Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 2569 23 пікір 29 Қараша, 2022 сағат 15:13

Қазақстан Кремльдің бас ауруына айналды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жексенбі күні кешке ресми сапармен Мәскеуге барды. Бұл Тоқаевтың Қазақстан Президенті болып қайта сайланғаннан кейінгі бірінші сапары.

Президенттік сайлаудан кейінгі апта түрлі оқиғаға толы болды. Президентті ұлықтау рәсімі кезінде Астанада наразылықтар өтті.

Қазақстандағы жетекші мыс өндіруші «KazMinerals» Чукоткадағы Баимская кен аймағына 2028 жылға дейін тау-кен байыту комбинатын салуды жоспарланған еді. Бірақ жобаны тоқтатты.

Тоқаев Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдамайтынын, аннексияланған аумақтарды мойындамайтынын тіке айтты әрі мобилизациядан бізге қашқан орыстарды өз қамқорлығына алуға уәде берді.

Кремль өзінің дәстүрлі тәсілімен Новороссийск терминалында қазақстандық мұнайды экспорттауда қиындықтар туғызып, қорқытуға тырысты, бірақ онысынан түк шықпады. Керісінше «Қазмұнайгаз» мемлекеттік компаниясы қыркүйек айынан бастап Баку-Тбилиси-Джейхан құбырымен Грузия мен Әзірбайжан арқылы экспортқа шығара бастады.

Путиннің банкротқа ұшыраған «орыс әлемінен» басқа, көршілеріне ұсынатын ештеңесі қалған жоқ. Қазір Путин мен оның төңірегіндегілер «арнайы операциямен» өмір сүріп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев болса, қоғамның гүлденуі үшін ұмтылып, дамудың жаңа векторын беруге, мемлекеттің саяси жүйесін өзгертуге күш салып жатыр.

Әрине, бұл оңай әрі тез бола салатын дүние емес. Мұндай істер Президенттің жарлығымен немесе бір мемлекеттік бағдарламамен шешіле салмайтыны анық.

Бірақ Тоқаев осы жолмен жүруге дайын. Ал Путин Ресейді реформалау мүмкіндігін жіберіп алды. Сондықтан Астана мен Мәскеудің «екі жаққа кетуі» объективті түрде болады. Оның қанша уақытқа созылары белгісіз. Қазіргі күні Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасын тез арада үзуіне  еш негіз жоқ.

Қазақстан Ресейге мойын бұрмайтындай болып, бүкіл саладан балама бағыттар жасап алуы керек. Егер Мәскеу Украинадан жеңілсе, онда Қазақстан мен Ресейдің екі бөлек кетуі тездетіледі. Әзірше асықпау керек.

Астананы Мәскеуден алшақтату процесі сөзсіз басталды, бірақ оны жылдамдату Қазақстанның мүддесіне сай келмейді.

 

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

23 пікір