Сейсенбі, 19 Қазан 2021
Жаңалықтар 2699 0 пікір 22 Ақпан, 2013 сағат 10:49

Әзірет Барбол. «Қазақ» һәм бүгінгі БАҚ (жалғасы)

«Қазақ» газетіне - 100 жыл
А.Байтұрсынұлы - 140 жы
л

Бүгінгі БАҚ

Алаш зиялылары зарыға аңсап, бірақ қолы жетпей, көрмей кеткен - Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «Біздің заманымыз - өткен заманның баласы, келер заманның атасы»  екендігін ескерсек, онда сол бабалар аманатын қаншалықты ақтай білдік?! Ұлт намысын қай деңгейде сақтай алдық?! Алаштың осы заманғы ұрпағы!

«Жауың кім? Жауың - большевик» - деп,  сол заманда Алаш зиялылары: «Ортақ жау - большевикке қарсы жорыққа аттану кеудесінде жаны, денесінде бабалары түріктің титтей қаны болған Алаш азаматына парыз» - деп, «Ұлт пайдасына» бас тіксе, қазір жауың кім? Жауың - жаһандану. Сондықтан ортақ жау - жаһандануға қарсы жорыққа аттану кеудесінде жаны, денесінде бабалары Алаштың титтей қаны болған қазақ азаматына парыз!

«Қазақ» газетіне - 100 жыл
А.Байтұрсынұлы - 140 жы
л

Бүгінгі БАҚ

Алаш зиялылары зарыға аңсап, бірақ қолы жетпей, көрмей кеткен - Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «Біздің заманымыз - өткен заманның баласы, келер заманның атасы»  екендігін ескерсек, онда сол бабалар аманатын қаншалықты ақтай білдік?! Ұлт намысын қай деңгейде сақтай алдық?! Алаштың осы заманғы ұрпағы!

«Жауың кім? Жауың - большевик» - деп,  сол заманда Алаш зиялылары: «Ортақ жау - большевикке қарсы жорыққа аттану кеудесінде жаны, денесінде бабалары түріктің титтей қаны болған Алаш азаматына парыз» - деп, «Ұлт пайдасына» бас тіксе, қазір жауың кім? Жауың - жаһандану. Сондықтан ортақ жау - жаһандануға қарсы жорыққа аттану кеудесінде жаны, денесінде бабалары Алаштың титтей қаны болған қазақ азаматына парыз!

Алаш зиялылары «Басқа жұрттың большевигі біреу болса, Алашқа дегенде екеу болды. өзімшілдікпен ұлт пайдасын сатқан жақыннан жат жақсы» -десе, біз де қазіргі уақытта: «Басқа жұрттарда жаһандану біреу болса, Алашқа дегенде екеу болды. Екеу болуына себеп, қазақ қоғамы сыртқы фактордың әсерінен бір, екіншіден сол сыртқы күштердің «қатерлі», ұлтқа «қауіпті» идеологиясын қазақ табиғатына бейімдеп өз арамызға енгізіп жатқан өзіміздің «аты бар да заты жоқ» адами факторлар болып тұр. Сондықтан да алашшыл намыспен айтсақ: «өзімшілдікпен ұлт пайдасын сатқан жақыннан жат жақсы» - болып тұр.

Әрине, жаһанданудың зор пайдасынан өзге қаупі де басым. Пайдасы - батыстан еніп жатқан инновациялық технологиялар, қаупі - ұлтты жоюға мақсатты түрде бағытталған діни һәм мәдени экспанция.  «Бүгін империализмнің орнына қазіргі заманғы отарлаудың жаңа түрі глобализм келді. Бүгінгі глобализм кешегі колониализмнің шөбересі, империализмнің немересі, кешегі орыс глобализмінің руласы екендігі анық» - деп, Досай Кенжетай ағамның айтқаны да осы - жаһандану.

Енді ұлтқа қауіпті қазақтың жауы - жаһандану мен ұлт пайдасын сатып жатыңнан да бетер болғандардың Ахаң атаған «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болған БАҚ-тағы қазіргі көрінісі туралы сөз қозғасақ.

