Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3358 0 пікір 20 Ақпан, 2013 сағат 11:19

Серік Ерғали: «Жаңа әліпби қазақтарды теруші фактор болады»

Былтырғы шілде айында 31-арнаның жаңалық хабарларынан сөйлеген көсемсөзші Серік Ерғали қазақ тілінен бұралқы дыбыстар мен әріптерді аластау мәселесін төтесінен қойғаны бар. Содан бері Фейсбукте арнайы топ (http://www.facebook.com/groups/391593384225792/) құрылып, азаматтық сараптау басталып кетті. Бұл жайтқа елбасының халыққа жолдауында айтылған пәрменді бастамасы жаңа серпін беріп, тақырыпты астаналық «Аманат» клубы бұқаралық сыйпатқа көшірді. Содан бері қоғамда бұл тақырып өзекті өріске бет бұрды.


- Латын әрпіне көшу туралы талас өршіп тұр. Дегенмен, түрлі жобаларды ұсынатындардың көбі латын қарпінің түпнұсқасына емес, сол қаріп негізінде жасалған өзге жұрттардың әліпбиіне назар аударатын сияқты. Сіз не дейсіз?

Былтырғы шілде айында 31-арнаның жаңалық хабарларынан сөйлеген көсемсөзші Серік Ерғали қазақ тілінен бұралқы дыбыстар мен әріптерді аластау мәселесін төтесінен қойғаны бар. Содан бері Фейсбукте арнайы топ (http://www.facebook.com/groups/391593384225792/) құрылып, азаматтық сараптау басталып кетті. Бұл жайтқа елбасының халыққа жолдауында айтылған пәрменді бастамасы жаңа серпін беріп, тақырыпты астаналық «Аманат» клубы бұқаралық сыйпатқа көшірді. Содан бері қоғамда бұл тақырып өзекті өріске бет бұрды.


- Латын әрпіне көшу туралы талас өршіп тұр. Дегенмен, түрлі жобаларды ұсынатындардың көбі латын қарпінің түпнұсқасына емес, сол қаріп негізінде жасалған өзге жұрттардың әліпбиіне назар аударатын сияқты. Сіз не дейсіз?

- Меніңше бұл шаруада әзірше ресмилік жоқ. Болса, онда әуелі жаңа әліпби тұжырымдамасы жариялануы керек еді. Бұл құжат болашақ әліпбиге қойылар барлық талаптарды, соның ішінде бізді бұған итермелеп отырған жайтты,  саяси преамбуланы, лингвистикалық қалыптасқан жағдайды, емлелік жаңғырту мәселелерін, орфоэпиялық жайттарды, шетелдік терминдер мен сөздердің жазылу талабын,түркілік бірыңғайласу мәселелерін т.т. қамтыйтын дүние болар еді. Қысқасы, бұл құжат жаңа әліпбидің жолашары болуы керек еді. Енді сол болмағасын, әркім ойы мен қолынан келгенін далбасалап жатқан жайы бар.

Дегенмен, азаматтық ортада пайда болып, талқыланып жатқан нұсқалардан көп шынайы жайттарды теріп алуға болады. Соның негізінде де біршама жаңа әліпби сұлбасы бар. Кәзір бұл істе басты екі бағытты байқаймыз: біреуі ортақтүркілік-диакритикалық, екіншісі әлемдік-ағылшын қарыпты бағыт. Бірінші бағыт бойынша Түркі академиясының ғылыми жобасының негізінде түзілген 34 әріпті ортақ түркілік әліпбидің жобасы бар,бірақ онда қазақтың 28 дыбысы таңбаланған, оған қоса 2-3 шетелдік сөздерді жазуға ыңғайлы әріп қарастырылған. Бұл бағыт бойынша тиімділік - 15 миллион қазақтың тілін 200 миллион болмаса да, 100 миллиондай түркінің оқып, үйреніп кететіндей ортақ тілдік кеңістік орнауы ықтыймал.

