр-мақамдарын дүлдүл арғымақ, жүйрік тазы, қыран құсқа, сұлуды құшуға арнап, жүрек құштарлығын құмарлыққа ауыстырып алды. Сөйтіп, ар ілімінің жоқтаушылары жүрісінен жаңылып, ақиқаттан ажырап, рух нүктесінен алшақтай түсті. Мұның нәтижесінде халық та үп еткен сезімге бойын билетіп, дүниенің өткінші қызығына алдана бастады. Бірте-бірте сентиментализм дерті ой-санамызды меңдеп, қоғам осы індеттің шылауынан шыға алмай, өз ішінен іріп-шіри бастады.  Әйтседе, Д.Кенжетайдың  «сал-серілік» дәстүрдің шығу тегіне қатысты жасаған ғылыми концепциясы (Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы. Түркістан 2004, 249 бет) бүгінгі күнгі өнер иелеріне ой салуға тиісті деп ойлаймын. Яғни, сал-серілік дәстүрдің бүгінгі мирасқорлары әу-бастағы Хақты таныту мұратына оралып, жүрек ілімін қаузауды қайта түлетуі керек.

Ар ілімінің көшбасшылары ауадай қажет

Досай Кенжетай ар ілімінің көсемдері қоғамның рухани дамуы үшін ауадай қажет екендігі туралы: «Қоғам өмірін рухани-моральдік құндылықтар реттеп отырады. Негізінен, адамның ар түзеу мәселесі сопылық дүниетанымның мұратынан, сопылардың қоғамдағы алатын орнынан туындайды. Сопылардың негізгі мақсаты - ахлақ. Діннің ішкі мәнімен имандылық, ар мәселесімен айналысатын сопылар қоғамның азғындануына қарсы күресетін, ар тазалығына шақыратын жол көрсетуші ұстаздар» (Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы. Түркістан 2004, 229 бет) деп дәл бағамдайды.

Рухани құндылықтарсыз қоғамның тұл екенін ескерсек, ар ілімінің ұстаздарынсыз да парасатты ортаның қалыптасуы әсте мүмкін емес екеніне көз жеткіземіз. Олай болса, адамзат дәуірінің қай кезеңі болмасын моральдік құндылықтарға деген қажеттілік, рух көшбасшыларына деген зәрулік, руханият тұрғысынан алып қарағанда артпаса кемімек емес. Ал, ар ілімінің жоқтаушыларының қоғамдық орны мен рөлін данышпан сопы Әбу Бакр Уаррақ: «Қоғамдағы көсемдер дін басылары (улама), ел билеушілер (умара) және сопы-даналар (фуқара) болып үш топқа бөлінген. Улама жолдан азса, дін кетер. Умара азса, қоғам бұзылар, Фуқара азса, ахлақ кетер. Уламаны аздыратын - ашкөздік, Умараны аздыратын - әділетсіздік, Фуқараны аздыратын - риякерлік. Ел билеушілер дін басыларына құлақ аспай әділетсіздік жайлап, қоғам бұзылса, дін басылар ел билеушілерінің айтқанына еріп, ақиқаттан тайса, суфилер де риякерлік жасаса, қоғам шіриді» деп ащы шындықты толымды кескіндейді.

Көшпелі дәуірде бұл рухани қызметті абыз-билеріміз, қожа-молдаларымыз бен ақын-жырауларымыз атқарса, кешегі Кеңестік кезеңде әдеби қауым және өнер иелері руханияттың орнын толтырып келді. Біздің бүгінгі қоғамның қал-ахуалын бұл парадигмамен біздің таразылап көретін болсақ,  біз де рухани тіректердің жоқ екендігін немесе дәрменсіз күй кешіп отырғанын аңғармыз. Осы мәселені терең сезінген Д.Кенжетай бұл олқылықтың орнын Қ.А.Ясауи иманды адамдар жақсылыққа шақырып, жамандықтан қашырумен (Амри бил маруф, нахий анил мункар) толтыруға болады деп насихаттағанын баяндай келіп: «Бүгінде біреу жамандық жасап жатса наразылық түгіл, көрмегенсіп өте береміз. Мұны өзіңіз Ясауи көрсеткен имандылық пен адамдық өлшемдеріне салып, таразылай беріңіз. Бұдан түйгеніміз, адам иман арқылы ғана жүйелі, тұрақты қоғам құра алады екен. Иманды адам нашар қоғамдық жүйені де іске қоса алады. Ал, дамыған қоғамық жүйе имансыз адамды іске қоса алмайды. Имандылық адамға кемелденуге мұқтаж болмыс екендігін ескертіп, ұдайы ізденіс пен талаптануға үндесе, күпірлік адамның өзіне өзін дана санатып, оның ішкі және сыртқы көзін шындықтарды көрместей қылып, көре етеді. Имандылық - махабатқа, ал күпірлік - азғындыққа бастайды...» (Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы. Түркістан 2004, 233 бет) деп рухани ілгерлеуге бет бұру үшін иманды индивидтерді тәрбиелеу керектігін алға тартады. Задында, Қ.А.Ясауи бабамыз иманды адамдар тәрбиеленіп шығуы үшін Хақ жолға жетелейтін төрт қағиданың бірі ретінде ұстаз бен мектепке (мәкан) деген қажеттіліктің бар екенін (Әл-Хазини. Жауахирул-Аврар бин Амуажил Бихар) ескертеді. Демек, Алаш баласына ар-ұятты ұлықтаған «Алтын ғасырға» иек арту үшін ар түзейтін көшбасшылары бар ұлттық мектеп қалыптастыруы шарт. Ал, Д.Кенжетайдың жоғарыдағы «иманды адам» ой-тұжырымы осы мектептің мазмұны бола алатыны хақ.

Түйін

Біз тілге тиек етіп отырған даналық жоқтаушысының Тәңірлік дін мен Ислам дінінің арасындағы байланыс, Фараби шығармасындағы адам мәселесі, Ж.Баласұған мен М.Қашқаридің діни ұстанымдары, А.Иүгінекидің діни-этикалық көзқарастарын, Қ.А.Ясауи мен Қорқыт ата, Асанқайғы, Абай, Шәкәрімдердің дүниетанымының ерекшеліктері хақындағы ғылыми тың талдауларын сөз ететін болсақ, өз алдына бөлек-бөлек соны әңгіменің арқауы болатыны анық. Д.Кенжетайдың қоғамдық қызметі, мемлекет пен діннің арақатынасын реттеу, сондай-ақ, бүгінгі уақыт өтіндегі мемлекет және қоғам  туралы ой-тұжырымдары да  гуманитарлық ғылымның жеке-жеке биік шыңы бола алатыны сөзсіз. Қайбір жылы (2011жылы) Елбасымыз Түркістанға барған сапарында Досекеңмен сұқбаттасып, жас философтың құнарлы ойдың кеніші екенін мойындаған көрінеді. Яғни, Д.Кенжетайдың Қазақ философиясының сырлы қабаттарын ашып көрсеткен хикмет иесі екендігі шүбәсіз шындық.

Abai.kz

0 пікір