Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4008 0 пікір 22 Ақпан, 2013 сағат 09:14

Амангелді Сейітхан: «Жібек жіпті үзіп алмасақ жарар еді...»

Амангелді СЕЙІТХАН, спорт журналисі:

- Амангелді, журналистикада жүргеніңе 20 жыл болыпты. Білге­нің көп пе, білмегің көп пе?

Амангелді СЕЙІТХАН, спорт журналисі:

- Амангелді, журналистикада жүргеніңе 20 жыл болыпты. Білге­нің көп пе, білмегің көп пе?

- Бірден осындай сауал. Бұл ты­ғырыққа тіреу емес пе? Мысалы, сіздің алдыңызда «білгенім» деп шірене алмаймын ғой. Білмегім дейсіз бе? Мүмкін. Біз түсінбейтін ой-шұңғылдар көп мынау жалғанда. Біреу елдің мұңын арқалайтын секілді. Тірлігіне үңілсек тірелер негіз таппайсың, енді біреу қарадай қасқыр соғады. Ісінде береке болмайды, бірақ мерекеде солар төрде. Нағыз қазақ іздейсің, соларды көргің келеді. Олар кімдер? Қай қиырда жүреді? Бала кезде тойға барушы едік. Үлкендер ән салатын. Суырып салып айтады. Тойдың ажарын солар ашатын, көркін солар келтіретін. Өлеңмен жұмбақ жасырады. Оны екіншілері шешеді. Жұмбақ болғанда қандай, кейде діни жұмбақтар. Өмір мен өлімді қамтитын жұмбақтар. Қисса айтады, дастаннан үзінді келтіреді, сондай тойларды көрдік. Қазір ғой, «Қызыл өрікке» билейтін қазақ өсіп-жетілді. Шалдары сериал көреді. Бәйбішелері де телевизия маңында. Біреулер дүниежүзі бойынша зерттеу жүргізіпті. Мақсаты - телевизия алдында ең көп отыратын мемлекетті анықтау. Қазақстан талайдың алдына түсіпті, топ бастаушылар қатарында.Жақсы ма сол? Іскерлік пе? Не көріп отыр? Сериал. Олар да сағызша созылады екен. Бірі бітеді, екіншісі басталады. Анау арнадан мына арнаға «секіріп» жүрген аға-жеңгелер мал бағуға құлықсыз. Сиыр сауатындар да сиреп барады. Айран ұйытып, қымыз сапыратындар қайда? Ірімшік қайнатып, тары түйетіндер ше? Ауыл-ауылдарда бар шығар, бірақ тым аз. Көрпе көктеп, текемет басатындар көп еді. Оларды да көрмейсің қазір. Дамығанымыз соншалықты, шілтер тігіп, кесте ұстайтындарды да ұмытып барамыз.

