Жұма, 29 Наурыз 2024
Анық-қанығы 8641 5 пікір 29 Қараша, 2022 сағат 13:57

Соғым шүйгін болсын!

Шүйгін – құнарлы, кенеулі (мол), ебіртіл (нәрлі). Кәкеш ҚАЙЫРЖАН. Сөз сандық (Қазақтың көне сөздіктері), Алматы, 2013 ж. 477 бет. Бұл майы ағып тұрған, аса семіз болсын деген сөз емес. Иә, қазақ арық мал соймағаны да белгілі. Бұл соғымың құнарлы, нәрлі, кесімі мол берекелі болсын деген сөз.

Бүгінгі қала қазағының көбінің кіндігі ауылға байлаулы. Мәселен, мен шамам келсе базардан ет алмауға тырысамын. Соғымды Қарағандыдағы құдаларымнан, я Ақсудағы (Жетісу өңірі) ағайындарымнан қолда байланғанын емес, өрісте жүрген жерінен аламын.

Оған кез келген қазақтың мүмкіндігі бар ма? Бар. Жаздың басынан бастап жинаса да, бір соғымға (қазір орташа баға бес жүз мың) жинап қою керек. Құрбандық деп бейуақта үсті-үстіне малды қыра бермей, бар ағайын жоғына қарасып, соғым әперуі керек. Міне, сауап сол. Базардан ет алудан, қолда не болса соны жеп семірген, байланған малды алудан және қыс бойы қолдан жіліктеп алудан тиылған жөн. Неге? Туған топырағынан алыс жүрсе де, өскен жерінің құнарына қанып, нәрін сіңіруі керек. Ақаң былай дейді: «Адамның қарны мен тісі кез келген шөпті бұралап соғып тамақ қыла алмайды. Табиғатта не бары 50 мың түрлі өсімдік бар. Соның ішінде адамға ас болатыны 300-ақ түрлісі. Бұлардың кейбіреулері шикі, бірқатары пісі күйінде тамақ болады. Басқа өсімдіктің ішінде де адамға тамақ болатын нәрселері бар, бірақ оларды адам қарны пісіре алмайды. Сонда да сол жеуге келмейтін шөптер адамға тамақ болады. Жеуге келмейтін шөп болғаны қалай, оның тамақ болғаны қалай? Бұл шөптер адам жеуіне келмегенмен мал жеуіне келеді. Малдың тісі ағаштың қабығын да, бұтағын да, жапырағын да, өсімдіктің қалған қатты сабағын да, жемісін де шайнауға келеді, қарны пісіруге келеді, жұтқан шөп мал ішіне барған соң қан, ет, май болады. Ет пен майды адамның қарны оп-оңай пісіреді.

Сонымен, мал адам жей алмайтын шөпті жейді. Мал етін адам жейді. Өте ерте заманнан бері қарай адам барлық шөпті малдан пайдалануға дағдыланған. Шөптің көбін адам өзі жейді. Өзі жей алмағанын мал арқылы жейді. Мал адам жей алмайтын өсімдігін ет пен май қылып беретін машина сықылды».

Иә, қазақтың қойы мен жылқысы кезінде жыл он екі ай жайылымда болған. Етінде Ақаң айтқан 50 мың шөп түрінің біразы бар. Ал бордақыда тұрған мал алдына келген екі-үш түрлі жем-шөппен шектеледі. Кейбір пысықайлар тез семірту үшін дәрі береді. Дәріленген малдың араны ашылады, не берсе соны талғамай, асай беретін болады.

Аса бір семіз адамды көрсеңіз сізге міндетті түрде «бір жері ауырады» деген ой келеді. Қолда байланған семіз мал да ауру. Жайылымдағы (сырттағы) қоңды мал (жылқы) суық түсіп, қар беки бастағанда тоңбас үшін жаздай жинаған майын ет пен терінің арасына шығарады. Содан көп ұзатпай (мал қайта арымай тұрғанда) қыстық азықты қамдап алған жөн. Жаңа жылдың ар жағы, қыстық ортасы және ерте көктемде сойылған малдың бәрі бордақы, яғни  қолда байланған.

