Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2771 0 пікір 18 Ақпан, 2013 сағат 07:44

Тұрсын Жұртбай. Әуезовті «айыптау» ісіне қол қойған прокурор – қазақ (жалғасы)

Тұрсын Жұртбай. Әуезовті «айыптау» ісіне қол қойған прокурор - қазақ (жалғасы)
4.

Тұрсын Жұртбай. Әуезовті «айыптау» ісіне қол қойған прокурор - қазақ (жалғасы)
4.

Араға бір ай өткен соң, яғни, 29 қазан күні Ерекше Мемлекеттiк саяси басқарманың тергеушiсi, сол баяғы ерекше өкiлеттi өкiл В.Попов мүлдем басқа мағынадағы жаңа айыптау қорытындысын Мұхтар Әуезовке таныстырды. Мұхамеджан Тынышбаев, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер бастатқан, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров қостатқан 20 адамның әскери өнерден аулақ, оларға мұндай жаланы жабу мүмкiн емес екенiне көзi жеткен «ерекше өкiлдер» тергеу саясатын өзгерткені байқалды. Сөйтiп, жазалау идеологиясының түпкi пиғылын ашатын, тұлғаны құртуға арналған айып тағылыпты. Ұлтшыл - қылмыскер, халық жауы ретінде істері қайта қаралып, баптары өзгертіліпті. Енді бұл іс - «Алашорда» мен ұлтшыл-контрреволюциялық ұйымның құрамында болған және соған қатысқан қазақ ұлтшылдарының iсi» деп аталыпы. Тiзiмнiң он екiншi кезегiнде тұрған Мұхтар Әуезовке:
«34 жаста, қазақ, партияда жоқ, астыртын контрреволюциялық ұйымның тапсырмасымен 1922 жылға дейiн БК(б)П-ның мүшесi болған, жоғары бiлiмi бар, ұстаз - журналист, үйленген, семьясында үш адам бар. Ол:
1) Контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысып, оның мүшесi бола жүрiп ұйымның тапсырмасымен БК(б)П-ның мүшелiгiне өткендiгi үшiн; Бөкейхановтың, Омаровтың, Әшiмнiң (?), Сәдуақасов пен Досовтың дайындаған бағдарламасының (платформасының) негiзiнде 12 партсъездiң ұлт мәселесi жөнiндегi қарарларын отаршылдықпен күресу деген желеумен ұлтшылдық бағытын жүргiзгенi және оны заңдастыру үшiн Орынборда өткен Бүкiлқазақстандық 2 съезiнде тек қана қазақ делегаттарын жиып алып, мәжiлiс өткiзгенi үшiн; «Алқа» атты астыртын ұлттық - әдеби үйiрменiң бағыт-бағдарын жасауға белсене араласқаны үшiн;
2) (Астыртын) ұйымның мүшелiгiнде бола тұрып, кеңестiк мемлекет мекемелерiне сол ұйымның мүшелерiн тықпалағаны үшiн және солардың ықпалындағы қызметкерлердi пайдалану арқылы кеңес аппаратының бағытын өзгертiп, контрреволюциялық ұйымның талап-тiлегiн қанағаттандыру мақсатын көздегенi үшiн;
№ 2370 iстiң - 140, 311, 28, 146, 159, 206 және 378; № 5411784 iстiң (А.Байтұрсыновтардың тергеуi - Т.Ж.) 4 томындағы - 28, 106 және 134; I «а» томындағы - 112 және 366; I томдағы - 29, 93, 94, 189, 251, 255, 350, 352, 400, 401, 404 беттердегi куәлiк бойынша - қылмысты iстер кодексiнiң 58-7-10-11 баптарымен айыпталды.
ОГПУ-дiң 1924 жылы № 172 бұйрығы бойынша бұл iс соттан тыс қаралуы үшiн ОГПУ-дiң коллегиясының жанындағы Ерекше Кеңестiң қарамағына жiберiлуге тиіс.
Ескерту: Осы iс бойынша тұтқындалғандардың барлығы да Алматы қаласында қамауда отыр және ОГПУ-дiң коллегиясының қарамағына табыс етiлдi»,- деген айып тағылыпты.
Әрине, мұнда айтылған «қылмыстарды» Мұхтар Әуезов мойындамады. Дегенмен де, бұл айыптау - Мұхтар Әуезовтiң қайраткерлiк iс-әрекетiне, атқарған қызметi мен жазған шығармаларының нысанасына қабысатын. Республикалық ОГПУ-дiң Ерекше бөлiмiнiң бастығы Хворостян мен тергеу барысында жай өкiлдiктен өкiлеттi өкiлдiкке көтерiлген тергеушi В.Попов бұл iске ерекше саяси мән берiп, оны Ерекше Кеңестiң қарауына жiбердi. Бұл - әйгiлi аты шықпағыр «үштiктiң» өзi болатын. Олардың үкiмiн сот та бұза алмайтын. Тек қана қаралау мен ату үшiн ғана құрылған мұндай жазалау «кеңесi» кеңес өкiметiнде ғана болды. Ол, соғыс жағдайында қолданылатын әскери соттың азаматтық мекемелердегi көшiрмесi едi. «Айыптауға» қол қойған прокурор - қазақ. Бiрақ оның қолын ажыратудың сәтi түспедi. Сөйтiп, жазушы, ғалым Мұхтар Әуезов мемлекетке аса қауiп төндiрген саяси қылмыскер болып шыға келдi.
Тергеушілердің жинақтаған айғақтары негізінен, бірінші кітапта көрсетілгеніндей:
«Ұлтшыл коммунистер мен партияда жоқ ұлтшылдардың:
ақгвардияшыл казактармен, контрреволюцияшыл генерал Колчактың армиясымен бірігіп кеңес өкiметiне қарсы ашық күрескен тұсындағы мәліметтер;
кейiннен контрреволюциялық армия мен үкiметке кешiрiм жасалғаннан соң да контрреволюциялық ұйымның ұйытқысы болған кезіндегі мағлұматтар;
1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте кеңес өкiметiн құлату үшiн құрылған астыртын контрреволюциялық ұйымның хаттамалары;
Қазақстан кеңес қызметкерлерiнiң Орынбор қаласында өткен ІІ - съезiнде жеке өткізген «Отарлаушылардың шабуылы және онымен күресудiң әдiс-тәсiлдерi» туралы мәжiлiсінің мәжіліс хаты;
партияның 12 - съезiн өз мүдделерiн жүзеге асыру үшiн Бөкейханов, Байтұрсынов, Сәдуақасов Смағұл, Досов қол қойған «Ұлттық-мәдени автономияны» талап еткен Үндеудің мәтіндері;
айыпталушы Әуезов Мұхтардың осы үндеудегi бағыт-бағдарды қолдай отырып, Қазақстанның партия және кеңес мекемелерiндегi отарлаушылық пиғылдармен күреске шақырған сөзінің мазмұны;
астыртын ұйымның мүшесi Сәдуақасовқа айыпталушы Әуезовтің оған Ташкентке барып, содан әрi қарай Ферғанадағы басмашыларға өтіп кетуді ұсынуының жай-жапсары туралы тыңшылық ақпараттар;
астыртын ұйымның мүшелерінің кеңес аппаратының бағытын өзгертiп, контрреволюциялық ұйымның талап-тiлегiн қанағаттандыру мақсатын көздеген құжаттар» - еді.
Мұхтар бұл «сұрқылтайлармен» бір жыл түрменiң дәмін татып, тұтқын есебiнде тәжiрибе жинақтап, өзiне тағылатын айыптар анықталып, тергеушiлерге жонын алдырмайтындай дәрежеге жетiп, ысылған кезiнде танысып отыр. Қайталауларға ұрынатынымызға қарамастан, біз Мұхтардың жеке басына қатысты тағылған айып пен оның көзқарас арнасынан хабардар ететін көрсетінділерді іріктей ықшамдап ұсынамыз.
«ОГПУ-дiң коллегиясына қазақ ұлтшылдарының қылмысты iсi бойынша тұтқынға алынған Мұхтар Әуезовтiң мәлімдемесі.
Айыптау статьялары қайтадан өзгертiлiп (переквалификация статей) көрсетiлген соңғы жолғы маған тағылған кiнә бойынша, мен: 1) ұлтшыл Байтұрсынов пен Бөкейхановтың тiкелей нұсқауымен кеңес мекемелерi арқылы аты аталған адамдар жетекшiлiк ететiн контрреволюциялық астыртын ұйымның тапсырмасын жүзеге асыру үшiн қаскүнемдiк мақсатпен БК(б)П-ның қатарына өтiппiн».