2006 жылы жол түсіп, жазғы Азия ойындарына Катарға барып едік. Доха қаласының ортасында алып дүкен бар екен. Кірген бетте жарнамаға көзіміз түсті. «Қазақ карпет» деген жазу. Карпет - кілем. Хасен екеуміз әлгі әдріске ұмтылдық. Тез таптық. Непалдық азамат екен сатушы. Бірақ қожайыны басқа. Айтпай қойды. Бұйымдарына ынтығып, қарадық. Кешенің көзін көргендей әсер алдық. Төл тарихымыз тұнып тұрды. Тұнық суға шелек малғандай күй кештік. Кәдімгі қошқар мүйіз оюларды көрдік. Қазақ кілемдері. Өрнегі таныс. Баяғы бала кезде көргенбіз. Әжелерге жасау ретінде келген. Непалдық сатушыдан сұрап жатырмыз. Тіл жеткенше. «Қазақ деген жұрт бар. Солардың қолынан шыққан кілемдер». Тіпті өрнегін әңгімелеп кетті. Бағасы удай екен. Екі метрліктердің өзі екі мың доллар. «Қымбат екен» деп қалдық. «Әрине, қымбат. Бұл - қазақ аталатын ұлттың туындысы. Өздері ісмер халық. Кез келген дүниесі баға жетпес мұра. Қайта біз арзан сатып жатырмыз». Ал өл. Өлтірді Непал азаматы. Қазаққа қазақты таныстырып тұр. «Қазақ едік» дей алмадық. Кілемді анау секілді әспеттеп айта алмас едік. Өрнектің түрін тап баса аламыз ба, сырын білеміз бе? Ертегі естіп өстік, қазір спайнчтың белең алған кезі. Қыдырмолда Әділбековті көрдік. «Қабанбай» жырын жатқа айтады. Шамамен бес жастамыз. Қызық еді, соларды тыңдау. Қазір ондай қарттарды таба алмайсың. Әсетті айтады, оның әндерін шырқайды. Ауған ақын өтіпті. «Қызыл тұсақ» деген әні болған. Әзіл ән. Қойын қасқыр тартып кеткен, соған ыза болып шығарған. Есте қалған тұсы, «қой жайдым үш бұлақтың сағасында, белгілі бөлек адыр даласында, қойымды кенет қасқыр қуып кетті, екінті мен ақшамның арасында. Қасеке, қой алмай-ақ ешкі ал дедім. Ешкі алсаң, бүрсігүні кешке ал дедім» осылай кете барады. Бүгінгі буын біртүрлі. Тегіне үңілмейді, кешегісіне қызықпайды. Болашақтан дәмелі. Ақсақалын көріп жүрміз. Әңгімелері әсерлі емес. Тіпті жемшөптің жайын, малдың мәселесін де жетістіріп айта алмайды. Саясатты соғады. Сөздері солғын, мәні кем. Іштерінен кіжінеді, кісі түсінбейтін қыжыл. Биліктегілерді сырттай сынаса, соған мәз. Біреудің үйін су алады дейік. Сол кезде өршіп кетеді әлгілер. Әйтеуір бір жаттаурын. Үкіметті сынап, сыбап алады. Қызығы осы. Сериалды айтады. Ермегі сол. Абызым қайда, соларды іздеймін. Ал жиырма жыл... Кәсіпке құрық салған кездер ол. Бірақ жетістіктің жалынан ұстай алмаған секілдіміз.

- Олимпиадалар, әлем чемпионаттары. Құрлық ойындары. Спортты сонша уақыт насихаттау. Ол да еңбек емес пе?

