Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 2359 12 пікір 1 Желтоқсан, 2022 сағат 14:35

Биліктен Жақиянов та дәмелі...

Қарашадан бері Қазақстанның саяси аурасы қызып тұр. Оған жоғары биліктегі саяси науқан, қыс кірісімен сыр берген ескі жүйенің қордаланған экономикалық мәселелері тамыздық болуда.

Есесіне нақты мәселеден гөрі парламеттегі «Жаңа Қазақстан» тобының депутаттары Ерлан Сайровтың түкірігі, Еділ Жаңбыршинның ескі жазбасы хит болуда. Ескі оппозиционердің де екпіні олардан түк те кем түсіп жатқан жоқ.

Бұрын Семей, Павлодар облыстарының әкімі болған, 2000-жылдардың басында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымын құрып, артынан «қызмет бабын асыра пайдаланды» деп жеті жылға сотталған саясаткер Ғалымжан Жақияновтың да дуалы аузынан шыққан әр сөзі жұрттың қызу талқысына түсуде.

Мұның алдында YouTube желісіндегі «Гиперборей» каналының журналисті Әсем Жапишеваға берген сұхбатында айтылған: «Дариға Назарбаева саясатқа араласам десе, қолдау керек. Өйткені, оның өзінің қылмыс жасағаны болмаса, оны неге саясатқа араластырмайды. Мүмкін оның айтар пікірі бар шығар. Мүмкін оның қазіргі Тоқаевтың жасап жатқан «супер президенттік республиканы жалғастырамын» деген сөзіне қарсы пікірі бар шығар. Дариғаның өзі «елімізге демократия керек, елімізге парламенттік республика керек», деп ұран шығарса, оны біз неге қолдамаймыз?! Бәрінің бір-ақ ойы бар. «Назарбаевтың дәуірі кетті. Осы адамдарды мемлекеттен шығарып тастайық, жолатпайық», деген сөз дұрыс емес. Біз жүйені өзгертеміз, бірақ, өз адамдарымызды қуып салып, құртып жіберуге болмайды. Осы елдің азаматы болса, осы шаруаға араласуға құқығы бар азаматтардың бәрін араластыруымыз керек», – деген пікірі қызу пікір таласқа өзек болған еді.

Күні кеше Ғалымжан Жақиянов Youtube-тегі журналист Нұрсейіт Жылқышыбайұлының «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына сұхбат беріпті. Жылқышыбайұлының «Жақиянов билікке келуі мүмкін бе?» деген сұрағына: «Билікке келу-келмеу мәселесі қоғамның тікелей жағдайына байланысты. Демократия осы елде өріс алса, әрине, Қажыгелдиннің де, Жақияновтың да билікке келуге толықтай мүмкіндігі бар. Егер де әділ сайлау өтсе ғана билікке келесің. Ал ондай болмаған жағдайда, қалай билікке келуге болады?», - деп жауап беріпті Ғалымжан мырза.

«Жаңа Қазақстаншыл» депутаттар Назарбаев дәуірінде билік пен байлыққа жеткен бір шоғыр ат төбеліндей топтан қауіп етіп, «олар кез келген уақытта билікке келуі мүмкін, жаңа реформаларға кедергі келтіруі мүмкін» деп жұртты үрейлендіріп отырса, кәнігі демократ Ғалымжан мырза олардың пікірімен келіспейтін ашық аңғартуда.

Бір кезде партия құрып, саясаттың көрігін қыздырған тұңғыш президенттің қызы Дариға Назарбаеваға қатысты пікірі соның айғағы. Қазір Моңғалияда жүрген Ғалымжан мырза «Жаңа Қазақстанды» кезінде саяси көзқарастарына байланысты шетелге кеткен өзі сияқты азаматтарды елге шақыру, саяси додаларға қатысуға мүмкіндік жасау деп түсінетіндей. «Үйренген жау атысқанға жақсы» дегендей сайлауда Дариға сияқты ескі жүйенің өкілдерімен бәсекеге түскен өздеріне жеңіл сияқты. Жұрт назарын аударған соңғы пікірлері сол ойын меңзеп тұрғандай. Жаңа Қазақстан ескі жүйенің билік өкілдері мен ескі оппозицияның саяси бәсекесіне жол аша ма, оны уақыт көрсетеді.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1580
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606