Қазіргі уақытта басқа БАҚ-тарға қарағанда ұлттың рухын оятып, тарихи жадын тірілтіп, өлген сананы қоғамда қайта жандандырып, ұлттық идеология қалыптастырушы хабар таратуы жүз пайыз мемлекеттік тілге өткен Қазақстан ұлттық арнасы десек, бұл арнаның өзі жаһанданудың жалылынан аман емес. Одан соң ондай арнаны «Қазақтың ұлттық» арнасы деп қалай айтуға ауыз барады?! Мемлекеттік тілге жүз пайыз өткенінен не қайыр, жаһанданудың «қатерлі идеясын» мемлекеттік тілде одан бетер таратып, жаһанданудың «ұлттық идеясын» барынша насихаттап  жатса?! «Ток-шоуы» т.б. өздері дайындаған бағдарламаларында ұлтық мәселелерді көтергенінен не пайда, артынан өзі көтерген ұлттық рухын өзі «сөндіріп жатса»?!

Мәселен, біз сөз етіп отырған Қазақстан ұлттық арнасында «Иман айнасы» деген атпен ҚМДБ мен бірлескен діни-танымдық бағдарлама бар. Аталған бағдарламаға міндетті түрде бір имам шақырылып қазіргі еліміздегі діни ахуал сөз етіліп, соңында жүргізуші: «ханафи мазхабын ұстанған ҚМДБ-ның бағытын үлгі етсек адаспаймыз», һәм «қазақ ұстанған дәстүрлі дін мен салт-санадан қол үзбейміз» деп қорытады. Бұл жаһанданудың дінмен бірге кіріп, ұйыған ұлтты жоюға бағытталған БАҚ-тағы қазіргі айқын, әрі жойқын көрінісі десем, асыра айтқандығым емес!

Ау, Алаш баласы! Не дінге, не әдетке, тіптен қазақы өмірге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, керісінше ұлттық мүдде мен дәстүрлі дінге барынша өшігіп алған, сол өшіккен «қазақы сенімін» ұлттық санадан жоюға бар күшін салып жатқан мынау ҚМДБ болса, онда ондай жолмен жүргенімше мені мына қарғыс атсын демеді ме Алаш зиялылары һәм алаштың намысты ұлдары. Ондай кейіппен разы болып дін ұстанғанша мені жер жұтсын дегенін неге ұмыттық қазақ атамның?!

«Ата-бабадан қалған дәстүр деп қашанғы далбалақтай береміз» «Бірақ, бұл нәрселер бір ғана мақаламен, немесе бір ғана жиынмен шешімін тауып, дұрысталып кетеді деп ойламаймыз. Ол үшін тынымсыз әрекеттер керек» деп қазаққа қарсы «тынымсыз әрекетке» көшкен, «бір ғана мақала, басқа емес» одан да зорымен ата-баба жолын ұлт санасынан жоюға кірісіп жатса, онда ҚМДБ-ны ұлттың, дәстүрдің, дәстүрлі діннің жауы деп қалай айтпайсың?! Ұлттық намысты аяққа таптап, қазақты қорлаудың бұдан асқан түрін кім біліпті?! Қанеки болса?!

Ұлттық арнадағы жаһанданудың басқа да көріністерін сөз етпесек тағы болмас. Арға ауыр келер.