Екінші бағыт бойынша, ағылшын қарпының негізінде әліпби түзу қыйындық келтірсе де біршама топтар тер төгуде. Ал, бұл бағыт бойынша қазақ тілі үшін қосалқы техникалық не сонша қаржылық шығын керек болмайды, ағылшындардың қолданысындағы қарыпты пайдаланып кету мүмкіндігі бар. Жалпы, жаңа әліпби қазақ тілі үшін жұмсалып жатқан өтірік шығынды көрсетіп, қазақтар санын өтірік толтырып жүргендерді көзіне шұқыйтын әрі шашылған түрлі әліпбилі қазақтарды теретін,тұтастыратын, молайтатын фактор болады.

Алайда, мұның бәрінде де «түкпірлік» сыйпат бар - белгілі бір ғылыми орталық қолға алып, сараптап, жақсы-жаманын ажыратып жатқан жоқ. Әркім әр түкпірде шұқшыйуда. Тіпті, естуімше, Тілбілім институтының ғалымдары беске бөлініп, бес нұсқа ұсынуда. Бұл таңдау жағынан пайдасы болғанмен, ұйымдастыру мен үйлестіру болмаған жерде іріктеуді қыйындататын іс. Әрине, азаматтардың мұнша талпынысы мен бастамасын қолдау керек, және соған жағдай мен үйлестіру керек емес пе? Әңгіменің шыққанына екі айдай болды, бірақ барлаудан басқа бұларды үйлестіретін нақты әзір ресми қадам жоқ, құрылым жоқ.

- Латын қарпіне көшу ісінде жақсы идея ұсынған қарапайым адамдардың пікірлері ескерілмей, әдеттегідей жоғары жаққа жақындау ғалымдардың ғана көзқарастары өтіп кетіп жүрмей ме?

- Бұл сұрақ төңірегінде қызық жайт қалыптасуда. Ғылыми дәрежесі бар азаматтар «шымшықты кім сойса да - қасапшы сойсынды» көбірек айтады, бірақ сол қасапшыны қалай тануымыз керек, оның қолындағы пышақтың түрі мен түсі бізді сендіре ала ма? Бұл жерде әлгі үйлестірудің жоқтығынан бұралқы сөздің көптігі байқалады. Егер де жобаларға нақтыланған талап жарияланса, онда шала-шарпы кестелер өзінен өзі жолда қалады да, қолымызда барынша нақтыланған, ғылыми дәйектенген, машыққа қолайлы деген 2-3 жоба қалар еді. Сондықтан азаматтық бастама күніге бір әліпбиді туындатып жатса, оған қасапшының бар-жоқтығы емес, әуелі малды қасапханаға айдап әкелетін малшының жоқтығы кінәлі деуіміз керек. Және де іріктеуге әркімнің қолында бар кестесі емес, белгілі бір талапқа, критериге негізделген іріктеу жұмысы арқылы толымды дүние түсер еді. Ал оны жасаған ғалым ба, қасапшы ма, онда ешкімнің шаруасы болмауы керек, егер де ол әлгі іріктеу шартына үйлесіп жатса, кімнің басын қатыруы керек?!

- Қазір біз қаріп ауыстырудың тек рухани, саяси тиімді тұстарын қарастырып жүрміз. Экономикалық тұрғыда қандай ықпалы болуы мүмкін?

