Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 2900 15 пікір 5 Желтоқсан, 2022 сағат 12:50

Классиктердің қақтығысы

Әйгілі жазушылар Мұхтар Мағауин мен Дулат Исабеков ағаларымыз президент сайлауына бергісіз пікір талас көрігін қыздыруда. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей әңгіме басынан дау арылмайтын мемлекеттік сыйлықтан шыққан.

Nege.kz сайтына сұхбат берген Дулат Исабеков тілшінің: «Атақ дегеннен шығады, өткенде ғана Мемлекеттік сыйлыққа қатысты дау болды. Тіпті, сонау шетелден жазушы Мұхтар Мағауиннің өзі Президентке хат жазып, Тұрысбек Сәукетаевқа араша түсіп еді. Осы кезде сізге қандай ой келді? ...Мұхтар Мағауин лайықты деп бағалаған Тұрысбек Сәукетаевтың шығармасы көңіліңізден шықты ма?» деген сұрағына орай:

«Осы жолы ақын Ғалым Жайлыбайдың, жазушы Кәдірбек Сегізбаевтың ұсынған шығармасы дұрыс болды деп ойлаймын.

Мұхтар Мағауинннің алыста жатып араласуының түкке қажеті жоқ еді. Оның мына жақтағы жайтқа төрелік айтқаны маған ұнамады. Керісінше, қарсылық тудырды.

Жалпы, Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды. Шетелде жатып алып, осы жақтың тірлігіне араласып отыр. Өзінше бір Солженицынге ұқсағысы келетін болуы керек», - деп пікір білдірген екен.

Оған Мұхтар Мағауин «Оралханды да, Құдайыңды да ұмытқан екенсің...яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі» деген атаумен тойтарыс жауап жазып, әлеуметтік желіде таратуға рұқсатын беріпті. «Дәп осы атаулы сыйлыққа Д.Исабековтың өзі қалай жетіп еді? Иә, бұдан тура отыз жыл бұрын. Бүгінгі ғаламат тұлғаға Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алып берген – Оралхан Бөкеев болатын. Басқалар ұмытса да, Д.Исабековтың өзі ұмытпауға тиіс еді. Енді амалсыз еске түсірейік.

Мен «Жұлдыздамын». Кабинетімде Рымғали Нұрғалиев отыр еді. Келер мезетте үстімізге Оралхан кірді. Р-екеңнің көлеңкесін шалып, екі ағамның басы қосылған екен, арнайы келіп тұрмын, деген. Ұзын сөздің қысқасы, біз – Мемсыйлық бәйгесіне ұмтылған Дулат Исабековке дауыс беруіміз керек. Ол – шамалы ғана прозашы ғой, деп едім. Рымғали артын бағып, үнсіз қалды. Енді Оралхан ініміз бізге салмақ сала сөйлеген. Түсіп жатқан басқа жұрттан кем емес, оның үстіне менің досым, жақсы жігіт. Екі ағаңның дауысын әпер деп өтінді. Ал дәп солай келсем, менің өзіме дауыс берер ме едіңіздер? Өткенде дауыс бергеміз, деді Рымғали. Сондықтан да туған ағаларым ретінде екеуіңізге қатарынан міндет артып тұрмын, деген Оралхан. Енді амал жоқ. Әуелі мен иілдім, содан соң азғана үгіттеп, Рымғалиды да көндірдік.

Бұл кезде Мемсыйлық тағдыры атаулы секцияларда шешіледі, ақырғы, жалпы дауыстан өтуі – шартты рәсім ғана. Уақыты жақындап қалған екен, асса бірер апта ғана. Атаулы күнде шешуші мәжілісімізге жиналдық. Әдебиет секциясында он жеті мүше бар еді. Он төрті ғана қатысты. Жабық дауысқа салып жібергенде, бүгінгі дүр Исабеков небәрі тоғыз дауыс алды. Қажетті үштен екіге жарты өлшемнен астамы жетпей тұр. Алайда, мұндай жағдайда бөлшек – бүтінге саналуға тиіс қағида бар. Сонымен, тоғыз дауыс бұл шартқа сәйкесіп, Д.Исабеков қиғылықты мәреден өте шықты. Әупіріммен десек те. Оралханның араласуы, қисынсыз, төбеден түскен екі аға – Рымғали Нұрғалиев пен Мұхтар Мағауиннің шешуші дауыстары нәтижесінде. Егер екеуіміздің біріміз Оралханның тілегін ескермей, қалыс қалсақ, Д.Исабеков күні бүгінге дейін Мемлекеттік сыйлықтан үміткерлер қатарында жүріп, бәлкім дәп осы жолы Кәдірбек Сегізбаевпен тайталасқа түсер еді. Түспес те еді. Өйткені, соңғы отыз жылда жаңа бір шығарма жазған жоқ», - деп ойын бүкпесіз жеткізіпті.