- Босқа өткен жылдар еместігі анық. Іздендік. Бірдеңелерді білдік. Білген деректермен бөлістік. Ойға бардық, қырға шаптық. Жарыс көрдік дегендей. Қиналдық. Қиялдадық. Табысты көрген кез де болды. Қызық енді. Спорт журналистикасына алғаш келгенде жарыс аз өтетін. Тоқырау тұсы еді. «Жүлде қоры» деген түсінік мүлде жоқ. Бірақ спортшылар қарымды болатын. Бапкерлердің көзінен от шашырайтын. Ірі-ірі іріктеулер жүреді. Келістілер мен кереметтерді таңдап алады. Жекпе-жек спорт түрлерінде бір салмақта бес-алты мықты жүретін. Спорттық ойындарда да таланттар көзге түсетін. Сидней Олимпиадасында топ жарған Ермахандар жертөледе жаттығатын. Жарығы тым әлсіз, сығырайып тұрады. Біреуді іздеу әбестік. Табан астында қасыңдағы Ыбырайымовты тап басу қиын. Алакөлеңке. Ештеңе көрмейсің. Чемпиондар солай шынықты. Сонда олардың жігерінің жасығанын байқамадық. Қайта қайрала түсетін, шиыршық атып тұратын. Конькиші Вадим Шақшақбаевты білесіз. Бірде әкесі телефон шалды. 1992 жылы болар. «Қазақ конькиші жоқ дейсің, Вадим қазақ қой». «Шын ба?». «Мен қазақ болсам, менен туған Вадим неге қазақ болмайды?». Немесе жеңіл атлеттер. Ғұсман ағаның мемориалына таңдаулы спортшылар келетін. Өзі бірге жүгірген Политико мен Озолин де. Көгалдағы хоккейдегі Эдуард Айрих. Немесе допты хоккейдегі саңлақтар. Борис аға Чехлыстовпен жиі әңгімелесуші едік. Айтпақшы, «Ертістегі» Виктор Веретнов арнайы шақырған Павлодарға. Команда тыныс-тіршілігін көрсін деп. Ол кезде тасы өрге домалап тұрды. Баласынған жоқ. Бардық. Аяқтары күп болып ісіп кетіпті. Оны бөлмесінде байқадық. Жаттығу кезінде сыр алдырмады. Сағаттап әңгіме айтты. Жассың демеді. «Жадыңда жүрсін» деді. Сағыныш кернейді кеудені. Футбол тебетіндердің бәрі зор еді-ау. Талайы марқұм болып кетті. Бақытжан Еңсебаев, Олег Литвиненко, Виктор Зубарев те есте. Қорғаныс шебінде кілең қазақтар жүретін, сайдың тасындай іріктеліп. Асқар Қожабергенов, Қайрат Сіләмбеков, Қайрат Айманов. Жартылай қорғаныстағы Тілеухан Тұрмағамбетов. Тіпті Баян Бадағұловтың да өзіндік ойын-өрнегі бар еді. Өздері де, өнері де кесек жігіттер. Асқар Қожабергенов неміс обер­лигасында ойнады. Хат жазысып тұрдық. Шетелде доп тепкен тұңғыш қазақ қой. Берікқазы Сексенбаев Малай елінде көгалдағы хоккейді көркейтті. Ол бір тақырып. Спорттың әр саласындағы серкелерге көз тоятын. Велоспорт дейсіз бе, спорттық гимнастика ма. Немесе волейбол мен баскетболды алайық. Сосын Мұстафа келді. Кәбен ағаның баласы таэквондо тәлімгері. Еріп жүрдік. Сөздері мірдің оғындай. Еске түсіп отыр. «Жалғыз қарындасым бар еді. Бірде салып қалдым. Қылығы жақпаған болуы керек. Жас кезде. Кейін айтты өзі, аға, баяғыдағы соққыңыз құлағымда сырға болып қалды. Содан бері әбестік атаулыдан аттап өтемін деді». Кесек сөйлейді Мұстафа, кесіп айтады. Батыр еді ғой, марқұм. Қазір бәрі басқаша. Ал спорттағы қаржының көптігі соншалықты, сырттағы спортшылар, спортшы болғанда да чемпиондары біздің елге көздерін сатып жүреді. Өздерін сатып жіберуден де кетәрі емес. Келіп жатыр ғой, нағыз жайсаңдар. Басқа болмаса да ақша жетеді бізде. Қаласақ, кез келгенін сатып аламыз. Мода осындай. Лондонда Мария Шарапова кетіп бара жатыр екен. Ресей спортшыларының басшыларымен сөйлесіп тұрғанбыз. «Мына қыз біздікі», - дедік. Аналар біздің деніміздің сау екеніне күмән келтірді. «Е, - дейміз біз, - көкелердің көзіне түспей жүр ғой, әйтпесе сатып ала салар едік. Первагыңды алдық па, алдық, Шведоваңды алдық па, алдық. Шараповаңды да ала саламыз». Көкелердің ақшасын сөйтіп бір керекке жараттық.

- Әңгімені легионерлерге бұрасың ғой. Солар керек пе өзі?