Әлкей Марғұлан: «Мұхтар «Алаш» партиясының ешқандай қызметіне сайланбаған. Бұрын-соңды басынан кешкен көп тексерісте соның бірі дәлелденбеді, айғақ табылмады. Оның барлығы жай долбар, топшылау. Студент кезімізде әр түрлі жиналысқа қатыстық. Бірақ, шығып сөз сөйлегеміз жоқ. Кеңес өкіметі орнасымен Мұхтар төңкеріс жолына қызмет етті. Дутов пен Анненковтың бандаларының бүлігін басуға жетекшілік етті. 1921-22 жылы Қарқаралыда бас көтеріп жетпіс сегіз адамды азаптап өлтірген полковник Токаревтің қанқұйлы әрекетіне тойтарыс берген отрядты алып барған Мұхтар болатын. Ол, әншейін, Мұхтардың творчествосын түсінбеген, көзқарасын теріске жатқызған, «Кеңес ісін - кеңес тұсында оқығандар ғана шешсін, бұрынғы оқығандарға сенім жоқ. Салт-санасы уланған»,- деген даурықпалардың қауесеті».
Өзге-өзге, Әлкей Марғұланның бұл сөзіне сенбеу мүмкін емес. Сондықтан да, «басқарма» атынан берілген әр түрлі «атақтар» уақыттың өзі көрсеткеніндей, тарихтың әділ бағалағанындай негізсіз байбалам болып қала берді.
Осы ретте Ә.Марғұланның жауабынына соңғы пікіріне айғақ ретінде жиналған қосымша мәліметтерді қыстыра кетуді жөн көрдік. Өйткені М.Әуезов: партия қатарына губкомның ұсынысы арқылы өткендігіне қанша сендірсе де, оның бұл уәжі жай сылтау есебінде қабылданды. Өмір бойы бетіне шіркеу ретінде басылған осы мәселе қашан көз жұмғанша жанын жегідей жеп, әр кез алдынан шығып отырды. Арада жеті жыл өткен соң өзінің сенімді досының бірі Ораз Жандосов 1937 жылы 20-қыркүйекте қауіпсіздік комитетінің тергеушілері лейтенант Бернер мен сержант (!) Калининге берген жауабында:
«Мен мүше болып кірген кеңес өкіметіне қарсы құрылған қазақ ұлтшылдарының ұйымы өзінің алдына: Қазақстандағы кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлатуды; Қазақстанның СССР-ден бөлініп кетуіне қол жеткізуді; сөйтіп капитализмді қайтадан орнатуды; тәуелсіз қазақ буржуазиялық мемлекетін құруды мақсат етіп қойды... Әлихан Бөкейханов кеңес өкіметіне бейімделу бағдарламасын ұсынды. Кеңес өкіметіне қарсы ұлттық мамандардың билік басында қалып, қастандық әрекеттерін ұйымдастыру үшін өзінің пікірлестеріне: партия мен кеңес өкіметінің мекемелеріне сіңіп кету туралы тікелей нұсқау берді. Ә.Бөкейхановтың тікелей нұсқауымен М.Әуезовтің, Ә.Лекеровтің, С.Сәдуақасовтың, Жаманмұрыновтың және басқалардың партияға кіргені маған белгілі. Сонымен қатар, Ә.Бөкейхановтың: Қазақстанда социализм құрылымын орнату мүмкін емес, - деген теориясын ұлтшыл топтардың барлық мүшелері мойындайтын»,- деп тағы да бір атап өтті.
Демек, бұл қауесетті кеңес сұрқылтайлары «социализм жеңіске жеткен дәуірде» де ұмытпаған.
Жауап берудің кезегі тағы да Ә.Байділдинге келген. Келесі айыптауға «Қаламның» мына сүйкетпесі себеп болған.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Бұдан кейін бәрімізді сынақтан өткізген өте қиын жағдайға тап болдық. Қазақстанның біраз губернияларында (Орал, Торғай, Қостанай, Ақмола т.б.) ашаршылық басталды. Партия мен үкімет мекемелері бұл мәселеге тиісті көңіл бөлді. Бірақ та бұл мәселеге «Алашордашылар» мен ұлттық интеллигенция қатты назар аударды. Барлық жерде аштарға көмек ұйымын құру туралы сөз қозғала бастады. Семейдегі Жүсіпбек Аймауытов басқаратын «Қазақ тілі» бұл мәселені бірінші болып көтерді. Сонымен қатарласа Ташкенттегі Қожанов пен Бірімжанов басқарып отырған «Ақ жол» газеті де даурыға айғайлап, оны науқанға айналдырып жіберді. Ташкентте оқып жүрген К.Жәленов, Ғ.Тоғжанов, С.Капин, У.Омаров, Д.Әділев т.б. бастатқан қазақстандық студенттер үлкен шу көтерді. Орынборда да бұл мәселе жөнінде сөз шыға бастады.
Бұл iстiң де бастамашысы Әуезов болғаны тегiн емес. Ол (1921 жылдың желтоқсанында ғой деймiн) Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң атынан қазақ қызметкерлерiнiң (партия мүшелерiн де, партияда жоқтарын да) үлкен мәжiлiсiн шақырды, оған үкiмет мүшелерiмен қоса жекелеген еуропалық жауапты қызметкерлер де қатысты, ашаршылық туралы мәселенi талқылауды күн тәртiбiне қойды. Мәселенi талқылау барысында бұл мәжiлiс: аштарға көмек көрсетудi дереу қолға алу керек, ол үшiн Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң жанынан аштарға көмек көрсету комиссиясы құрылсын - деген шешiм қабылдады. Бұл комиссияның құрамын бекiту кезiнде әдеттегiдей жiкшiлдiк ұсыныстар жасалды. Әр топ (меңдешевшiлер, сәдуақасовшылар, Асылбековтiң өкiлдiгiмен айқындалатын сейфуллиншiлер, алашордашылар) өз адамдарын кiргiзуге ұмтылды. Соның iшiнде өте тосын: комиссияның төрағалығына Ахмет Байтұрсынов сайланып, партияда жоқ көрнектi адамдар оның құрамына мүше боп кірсін - деген ұсыныс (ұмытпасам Әуезов) түсiрдi. Ол бұл пiкiрiн: коммунистерге қарағанда олардың (алашордашылардың) қазақ тұрғындары арасындағы беделi зор, сондықтан да комиссияның жұмысы жемiстi болады - деп дәлелдемек болды. Бұл ұсыныс iшiнара ғана қабылданды. Меңдешев төраға, Байтұрсынов пен Әуезов төрағаның орынбасары болып сайланған бұл комиссияның мүшелiгiне сол кездегi жауапты қызметкерлердiң көпшiлiгi сайланды. Сонымен мәжіліс аяқталды».
Халықтың басындағы қасіретті сейілтуге жанталаса ұмтылу да қылмыс болып па? Егер Ахмет Байтұрсыновтың үндеуі мың адамды емес, бір сәбиді аштан құтқаруға септігін тигізсе, соның өзі кеңес өкіметіне сауап емес пе? «Қазақ тұрғындарының арасында коммунистерге қарағанда алашордашылардың беделi зор, сондықтан да комиссияның жұмысы жемiстi болуы үшін» оларды қызметке тартуы да қылмыс па? Өкінішке орай, қылмыс екен.
С.Меңдешев: «Аштарға көмек комиссиясының» жұмысын кеңес өкіметін құлатуға пайдалану үшін және аштыққа ұшыраған тұрғындарды астыртын ұйымға тарту үшін Әуезов Мұхтар мен Ахмет Байтұрсынов Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне үндеу жолдады. Ал Ж.Аймауытов «Алашордашылардың» туыстарына мал таратып беру үшін «Аштарға көмек көрсететін» комиссияның мүшелiгiне қасақана кірген».
Қазақ халқының мүддесін қорғауға тиісті шешуші сәтте Өлкелік партия ұйымының хатшысы Меңдешев ымырашылдық танытты. Бұдан кейінгі Орал, Торғай облысының қазақтары аштан қырылып жатқандығы туралы мәжілісте де шара қолданудың орнына «Алашорданы» әшкерелеп, оған Смағұл Сәдуақасовты теліп, Байтұрсыновты биліктен шеттетуді талап етумен шектелген. Екі жиналыста да Меңдешев қазақ халқының тәуелсіздік күресін «коммунист-колонизаторлармен» ымыраластыруға тырысқан. Соңғы жолы, ашаршылыққа қарсы комиссия құруға қарсы болған. Байтұрсынов табандап тұрып алған соң оның қазақ халқына арнап жазған Үндеуін шығартпай, комиссияға өзі төрағалық етуге мәжбүр болған. Ел-елді аралаған адамдардың соңына тыңшыны қосып жіберген.
С.Меңдешев пен Ә.Байділдиннің пайымдауынша:
М.Әуезов (жалғасы): «Сол мақсатпен отарлаушыларға қарсы күрестi желеу етiп өзiне пайдалы адамдарды кеңес мекемелерiне қызметке орналастырған»,- болып шықты.