- Мәселе мынада болып тұр. Егер тіл саясаты қазақ тіліне бүйрегін бұрмаса, онда 10-20 жылдан соң бұл салаға қапшықтап қаржы салсаң да керегі болмайтын жағдай қалыптасып келеді. Тілдік ортаны зерттеп жатқан ешкім жоқ. Қазақ тілінің ортасы орташа қандай жасты қамтыйды? Меніңше, тұрмыстық деңгейде 40-70 аралығы секілді. Себебі, тілдік ортамен айналысатын тілдік сана, психолингвистика, социолингвистика ғылымдары бізде жайына қалды. Қазақ социолингвистикасының негізін қалаған Бақытжан Хасанов ағамыз секілді мамандар өз саласына қызмет ете алмай жүр. Балабақ, мектептегі тілдік орта әсіресе, қаладағы жағдай ауыр. Орыстілді грамматикаға негізделген қазақтілді сөздердің жыймасымен (набор) сөйлейтін, калькатілді ұрпақ қалыптасуда. Журналистикада журналист пен аудармашыны ажырата алмай қалдық. Себебі, қазақ тілінде ақпарат өндірісі аудармамен айырбасталған. Бұларға жауапкерлік жүктейтін ең болмаса нышанды түрде тестілеуді әлі бастаған жоқпыз. Қыруар қаржы жұмсап, әзірлеген ҚазТЕСТ жүйесін қымтап отырмыз.  Осындай жағдайда қазақ тіліне там-тұмдап шығындалатын қаржыны санау қаншалықты қыйсынды? Сондықтан экономикаға сөз бермес бұрын, аталған ғылыми салаларға сөз берген жөн. Сонда әділетті жағдай қалыптасады.

Меніңше, жаңа әліпбиге кететін шығын кәзіргі кетіп жатқан шығынды еселейтіндей ауқымда болмас. Оқулықтар онсыз да жыл сайын шығарылады. Тілді оқытуға мемелкеттік ұйымдарға онсыз да жыл сайын қыруар ақша бөлінеді, тіл оқыту орталықтары онсыз да немен айналысып жүргендері белгісіз, бірақ қаптап көбейуде. Қолда бар ресурс пен әлеуетті тиімді пайдаланудың жолдары бар, соны іздестірсе,үйлестірсе - жеткілікті. Ең бастысы халықтың құлшынысы күшті, бұл - басты ресурс болмақ.

Жалпы, бұл іске қыруар қаржы кетпейді, тек қана жылдар бойғы қордаланған шаруаны жинап-теріп бір істегесін, соның бар шығыны латыншаға қатысты айтылуы мүмкін. Ал, экономикалық жағынан тиімділік бар: мысалы, түркі мемлекеттері  ортақ әліпбиге көшсе, онда кейбір техникалық ортақтастық есебінен үнемді әрі тиімді өндіріс пен тұтыныс қалыптасар еді. Мысалы, қазақша электрондық мәтінді сол күйінде аздаған өзгерістермен қырғызшаға қотаратын қамтымалар болар еді. Мұндай жайттар ондап саналады. Түркиядағы  1 миллион ноғай қазақша оқый алар еді. Сөйтіп, қыпшақтекті жұрттар есебінен қазақ тілінің айасы кеңейер еді. Ал, базардың кеңдігі экономиканың бір бөлігі екені рас.

- Латын қарпіне көшудің ең ыңғайлы мерзімі ретінде қай жылды айтар едіңіз?

- Бұл бірнеше сала мен әлеуметтік ортаны қамтыйтын мемлекеттік шара болғандықтан, оны бір мерзіммен не бір жылмен байлау мүмкін емес. Меніңше, әліпби быйыл әзір болғаны дұрыс. Оған бейресми жұртшылық көше береді, ал білім саласы кемінде  он жылды қамтыйды, мемлекеттік сала әрі кетсе 3 жылда көшіп болуына болады. Оған бүгінгі техникалық ресурстар мен мүмкіндіктер жұмысты мейлінше жылдамдатады, мәселе - соны ұйымдастыра, үйлестіре, қолдана білуде. Сондықтан, әуелі  жаңа әліпби тұтынушыларын әлеуметтік топтар мен қолданылатын салаларға жіктеп, оларға сәйкес түрде мерзім тағайындалатыны сөзсіз. Шамасы, 2025 жыл - кирилшені мұрағатқа жіберетін соңғы жыл болар деген үміттемін.

Әзір әліпбиді игеруге өзім бар болғаны 1 апта кететініне көзім жетті. Бірақ жұрттың бәрінде ондай пейіл мен тырысу бар деуге болмайды, сондықтан бұл мерзім әр  адам үшін әрі кетсе 3 ай, бері десек - 1 ай ғана. Күніге 1 сағат жазып, оқыса жеткілікті.