- Көк тиынға алғысыз. Арзан абырой бақытқа жетелей алмайды. Бақшада өзіңіз мәпелеп өсірген алма тәтті ме, әлде мынау Шығыстағы көрші елден келетін көкөніс пе? Баудан теріп жегеннің дәмі ауыздан кетпейді, анау керіш алма. Тістейсің де тастайсың. Затын қайдам, аты алма. Өз үйіңнен өсіп, жетілген спортшыға бүйрек бұратыны заңдылық қой. Қалың легионер ортасында жүреміз. Біздің соларға елжіреуіміз екіталай. Тәп бір жалдамалы жұмысшылар секілді. Ұтылып қалса, қабақ шытамыз. Жеңіске жетсе, «жеген наныңды» ақтадың дей саламыз. Болды, Майясы чемпион боп жатыр ма, шаруа аз. Ал Ильиннің жөні бөлек. Ол - өзің, сенің топырағыңнан, табиғаты да саған келеді. Еркелей алады, өкпелей алады, шаттана алады. Қырсығып та қалады. Құқы бар, себебі өзіміз. Серік Сәпиевтен қалай айналмайсың, анау Біржан бауыр Жақыпов үшін де жан беруге дайынбыз. Бейжіңде Тигиев деген медаль алды. Қазір қайда жүр? Соны іздеген бір қазақстандық бар ма? Қайдан болады? Ол медаль алғанда керек еттік. Сосын ұмыттық. Теймураз да Қазақ елін картадан іздеп жүрмеген шығар. Іс бітті, спортшы кетті. Арадағы байланыс сол ғана, уақытша дүние. Легионер біткеннің тағдыры сол. Оның тамыры өзге жерге байланған. Сол жақтан тарайды. Біреудің атын бәйгеге қосып, соның жүлдесіне қайтып шаттанасың? Қызық емес қой. Өзіңдікі қызық. Тіпті қырық бірінші болып келсе де. Соның жолында өле жаздайсың.

- Демек, легионерді жақтырмайсың...

- Олай деген жоқпыз. Адамның баласы. Бірақ өз үйлерінде жүргені жөн емес пе? Қиырдан не іздейді? Қаржыдан басқа. Легионерлерді әкімдер мен министрлер жақтырады. Мемлекет бөлген көп ақшаны сырттан келетіндерге шашуға бейім. Себебі бар шығар біз білмейтін. Кейде түсініп қаласың. Облыс спортшы тәрбиелеп қиналмайды. Біреуді тіркей салды, бітті. Табыс келеді. Сосын мақтана бер. Әзірше тоқтамайтын шығар бұл үрдіс. Пышақ кескендей тыйылар еді. Егер сырттан екі-үш легионер әкім, төрт-бес легионер министр әкеліп, соны жұрт құп көрсе. Шенеуніктер шошып кететін шығар. Әлде шыр ете қала ма. «Керек емес» деп. Нанын тартып жейді ғой. Сонда ойланар еді. Міне, сауалға жауапты осы тұстан іздеу керек. Қанша бапкер келді, спортшылар тіпті көп. Солар біздің азаматтар мен біздің балаларды несібесінен айырып жүр ғой. Бір ғана мысал. Он жеті жасқа дейінгі футболшыларды Павел Травник деген баптады. Сонау Чехиядан келген. Жарыс біткеннен қашып жүреді. Нәтижесі нөл болды. Дәл сол кезде Алматыда Алексей Игнатченко шәкірттерін жаттықтырды. Тамаша маман, кемшілігі біреу. Қазақстандық. Шіркін-ай, сол Игнатченко Чехия немесе Беларусь жерінде болды бар ғой, ат басындай алтын беріп әкелсек те жарасар еді. Нағыз жаттықтырушы.

- Неге Игнатченконы қоя салмайды?