Сонда, олар қазақ мемлекетінде тұрып қазақ мекемесінде істемегенде қайда істейді, қалай жан бағып, қайтіп күн көреді? Екіншіден, «оқу-ағарту мен ғылым саласына еңбек сіңірмесе» (Ә.Бөкейханов) «өзге жол жабық болатын». Сондай-ақ бұл тұста «жергілікті маманды тарту» (коренизация) науқаны жүріп жатқан. Кілтипанның басы осында және...
М.Әуезов (жалғасы): «Сондай-ақ - Байтұрсынов, Сәдуақасов, Досов және тағы басқалар дайындаған бағдарламаны 12 партсъезде өткiзiп жiберу үшiн мен Бүкiлқазақстандық ІІ кеңес құрылтайына жиналған барлық қазақ өкiлдерiнiң басын қосып, мәжiлiс өткiзiппiн».
Бұл өзге емес Ф.И.Голощекиннің өзінің:
«Партияның 12-съезiн өз мүдделерiн жүзеге асыру үшiн Бөкейханов, Байтұрсынов, Сәдуақасов Смағұл, Досов қол қойған «Ұлттық-мәдени автономияны» талап еткен Үндеу таратты»,- деген көпірме сөзінің негізінде тағылған айып болатын.
Сондықтан да оны өзгерту ешкімнің қолынан келмейтін.
М.Әуезов (жалғасы): «Бұл сұрақтардың барлығына орай мынаны мәлiмдеймiн: бұрынғы түсiнiктерiмде iшiнара атап өткенiмдей, менiң партия қатарына кiруiм туралы жоғарыдағы тағылған айып ешқандай шындыққа сай келмейдi, өйткенi менiң қоғамдық қызметiмнiң өзi партия қатарына өткеннен кейiн басталды деп есептеймiн. Өткен өмiрiмде iс жүзiнде де, идея жүзiнде де «Алашордамен» байланыс жасағаным жоқ, оның ешқандай мекемесiнде қызмет те iстегемiн жоқ. Жас болдым, бiлiм алдым. Керiсiнше, 1919 жылдың қараша айынан бастап қана Колчакқа қарсы астыртын ұйымның жұмысына араластым. Семей қаласындағы кеңестiк төңкерiс жүзеге асқан алғашқы күннен бастап мекеме жұмысын жөнге қоюға, кеңес өкiметiнiң мүддесi үшiн Семей қаласының оқушы қазақ жастары мен жұмысшыларын төңкерiс iсiне тартуға құлшына кiрiстiм».
1917 жылдың 5-13 желтоқсанынан бастап 1920 жылдың 9-наурызына дейін тәуелсіз өмір сүрген «Алашорда» үкіметі таратылғаннан кейін Ә.Ермеков, Д.Төленов Семей губревкомның құрамына кірді. Ал Ж.Аймауытов, М.Тұрғанбаев, А.Шикібаев, М.Әуезов губкомның бұратана халықтар бөліміне қызметке бекітілген болатын. Шындығында да, Мұхтар Әуезов 1919 жылы 1-желтоқсанда Семейде кеңес өкіметі орнаған күннен бастап губерниялық комитеттің жергілікті ұлт жөніндегі бөлімінің меңгерушісі, кейін губерниялық комитеттің меңгерушісі, төрағасы, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болған Мұхтар Әуезов ешқашан да төңкеріс жолына қарумен қарсы шыққан емес. Керісінше, Қарқаралыдағы ақгвардияшылардың бүлігін басуға төтенше комиссияның мүшесі ретінде аттанды. Оған Семей губревкомының 1920-жылғы 24-қаңтар күні берілген:
«Бұл мандаттың иесі Мұхтар Омарханұлы Әуезов жолдас, губревкомның шешімімен контрреволюцияға, алыпсатарлыққа, тағы басқа да қылмысты әрекеттерге қарсы күресу үшін құрылған Семейдегі Төтенше комиссияның (ЧК-ның -Т. Ж) мүшелігіне тағайындалды, сол үшін куәлікті растап қол, қойып, мөр басылды. Губревкомның председателі - қолы. Секретарь - қолы»,- деген мандат дәлел.
Қарқаралы маңындағы отырықшыланып қалған мұжықтардың арасына сіңіп, қытай шекарасына жөңкіген Анненковтың әскерінен бөлініп қалған ақгвардияшылардың полковнигі Токарев бір-ақ түнде ревкомды басып алып, 78 адамды азаптап өлтіріп, халықты тонап, қырып-жойып, қан қақсатты. Сонда, оның соңына ергендердің дені жаңағы қаза тапқан болшевиктердің ағайын-туғандары, заимкелестері, кейбірі қызыл әскер қатарынан босанып шыққандар еді. Губерниялық революциялық комитеттің Төтенше Комиссиясы Мұхтар Әуезовке сол бүліншілікті басып, себебі мен зардабын анықтап, сол жылғы Қоянды жәрмеңкесінде өтуге тиісті Қазақ автономиясының бір жылдық тойын ұйымдастырып қайтуды тапсырды. Сонда бүліншілікті тексеру барысында бұл қарама-қайшылықтың тамыры тым тереңде, ұлт араздығын қоздырған патша әкімшілігінің сұрқия зымияндығында жатқанына көзі жеткен. Қызыл әскердің арасынан бүліктің шығуы тек ұлт аймақтарында ғана кездесуі де кездейсоқ емес. Мұхтар осы ұлт мәселесінен қақпақыл көрсе де тәуекелге бел буып, революция тарихындағы, оның ішіндегі Қазақстандағы ең күрделі, көкейкесті мәселені көтеріп, ұлтаралық қарым-қатынастағы психологиялық қайшылықтың тегін ашуға түсіндіруге тырысып, осы төтенше сапардағы қазақ даласындағы «ақ пен қызыл қырғынын» ашына баяндап, нақты құжаттармен дәлелдеп үлкен есеп жазған. Сол деректерге сүйене отырып:
«Жергілікті жерден Дутовтың шегініп бара жатқан армиясы өз жолындағы қыстақтарды, мал қораларын, шөп маяларын өртеп, дүние-мүлкін тонап, малдарын тартып алып, ондаған мың шаруашылықты (түтін иелерін) баспанасыз, азық-түліксіз қалдырды... Жоғарыдағы баяндалған ерекше жағдайға байланысты жергілікті ұлт бөлімі Губревкомнан жоғарыда көрсетілген мерзімде Семей облысының уездеріндегі қазақтардың құрылтайын шақыруды сұрайды. Жергілікті ұлт бөлімі басқармасының меңгерушісі М. Әуезов»,- деген ұсыныс жасады.
Мұның үлкен саяси және ұлттық маңызы бар еді. Қазақтардың сол құрылтайы губернияның басқару құрылымына айналды, қазақтар енді ұлт бөлімінің қызметкері емес, губернияның билік иесі ретінде шешім шығару құқына ие болды. Одан кейін Қазақ Автономиясының құзырлы құрылымына айналды. Мұндай билік тұғырына бұл өлке 1822 жылғы бірінші низамнан кейін ие болып көрмеп еді. Кеңес өкіметінің: Қазақстанды Ресейден бөліп әкетуге ұмтылды, - деп үздігіп, ешқашан кешірмейтін бір «өкпесінің өзі» осы еді. Мұның себебін түрмедегі жауабында М.Әуезов былай түсіндірді:
М.Әуезов (жалғасы): «Қоғамдық қызметiмнiң жол басы болғандықтан да мен ол кезде жаныммен берiлiп, шын көңiлiммен, аса зор үмiтпен, жас адамға тән қызығушылықпен қызмет еттiм. Бiрақта өмiрлiк тәжiрибесi аз жас қызметкерге тән балаңдыққа байланысты, оның үстiне артта қалған ұлттық ортадан шыққандықтан да және өзiнiң идеясы үшiн табанды түрде күресетiн саяси дәстүрдiң үлгiсi болмағандықтан да еркiмдi көңiл-күйiме жеңдiрдiм. Сол тұста кеңiнен тараған өткен дәуiрдiң өктемдiгiнен - отаршылық пиғылынан арыла алмаған жергiлiктi партия қызметкерлерiнiң әрекетi менiң көңiлiмдi суытып, әптiгiмдi басты».
Бұл арада М.Әуезовтің басты емеуірін танытып отырғаны - С.Сәдуақасовпен бірге Семей губкомын таратып, оны қазақ автономиясына қосуға ат салысып, өзінің екі айдай губком төрағасы болып істеген кезіндегі «намысты әрекеттері». Ол оқиға бірінші кітаптың «Ел жегісі» атты таруында толық талданған.