- Жаңа әліпби қазақты бірнешеге бөледі деген мәселеге не дейсіз?

- Жаңа әліпби мәселесінің қолға алынуына байланысты, бірқатар азаматтар оны қазақты бөлшектейді деген уәж таратуда. Меніңше, бұл үстірт пікір. Ұлт алдындағы іргелі істер жүйелі түрде қолға алынса, оның керісінше, ұйыстыру, ұжымдастыру сыйпаты міндетті түрде  нәтижеге айналады. Бірақ біз әуелі қазақтың бүгінгі жіктелісіне мән берейік. Мемлекеттік жағынан - отандық және шетелдік; тарихи-географиялық жағынан - қазақстандық, қытайлық, өзбекстандық, ресейлік, моңғолдық, ебропалық, ауғандық, түркиялық, ирандық; күнкөріс-білім алу жағынан қазақтар барлық құрлыққа тарап кетті. Түрлі тілдерге телінген қазақтың тобын санасақ: қазақтілді, орыстілді, қытайтілді, түріктілді, моңғолтілді, ағылшынтілді, парсытілді... Бұған қоса әліпбилік топтар: кирилше, төтеше, түрікше-латынша, ағылшынша. Соңғысы СМС хабарламасымен тілдесуде кеңінен қолданылуда. Осылайша діни топтарды да санай беруге болады... Ал,сонда латынша жаңа әліпби қазаққа қалайша жік салмақ?  Керісінше бар жікті азайтып, қазақтілді ортаны толықтырады!

Біріншіден, жаңа әліпби қазақтілді үшін де, басқатілді үшін де қазақтың бәрін бір сапқа тізеді, бәрін әліпби үйренуге бірдей қалыпқа түсіреді. Бұл - біріктіру сыйпаты бар шара, тіпті, бұл - қазақтарды біріктірудің ұлттық мұрсаты.

Екіншіден, қытайлық қазақтар төтеншеден гөрі жалпықазақтық жаңа әліпбиге көшуге кәзірдің өзінде әзір, ебропалықтар мен моңғолдықтар да елге қарап отыр. Ресейлік қазақтар бұл қадамды қуаттап үндеу жолдауда.Қытайдағы бауырлар төтеншеден латыншаға көшудің шараларын ойластырып, программалар жазып әбігер болуда.Демек, қазақтар әліпби жағынан бірыңғайланады: кәзіргі он миллион кирилше тұтынушылар мен үш-төрт миллионнан аса төтенше мен басқа қаріптегілер тұтасады.

Үшіншіден, орыстілді қазақтар кәзіргі әліпбидің кесірінен қазақ дыбыстарын ажырата алмай қор болып үйрене алмауда,екі тілге ортақ 42 әріпті әліпби орыстілділерді шатастырып, қазақ дыбыстарын үйренуден қалып отыр.Мысалы, қазақтың [Ы] дыбысы мен орыстың [Ый]-ын ажырата алмай-ақ қойды. Демек, тәуелсізденген дербес әліпби оларға тіл үйренуге біртабан жеңілдік етері сөзсіз. Оның үстіне барлық емле мен орфоэпиялық үдерістер бірізденеді, тәуелсізденеді, қарапайымдатылады. Бұл әр сөзді түрліше дыбыстап жүрген қазақтардың ауызын бір бағытта ашып-жабуға, дыбыстауға мәжбүр етер еді. Қорыта айтсақ, жаңа әліпби тарыдай шашылған қазақты теретін фактор болмақ.

- Үдерісті жеңілдетер жол бар ма?

- Әрине, бар мәселе әліпбидің қандай боларында емес, үдерісті қалай үйлестіруде. Орыс тілімен ортақтастырылған кәзіргі әліпби тіліміздің емлесі мен айтылымына нұқсан келтіріп қоймай, грамматикасында да,басқа да ережелердің қайшылықтарын өршітіп отыр. Кәзірдің өзінде емле ережелерінің елуге тарта қайшы ережелері бар. Бұлар жазуымызды бүлдіріп, үйренушілерді жирендіріп болды.