Қазақстан ұлттық арнасында осы күні көптеген телесериалдар көрсетілуде. Бірі, түріктікі, бірі кәрістікі, т.б., бірі бітсе, екіншісі жалғасып, ол бітсе тағы біреуі көрсетіліп,  дәстүрге айналып кетті. Тым тоқтайтын түрі жоқ  Соның бәрін емес, біреуінің ғана ұлттық құндылық пен қазақи болмысымызға қауіпті жағын әшкерелеп, сөз етсек жетіп артылады. Қалғанының қаншалықты қаупі қазаққа қатер болып төніп тұрғанын Бір Алла ғана білер. Сондай телесериалдың бірі ұзаққа созылған, бірақ, не әлі бітпеген не мағынасы, не мақсаты жоқ -  «Дениз» атты түріктің телехикаясы. Міне, жаһанданудың ел өміріне еніп, оны ұрпақ санасына сіңіру деген осы. Сол «Дениз» киносын бәріміз отбасымыз қатын, баламызбен бірге отырып көруді дәстүрге айналдырдық. Оның бір ғана сериясын көре алмай қалсақ ауырамыз, «немен бітті екен?!», «анау кімді зорлап, кімді қорлап қойды екен?», «Мелих кіммен жатып не бүлдіріп қойды екен», «Бану ішіндегі әкесіз біткен тексіз баласын не қылатын» болыпты?! деп, басқалардан көрмегенімізді сұрап аламыз. Киноның негізгі кейіпкері «бір түнгі ләззаттан жаралған» - Дениз қуанса біз де қуанып, Дениз қайғырса бізде қайғыратындай дәреже жеттік осы күні. Сол «Дениз» фильмі Қазақстан ұлттық арнасында Құдайдың құтты күні жарнамаланады. Сонда біз кімді жарнамалап жатырмыз?! Кинода «Бір түнгі ләззаттан жаралып», негізгі рөлді ойнаған «тексіз» қыздың «текті» қылығын ұрпақтың санасына сіңіріп, он екі жасқа толған қазақ қызын тәрбиелеп отырған бейшара кейпімізге қарап, оны «жаһандану» деп, «жаһандану - қазақтың жауы» деп қалай айтпаймыз?! Жалпы түрік телехикаяларының насихаттағаны осы ғана, яғни, бірінің әйелін бірі бүлдіру, некесіз жүкті болу, әкесіз бала туу, некесіздердің қит етсе төсек қатынасы, т.б. азғындық, дінсіздік, бейәдеп әдеттер ғана.

«Егемен Қазақстан» (№69 (28008) 16.02.2013 жыл) газеті TNS Gallup Media Asia зерттеу компаниясының мәліметтеріне сүйене отырып, «Қазақстан» арнасын қазақ тілді аудиторияда ғана емес, барлық деңгейдегі көрерменді қамтыған «Алғашқы орындағы арна» деп атай отырып: «...ұлттық арна ақпараттық-сараптамалық, әлеуметтік, танымдық хабарлары, қызықты мегажобалары мен тартымды телехикаялары арқылы жұртшылықты өзіне тарта түсуде» - деп жазды. Еліміздегі билікшіл БАҚ-ша айтсақ: «тартымды телехикаяларының» сиқы осындай болып тұр. Қазақ қызын ел анасы болудан, ұлын ел тұтқасы болудан қалдырып, рухани азғындыққа тартқаннан басқа бұл «тартымды телехикаялар» не берді?! Не үйретті?! Неге тартты?!

«Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болған БАҚ-тағы бұл жаһанданудың кино арқылы ел өміріне біртіндеп еніп, ұрпақ санасына ұялап, «санасын улап», ұясына жұмыртқалап жатқандығының көрінісі, ертең сол жұмыртқаның ішінен «бір түнгі ләззаттан жаралған» ұрпағың өсіп, Абылай көрген түстегі бақа-шаянша өзіңе шапса өкінбе Алаш ұлы!  
БАҚ-ымыздың бастысы осылай жаһанданып жатса Ахаң айтқан: «Халықтың даушысы болып, халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа қалай тырыспақ?!»
Тағы бір айтатын нәрсе, мультипликациялық-анимациялық фильмдерге зәру болып тұрған қазіргі отандық арналардың барлығының насихаттап отырғаны әсіресе жас буынымызды «адам адамды иттей талауға, қан төгіп, атыс-шабысқа» тәрбиелейтін шетелдік кинолармен қоса мультфильмдер деуге болады. Осындай мақсаты теріс, күмәнді фильмдер мен мультфильмдер Б.Момышұлы айтқандай «бесік жырын естіп, әлди әні құлағына сіңбеген, дәстүрін сыйламайтын ұрпақты көкірек көзін көр етіп», қолына пышақ берсең сұға салатын, теңге берсең ала салатын, намыстанбай бұға салатын «қатыгез», «ұлтсыз», «намыссыз» еткеннен басқа не үйретуде?! «Америкадағы жас буын атаулыны анық, айқын жаман аздыратын», «бұзықтыққа, қан төгуге», «адамды адам иттей талауға арналған телефильмдер» (телевизор) мол тобына жатады» - деп неге қауіптенді Мұхтар Әуезов сол уақытта Американың бар мәдениетінің сыртқы көркін көріп?!  «Техникасы, барлығы, байлығы қатарында мынадай жас буынды жабайылық, қанқорлық, жыртқыштық бағытта баулығандай сұмдық аңғарылады.» - деп неліктен қорықты?!  Ұлы Мұхаң айтқандай: «Нью-Йорк, Вашингтон, Лос-Анжелос, Бостон сияқты үлкенді-кішілі қалалардың бәрінде, барлық кино мен телеэкранның бәр-бәрінде жүріп жатқан күндегі көптен-көп шығармалар» қазір біздің телеэкранды жаулады, ертең батысша «ойлап» жүріп-тұратын ұл, қызымыздың қазіргі батыстағыдай әйеліне әйелі, еріне ері үйленіп, жеке шаңырақ болып жаңа қазақстандық «отбасылар» дүниеге келіп жатса оған таң қалып, жиіркене қарама Алаш ұлы!