М.Әуезов (жалғасы): «Отаршылдық пиғыл бізді, оның iшiнде менiң iшiмдегi намысымды қоздырды, бiрақ ол жоспарлы түрде (ұлтшылдықты ешқашан да өмiрлiк мақсат етiп көрген емеспiн) қалыптасқан ұлтшылдық емес, тек көңiл-күйдiң әсерi ғана болатын. Бұл сезiмнiң билеп алғаны сондай, бұдан әрi менiң партия қатарында қалуыма мүмкiндiк бермедi. Көңiлдiң жетегiне ерiп өмiр сүрiп, өзiңдi сынайтын нағыз шағымды iстi таппағандықтан да бұдан әрi партия қатарында қалуым мүмкiн емес деп шештiм. Сол кезде ұлтшылдық бағыт ұстағаным және партиялық тәртiптi бұзғаным үшiн Қазақстан Өлкелiк комитетi менi партиядан шығарды».
Шындығында, ол партиялық билетін Өлкелік комитетке почта арқылы салып жіберген еді. Ал кейін барлық жеке бас жұмысына:
«Еңбек тәртібін бұзғаным үшін және мүшелік жарнаны төлемегенім үшін мен партиядан шығарылдым»,- деп жазды.
М.Әуезов (жалғасы): «Мен Орталық комитетке арыз жазып, партиялығымды қалпына келтiруiме болатын едi, ол кезде (партиядан 1922 жылы шығарды) аз ұлттың өкiлдерiне, оның iшiнде жастарға үлкен кешiрiммен қарағаны белгiлi, партиядан шығып қалған қазақтардың бiразы дерлiктей қайта қабылданды, солардың бiрi боп мен де сөзсiз қабылданатын едiм. Алайда мен өтiнiш бергемiн жоқ. Партиядан сырт қалдым. Сонда өз-өзiнен мынадай сұрақ туады: егерде мен ұлтшылдардың тапсырмасымен партияға кiрген болсам, сонда ол тапсырма 1922 жылы толық орындалып бiттi деп ойлауға бола ма? Керiсiнше, партияға жат пиғылмен кiргендер сол кезде де, одан кейiнгi жылдарда да партия қатарында қалып, әлгi тапсырманы одан әрi орындай беруге ұмтылмай ма»,- деп жауап қайырған.
Ә.Байділдин (жалғасы): «...Сол кездегі пікір таласының үлкен бір тақырыбы М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабі болды. Кітап Оқу-ағарту халық комиссариятының баспасынан басылып шығып, таратылуға дайын тұрды. Өлкелік комитеттің тапсыруы бойынша мен оған пікір жаздым. Мазмұны оның атына сай емес еді, онда қазақ әдебиетінің тарихы емес, ұлтшылдық бағыттағы түсініктемелер берілген ескі сарындағы әдебиет нұсқаларының жинағы. Мен мұны кітаптың өзінен сілтемелер ала отырып дәлелдеп шығып, дәл осы қалпында оны таратудың ешқандайда қажеттігі жоқ екендігі жөнінде қорытынды жасап бердім. Менің пікірім қазақ активтерінің арнайы мәжілісінде талқыланды, онда Тоқжігітов, Орынбаев, Нұрмақов және Жандосов менің Әуезовтің ұлтшылдық сарындағы кітабін таратпау туралы жасаған қорытындыма мүлдем қарсы сөйледі, алайда мәжіліске қатысқандардың көпшілігі: С.С.Жүсіпбеков , К.Тоқтабаев, Нұржанов, Бекенов, Орманбаев және басқалары менің пікірімді қостап шықты (Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің тарихы» туралы кітабына жазған пікірім мен мәжілісте айтылған сөздердің көшірмесін сол кезде ОГПУ-дің шығыс бөлімінің меңгерушісі Журавлев жолдасқа беріп, шара қолдануын өтінгемін). Сөйтіп менің ұсынысымның нәтижесінде Әуезовтің ұлтшыл кітабі таралымнан алынып тасталды».
Бұл мәжілістегі пікірдің қандай деңгейде және қандай бағытта өткеніне, осы талқылауға қатысқан Жұмабай Орманбайұлының жоғарыда келтірілген «Қаракөз» туралы мақаласын еске ала отырып көз алдына елестетуге болады.
М.Әуезов (жалғасы): «Жас кезiмнен бастап өзiмнiң орынымды әдебиеттен iздедiм, тұңғыш пьесамның сәттi болып шығуы менiң барлық назарымды шығармашылық жұмысқа аударып әкеттi. Партия қатарынан шыққаннан кейiн мен саясатқа мүлдем енжар қарадым, таяу жылдарда, нақтылап айтсам 23/24 жылдары ендi ешқашанда саясатпен айналыспаймын деген шешiмге келдiм. Өзiмнiң өткен өмiрiмдегi әрекетiмдi iштей сараптан өткiзе келiп, өзiмнiң саясатқа мүлдем бейiмсiз екендiгiмдi аңғардым. Содан бастап саясатпен айналысқан емеспiн. Кейiннен университеттi бiтiрдiм, ғылыми марксизмнiң негiзiмен таныстым, өмiрiмдi әдебиетке, педагогикалық-ғылыми жұмысқа арнадым. Бар ықыласымды соған аудардым. Өзгедей әрекетпен айналысқаным жоқ».
Ә.Байділдин (жалғасы): «Осы Кеңестен кейiн Әуезов ашаршылық туралы көлемдi мақала жариялады (Қараңыз: «Еңбекшi қазақ» №4 және №5), қалыптасқан жағдайды дұрыс бағалаудың үлгiсi есебiнде ташкенттiк алашордашылар қағып алып, «Ақ жол» газетi арқылы насихаттауға көштi».
Ол насихат - «Ақ жол» газетінде жарияланған ашаршылықтан қырылып жатқан қазақтарға сауын айтқан:
«Ардақты азаматтар! Бұл күнгі мына сұрапыл ашаршылықтың жұртты жан алқымға алып, састырып тұрғандығын өздеріңіз де білетін шығарсыздар. Бұрынғы тарихтарда мысалы көрілмеген бұл ашаршылық жұрттың қолын байлап, танауын тарс бітіріп отыр. Аштықтан аудандағы бауырларың босуда, қырылуда, ашаршылық құрығына іліккен бұл бауырларыңды осы күйі қоя бергенде: жұрт болып ел қатарына кіреді, баяғыдай болып үйірге қосылады - деуге болмайды. Сондықтан бұл бәленің алдын алып, ерте бастан қамын жеп, тың тұяқ, тоқшылық жердегі бауырлары - туысқандық танытар, елдің қайырымын жоғалтпас, ыңырсып өлімнің құшағында жатқан ағайындарын ескерер, жәрдем қолдарын созар - деген үміттеміз. Бұл туралы ел ішіндегі ақсақал, жұрт ағасы азаматтар елді түсіндірер, үгіттер деп сенеміз. Ал енді ардақты ақсақалдар, ел ағасы азаматтар: 15-майдан бастап Арқадағы ашыққан қазақ, башқұрт бауырларымыздың пайдалары үшін ұдайымен екі жетілік жәрдем аптасы болады. «Өле жегенше - бөле же»,- деп айтқан бабаларыңның мақалын қазақ-қырғыз ұмытпас деген ниетпен сіздерге жүзімізді салып, сөзімізді айтып отырмыз. Ендігісін жұрт өзі білер.
Халел Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Иса Қашқымбайұлы, Қоңырқожа Қожықұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Санжар Асфандиярұлы, Мырзағазы Есполұлы, Кәрім Жәленұлы, Сәдуақас Сейфуллин, Әшім Омарұлы, Уәлихан Омарұлы һам басқалар»,- деген Үндеу болатын.
Бұл насихат емес, ұлтқа сауап, салауат - сауға еді.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Ол (Әуезов - Т.Ж.) Губерниялық партия конференциясын өткiзу үшiн Орал қаласына барды. Ол Жолдыбаевпен, Қаратiлеуовпен бірге Орынбор қаласына кiрекештердiң көлiгiмен қайтты. Әуезов өзiнiң бұл жүрiсiн: жол-жөнекей аштардың жағдайын көзiммен көруiм қажет болды - деп түсiндiрдi. Ол Орал губерниясындағы ашаршылық жайлаған қазақ тұрғындарының қасiреттi көрiнiсiне (иттiң өлексесiн, шөптiң тамырын жеген адамдарға, жолдың шетiнде үйiлiп жатқан аштан қырылғандардың өлiгiне, т.б.) қатты күйiнiп келдi, оның есесiне Оралдағы партия қызметкерлерiне риза болды. Бiздiң бағытымызды сенiмдi түрде ұстаған Жолдыбаев, Жантiлеуов, Қаратiлеуов сияқты жiгiттер туралы өте жақсы пікір бiлдiрдi. Сонымен қатар Кенжин, Мырзағалиев пен Асылбеков қатарлы бiздiң өз адамдарымыздың Орал губерниясындағы беделi жоғары екендiгiн айтты. Соны айта тұрып, ат төбелiндей көк езу әйтиевшiлдiң де бар екендiгiн, конференцияда оларға есе теңдiк бермегенiн мысқылдай баяндады.
