Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Талқы 4100 21 пікір 1 Желтоқсан, 2022 сағат 13:10

Бжезинский: Ресейдің жалғыз жолы - Батыспен жақындасу

Former National Security Adviser Zbigniew Brzezinski, counselor, trustee, Center For Strategic And International Studies, waits to testify on Capitol Hill in Washington, Wednesday, Jan. 21, 2015, before the Senate Armed Services Committee's hearing to examine global challenges and US national security strategy. (AP Photo/Cliff Owen)

Белгілі саясаттанушы Збигнев Бжезинский қайтыс боларының алдында Ресейдің Украинаны жеңе алмайтынын айтып, болжам жасап кеткен екен.

Збигнев Бжезинский:

«Менің ойымша, Путин белгілі бір дәрежеде өзін империялық ностальгияның кепіліне айналдырды. Ол Ресейдің ұлылығы Мәскеудің бұрынғы кеңестік немесе Ресей империясы кеңістігінде өзінің гегемониясын қаншалықты жандандырып, қайта бекіте алатындығына байланысты деген идеяны ұстанатын адам ретінде қалыптасты. Менің ойымша, бұл күрделі мәселе – көзқарас пен тарихи бағыт мәселесі. Менің көзқарасым бойынша, мұндай көзқарастары мен басымдықтары бар Ресейге елдегі кең ауқымды, өткір ішкі мәселелерді шешу өте қиын болады.

Кеңес Одағы енді жоқ, ал АҚШ Ресейді жау ретінде қарастырмайды. Ресеймен қарым-қатынасымызда проблемалар бар, бірақ бұл проблемалар стратегиялық өшпенділік пен тарихи жаулықты көрсетпейді. Мен дәл осындай көзқарас басқа жақта, атап айтқанда, Путинде екеніне сенімді емеспін. Ресейдің алдында егемендікті сақтау мәселесі тұр. Менің ұзақ тарихи кезеңге болжамым оптимистік сипатта. Өйткені мен Ресейдің өзгеріп жатқанына сенімдімін.

Ал Путин сахнадан кеткеннен кейін өзгерістер процесі айтарлықтай жылдамдайды. Мен Путиннің саяси сахнада қанша уақыт қалатыны туралы болжам жасай алмаймын. Путиннің саясаттан алшақтап бара жатқаны – ол мені енді өзіне сенімді, жігерлі және тым жас көшбасшы ретінде таң қалдырмайды.

Бұл бүгінгі Ресейдегі үлкен дилемманың бір бөлігі – менің ойымша, ресейліктер мұндай билік формуласы Ресейге әлемдік аренада жетекші орын беруге қабілетсіз екенін түсіне бастады. Қазір орыс қоғамындағы жағдай, менің ойымша, екі қарама-қайшы процесспен анықталады.

Біріншісі – шектен шыққан ұлтшылдықтың өршуі. Оның көріністерін біз көшелерде, шерулерде, сонымен қатар саясатта көріп жүрміз. Бұған Путиннің өзі рұқсат беріп отыр. Бұл қозғалыс әсіресе, ірі қалалар маңындағы орыс халқының едәуір бөлігін қамтиды. Белгілі бір дәрежеде орыс ұлтшылдықтарының себептері түсінікті - 60 жылдан астам Ресей тіпті, карталарда белгіленбеген. Кеңес Одағы социалистік республикалардың бірлестігі болды, ал Ресей тіпті, республика болған жоқ.

Ал қазір біз орыс ұлтшылдығы, белгілі бір мағынада қарабайыр ұлтшылдықтың өршуін көріп отырмыз және бұл толқын шынымен де қауіпті болуы мүмкін. Бірақ, қалай болғанда да, оны басқаруға болады, өйткені ол авторитаризмнің инстинктісіне бағынады.

Екінші жағынан, ірі қалаларда ұлтшылдардан мүлдем басқа әлеуметтік мәселет – орта тап өсіп келеді. Бұл адамдардың көпшілігі космополит. Олар ақылға қонымды, әлемге ашық және әлеммен интернет арқылы байланысады, көбісі шетелде білім алды, көпшілігінің басқа елдерде тұруға рұқсаты бар, көбісі жинақтарын шетелде сақтайды. Менің ойымша, бұл екі тенденция бір-біріне қарама-қайшы.

Қысқа мерзімді перспективада ұлтшылдық тенденция Еуразиялық одақ сияқты идеяларға әлеуетті серпін тудыруы мүмкін, бірақ шын мәнінде Еуразиялық одаққа кім кіргісі келеді? Тізім ұзақ болады деп ойламаймын.

Бұл Ресейдегі проблемалардың бір бөлігі ғана. Тағы да көп. Ресейдің түсіну керек ең бастысы мәселесі – гүлдену және табысқа жету үшін Батыспен жақындасу керек, әйтпесе Қытайдан оңбай жеңіледі. Демократияландыру - Ресейдің гүлденуінің негізгі шарттарының бірі.

Ал бұл Путиннен кейін болады деп ойлаймын. Мұны тарихи оптимизм деп атаңыз, бірақ мен Ресей мен Батыстың жақындасуы сөзсіз екеніне сенімдімін және бұл жақындасудың нәтижесінде Ресейге үлкен пайда әкеледі», - депті.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

21 пікір