Кеңес кезінде жетпісінші жылдары Кеген жақтың жігіті Сахалин аумағында әскери бөлімде сегіз жыл ел көрмей қызмет етіпті. Бір күні тікұшақпен бауырлап ұшып келе жатса, төменде қамыс арасынан тікұшақтың дауысынан үркіп қашқан бір үйір жылқыны көріпті. Есі кетіп, тісі қышып, командирінен рұқсат алып, қараусыз жүрген жабайы жылқының біреуін атып, сойып әкеп, бөлімшеге астым дейді. «Ет қайнады, ит құсап мұрнымды көтеріп-көтеріп қоям, жылқы етінің таныс әдемі иісі білінбейді. Түсіріп жесем су, қамыс, батпақ татиды» дейді. Сахалин суы көп арал. Оның жағалауы көлдерге толы, мысалы, лагуналар. Олар таяз және теңізден тар шұңқырлармен бөлінген, жекелеген көлдер жағалау бойымен ондаған шақырымға созылып жатыр. Кейбір көлдер теңізден бөлініп, тұщы су қоймаларына айналған. Жылқы үшін басқа жайылым жоқ.

Еттің сапасы малдың аузындағы шөбіне байланысты екендігінің бір дәлелі осы. Шөлді, шөлейтті жердің малы мен өлеңді жердің малының етінің дәмі екі бөлек болатындығын нағыз арқаның еті мен қымызының дәмінен білуге болады.

Өзіміздің қаратопырақты Солтүстік Қазақстан (Петропавл) жақтың жылқысының да еті жасықтау болады. Дәмін келтіру үшін ыстайтыны да сондықтан болуы керек...

Ел-елде еттен жасалған асты әзірлеудің түрі көп. Барлығына шөп-шалам, түрлі дәмдеуіштер қосады, асады, пісіреді, бұқтырады, қақтайды, қуырады, қысқасы, еттің өзінің табиғи дәмі, құнары мен нәрі, былайша айтқанда шүйгіндігі ауызға біліндей кетеді. Бірақ қырық түрлі дәмдеуіштермен (ішінде жасандысы да бар) бүркемеленген еттің сапасын ауыз айырмағанымен, асқазан айырады. Дәміне сеніп, не жеп отырғанымен шаруасы жоқ асқазан басқа үнемі белгі беріп отырады. Сол үшін асқазанды тыңдау керек.

Біздің қазақ етті еш қоспасыз, қара суға асады. Дәмдеуіштің де, дәруменінің де 50 мың түрі өзінің бойында. Ауызға тәтті, асқазанға жағымды, денсаулыққа пайдалы. Сондықтан бар қазақ етті тек жайылымнан алуы керек.

Бізде жайылым жетеді. Малды қыстауға, жайлауға жайып бағу қазақтың ежелгі дәстүрі. Кеңес одағы да оны сақтауға тырысты. Тәуелсіз Қазақстан осы бір аса рентабельді жүйені жойды. Алаш арыстары малдың ыңғайына қарап көшіп жүруді дамудың ауыл болып отырудың ар жағындағы бір сатысы деп танитындардыкі қате екендігін айтқан. Олар оны шаруашылықтың бір түрі деп есептеді. Баяғыда бәрі (Еуропа да) көшіп жүрген. Мал-жаны көбейіп, жері  тарылған соң бірінің иісін бірі иіскеп, амалсыз отырықшы болған деген қорытынды жасаған. Ал бізде жайылым жетеді. Біздің мал бордақыда тұрып емес, жайылып өсірілуі керек.