Сол кезде аштарға көмек комиссиясы да өз iстерiн өзгеше жүргiздi. Сол комиссияға тартылған мекемелер жергiлiктi жерлерге шұғыл жедел хат жолдап жатты. Губерниялардағы зиялылардың игi жақсыларының тiзiмi жасалып, оларды аштарға салауат айтып көмек жинауға ұйымдастыруға тарту үшiн жергiлiктi жерлерге жiберiлдi. Жарлықтар мен нұсқаулар жiберiлдi, губернияларға баратын өкiлдер iрiктелдi. Байтұрсынов комиссияның атынан қазақ елiне арналған көлемдi үндеу жазып, «Еңбекшi қазақта» жариялау үшiн маған алып келдi. Бере салысымен ол менен мұны тезiрек жариялауды өтiндi. Мен айтқанын iстеймiн деп уәде бердiм. Үндеудi шындығында жариялағым келдi... Бiрақ мазмұнымен танысқаннан кейiн ниетiмнен айнып қалдым. Үндеу бір жақты екен. Онда ашаршылықтың жағдайы тым әсiреленiп жазылыпты және аштықты тудырған нақты себеп-салдары дұрыс көрсетiлмептi. Үндеудiң қорытынды бөлiмiнде халықтың қаймақтарын аштыққа қарсы күресуге шақырыпты, сондай-ақ онымен күресудiң жолдарын (барлық зиялыларды жұмылдыру, аштарға жаппай салауат-сауға жинау, оларды аштық жайлаған аудандарға жiберу т.б.) көрсеттi.
Мен бұл мақаланы жарияламауға бекiндiм де, өз қағаздарымның iшiне қоса салдым (Онда газет кеңсесi жоқ болатын). Бiрнеше күн өткен соң Байтұрсынов тағы да келдi де өзiнiң үндеуiнiң қашан жарияланатынын сұрады. Мен: мақаламен танысып шығып, келiсiмiн беру үшiн алқа мүшелерiне берiлдi, таяу арада жариялап қалармыз,- дедiм. Содан кейiн өзiмнiң әрекетiме өзiм қатты ыңғайсызданып қалдым, анау-мынау емес, аштық туралы аса зәру мақаланы үкiмет комиссиялары мен тиiстi мекемелердiң келiсiмiнсiз үндеудi тоқтатып қойғаным қате болды-ау деп ойладым (Алашорданың жазғаны болса да), осындай ойға келдiм де бірден Асылбеков жолдасқа бардым да (Ол обкомның хатшысы, «Аштарға көмек» комиссиясының мүшесi және «Еңбекшi қазақ» газетiнiң алқа мүшесi болатын), Байтұрсынов екеумiздiң арамыздағы әңгiменi айтып: менiң ойымша бұл үндеудi жариялауға болмайтын сияқты,- дедiм. Танысып шығу үшiн үндеудi алып қалды да, келесi күнi жарияламауға келiсiм беретiндiгiн бiлдiрдi. Сөйтiп, Байтұрсыновтың үндеуi жарияланбай қалды. Ол үндеу соңғы жылдарға дейiн менде сақталып келдi, менiң қағаздарымның iшiнде бар ма, жоқ па, бiлмеймiн...».
М.Әуезов (жалғасы): «Партияның Х съезіне арналып Байтұрсынов жасаған ұлтшылдардың көзқарасын білдіретін баяндама туралы ештеңе де білмеймін, Байділдин маған ешқандай мәлімет берген жоқ».
Ә.Байділдин (жалғасы): «... Осы тұстарда көмек көрсету комиссиясын өз мүдделерi үшiн қатты пайдаланып қалды, олар аштарға жасаған жақсылығы арқылы жеке мүдделерiн жүзеге асыруға тырысып бақты. Кейбiр кездерде олар көздегендерiне (мақсатына) жеттi де, саяси және қазыналық қор жинады. Бұл 1926 жылы Қызылорда қаласында өткен «Торғай iсi» деген сот келесi барысында анық байқалады...».
Бұл неғылған қазыналық қор? Әрине, кеңес өкіметінің «қамқорлығымен» аштыққа ұшырап, қырылып жатқандардың таңдайына нәр татырып, ұлттың мәйегін аман алып қалу арқылы жинаған саяси қор. Абыройын төкпей, халықты қырғынға ұшыратпай, сол «саяси қорды» кеңестік күркілдердің өзі неге сақтап қалмады? Ә.Байділдин бұдан кейін саясаттан шаруашылықты басқару саласына және онда жүргізілген «кедергілер мен қаскүнемдікке» (саботаж) ауысады.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Жаз маусымы жақындап келе жатты (22-жылдың наурыз айы). Біздің жетекшілеріміздің (Әуезов пен Сәдуақасовтың) арасында шүйіркелесу басталды. Олар өзара әлденені ақылдасып жүрді. Олардың бір нәрсеге дайындалып жүргені белгілі еді. Бұл сыбырласу 15 күнге созылды. Қаншама тырыссам да ештеңе біліп жарытпадым. Олар сырғақтата жауап берді, менің сұрақтарымды әзілге айналдырды. Біздің арамыздағы мұндай жатырқау менің жоғарыдағы мақаламнан кейін пайда болды. Содан соң олар маған өздерінің саяси маңызы бар жоспарларын ашық айтпай, мәселе не олай, не былай шешілгеннен соң ғана сөйлестік. Сырттай қарағанда біз өте дос адамдар сияқты көріндік: көрісіп жүрдік, әңгімелестік, қалжыңдастық, т.б., алайда біздің арамызда толықтай ішкі түсінік болған жоқ. Сондай сәттерде Сәдуақасов пен Әуезов мені келеке етіп: "Жаз, жаз, тарихта қаласың",- дейтін (шындығында да, "Қалам" - қаламның күшімен тарихта қалып отыр ғой - Т.Ж.), арасында: "Иә, қалай, жасасындатып жатырсың ба?",- деп кекететін. (Олар менің "жасасын!"- деп жазған мақаламды емеуірін етіп отыр). Біздің арамыздағы осындай қарым-қатынас туралы Тоғжанов пен Жолдыбаевқа айттым, олар да ұмыта қойған жоқ шығар. Міне, сондықтан да, мен олардың не ойлағанын біле алмадым, тек ашық іс-әрекетке көшкен соң ғана аңғардым.
Сөйтсем, соңғы уақытта олар (Сәдуақасов пен Әуезов Кенжинмен, Мырзағалиевпен және Әлiбековпен бiрiгiп) бір iстi жоспарлапты. Олар: қазақ тұрғындары арасындағы жұмысты жақсартып, ашаршылықпен күрестi күшейту туралы мәселе қою үшiн қаулының жобасын жасапты (Осы да қастандық па? - Т.Ж.). Бұл жобаны олар алдын-ала обкомның жекелеген мүшелерiне көрсетiп, мақұлдатып алыпты. Жангелдиндi көндiрiптi, Асылбековтi өздерiне қаратып, кейбiр еуропалық қызметкерлердiң де көзiн жеткiзiптi. Сөйтiп, обком мүшелерiнiң көпшiлiгiн өз жақтарына шығарып алып, бұл жобаны бекiттiрдi, осы бекiттiрген жобаны жүзеге асыру үшiн жергiлiктi жерлерге баратын қызметкерлердiң тiзiмiн де қоса жасады. Олар губерния бойынша былай: Семейге - Әуезов пен Досов; Ақмолаға - Кенжин мен Төлепов, Қостанайға - Сәдуақасов, т. б. бөлiндi.
Қайталап айтамын, менiң достарымның шүйiркелесуi осы iске тiкелей қатысты екен. Оны көрсетiлген оқиға бойынша обкомда шешiм қабылдағаннан соң барып Әуезовтің өзi маған айтты.
Бiрақта бұл iстiң ресми емес екiншi бір астары бар екендiгiн Қостанайға жүретiн күнi Сәдуақасовтан бiлдiм. Ол маған: «Обкомның шешiмi арқылы бекiтiлген қаулыдағы аштыққа қарсы күрес жұмысын жүргiзумен қатар, барған уәкiлдер жергiлiктi жерлердегi бiздiң қарсыластарымызды, яғни, отарлаушылар мен меңдешевшiлердi орынынан тайдырып, оған қоса кеңестiң 3 съезiне дайындық жүргiзетiн болады»,- деп хабарлады. Осыны айтқан соң ғана Сәдуақасов: «Орынбордағы жаңалықтарды тұрақты жеткiзiп тұр»,- деп өтiндi. Сонымен уәкiлдер елге аттанып кеттi. Қостанайдан Сәдуақасов: «Қостанайдағы пәлен деген еуропалық қызметкерді орынында қалдыру керек, әйтпесе, колонизаторлар оны орынынан ауыстырмақ»,- деп хат жазды».