- Қалай қоя салады? Қызық болмай қалады. Алматыда жүрген маманды іске тарту қызықсыз, олар үшін. Мүмкін оның да өзіндік астары бар. Сырттан дұрыс дейді. Қазақ қалай біліп айтқан, ауылдағының аузы сасық. Жұпар иісі аңқып тұрғандарды іздейтін шығармыз. Дэлманн деген хоккейшіні ұлттық құрамаға қостық. Азаматтық ұсынып, ол жолың болғыр не істеді дейсіз ғой. Кеше ғана хоккей сыны аяқталды. Сочи Олимпиадасының іріктеу сыны. Сонда Дэлманн өрескел қателік жіберді. Сондай шебер, сондай шөгел. Бірақ Латвияға қарсы шешуші ойында жоқ жерден шайбаны латыштарға бере салып, Қазақстан құрамасы өз қақпасына гол жіберіп алды. Неге? Ойлан, тап. Футболда кілең легионер. Көбі Қазақстан азаматтығын алып алды. Мынау қандастар ойбай салады, «азаматтық алудан қиын іс жоқ» десіп. Шведовалар емеурін білдірсе болды. Құжатты қолма-қол жазып бере саламыз. Не деген ақкөңілміз. Тұнып тұрған толеранттылық. «Астана» велоклубына қанша қаржы кетті, бір спортшы тәрбиелеп берді ме? «Барыс» сапында жүрген хоккейшілер қаншама? Олар да Сочи олимпиадасының жолдамасын «суға ағызып» алды. Легионерлер жеңісіне қол соғып, «Қызыл өрікті» жыл әні етіп, «Сулейман» сериалын супер көріп, тірлік кешіп жүрміз.

- «Қызыл өрікті» тыңдағың келмей ме?

