Жұма, 19 Сәуір 2024
Қауіп еткеннен айтамын 3574 24 пікір 29 Қараша, 2022 сағат 14:43

Үштік одақ: қазақ, өзбек, орыс келісімі

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің «Ресей, Қазақстан, Өзбекстан үш жақты одағын құру» туралы идеясын қолдады. Бұл туралы Интерфакс жазды.

«Бүгін Владимир Владимирович бізге қандай да бір үш жақты одақ құру керек екенін айтты және ол Өзбекстан президентіне қоңырау шалмақшы. Қажетті нәтиже мен келісімге келу үшін біз де осы тақырыпқа терең үңілуіміз керек. Неге қарап көрмеске», - деді мемлекет басшысы Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесуде.

Президенттің айтуынша, бұл идея әлі де талқылануы керек, тіпті келіссөздерді қажет ететін мәселелер бар, атап айтқанда газ саласындағы мәселелерді шешуді талап етеді.

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, Қазақстан мен Ресей президенттерінің келіссөзі барысында Қазақстан мен Өзбекстан территориясы арқылы Ресей газын тасымалдау жұмысын үйлестіру мақсатында құрамына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан кіретін «үштік газ одағын» құру мәселесі қарастырылған.

«Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин барлық тараптың мүддесін ескере отырып, осы мәселенің ұтымды шешімін табу үшін үш ел сарапшыларының қатысуымен егжей-тегжейлі келіссөз жүргізу қажет деп санайды», - деп жазды Руслан Желдібай Facebook парақшасында.

Ресей әлемде табиғи газ қорынан жетекші орынды иемденуші мемлекет. Соңғы геосаяси оқиғаларға байланысты Ресей өзінің энергия көздерін бопса және қару түрінде қолданып келеді. ЕО елдері Ресейдің газына тәуелді болғандықтан, Мәскеу газ беруді азайтып, Еуропалық қауымдастықты саяси бопсаға салуда. Талаптары салынған санкцияларды азайту, тіпті қажет болса алып тастау. Ресейлік газға тәуелді болған Еуропа елдері балама энергия көздерін іздеуде, алайда ресейлік газды толық алмастыру мүмкін болмай тұр. Бұл өзге мемлекеттерге де сабақ боларлық жайт.

Ресей газын Қазақстан және Өзбекстан аумағы арқылы тасымалдау бойынша одақты құру мәселесі талқыланбақ. Егер Астана мен Ташкент халықтың басым көпшілігін ресейлік газбен қамтамасыз етуді ойластырса, оның өзіндік саяси тәуекелдері бар. Нақтылап айтқанда Ресей газына деген тәуелділік артып, Мәскеудің қолындағы саяси рычагтар арта түседі. Бұл өз кезегінде екі елдің ішкі саясатына араласу мүмкіндіктерін арттыруы ықтимал.

Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Кремльге ресми сапармен барып, Ресейдің ХVIII Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты. Форумнан кейін екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай президенттер Декларацияға қол қойды.

Декларация тармақтарының бірінде Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы «ядролық соғыс ешқашан болмауы керек, ол жеңімпазды анықтамайды» деген тұжырымға келісетіні жазылған.

«Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы тең және бөлінбейтін қауіпсіздік қағидатын негізге ала отырып, ұлттық мүдделерге сай келетін және үшінші елдерге қарсы бағытталмаған әскери-саяси және әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытады», – делінген декларацияда.

Сондай-ақ, Ресей мен Қазақстан одақтастық қатынастарының маңызды негізі – екі елдің ортақ тарихын бұрмалау, қайта жазу және «қаралау» әрекеттерін қабылдамайды, Екінші дүниежүзілік соғыс туралы тарихи шындықты мұқият сақтауға және фашистік Германияны жеңудегі Кеңес Одағының көпұлтты халқының шешуші рөліне адал болуға келіседі.

Декларацияның толық мәтіні Кремль сайтында жарияланған.
Айта кетейік, Қазақстан Ресей жетекші рөл атқаратын бірнеше өңірлік ұйымдарға: Еуразиялық экономикалық одақ және әскери блок – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы құрамына кіреді.

Ка Мырза

Abai.kz

24 пікір