Дулат Исабековтіңң жоғардағы сұхбатында айтқан «АҚШ-та жатып, өзін туған елінен қуғын көргендей көрсетеді. Ол ешқандай да қуғын көрген жоқ. Осы елден алатынның бәрін түгел алып алды. Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды, Халық жазушысы болды. «Жұлдыз» журналын 20 жылдай басқарды. Бұл басылымға ең ұзақ редактор болған да өзі. Тіпті, «Жұлдыз» журналының әр санын өз пайдасына ғана арнап, шығарып отырды.

Жұрттың пікіріне қарсы «Мен» деген роман жазып, жариялады. Кейбіреулер «Мен» емес, неге «Ол» деген роман жазбайды?» деп пікір қалдырып еді, оларға бас салды. Өзінен басқа жазушы жоқ екенін анық, ашық айтты. Анау Мұхтар Әуезовті де, басқасының бәрін ысырып қойып, жалғыз өзін жазушы етіп көрсетті. Қалғанының бәрі одан әлдеқайда төмен. Ешқайсымыз, өліміз де, тіріміз де аман қалған жоқпыз. Осындай да позиция бола ма екен?!», - деген сөздері қазақтың қабырғалы қаламгері Мұхтар Мағауинді қатты қапаландырса керек.

Сөз баққан жұрт қазақтың маңдай алды екі жазушысының өзара қақтығысын «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деп атам қазақ бекер айтпаған екен-ау деп қоя салмай, қызу талқыға салуда. Мемлекеттік сыйлықтың биылғы иегері Тұрысбек Сәукетаев аталмыш сайтқа берген сұхбатында екі классик жазушының өзара араздығының төркінін: «Жұлдыз» журналында жұмыс істегенімде Исабеков «Шерхан Мұртазаның кезінде тиражы 300 мың болған «Жұлдызды» қазір адам оқымайтын болды» деп шыққан. Содан кейін Мұхаң оған қарсы мақала жазды. Араларында осындай-осындай кикілжің, реніш жүр ғой», - деп түсіндіріпті.

Саясаткер Ермұрат Бапи: «Ежелгі «қазақи қақтығыс!» Ел болмайтын елдің ерегесі! Қос қария дәлелсіз, дәйексіз қыжылды судай сапырған екен! Өкінішті жағдаят!», - деп пікір қалдырса, публицист жазушы Серік Әбікенұлы: «Мен ес тоқтатқалы қазақ зиялылары қырқысып келеді. Басында ақиқат үшін алысып жатқан шығар деп елең ете қалатынмын, жазғандарын оқитынмын. 2000-жылдары сән еді ғой, қай газетті ашсаң да қайқы қылыштай қиғыласқан тіл, от шашқан сөз. Кейін сол «оттан» қазаққа түк жылу жоғын түсініп, оқымайтын, пікірімді айтпайтын болдым», - дейді. Жаңа буынның өкілі, ақын Ұларбек Дәлей де: «Мұхтар Мағауин мен Дулат Исабекті дымын қалдырмай оқып-оқып, ақыры екеуіне де сектант болып кеткенмін...Дау жоқ, екеуі де ұлы жазушылар, нағыз классиктер. Сіздер енді, бірі-біріңізге базына айтып, өкпе-наз білдіре берсеңіздер, жарасады ғой. Бірақ, елге білдірмей, жеке хат жазысып тұрсаңыздар.

Әмірикә мен Алматы арасында, кәдімгі сарғыш параққа, болатұшты қаламмен сәлем мен базына жазысып, қазіргі күні мүлде өлген пошталық хат үлгісін бір тірілтіп берсеңіздер. Іштеріңіз де босап, татуласып, қауқылдасып қалар едіңіздер. Кейін, 100 жылдан соң үлкен тарих һәм ғажап мұра болар еді», - деп көңілге қонымды өтінішін жеткізіпті.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

15 пікір