Жұртты кирилшеден  латыншаға қызыға ойысатындай шаралар ұйымдастыруға болады. Өйткені, іс әліпби кестесін түзумен бітпейді, лексикалық қордың электрон базасын жасап, оны орфографиялық, орфоэпиялық, транскрипциялық, транслитерациялық т.б. сөздіктерге айналдырып, әрбір электрон сайманына енгізетіндей нормативтік құжат қабылдануы қажет. Сонда әр компьютерде қазақ тілінің сүйемел программасы енгізіліп сатылатындай міндет жүктеледі. Сөйтіп, қазақтілді тұтынушы жазу кезінде басы қатпай-ақ, Дұрыс жазу тексермесі арқылы қолдау табады. Мәселен, вордта мәтін тере бастағанда жолайы программаның өзі сіз теріп жатқан сөзді өзі ұсынатын болады. Ол үшінқазақ тілінің лексикалық қорын электрондап, салып қойатын жағдай жасау керек. Орыс тілінде ол бар. Сонда, әркімнің әртүрлі жазу мәселесі өзінен өзі жоғалады, қалай жазам деген сауал да тумайды. Қысқасы, мәселеге кешенді түрде қарамасақ, болмайды. Өйткені, біз тілді жазу, оқу, таңбалау салалары бойынша түпкілікті реформа жасағалы отырмыз.

- Жаңа әліпби қаншалықты жазуға оңай, оқуға жеңіл болмақ?

- Бұл кәзіргі орыс-қазақ әліпбиіне бағындырылған қазақ жазуын қаншалықты тәуелсіздендіре аламыз деген мәселеге тығыз байланысты. Соңғы 70 жылдан аса уақыт бойы қазақ тілі өгей әліпбимен күн көріп келеді. Мен қарыпты айтып отырғаным жоқ, жазу жүйесінің негізі - әліпбиді айтып отырмын. Әрбір әліпби сол тілді барынша дәл таңбалаумен бірге оны оңай жазу мен жеңіл оқуға икемді болмаса, қазақ тіліне тән дыбыстарды он жерден сауатты түгендеп, жазғанмен жаңа мәселелер туындатып алуымыз мүмкін.

Сондықтан кәзіргі басты мәселе қазақтың 28 дыбысы мен шетелдік 2-3 қарыпты қосқан кесте жасаумен шектелмейді, одан да күрделі мәселелер бар: бізде тілге тән емлелік жүйе дамымаған, қайшылықтары көп ереже түзілген,яғни орфографиялық құрдымнан шығу мәселесі бар; бұған қоса орыс тілінің айтылым заңдылығына бағындырылған дыбыстау жүйесі тағы бар - қазақша жазып, дикторларымыз орысша оқып жүр - транскрипциялық мәселе ушыққан,бұған қоса лексикалық қордың белгілі бір бөлігі саналатын қазақтың аты-жөндерінде сау-тамтық қалған жоқ - қазақ сөзінен шыққан адам есімдері орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне сол тілден сол күйінде көшіріліп жүр, яғни, транслитерация мәселесі қордаланды. Қысқасы, қазақтың тілбілім саласы алдында қыруар мәселені шешу тұр.

Егер соның бәріне көз жұмып, латыншаға 31 қарыппен көше салсақ, көлігіміз қара жерге тайып жүре алмай қалады. Сондықтан, әліпби кестесінен бұрынғы бұған дейін шешілмеген тілдік мәселелерді біржола шешуді қолға алу керек, ол үшін әуелі Мемлекеттік комиссия емес, аталған мәселелері бар салалар бойынша кемінде 4-5 ғылыми зертхана құрған жөн.  Сосын қолымызда әліпби кестесі, емлелік сөздік, орфоэпиялық сөздік, ағылшын, орыс, қытай  тілдерімен көпір боларлық транслитерациялық электрон сөздіктер әзір болып, олардың ережесі бекуі тиіс.

