Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 2432 17 пікір 29 Қараша, 2022 сағат 14:56

Назарбаевтың портреттері алынсын!

Президенттің ұлықтау рәсімі өткен соң – қазір Қазақстанда де юре, де факто мемлекет басшысы бар деген сөз. Ал бірақ көп жерлерде, тіпті әкімдердің кабинеттерінде, мектептерде, орта, жоғары оқу орындарында, түрлі жиындар өтетін залдардың төрінде, көшелерде әлі күнге Н.Назарбаевтың портреттері мен билбордтары ілулі тұр. Оның не қажеті бар енді?

Рас, 2019 жылғы 20-наурыздан 2022 жылғы 6-қаңтарға дейін елде қос билік орын алып тұрған шақта Қ.К.Тоқаев амалсыз «Назарбаевтың портреттері орындарында қала берсін!» деген нұсқау беруге мәжбүр болған. Ал халық экс-елбасының портреттері қала беруін қаламайды! Ол портреттер «ескі Қазақстанды» еске түсіреді. «Жаңа Қазақстанға» деген сенімді жояды.

Назарбаев – елдің болашағы емес, өткен шағы. Өткен шағы болғанда да тұрмыстан, қиындықтан сансыраған халықтың өзін сол халге душар қылған сүйкімсіз басшы ретінде ұнатпайтын, жек көретін елбасыға айналды. Жаңаөзенде, Павлодарда оның бейнесі салынған бильбордтар өртелгені есте. Қасіретті қаңтарда қазақ халқы соның билігіне қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне шығуға мәжбүр болды. Отыз жылдық билігінде өтірікті судай сапырды, саяси имитация мен экономикалық көзбояушылықты мемлекеттік ұстаным дәрежесіне көтерді. Ұлттық мемлекеттілігімізді дамытудың орнына азаматтық мемлекетке айналдыруға тырысты.

Назарбаев пен оның отбасының, жақын сыбайластарының экономикалық қылмыстары шаш етектен. Оларды жалғанның жарығына шығаратын, ішкен-жегендерін құсқызатын кез алыс емес.

Сондықтан Назарбаевтың портреттері барлық жерлерден алынсын! Халықпен келісілмей аты берілген көшелерге Алаш ардақтыларының аты қойылсын! Бюсттері, ескерткіштері Ленин мен Калинин тұратын тарихи-мазақ мүйістеріне көшірілсін! 20 мың теңгелік банкноттан экс-елбасының суреті алынып тасталғаны сияқты Назарбаевтың аты мен бейнесі бүкіл Қазақ елінде остракизмге ұшыратылсын!

Марат Бәйділдаұлы

Abai.kz

 

17 пікір