Ұлттың тілінде сақталатын, аялық білімінің (фоновая знания) жоқтығынан біздің ауыл шаруашылық мамандарымыз малды жайып бағудың пайдасын әрі экономикалық тиімділігін (рентабельдігін) білмегендіктен, субсидияны бордақыда тұрған мал басына береді. Оның үстіне еті асыл жылқы басына емес, шошқаны көбейткендерге бөледі... Бордақыда тұрған малдың сүті мол, еті кесімді, салмағы өрістегі малдан екі-үш есе артық болады дейді. Израиль сиырды солай өсіріп отыр, Ресей шошқаны солай бағып отыр дейді. Еттің сапасына емес, салмағына қарайды. Ал қамап баққан он сиырға кететін еңбек шығыны жүз сиырды жайып бақаннан көп екенін есептемейді. Тек шетелден не көрсе соны солайымен көшіріп әкелгісі келеді. Сол жылы бөлінген ақшаны сол жылы игеріп тастау үшін түбін тексермей, ұшақпен мұхит асып, сиыр тасиды және т.б.

Кеңес кезінде ауылдағы еңбекке пісіп өскен жастар бізбіз. Қазіргі жас қаланың қызыл-жасылына үйір, мал бағудан қашады. Бірақ ен даладағы өндіріске вахталық жұмысқа таласып барады. Неге? Өйткені мал бағу жұмысы он тоғызыншы ғасыр деңгейінде. Ал даладағы вахталық тәсіл бүгінгі технологиялармен жабдықталған. Ғаламтор, жақындарымен байланыс, тұрмыс жағдайы жылы су, душ, ванна, бір ай жұмыс-демалыс, қайта бір ай жұмыс және т.б. Осы жағдайдың бәрін үкімет ауылды көтереміз, ауылды жарылқаймыз деп құр ұрандата бермей, дәстүрлі мал шаруашылығын дамытып отырған шаруаларға жасауы керек. Жеріміз кең, жайылым мол, бірақ егінге жарамды жер аз, ал малға  жарамды шөлді, шөлейтті жерлерде аяқты малдың артынан көшіп отыратын дәстүрлі мал шаруашылығын Қазақстан қалпына келтіруі керек те, оны жаңа технологиямен жабдықтауы тиіс. Мысалы, дронмен қой (мал) қайыру, ЖПС-пен түліктің қай жерде жүргенін үйден бақылап отыру және т.б. Сол сияқты түрлі жаңа технологиялар ауыл шаруашылығына жаппай үкімет тарапынан қамқорлықпен жеткізілуі керек.  Бұл енді ұзақ әңгіме. Сондықтан өз бақшама қайтайын.

Қадірлі асымызды қазір кейбір жұрт «Бешбармақ» деп атап жүр және бұл жалпыхалықтық сипат алып барады. Бұлай деп сөйлеуді сөз түсінеді деген тілші мамандар, ақын-жазушылар, журналшылар, өнер адамдарының аузынан жиі естиміз. Қоғамдық тамақтану орындарының мәзірлерінің бәрінде қазақтың қасиетті асы дәл осылай жазылып тұр. Бұл қазақ тілінің нормасы емес. Ондай сөз он бес томдық әдеби тілдің түсіндірме сөздігінде жоқ. Бірақ тілдік норма құқықтық норма емес. Оны бұзуға бола береді. Сондықтан сөйлеу тасқынын тоқтату қиын. Норма сөйлеуге негіз болғанымен, ол сөйлеуден кейінгі құбылыс. Сөйлеу көп нұсқалы. Оның сүйенетіні нормадан гөрі екінші тыңдаушы жақа түсінікті болу. Яғни айтқаның естушіге түсінікті болса болды, коммуникация жүзеге асты болып есептеледі. Ал жаңағы сұмырай сөзді айтқанда бәріміз бұл не деп тұр демей, әңгіме кәдімгі қазақтың асылған ет тағамы жөнінде екенін бірден ұғатын деңгейге жеттік, шошынбаймыз.  Қолданысы жалпыхалықтық сипат алған сөз ертең нормаға айналып, әдеби сөздіктер мен оқу құралдарына кіреді. Осыны тоқтатудың бір-ақ жолы бар. Қазақстан аумағында кез келген тілде қазақтың бас тағамы асылған етке «бешбармақ» деген варваризм сөзді қолдануға тиым салынсын деген құқықтық күші бар құжат керек. Баяғыда Кокшетав, Алма-ата деген атаулардан солай құтылғанбыз.

Соғымдарыңыз шүйгін болсын!

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577