Американың көп жылдар бойы мемлекеттік хатшысы болған, саясатшы З.Бжезинский: «Американың ғаламдық ықпалы осындай кинофильмдер мен сериалдар арқылы жүзеге асырылып отыр. Америкалық мәдениет өзі барған елдердегі бұрыннан қалыптасқан салт-дәстүрлерді өзгеріске ұшыратады, қалыптасқан қоғамдық тәртіптердің негіздерін шайқалтады, оның бәрі еліктеушілік пен қызығушылықтан туындайды» (З.Бжезинский. Выбор. Мировое господство или глобальное лидерство. М. Международные отношения, 2005. 238-268 стр.) деп,  Мұхтар Әуезов «қауіптенген» қазіргі біздің телеэкранды жаулаған телефильмдердің түпкі мақсатын жасырмай ашық айтқан еді.
Тіптен ол аздай қазіргі отандық арналардың жарнамасының өзі азғындық «мәдениетті» насихаттауға көшкен. Әдейі емес, жаңалығын көріп отырып, жарнамасындағы «жалаңаш» бейнеге жаңылысып көзің түседі. Күнәғә еріксіз еріп, байқамай батып бара жатқаныңды сезбей де қаласың. Бұл не сонда?! Мұншама ұлтты ұлттығынан айырып, тоз-тоз ететін «дүниелерді» кім дайындайды?! Батыс «іріп» бара жатыр, «шіріп» бара жатыр деп жамандап өзіміздің сол батыстың соңынан «іріп-шіріп» бара жатқанымызды кім біліп, оған қандай қарсы амал-айла қолданып отыр?! «Біз естігенімізі емес көргенімізді» айтамыз деп көсемситін сол ұлттық арнадағы сараптама жасайтындар неге «өздерінің осыншама былыққа батып отырғандығын көрмей қалады», жоқ, көріп, біліп жүріп айтайын десе әлдебір «қожайындарынан» аса алмайды ма екен?! Қожайындарынан аса алмаса неге «көргенімізді» айтамыз деп көлгірсиді екен?!

Ау, Алаштың бүгінгі ұрпағы! Кешегі Әлихан, Ахметтердің: «Ау, Алаш! Сен кім? Сен жауынгер түріктің орнын басып қалған үлкен ұлысың, бабаларың ат үстінде жүріп, қылышпен өздерін дүниенің жартысына ие қылған» - деген ұлы аманатын ұмытқаның қалай?! «Қылышпен ат үстінде өздерін дүниенің жартысына ие қылған бабалардың» ұрпағымын деуге қалай ауыз барады, осыншама қор болған қазіргі қазақты көріп?! «Сондағы қорлар зор болған, сондағы зорлар қор болған» заманды көріп, осылай айтпасқа тағы болмас.