Бұлардың барлығы оп-оңай ғана әрбір компьютерде тұратындай нормативтік құқық қабылданып, жаңа әліпбилі тілді қамтыйтын ресурстар мен әлеуеттердің айналымын бірден заңдандырып жібергенде көп шаруамыз жеңілдейді. Тіпті, жұрт кирилшеден амалсыз  латыншаға ойысады. Неге? Себебі, бізде әлі күнге компьютер мен басқа саймандар қазақ тілінің ешбір сүйемел программасынсыз  сатылады, қарапайым Дұрыс жазу тексермесі жоқ. Қысқасы, мәселеге кешенді түрде қарамасақ, болмайды. Өйткені, біз тілді жазу, оқу, таңбалау салалары бойынша түпкілікті реформа жасағалы отырмыз. Басқаша жол жоқ - мәселелер қордаланып қалған.

Бір жағынан, латыншаға 50 жастан асқандарға қыйналып та керек болмайды, олардың жазғанын сол бойда латыншаға, ал латыншаны кирилшеге қотаратын қамтыма электрондық өнімдердің бірнешеуі кәзірдің өзінде әзір. Ал,  мұрағатты аударып керек емес - ол үшін арнайы ғалымдар бар, ал қағаздағы кирилшені латыншаға қотару да оңай іс болып қалды. Жаңа әліпби бір жағынан кеңестік мұраның керегін өткізіп, керек емесін тарихта қалатындай қатал сұрыптаушы болмақ.

- Секе, Әлімхан Жүнісбек ағамыз тіліміздің дыбыстарын жақсылап түгендеді. Бірақ соларды таңбалауда сұрақ туындайтын секілді. Мысалы, «су» сөзі енді «сұу» болып жазылса, біздің жалғанбалы тіліміздің жазбасы одан сайын шұбатылып кетпей ме?

- Мұндай мәселе бар, бірақ жуырда ғана Әлекеңмен осы жайында сөйлескенімде, ол кісі «дыбысымызды бұрмалауға жол бергеннен 1-2 әріпті артық жазуға қыйналғанымыз дұрыс» деді. Бірақ кәзіргі шұбырған 42 әріпті әліпбидің тиімді жазу мүмкіндігі бар, ішінара, бірақ жүйесіз. Мысалы, «қыйын» сөзін - қиын, «жыйын» - жиын деп қысқарта жазу, бій - би ... бірақ «сыйлық» неге «силық» болып жазылмайды? Ал, «мый» неге «ми» (бірақ [мій] болып оқылады) болып жазылады, сонда И әрпі әрі [ый] әрі [ій] дыбыстарын таңбалайтын екіжүзді болғаны несі? Себебі, жүйе жоқ, бірыңғай емлелік ереже  қарастырылмаған, тек қана орыстың И әрпін кестеге кіргізгесін, бос тұрмау үшін қолдану керек болғандықтан соған ала-құла ереже шығарылған. Бұл жерде әліпбиді шұғыл түрде жасап шыққан Сәрсен Аманжолов атамыздың кінәсі емес, саяси жүйе оның қолын бұрап осылай жасатқан.

Бірақ Әлекеңнің нұсқасы қабылданса, көп нәрсеге қол мен сананы үйретуге тура келеді, өйткені, бір ғана У қарпына төрт бірдей дифтонгталған ұу,үу,ыу,іу дыбыстары сәйкес келеді, не істеу керек? Менің есептеуім бойынша тіліміздегі Ы мен І дыбыстарының есебінен жазуымыз  кемінде 10-15 пайызға ұзарып жүр. Бірақ ата-бабамыз аса икемсіз тасқа қашағанда, барынша икемді емлені қолданған. Бұл жөнінен Құбайдерген Жұбанов ағамыздың сингармо әліпби жасасақ деген тілегі болған. Ол да арман күйінде қалмаса, жазуымыз барынша тиімді болар еді.  Бұдан былай неғұрлым оңай жазылып, жеңіл оқылатын әрі үнемді жазу ғана тілдің көсегесін көгертетін болады.

