Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
46 - сөз 2211 3 пікір 2 Желтоқсан, 2022 сағат 13:45

Жүйріктердің бауыры жазыла бастады

Бір оқпен екі қоян ататын баяғының шешендерінің ізімен бір тақырып аясында екі жәйтті аңғартпақпыз. Алғашқысы – Қатарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионаты.

Сегіз топта жарысты жалғастыратын серкелердің дені анықталды. Спорт сарапшылары топ  бастайды деп топшылаған Германия мен Бельгия шаң қауып қалды. Өз топтарында бірінші болу тұрмақ келесі кезеңге өтуі күмәнді делінетін Жапония мен Марокко көш басында келді. Мексика мен Данияның арғымақтары далада қалып, Польша мен Австралияның аты кермеге екінші болып жетті. Яғни доданың келесі кезеңіне өтеді.

Бастапқы ойында қарсыласты менсінбейміз деп оңбай сүрінген Мессидің командасы одан кейін ширығып шыға келді. Екі тең ойынды қанағат тұтып тұрған АҚШ құрамасы соңғы қарсылас Иранмен тартыста өз саясаткерлерінің қыбын қандырып, әзірге жеңілмеген жеті команданың қатарында.

Әлемдік доп додасындағы жүйріктермен қатар сол ойындарды тікелей эфирде көрсетіп жатқан «QAZAQSTAN» телерадио корпорациясы іріктеп алған спорт комментаторларының бауыры жазыла түсті. Бастапқы репортаждарында командаларды, қақпашы, қорғаушы, шабуылшыларды қайда болса сонда «жайғасатыра» берген олар біртіндеп кібіртіктен арылып, өз шеберлерін ұштады.

«Тау жығардай екпінмен шабуылдап кетті», «қаражаяу команда емес», «доп дуалап тастағандай аяғына қайта оралды», «қорғаушылардың арасынан қылдан май суырғандай өте шықты», «бір ойыншыны жер соқтырып кетті», «доп келе жатқанда бұл қыдырып жүр» дегендей ұлттық санаға сіңімді теңеулерді жиі ести бастадық. «Ұпай саны өсе ме, келесі сатыға көше ме» деп байырғы жырауларша  қиыстырғанда тіпті, риза болдық.

1-желтоқсаннан 2-сіне қараған түнгі «Е» тобындағы ерекше тартысты екі ойынды «QAZAQSTAN» телерадио корпорациясының қос арнасын жиі ауыстырып көрдік. Әткеншектей тербелген ахуалда төрт команданың үміті бір жанып, бір өшіп жатты. Футболшылар небір голмен көз қуандырса, комментаторлар соған лайық теңеулер тауып, көрерменнің құлақ құрышын қандырды.

Әсіресе 2:4 есебімен аяқталған Коста-Рика – Германия командалары арасындағы сұрапылдан тікелей репортаж жүргізген ініміз тәнті етті. Жамал Мусиала гол соға алмай қалғанда «бақытсыз Жамал» дегені бірден Міржақып жарықтықтың осы аттас романын санаға сақ еткізді. Оны оқып қоймай, оқығанын ретті тұста пайдаланып қалған шеберлігіне ризамыз. Әрі қарай «Алпыс минутта екі гол соға алмау сүйегіне зор таңба» дегенде бұл ініміздің Мұхтар Шахановтың балладаларын оқып, әрі көкейге түйіп жүргенін байқадық. «Бұларға спорттың шежіре, есеп-қисап, ережелеріне басқа ұлттық әдебиет жауһарларын білу қажет» деп жиі ескертетенібіз. Сол ескерту далада қалмай, елеп-ескергендерін байқадық.

Марқұм Қынабай Аралбаев пен Амангелді Сейітханнан қалған спорт айташысы соқпағының сорабын бүгінде шөп басып қалмапты. Лайықты жалғастырушылары бар екен. Жапонияның жеңісімен қатар бұған да риза болып қалдық.

Әрі қарай бауырлардың ізденісі жалғаса берсе екен. Үлгі көп. Тек соны тауып және жаңғыртып отыру керек.

Бірде саңлақ редактор Сейдахмет Бердіқұлов ақын Тұманбай Молдағалиевке «Қайраттың» ойынынан репортаж жазуды тапсырады. «Ақын спорттан не біледі дейсің» деп бұл тапсырмаға күле қарағандар болған. Ертесінде Тұманбайдағы «Қайрат» гол салғанда стадион мөңкіп кетті» бір сөйлемнің өзі ақын репортажы  спорт журналистерінің жазғанының аузын ұрып жіберерін аңғартқан.

Мысал көп. Кезінде хоккейден азуын айға білеген Канаданың командасы нашар дейтін қарсыластан ұтылып қалғанда Несіп Жүнісбаев «Үйеңкі жапырақтары шашылып қалды» деп жазған. Аргентинаның алғашқы ойынынан бізге репортаж жазғызса, сөз жоқ «Латын Америкасының жұлдыздары араб құмына көміліп қалды» дер едік Несіп ағамыздың ізімен.

Міне, осындай ұтқыр теңеулер мен бейнелі сөздерді енді Есей Жеңісұлы, Әлімжан Асқар, Ермұхамед Мәулен және басқалардан, демек «QAZAQSTAN-ның» екі телеарнасынан күтеміз. Сәтті ізденіс бар, тек соны тереңдете түскен ләзім.

Не керек, анда да, мұнда да жүйріктердің бауыры жазыла бастады.

 

Қайнар Олжай

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3518