Жаһанданудың осыншама көрінісі - бұл бір ғана Қазақстан ұлттық арнасына ғана тән емес! Бұл қазіргі қазақ БАҚ-ына, оның ішіндегі мемлекеттік һәм тәуелсіз арналарға тән құбылыс. Қазақстан арнасын мысал еткендегі мақсат, аты айтып тұрғандай: «ұлттық арнаның», толық мемлекеттік тілге көшкен БАҚ-тың сиқы мынау болғанда, өзгесінен не қайыр, ондай БАҚ-тардан ұлтқа не пайда?! Десек, азғындық «мәдениетті» ұрпақ санасында жаңғыртуды мақсат етпеген, ондай жаһанданудың «қатерлі» идеологиясын насихаттаудан барынша сақпыз деп отырған қазіргі газет-журнал, отандық сайттардың негізгі міндеті жоғарыда біз барынша атап өткен жаһанданудың  «ұлтсыздану ұранына»  қарсы әрекет етіп, тосқауыл болу керек еді. Дегенмен, қазіргі отандық БАҚ-тың, бәрі десем қателесем, көбінің дені тек құрғақ сөз, асыра сілтеушілікпен «ұлт» болудың қазақстандық моделін ойлап тапты. Ол модель - ұлттық мүдде жолына бірігіп қызмет еткендерге «шылдық» деген жұрнақты даңғырлаған түбі жоқ шелектей байлап артына түсетін, ұлтын сатып мансапқа жеткен кешегі партноменклатура өкілдеріне тиімді жол - «тілде бар да ділде жоқ»  «әсіре ұлтшылдық» дерті. Яғни, қазіргі қазақстандық БАҚ-қа тән құбылыс осы. Ешбірінің Алаш зиялылары секілді әуелі ұлтқа өздері бас болып қызмет етіп, одан соң сол қызметті өзгеге үлгі етіп айтып, газет-журналға жазып отырған жоқ. Ал, Алаш Ерлері қандай еді?! 1905 жылы оянған ұлттық намысы басым интеллигенция сол кездегі кез-келген ұлтқа төнген тарихи оқиғалардың бел ортасында жүрді емес пе?! Он алтының ойранындағы Ғалихандардың қазақ жастарына қылған қамқорлығы, бір сөзбен айтқанда майдан даласында жүрген қазақ жастарының соңынан қуып барып, мұсылман қазаққа кәпірдің асын ішкізбей қазақтың «халал» асын жеткізуі, ауырғандарына қазақ тілін білетін дәрігердің тапшы болғанына қарамай дәрігер беруі, т.б. да көптеген қамқорлығының өзі қандай еді?! Яғни, Алаш зиялылары мұсылман, текті ұлтты басына қара бұлты үйіріліп тұрғанда тектілігін шетте жүріп сақтап қалса, біздің аяқ-қолымыз бос заманда текті ұлттың тамырына өз елінде, өз қолымен балта шабуымыз қалай?!  Осы жағдайларды жазбас бұрын Алаш қайраткерлері қан майданда жүріп әуелі өздері істеді емес пе, ұлтқа өздері бас болмады ма?! Ұлт басына төнген қасіретке «жаны күйзеліп», «суығына тоңып», «ыстығына күймеді ме?!». Қанеки енді қайсымыз осы Алаштың нар тұлғаларындай жазғанымызды өзіміз әуелі іс жүзінде асырып, ұлтқа бас болып, «суығына тонып», «ыстығына күйіп» едік ұлттың?! Бәріміздікі «анау анандай болу керек», «мынау мынандай боларға керек» деген ауызды қу шөппен сүрткен желеу сөз әшейін.Осылайша мәдени-ақпараттық кеңістігімізді сыртқы діни һәм мәдени экспанциядан қорғап, жаһанданудың «ұлтсыздану ұранынан» арашалап алуға тиісті бүгінгі БАҚ, әсіресе оның ішіндегі ең күштісі - телеарналарымыздың сиқы осындай болып тұр. Одан соң қалай өнсін ұлт жұмысы, жұрт пайдасы - Бас жазушымыз - пайда көздеп, қалғандары кәсіп іздеп кетсе?!  