- Келеді. Жұрт болып тыңдап жатырмыз ғой. Ақылбектің сөзі-ау деймін. Бір тойда он рет қойыпты. Өреміз осындай. Жаңа жыл өтті. Жалпы болып қарсы алдық. Мереке қарсаңындағы және сол күндердегі телекестені еске түсіріңізші. Орыстар ескі әндерін еске алды. Түріктер тарихын іздеді. Біздер де түріктердің тарихын түстеп, орыстардың ескі әнін тыңдадық. Әрине, өз эфирімізден. Қазақ күй шертпеген секілді. Құр­манғазы мен Тәттімбетті қойшы, Нұрғиса мен Қаршығаны да ұмытып кеттік. Өткенде Қазақ радиосы беріп жатыр.Түн ішінде. Ауылдан келетін қонақтарды тосып алып жүр едік. Аялдамада радио тыңдап отырмыз. Мұрағаттан алып берді. Нұрғиса көкенің көзі тірісіндегі бағдарламаны. Дәулескер күйші сөйлеп жатыр. «Бір күні Димаш Ахметович айтты, әй, осы сенің күйіңді аққулар тыңдапты ғой деп. Иә, тыңдаған. Әкемнің күйі ғой дедім. Қайта бұрылып, әй, шыныңды айтшы әкең де сен секілді тарта алмаған шығар деді. Неге тартпасын. Әкемнен жас қалдым. Өнерін түгел игере алмадым. Ол башпаймен тартты, оны үйрендім. Пышақтың жүзімен тартты. Соны дұрыс көре алмаппын, қанша ішекті үздім. Бірақ бойыма дарымады. Пышақпен тарту». Осылай көсіліп кете береді. Нұрғисалар қазына емес пе? Әннің ордасы еді Қазақ жері. Өнердегі бәсеке қайда, неге бәйгені «Қызыл үрукк» алуы тиіс? Ата қазақ «итің жаман» десе, өлген ғой. Қазір «әнің нашар» десе, ыржың-ыржың етеміз. Қазақ интеграциясы сұйылып барады. Бауырлар бір-бірін мойындамайды. Қазақ баласының өзара байланысын айтамыз. Ендігі мәселе осы тұстан табылмаса екен. Қазақ қазақты аяласа ғой. Өткенде Ақаң кетті өмірден. Ақселеу аға. Өзге серкелер де өтіп жатыр. Орыстар тұлғасын жерлеген күні дүниені азан-қазан етеді. Сол күнгі бағдарламаның бәрін арнайды. Гурченкодан өзге ешкім топ жармаған, Высоцкийін күні бүгінге дейін жоқтайды. Біздер ше? Ахметті іздеп жүрміз бе? Бейімбеттер жүректердің төрінде ме, Міржақып жайлы неше деректі фильмің бар, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтi шатастыратын әріптестер өсіп келеді. Қаныш Сәтбаев қазына ғой. Білімді Бірімжановтарды кім іздейді? Мәскеуде Баташ ағаның күндері секілді шара өтеді екен. Химик Бірімжановтың. Мағауин мен Кекілбаевты телетаспаға түсіріп жатырмыз ба? Олар алтын кені емес пе, кетеді ғой қалың мұра кеуделерінде. Шерханның шеберханасы неге тоқтап қалады, ұстаның ұстанымдарын жазып алса, айып па? Қазақ өзін-өзі іздеуге құқылы. Біреудің құтын қашыру емес ол. Қазақ қазақты құрметтеуi керек. Абай тегін айтты дейсіз бе. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Кейде оқушыларға сабақ беруге тура келеді. Сонда «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырын айтамыз. Олар таңғалады. «Неге насихаты жоқ?»  дейді. Кімнің насихаты бар дейсің. Қармақшыда жыраулар мектебі бар. Шораяқтың Омарынан, Кете Жүсіптен келе жатқан. Тұрмағамбет салған сара жол жатыр. Соларды іздейтін телеөндіріс бар ма? Баяғыда бір хабар жасаған болдық. Тұтас ауыл жыршы. Шын мәнінде, еңбектеген баладан, еңкейген қартына дейін. Жастары жырлай бастағанда, шалдары мүлгіп отырады. Сөйтсек, мұқият тыңдайды екен. Сәл қателессе, айқай салады немесе кез келген ауылда күйші жүр. Тіпті ансамблі құрылған елді мекендер кездеседі. Олардың насихаты бар ма? Басшылар тыржың ете қалады. «Рейтингі төмен». Ұлтыңның мұрасын көметін «рейтингтің» өзіне неге талақ айтпаймыз. Күніне он рет көрсетейікші кез келген дүниені. Он күннен кейін сонымен өмір кешіп кетеді жұрт. Насихаттың күші сонда жатыр. Әрине, қазір Керей мен Жәнібекті кім түсінеді. Абылай мен Қабанбай кімді қызықтырады. Қабекең 78 жасында дүние салды дейді. Он сегізінен жекпе-жекке аралассын. Жетпіс жыл жеңілмеген батыр ғой. Бір деректі фильм бар ма? Шона Смаханұлының айтатыны бар: «Үлкен, кіші, алыс-жақын ағайын, мен сіздерден өтінем. Бұрынғының жігіттері толайым, топас болған демеңдерші шетінен..». Оспанхандарды неге іздемейміз? Кешегі кеңес тұсында қаншама әндер жазылды. Солардың да жоқтаушысы көрінбейді. Қазақтың күйін іздейтін ешкім жоқ. Телеарналарды айтып отырмыз. Өткенде бір әріптес түрі қазақ екі әншімен сұхбат құрып отыр. Сауалды қазақша береді, аналар орысша сайрайды. Аудармасы жоқ. Ол не сонда? Эфирді мазақ ету ме? Сол былдыр бірдеңенің орнын күй басқанда, ұтар едік. Жоқ. Домбыра телетізгіншіге ұнамайды. Осында жатыр кілтипан. Сынайын десең тұра келіп туласын. Қаржы қазақтың қоржынынан шығып жатыр. Насихаты кімдікі сонда? Шерағаңды салғанда Көпен көке айтатыны бар, «түсінбеймін». Біраз мәселе сауатты насихатта жатыр. Өткенде Елбасы жастарға лекция оқыды. «Білім» арнасы ашылған күні. Сонда шамамен былай деді, сөз­бе-сөз емес,мазмұнын келтірейік: «Қазір миллиондаған жастар компьютерді меңгерді, көбіне сол жерде отырады. Ішіне үңіледі. Ғаламтор арқылы әлемді шарлайды. Ал жүз шақтылары әлі де кітап оқығанды жөн көреді. Қорытынды мынау, сол компьютерде отырған миллиондарды кейін бәрібір кітап оқыған жүз шақтылар басқаратын болады». Ақылды сөз бе? Күмәнсіз. Осыны насихаттаған БАҚ бар ма? Көре алмай жүрміз. Тағы бірде Президент француз ойшылын тілге тиек етіп айтты. «Бұл қоғам дарындыларды дарға асып, таланттыларды тұншықтырады. Менің ой-жоспарым - сол таланттарға өріс ашып, дарындылардың бабын табу». Керемет қой. Мұндай мысалдардың мыңын келтіруге болады. Енді бірде «қазақ бақытты халық» деді. «Өйткені тегін біледі». Гендік код туралы айтты. Осы тұстан өріс алатын фильм жасалса, ұтар едік қой. Текті қазақ жайында да насихат аз. Еңбек адамы жайында айтты. Онда насихат бар, бірақ қарадүрсін. Алаулату, жалаулату басым. Себебі журналистік шеберлік жетіспейді. «Пресс-релиз» журналистиканы жақтыратындар көбейіп кетті. Интернеттен көшіре салу да үрдіске айналып бара жатыр. Белгілі бір оқиғаны төрт телеарна, бес газет бір үлгіде бере салуы мүмкін. Үтір, нүктесіне де қиянат жасамай. Шешім қандай дейсіз ғой. Біреу ғана. Ізденіс. Сосын жерді, елді, мекенді, тілді, ұлтты жақсы көре түсу. Сол тұстан бірдеңе табылуы мүмкін, сана жетіледі ғой.