М.Әуезов (жалғасы): «58-статьяның 7-тармағы бойынша маған тағылған айыпты мойындамаймын, оның үстiне шаруашылық саласындағы iс-әрекеттерiм үшiн тағылған айыпқа менiң мүлдем қатысым жоқ деп есептеймiн және одан үзiлдi-кесiлдi бас тартамын».
Бұған себепкер болған тағы да сол «Қужақтың»:
«Бесінші партия конференциясының жұмысына қарсы ұйымдастырылған (яғни өзін сайлауға - Т.Ж.) Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Сәдуақасовтың, Досовтың саяси-экономикалық платформасы жасалды»,- деген мәлімдемесі еді.
М.Әуезов (жалғасы): «Өмiрiмде ешқашанда шаруашылық мекемелерiнде қызмет iстегенiм жоқ. Тек қана ағарту саласында жұмыс iстедiм. Бұл арада айтарым, еске алатын бiр мәселе бар: мына айыптауға қарағанда мен ұлтшыл емеспiн, керiсiнше, қаскүнеммiн, әйтеуiр екiнiң бiрi ғана қалуы керек. Бiрақта артта қалған халыққа қызмет ететiн халық ағарту саласында, оның iшiнде сол халықтың өкiлiне зиянкестiкпен шұғылдану намысты әрекет және ақылға қонбайды».
Өткен тарауларда баяндалғанындай, осынау ұшқалақ та таяз ойлы адам талайға кесiрiн тигiзген. «Алаш iсiндегi» аса қауiптi, өзiн де арандатып тынған бұл кiсiнiң өзгеге қазған оры өзiне көр боп бұйырды. Барлық қоясын шығарып, алаш азаматтарын қаралатып алған соң оның өзiн ату жазасына кестi де, тiрi куәнiң көзiн жойды. Тек қана Мұхтарды ғана ажал оғына итермелеп қойған жоқ, өзi танитындардың барлығын шырмауықша шырмады.
Ол енді Мұхтарды басмашылардың қатарына апарып бір-ақ қосты.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Бірде ол (Сәдуақасов - Т.Ж.) менің бөлмеме келді. Бұл құрылтай өткеннен кейінгі 11-12 тәуліктің бірі болатын. Ол әңгімені сондай салмақты зілмен бастады. Ол: «Отаршылдар мені қудалауын тоқтатқан жоқ, керісінше, мені партиядан шығарып тастатуы да мүмкін. Сондықтан да бір батыл қадам жасағым келеді, бірақ не істерімді өзім де білмеймін. Әуезов: Ташкентке ауыс, содан әрі басмашыларға қосыласың - деп ұсыныс жасады»,- деді. Әуезовтің бұл ұсынысын қабылдауға қарсы еместігін, бірақта ол туралы менің пікірімді білгісі келетінін айтты.
Мен Смағұлға не айтарымды білмедім. Оның жағдайының сондай қиын екенін және көңілінің қобалжып жүргенін білетінмін. Алайда менің оның дәл осындай ойда жүргенін және баcмашыларға қосылып кетуге келісім бергенінен мүлде хабарсыз едім әрі ондай арандатуға көне қояды деп ойламағанмын. Маған дәл осындай келеңсіз кеңес берген - обком партияның мүшесі және КЦИК-тің (Қазақ Орталық Атқару комитетінің - Т.Ж.) саяси секретары Әуезовтің пікірі түсініксіз, оғаш көрінді. Мен біздің мақсатымызды (ұлт мәселесі жөнінде жүргізіп отырған партияның бағдарламасын) басмашылардың мүддесімен сәйкестендіре алмадым. Мен өзімше, осындай кеңес берген Әуезов әлдебір шірік мақсатты көздеді ме деп ойладым. Сонымен қатар, осы пиғылы арқылы ол Сәдуақасовты құртып, біздің арамыздағы көсем өзі болғысы келді ме екен деп топшылаймын. Себебі: ол кезде біздің мақсатымыз ортақ болса да, әрқайсымыздың жершілдік, рулық тұрғыдан алғанда да жекелеген ішкі мүддеміз бар еді. Әуезов - семейлік, ал біз - Сәдуақасов екеуміз - ақмолалық едік. Соңғы мәселе - Әуезовтің көкейін тескен шешуші мәселе сияқты боп көрінді маған.
Бұл ойымның барлығын Сәдуақасовқа ашық айттым және Әуезовтің ұсынысын қабылдауға түбегейлі қарсы болдым. Мен оған: демалыс алып Мәскеуге бар, одан ауылға барып тынық, жақсылап тұрып демалған соң жұмысыңа қайтып ораларсың,- деп кеңес бердім. Содан кейін тағы да: мүмкін сен қайтып келгенше басшы адамдардың саған деген көзқарасы өзгерер, сөйтіп бұрынғы жұмысыңды істей бересің - дегенді айттым. Бұған қоса мен: соңғы кезде сенің беделің өте қатты өсіп келеді, жаңа ғана өткен құрылтайда сен өзіңнің жаңа жақтастарыңды таптың, сондықтан да өз болашағың үшін мазасызданудың қажеті жоқ,- деп оны жұбаттым... Келесі күні ол демалыс алды да Мәскеуге жүріп кетті.
Бұл оқиғадан кейін мен Әуезовке күдікпен қарайтын болдым. Ол менің көз алдымда екіжүзді боп елестеді: бірінші Әуезов - партия мүшесі, жауапты қызметкер, ақылды кісі, біздің көзқарасымыздың көсемдерінің бірі, ал екінші Әуезов - бірінші адамның қасиетіне ие, бірақ та, әлдебір астарлы оймен жүрген сияқты көрінді».
Осы мәлiмдемеден кейін Әбдiрахман Байдiлдин туралы қандай да бір «неғылайыны» бар сүйiнштi сөз бiлдiруге бола ма? Әсте.
М.Әуезов (жалғасы): «2) ... Ақыр-аяғында Байдiлдиннiң көрсетуiндегi: менi 1921 жылы Смағұл Сәдуақасовқа басмашыларға кетiп қалу туралы кеңес бердi-мiс деген жайға келетiн болсам, мұнысы барып тұрған нағыз өтiрiк, сондықтан да мойындаудан бас тартамын. Өйткенi осы жылы: бiрiншiден, мен Семей қаласында тұрдым, тiптi, Сәдуақасовты көргенiм де жоқ, басмашылар жөнiнде ешқандай да хабарым болған емес. Шындығын айтсам, тура сол жылдары менiң Сәдуақасовқа: колонизаторлармен күрес майданын тастап, барлық ақыл-ойын билеп алған және берiле iстеп жүрген партия мен кеңес мекемелерiндегi тiкелей атқарып жүрген қызметтi тастап басқа жаққа кете қой деуiм, кеңес беруiм мүмкiн емес. Бұл пәлеқор Байдiлдиннiң маған қарсы бағытталған кезектi ойдан шығарылған жаласының бiрi».
Ә.Байділдин (жалғасы): «...Жоғарыда, мәлiм еткенiмiзден көрiнiп отырғанындай, бұл iс-әрекет кезiнде сәдуақасовшылар өздерiнiң айнымалы екендiктерiн танытты. Олардың бiреуi (Әуезов) алашордашылармен қосылып кетсе, екiншiлерi (Тоғжанов) олардың қол шоқпарына қалай айналғанын өзi де білмей қалды, ал үшiншiлерi (мен сияқты тағы басқалары) олардың iс-әрекетiне белгiлi дәрежеде сын көзбен қарап, өзiн толық пайдалануға жол бермедi (Мысалы: Байтұрсыновтың үндеуiн жарияламадым, т.с.с.)».
М.Әуезов (жалғасы): «Байділдин өзін партияның жолына түскен адам ретінде көрсетуге тырысқаннан бастап барлық жерде мені өзінің сыни нысанасы етіп таңдап алды. Әсіресе баспасөз бетінде қатты белсенділік көрсетті. Өзінің сөздерінде шешендікке салып, тұрпайы марксизмді жамылып, жала жабуға көшті... Ал баспасөзде дерексіз жала жабылды. Мұндай жаланы ол өзінің қызметтегі беделін өсіру үшін пайдалануға тырысты, газеттер мен журналдардың үстінен қарайтын оның жалғыз өзі екендігін көрсетіп қалуға ұмтылды».
М.Әуезов айтқандай, Ә.Байділдин тек «беделін көтеру үшін ғана» қолына қалам алса бір жөн ғой. Біздіңше оның көрсетіндісінің астары бұдан да гөрі терең жатқан сияқты.