Қорытынды сөз

А.Байтұрсынұлының: «Өткендердің көзіне қылау түскеніне өкінбей, өз көзіңе түскен қылауды аршып қара. Асқа өкпелеген балалардай құр бұртиғаннан еш нәрсе өнбейді. Іс оңға басарлық қылығың жоқ. Ғамалыңды түзет, түземесең, ешкімге кінә қойма! Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе?»,  «Олжалы жерде үлестен қағылып», «қатерлі жерде қаперсіз отырдық» - дегенін бүгінгі қазақстандық БАҚ-қа қара айтсақ, асыра айтқандығымыз емес.

«Аяқтан, қолдан кісен, ауыздан қақпақ кеткен Алаш баласы өз құрылтайыңды көріп өлсең, арманың жоқ.» - деген Алаштың аманатына осынша қылған қиянатымызды қалай жуар екенбіз ау, Алаш ұлы?!

М.Әуезов айтқандай: «Мектептегі жас балалардың сезімін түзу жолға беттеткен.». «Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын «жол мұндалап», жетегіне алып», «Сабағын оқымайтын бала көрген жерде қадалып тұрып қалатын «Қазақ» газетінінің» ұлт болуды көздеген - «елшілдік», «ұлтшылдық» ұраны байқалмайды қазіргі отандық БАҚ-тың көбінен.  Қазіргі жаһанданып ұлттық рухы «жансыздана» бастаған қазақ қоғамында «жас балалардың сезімін түзу жолға беттететін» де, «жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын «жол мұндалап», жетегіне алып отырған» да - бүгінгі БАҚ, оның ішінде телеарна десек, қазіргі қазақстандық БАҚ-тың, оның ішінде телеарналардың бейшара халі жаһандану дәуірінде Ахаңша айтсақ: «Халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысудан» гөрі Ахаңдар, Алаш зиялылары жаңғыртқан сара жол мен «Қазақ» ұстанған бағыт - «Ұлттың ұлы мұраты» идеясына қарсы жүзуін қалай түсінуге болады?!
Академик М.Қозыбаев: «Қоғамтану қылымдары, соның ішінде ең алдымен тарих ғылымы үшін тарих шындығын қалпына келтіру - жауапты міндет, бірақ бұл өткенді зерттеумен ғана орындала қоймайды, ол бүгінгі болмысты да зерттеуді, ертеңгі ұстанар бағытты да айқындауды қажет етеді» - дегендей, Алаш арыстарының өткен тарихтағы ұлы істерін мадақтай отырып, «бүгінгі болмысымызбен» одан сабақ алмасақ онда ол тарихтан не пайда?! Алаштың нар тұлғасы Ә.Бөкейханның: «Түген деген хан, пәлен деген би, батыр өткен, ерлігі, еңбегі көп деп мақтанамыз. Олар сондай болса, қазақ неге сорлы? Біздің кемшілігіміз - әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кететіндігі» - дегені де осы сөзімізді қуаттаса керек.

Сондықтан да Байтұрсынның ұлы Ахмет атамша айтсам: «Біздің мұнан соңғы айтатынымыз: қазақтың бас адамдары! Әуелі, сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер»!  «Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз. Білушілеріміз білгенімен қоймай, істеуге кіріссе екен. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді.»

Осындай Алаш идеясы, Алаш рухы бүгінгі отандық БАҚ-қа жұғып, бойынан табылып жатса қанеки, ұлт болудың, тәуелсіз қазақ елі атанудың өзі сол емес пе?! Алаш ұрпағы!
Сөзімді ұлы бабам Ахмет Байтұрсынұлының өлеңімен қорытсам:

Жақын жерден жау шығып,
Мақұл сөзден дау шығып,
Дұшпан ұстап қолымнан,
Иттер тістеп тонымнан,
Маған тосу болған шақ.
Тұтқын болып тарығып,
Жалғыз жатып зарығып,
Ашу қысып, ойды алып,
От жайылып, бойды алып,
Дерт жүрекке толған шақ.
Қатты айтты деп кектемей,
Сыйынғанды тек демей,
Он екі имам әулие,
Жиырма сегіз әнбие
Қолда өңшең аруақ!
Abai.kz

0 пікір