Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 2459 0 пікір 28 Қараша, 2022 сағат 12:03

Өңірлік форум: Тоқаевтың Ресейге сапары

Қазақстан президенті Қасым Жомарт Тоқаев Путиннің ресми шақыртуы бойынша Ресейге ресми сапармен барды. Тараптар арасындағы келіссөздер өтіп, артынша өңірлік форум болуы күтілуде. 

Қазақстан мен Ресей арасындағы өңірлік форум өз бастауын 2003 жылдан алады. 2003 жылы Омбы қаласында екі ел арасындағы алғашқы форум өткен болатын. Сол жылдан бастап екі ел басшылары шекаралас аймақтардың бірінде кездесіп, екі ел арасындағы өзекті мәселелерді талқылап келеді. Форум бір жылы Қазақстанда, бір жылы Ресейде өтеді.

Форумда экономика, экология, сауда қатынасы мен логистиканы дамыту, білім мен ғылымдағы әріптестік және тағы басқа тақырыптар көтеріледі. Өткен жылы XVII форум онлайн форматта өтіп, жасыл экономика мен экология тақырыбына арналды. Жайық, Ертістің мәселесі көтеріліп, екіжақты су көздерін тиімді пайдалану айтылды.

Бүгін Орынборда XVIII форум өтеді. Форумда ресейлік делегацияны Алексей Оверчук бастаса, Қазақстан делегациясын Серік Жұманғарин бастап барды. Форумға Ресей және Қазақстан аймақтарының басшылары да қатысады.

Форум екі ел арасындағы су жолдарын дамыту мен экономикалық байланысты нығайтуға бағытталып отыр. Төрт секцияда түрлі тақырыптар көтеріліп, талқыға салынбақ. Бизнес жобаларды қолдау, бірлесе жасау мәселесі де сөз болады. Форумға Қазақстан президенті Тоқаев пен Ресей басшысы Путин онлайн режимде қатысып, баяндама жасайды.

Abai.kz

0 пікір