- Үміт дүниесі. Осы олқылықтардың да орны толар күн туатын шығар. Өзің не істеп жүрсің? Эфирде жоқсың. Жұрт Сейітханов жүргізетін репортаждарды сағындық деседі...

- Тірлік кешіп жүрміз. Басшылық не тапсырады, соны орындаймыз. Кезінде футбол жүргіз деді. Жүргіздік. Боксты насихатта деді. Насихаттадық. «Бір күн» аталған бағдарламаның жүгін арқалап, ел кездік. Шығармашылық топ мықты еді. Режиссер - Өркен Әліпбаева. Оператор - Хасен Омарқұлов. Тәулігіне үш сағат ұйықтайтын едік. Таңның атуын күтеміз. Өркенге кадр керек немесе тағы бір ұтымды көріністің соңынан салпақтаймыз. Іздейміз, ізденеміз. Бірде ауыл шаруашылығын түсіріп жаттық. Режиссерге кадр ұнамай жатыр. Оны түсініп тұрмыз. Хасен тәуекелге барды. Комбайнның орағының маңына мықтап байлап қойдық. Көлбеу күйде, камерасын ұстап кете барды. Әдемі кадр алып шықты. Үсті-басындағы шаңды бір сағат қақты демесеңіз. «Бір күн» - бір кітап. Бастан кешкен оқиғалардың өзі қызық. Сәті келгенде жазамыз. Жалпы, телеөндіріске сілкініс қажет. Қаншама арна бар. Бірін-бірі қайталайды. Қазақ тұшынып көретін өнім аз. Өндіруге қабілет жетеді, таланттар көп. Бірақ қолдары байлаулы. Кім байлап отыр? Оны түсініп болмайсың. Жер шарын араладық. Кез келген мемлекет, кез келген ұлт алдымен өздерін насихаттайды. Өздерін өздеріне түсіндіреді. Біздер өзгенің кереметін түсіндіруге тырысамыз. Тек өзіміздікін емес. Одан не ұтамыз? Жалпы, біздің телеөнім белгілі бір жас мөлшеріне арналған секілді қазір. Қай арнаны алып қарасаңыз да. Ол - сериал. Ол - мән-мағынасыз ән-шашулар. Жөнсіз клиптер. Қырықтан кейінгілерге қызық емес ол. Орта буын рухани байлықтан бас тартпайды. Кіші буынға да әбден керек. Қазақтың басын құрайтын ортақ құндылықтар бар. Әдебиеті мен мәдениеті. Салт-дәстүрі. Жібек жіп - осы. Үзіліп кетпеу үшін әркім өзінше атсалысуы керек. Журналистерге артылар жүк қомақты. Соны арқалайтын қарым керек біздерге.
Әңгімелескен
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
«Айқын» газеті

0 пікір