Ә.Байділдин (жалғасы): «Бiрақ та бұл екi оқиға (Сәдуақасовтың басмашыларға қосылуы туралы ойы мен менiң мақалама байланысты жағдайлар) осы кездегi бiздiң - Әуезовтiң, Сәдуақасовтың және менiң iс-әрекеттерiмiздi толық айқындап бередi. Әуезовтiң сол кездiң өзiнде-ақ (21-жылдың қарашасы) астыртын байланысы барлығын, дәлiрек айтсақ, алашордашылардан қол үзбегендiгi және контрреволюциялық жоспары болғандығы анық едi. Сәдуақасов екі ортада теңселiп жүрдi де, алашордашыларға қарай бейiмделе бастады, ал мен азды көптi болса да партия ұйымының бағытын ұстадым».
Бұл - «бедел көтеру емес», оның астарында «Советская степь» арқылы ашық мәлімделген:
«Колчактың тұсында, «Алашорданың» Шығыс бөлiмiнiң белсендi қайраткерлерiнiң бiрi ретiнде Әуезов Колчакқа қарсы күреспедi, күрескiсi де келмедi, керiсiнше сол кездегi бүкiл «Алашорда» үкiметi, оның iшiнде Әуезов Колчакпен одақтаса отырып большевиктерге, Кеңес өкiметiне қарсы күрескенi белгiлi... Бiрақ та, Кеңес өкiметi орнаған соң Әуезов сол жаққа шығып, партияға өттi»,- деген шындыққа жақын қылмыстық айыптау жатыр еді.
Бұл шындық па, жала ма? Басқа-басқа, қанша жалақор болса да «Правданың» бетіне жалған деректі жариялауға Ә.Байділдиннің де дәті шыдамайтын.
Бізге салса, әсіресе, «Алашорда» үкіметі мен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Заки Валидов тұрғысындағы жауаптарында тарихи деректермен тоғыспайтын тұстар мен пайымдаулар, өмірлік шындықтар бар. Қалай жоққа шығаруға тырысқанымен де, Мұхтар Әуезовтің осы үш тұлғамен де астыртын байланысы болғаны анық. Сонда Мұхтардың Орта Азиядағы басмашылар қозғалысы арқылы Англиямен, Түркиямен астыртын байланыс жасап, қазақ даласында қарулы көтерiлiс ұйымдастырмақ болғаны рас па, жоқ па?
Рас, Мұхтардың өзi түсiнiк бергенiндей, Колчак пен Анненковтiң әскерi Семей қаласын басып алған кезде қазақ зиялыларының астыртын әрекетке көшкенi, Мұхтар мен Әлiмхан Ермековтер шаhарда қалып, ақтарға қарсы күрес жүргiзгенi, кейбiреулерi қолға түсiп, оларды Семейдiң көпестерiнiң көмегi арқылы босатып алғаны, кеңес өкiметi орнасымен 1919 жылдың желтоқсанынан бастап қазақ бөлiмiнде қызмет атқарғаны шындық. Әлiмхан Ермековтiң естелiгi де, түрмедегi жауаптары да мұны толық дәлелдейдi.
Дегенмен де осы арада Мұхтардың өзі де мойындамаған бiр оқиға бар.
Бұрын жазушының өзi де, зерттеушiлер де жасырып келген бiр ақиқат - Мұхтардың «Алаш» партиясының жастар iсi жөнiндегi жауапты адамның бiрi болуы едi. «Алашорда» үкiметiнiң құрамына сайланбағанымен де, партияның идеология саласындағы үгiт-насихат жұмысын, өзi айтқандай, жанын салып iстедi. «Сарыарқа» газетi мен «Абай» журналы «Алаш» идеясының ту ұстар басылымы болды. Сол тұста, Омбы қаласында, 1918 жылдың қазан айында қазақ жастарының құрылтайы өткiзiлдi. Бұл ұйымға Смағұл Сәдуақасов жетекшiлiк еттi. Осы құрылтайға «Алашорданың» Семейдегi шығыс бөлiмшесiнiң жастар өкiлi ретiнде Мұхтар Әуезов қатысып, баяндама жасады. Ол баяндамасы Қызылжарда шығатын «Жас азамат» газетiнiң 15 және 25-қазандағы санында «Ескеру керек» деген атпен жарияланды. Жанартаудай жалындап тұрған Мұхтар бұл құрылтайда батыл пiкiрімен, шешен сөзiмен көзге түстi. Смағұл екеуiнiң танысып, табысуы сол жиыннан басталса керек-тi. Құрылтайда алаш жастарының мiндетi мен бағдары талқыланды. Мұхтар да соған үн қосып:
«Ендiгi халық болумызға ұйытқы болатын нәрсе - құрсаулы әдiл, қатал билiк. Ендiгi хакiмнiң алдында нашар да, жуан да теңшiлiкте болып, белгiлi негiзге құрылған закон болмаса, жуан атаның еркi ел iшiне жүрмеуi керек. Әлi де жуан ата билеп-төстеп, қадiрлi болатын болса, автономия деген, бөлектiк дегеннiң бәрi де сырты бүтiн, iшi түтiннiң iсi болады. Бiрақ мұндай күйдi бұрынғы уақыт көтерсе де, қазiргi уақыт көтермейдi»,- деп құрбыларына көсемдiк жол сiлтеген едi.
Бұл - бұрынғы Ресей империясының астан-кестенi шығып, азамат соғысының аласапыраны басталып кеткен аса қатерлi де аумалы-төкпелi кезең едi. Орыстардың өзi ақ пен қызылға бөлiнiп, адмирал Колчак дербес Сiбiр үкiметiн құрып, тайталасқа түскен шақ болатын. Мұхтар қазақ жастарының құрылтайына қатысқан тұсында «Алашорда» мен Сiбiр үкiметтерiнiң арасында бiр-бiрiн тану туралы келiсiм жүргiзiлiп жатыр едi. Алайда, арада бiр апта өткеннен кейiн Сiбiр үкiметi: «Алашты» да, автономиялық Башқұртстанды да заңсыз - деп жариялап, - оларды Колчак үкiметiне бағынуға тиiстi, әскерлерiн таратсын» - деген жарлық шығарды.
Ашық күнгi найзағайдай әсер еткен бұл оқиға дербестiкке қолы ендi ғана жеткен отар ұлттардың мемлекет қайраткерлерiн дағдартып-ақ тастады. Ақ пен қызылдың қаhарына қатар ұшыраған қазақ пен башқұрт ұлтының сарбаздары аса қиын жағдайда қалды. Мiне, осындай қысылтаяң шақта екi үкiметтiң өзара келiсiмi қажет едi. Қызыл Мешiттегi Башқұрт ұлттық армиясының қолбасшысы Заки Уәлидимен (Валидовпен) жолығуға «Алашорданың» уәкiлдерi де келдi. Заки Уәлиди Тоған өзiнiң 1969 жылы Стамбулда жарияланған «Естелiктерiнде» 1918 жылғы Қызыл Мешiтке келген «Алашорданың» қайраткерi туралы:
«Бiз Ермолаевкада тұрған кезiмiзде, желтоқсанның бiрiншi жартысында өткен, кейiннен бiздiң күрес майданымыздың өзгеруiне тiкелей әсер еткен үш оқиғаны есiме түсiре кеткiм келдi. Бiрiншiсi: тұтқындағы түрiк офицерi Киязим - бей Ташкент қаласындағы үндiстандық либерал-демократ, ағылшындардың дұшпаны - Мавляви Баракатолламен байланыс жасап тұратын... Олар Башқұрт үкiметiне хат жазып, кеңес өкiметiмен келiсiмге келуге шақырыпты... Мұндай тиянақты мәлiметтер бiз үшiн жаңалық едi, сондықтан да кеңес өкiметiмен келiссөздi бастаудың аса қажет екендiгiне бiздiң бiраз серiктерiмiздiң көзiн жеткiздi. Екiншi оқиға - менiң адмирал Колчактың және француз генералы Жанненнiң атаман Дутовқа жолдаған хаттарымен танысуым едi... Ол қағазда Башқұртстан мен Қазақстанның әскерiн шұғыл түрде таратып, менi және басқа да башқұрт қайраткерлерiн әскери-дала сотына беру туралы үзiлдi-кесiлдi бұйрық берiптi... Үшiншi оқиға - «Алашорда» үкіметі өкілдерінің әкелген хабары. Олардың қатарында Ғазымбек Бірімжанов пен жазушы Мұхтар Әуезов болды. Колчак пен оның одақтастары: ұлттық әскер мен ұлттық үкімет құруға қарсы жазалау әрекетіне көшкендіктен де, олар да еріксіз кеңес үкіметімен келісуге мәжбүр болыпты. Кейіннен Ғазымбек Германияға келіп, сонда білім алды, ал отанына қайтып оралғаннан кейін зауалға ұшырады. Мұхтар Әуезов көрнекті кеңес жазушысы болды, алпыс жасқа толған мерейтойы кеңінен аталып өтті, Қазақстан ғылым академиясының академиктігіне сайланды. Ол 1961 жылы дүниеден қайтты»,- деп (277-бет) деп көрсетілген.