- Әліпбимен бірге сіз келтірген салалар бойынша реформаны бірден енгізу ауыр болмай ма?

- Ауыр болуы мүмкін. Сол үшін мен кәзіргі кирилшені қазақтандыра отырып, келесі сатыда латыншаға көшуді ұсынып жүрмін. Оған кейбіреулер бірден көшпесек, тазарған кирилшеде қалып қоямыз деген қорқынышын айтады. Оның алдын алуға әбден болады. Және де кирилшені тазартумен бірге емлелік реформа бірге жүріп кетер еді және оған сонша уақыт керек емес, мысалы, ережеміз бен сөздігіміз әзір болса, 2-3 айдың ішінде үкіметтің қаулысымен кәзіргі жазуды түзеп, жалғастырып кетуге әбден мүмкіндік бар.

Сосын соған латынша әліпбиге өту үдерісін жалғай қоямыз. Әйтпесе, біз үдерісті соңынан басына қарай жүргелі отырмыз: әуелі әліпби-кесте әзірлеп, сосын оған емлені икемдейміз, сосын жүрдім-бардым орфографиялық сөздік шығар, одан әрі сұраныс болғанына қарап, орфоэпиялық сөздікке бас қойсақ - шаруамыздың жүйелі болғаны емес. Мысалы, қысқарған Ъ, Ь, Я, Ю, Ё, Ц, Ч, Э, Һ, Щ әріптерінің орнын жоқтатпайтындай жазу бірізденбесе, оп-оңай болмайды, ең әуелі тұтынушылар психологиялық дағдарысқа түседі. Бұл - ең басты мәселе.

Солардан құтқару үшін, басқа жазу пошымына көшуге алғышарт жасауды қарастырмай, жұртты қыйындыққа итеруге болмайды. Реформаны күрделі жағдайға душар етпеуді ойластыру керек. Біздің әрбір ісіміз сәйкес мәселені шешетініне әуелі осы істің басы-қасындағылар сенімді болуы керек. Ол үшін әрбір проблеманы алдын ала көре білген жөн.

- Қарапайым адамда мынадай сауал бар: «құдық» деп жазамыз «құдұқ» деп айтамыз, осыны бірден-ақ қалай айтсақ, солай неге жазбаймыз?» дегендей.

- Мұндай сауалдар бар және осы мәселе қырғыздарда оңай шешілген, қалай айтылса, солай жазу тұрғысы бойынша. Бірақ мұның ғылыми тұрғыдан кейбір жайттары болғандықтан бізде осылай қалыптасқан. Жалпы, бірдей екі тілдің жазу тұжырымының екі түрлі болуы да - қарастыруға жататын тақырып. Меніңше, мұндай мәселелердің бәрін ғылыми негізде, үдерісте шешу қажет. Мәселен арнайы жалпытүркілік симпозиум шақырып, шешім қабылдаған дұрыс болады, сонда қарсы пікірлердің дәйектері сарапталып, таразыға түсіп оңды да өркениетті шешім болар еді. Әйтпесе, біреулер айтып, оны бір-екі беделді ғалым қолдап, содан соң соны емленің ережесіне енгізу қыйсынды емес. Тілге - бедел емес дәйекті ілім керек.

- Қазір латыншаны қолдайтын да, қарсы дәйегі бар уәждер бар. Бірақ солармен жұмыс істеп отырған бір мекемені білмейміз, бұл нені білдіреді?

- Бұл мәселені жүйелі қолға алудың жетіспеуін көрсетеді. Латынша әліпбиге қарсы тарапты мейлінше мұқият тыңдау керек, олар бұл үдерістегі бар мәселені ашып беріп отыр, ол дегеніңіз - жұмыстың қомақты бөлігі емес пе?! Сондықтан қарсы тарап қайшы насихаттан гөрі, пайдалы уәж бен мәселені ашуға көмектесіп отыр. Соны тиімді пайдалана білген дұрыс болады.

Әңгімелескен - Амангелді Құрметұлы

Abai.kz

0 пікір