Жұма, 19 Сәуір 2024
1653 2 пікір 2 Желтоқсан, 2022 сағат 13:07

Байден: "Путинмен келіссөзге дайынмын"

АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы Владимир Путин Украинадағы соғысты аяқтауға ынта білдірсе, онымен келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Ол НАТО-дағы одақтарымен кеңесе отырып, келіссөз жүргізуге болатынын айтты. Алайда Путинмен әңгіме әзірге күн тәртібінде тұрған жоқ. Байденнің Франция басшысы Эммануэль Макронмен кездесуінен кейін өткен баспасөз жиынында айтқан сөзінен Reuters агенттігі үзінді келтіреді.

Кездесу аяқталғаннан кейін Байден мен Макрон ортақ мәлімдеме таратты. Онда екі ел басшысы "Ресейдің Украинаға қарсы заңсыз басқыншылық соғысын түбегейлі түрде айыптайтынын" атап көрсеткен. "Азаматтар мен азаматтық инфрақұрылымға қасақана соққы жасау – әскери қылмыс, оған кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс" деп жазылған мәлімдемеде. Баспасөз жиынында Макрон Украинадан өзі дайын емес шарттарды қабылдауды талап етпеуге уәде етті.

"Франция мен АҚШ Владимир Путиннің басқыншылық ұмтылысы мен Ресейдің Украинадағы соғысына қарсы, соғыс кезекті рет Еуропа құрлығындағы бейбітшілікті бұзды" деді Байден. Франция мен АҚШ сонымен бірге Мәскеудің Украина аймақтарын аннексиялау талпынысын да айыптады. Байден мен Макрон Ресейдің ядролық риторикасына да қарсы шықты.

Байден мен Макрон Украинаға әуе шабуылынан қорғанатын жүйе, Украинаның энергия жүйесін қалпына келтіруге көмектесетін жабдықтар мен халыққы қыстан шығуға көмектесетін ресурс жіберуге уәде етті.

Сонымен бірге халықаралық институттардың көмегімен Ресейді "әскери қылмысы үшін" жауапқа тартуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

 

Abai.kz

2 пікір