Мұхтар Әуезовтің өміріндегі бір құпия оқиға осы. «Алашорданың» атынан кеңес үкіметі жағына шығу туралы өкілдікке баруы Заки Валидовтың «Қатираларынан» басқа құжаттарда расталмайды. Сол тұста «Алашорданың» Семейдегі Шығыс бөлімі оқшау қалып, қызылдар мен ақ гвардияшылардың, казак атамандарының және жергілікті орыс, қазақ большевиктерінің қыспағында қалып, бірде астыртын, бірде ашық әрекет етіп жүрген болатын. Бұл оқиғалар «Алашорданың» шығыс бөлімінің төрағасы Халел Ғаббасовтың, Әлімхан Ермековтің көрсетінділерінде қамтылған. Мұхтар Әуезовтің Колчак пен қызыл әскердің жазалауынан бой тасалап елге шығып кеткені туралы досы Балтақай Толғанбаевтың естелігі бар. Ал оның Башқұрт үкіметінің Бас штабы орналасқан Ермолаевка селосына құпия баруы алашордашыл жастардың Омбыдағы жиналысына қатысқан тұстарындағы жанама мәліметтермен ғана қосымша расталады.
Егерде әскери жағдай кезінде жол жүрудің өзі өте қауіпті екенін ескерсек, М.Әуезовтің қандай қатерге бас тіккені өз-өзінен түсінікті.
З.Валидов, «Қатира»: «Сол аралықта «Алашорданың» Семейдегі күншығыс бөлімі де таратылды. Оның екі мүшесі Мырзағазы (Сеидазым-? - Т.Ж.) Қадырбаев пен Мұхтар Әуезов наурыз айында Башқұртстанға келді. Кейіннен профессор және Қазақстан ғылым академиясының мүшесі (1961 жылы 27-шілде күні дүниеден қайтты) болған (Мұхтар Әуезов - Т.Ж.) бұдан бұрын, 1918 жылы да Башқұртстанға келген болатын. Бұл жолы оның көңіл-күйі өте түсіңкі екен. Мен оған өзімнің кейбір ойларымды айттым. Иркабаевтің Қиыр Шығысқа баратынын жеткіздім. Өзінің сабырлы және қоңыржай (пассивный) табиғатына қарамастан Әуезов күрестің Түркістанда жалғасын табатынын қызу қолдады, тек қана: «Мұнда сіздерде барлық жағдай бар екен, жақсы қамтамасыз етіліпсіздер. Мұны қалай қиып тастап кетесіздер?»,- деп абыржушылық білдірді. 1959 жылы кеңес өкілдерінің құрамында Нью-Иоркке келген кезінде оған жолыққан қазақ эмигрантының біреуіне: «Сол кездегі қапаспен салыстырғанда Башқұртстан бізге солтүстік шұғыласындай болып көрінді»,- депті.
Бұл - 1920 жылдың көктемінде, М.Әуезов Семей губкомының бұратана ұлт (қазақ) тұрғындарымен жұмыс істейтін бөлімнің меңгерушісі боп тағайындалғанына үш-ақ ай болған кезде өткен оқиға. Демек М.Әуезов Семейден бірден Уфаға барып, қайтар жолда Омбыға аялдаған. Қандай мақсатпен, тапсырмамен барды? Бұл - З.Валидовтің «Естелігінде» де, С.Қадырбаевтың да, өзінің де көрсетінділерінде айтылмаған. Әрине, бұл кездесулерді жасырын ұстағаны түсінікті.
Керісінше, М.Әуезов өзінің: басмашылармен және Заки Валидовпен ешқандай байланыс жасамағанын, ол адаммен мүлдем бейтаныс - екенін мәлімдеген. Тергеуге тартылғандардың жауаптарының әрқисынды болуы заңды. Астыртын ұйым жұмысы соны талап етеді. Араға елу жыл өткен соң да З.Валидовтің Бұқарадағы «құрылтайға қатысқан екі қазақ қайраткері әлі тірі» деп олардың атын атамауы да, сол астыртын күрестің заңына бағынғандық.
Алаш азаматтары тергеушіге «қиыннан қиыстырып қандай сылтау айтса да», «Алашорда» қайраткерлерінің Бұқарадағы «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясының құрылуына қатты назар аударғаны анық байқалады. Өзге жанама деректерді былай қойғанда, Москвадан бірге шығып, Еділ мен Жайықтың арасында З.Валидовпен қоштасқан А.Байтұрсыновтың және поезда жолыққан Т.Рысқұловтың бұдан толық хабардар болғаны анық. Ал, А.Байтұрсыновтың бұл құрылтай туралы Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовқа толық мағлұмат бергені еш күмән тудырмайды.
Демек, Ташкенттегі ұйымның бейресми төрағасы болып саналатын Х.Досмұхамедовтің де қаперінде бар жағдай бұл. Ал Бұқараға барғандардың ішінде Ғ.Бірімжанов пен Х.Болғамбаев «Алашорданың» өкілетті құзырына ие болған және құпия хатты жеткізген сол екеуі - деп сеніммен айтуға болады. Х.Болғамбаевтің куәлігіне «Алашорданың» мөрі басылғанын, өзінде ондай құқық болмағанын Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде атап айтады. Сонымен, «Алашорда» қайраткерлері мен Түркістан, Бұқара, Хиуа республикаларының арасында ынтымақты саяси байланыс болған. Өзінің жасырын өкілдерін жіберу арқылы «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысының заңды мүшесі ретінде тіркелген деп есептеуге толық негіз бар.
Осы арада толық дәлелденбеген, бірақ шағын топқа ғана мәлім бір жорамал туралы айта кеткенді жөн көрдік. Ол «Қатираларда» аты аталған Мұхтар Әуезовтің астыртын Бұқараға З.Валидовпен жолығуға баруы. Өмірлік деректерде де, тергеу ісінде де, жалпы ауызекі әңгімелерде де М.Әуезовтің «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысымен байланысы туралы ешқандай мағлұмат та, «сыбыс та» кездеспейді. Мұндай оқиға өмірде болса да М.Әуезовтің оны «мүлдем жадынан өшіріп тастауы» заңды да. З.Валидов жаңылысып, Ғазымбек Бірімжановпен ауыстырып алуы да мүмкін.
Алайда, тура осы жылдары түсірілген бір суреттің сыртына: «Бұқарада, кей түсінікте Маңғыстау мен Хиуада түсірілді»,- деп жазылған М.Әуезов пен Ә.Бөкейхановтың фотосы бар. Онда М.Әуезов қырынан түсірілген және шашын алып тастаған. Сондай-ақ сол жылдары Бұқара мен Самарқанның баспасөзінде алашордашылардың қатарында жарияланған М.Әуезовтің сызба суреті те бар. Қалай дегенмен де біз бұл оқиғаны жоққа да шығара алмадық, шындыққа да жатқыза алмадық. Тек М.Әуезов Ташкентте қоныс аударғанда Қазақстаннан мүлдем күдер үзіп, партиялық билетін тастап кеткені анық. «Аштарға көмек» комитетінің мүшесі ретінде Ғ.Бірімжановпен бірге елеусіз сапармен баруы да мүмкін. Мұндай көңіл-күйдің тұсындағы адамның іс-әрекетін нақты болжау да қиын. Сондықтан да бұл мәселені ашық қалдырамыз.
Бiр таңғаларлық жай: Ғазымбек Бiрiмжанов өзiнiң Германияда оқуда жүргенiнде Заки Уәлидимен жолыққанын тергеушiге баяндап берсе де, Мұхтарға қатысты оқиға жөнiнде ләм-мим демеген. Ал Әбдiрахман Байдiлдин бұл оқиғаларды білген. Өйткені сол кездесуге Ә.Бөкейхановтың адъютанты ретінде қатысып, алаш әскеріне қару-жарақ алып, вагонға тиеген. Бірақ біле тұрып қасақана қағазға түсірмеген. Оған да шүкiр. Егерде жаза қалған жағдайда Мұхтарды тәубесiне келтiрiп, оқиғаны ушықтырып баяндауы әбден мүмкiн едi. Мүмкін өзінің де қауіпсіздігін ойлаған болар. Әлде есі кірді ме?
Заки Уәлидидiң бұл естелiгi отызыншы жылдары жариялана қалса, қазақ ұлты рухани жетiмсiреп қалатыны анық болатын. «Абай жолы» да жазылмай, әлем жұртының алдында еңсемiз аласарып, бақытымызды кiм көтерер екен деп жалтақтап өмiр сүретiнiмiз де кәмiл.
(жалғасы бар)
Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577