Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Ақмылтық 2218 1 пікір 28 Қараша, 2022 сағат 11:27

ОА: Кімде қандай дрон бар?

Әлемдік қақтығыстар ұрыста дрондардың тиімділігін бірнеше мәрте дәлелдеді. Ол Қарабақ, Сирия соғысында нақты көрінсе, Украина соғысында барлау және артиллериялық соққы жасаудың бөлінбес бөлшегіне айналды. Бұл тенденцияны аңғарған Орталық Азия елдері де соңғы уақытта дрондарды сатып алуға, өндіруге тырысып бағуда. Орталық Азиядағы Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы шекаралық қақтығыста қырғыз тарапы дрондарды қолданып та үлгерді. Ауғанстандағы билікті тәлібтердің басып алуы да ОА елдерін дрондар санын арттыруға итермелеп отыр.

Қыркүйек айындағы қырғыз тәжік қақтығысында Бішкек соққы жасаушы дрондарды қолданған видеоны жариялады. Бұл Орталық Азияда ұрыс жағдайында алғаш рет дронды қолдану фактісі болатын. Қырғызстан Байрақтар дрондарын 2021 жылы сатып алды. Оған дейін ол Ресейден Орлан-10 және Қытайдан WJ-100 барлаушы дрондарын алған болатын.

Қырғызстанда үш соққы жасаушы дронның бары анықталды. Бұл аз, алайда Тәжікстанмен қақтығыста біршама басымдық беруі мүмкін. Тәжікстан да дрондарды сатып алуға тырысып жатыр. Қыркүйек айында Тәжікстан Түркиядан соққы жасаушы дрондар алатынын мәлімдеген болатын, алайда артынша ол ақпарат жоққа шығарылды. Кейін Душанбе дрондарды алу мақсатында Иранға өтініш жасағаны анықталды.

Иран көктемде Ababil-2 дрондарын құрастыратын зауыт құрылысын Тәжікстан жерінде бастаған болатын. Барлау және камикадзе қызметін атқаратын бұл дрондар технологиялық жағынан ескі саналады. Ал жақын аралықта тәжік билігі АҚШ-тан Puma барлау дрондарын алуы ықтимал. Вашингтон бұл дрондарды тәлібтерді бақылау мақсатында беруі мүмкін. Иран дрондары Украина соғысында кеңінен қолданылуда. Бұл фактіге қарап, Тәжікстанның Тегераннан дрон сатып алу мүмкіндігі мол екенін жоққа шығаруға болмайды.

Алғашқы соққы жасаушы дрондарды Орталық Азияда Қазақстан сатып алды. Қытайдың Wing Loong дрондарын сатып алған Астана, артынша Түркиямен дрон алу бойынша келісім жасады. Қазақстан Түркиядан Anka дрондарын алмақ, сонымен қатар дәл осы дрондарды құрастыру зауыты да Қазақстанда салынып жатыр. Қазақстанда Изариль мен Ресейдің барлау дрондары да бар.

Өзбекстан Орталық Азия елдері бойынша дрон сатып алуға аса мән берер емес. Сарапшылар Ташкентте соққы жасаушы бір ғана дрон бар дегенді айтады. Алайда барлық ақпарат әскери құпия болғандықтан, бұл бұрмаланған ақпарат болуы да мүмкін. Ташкентте ондаған ресейлік барлау дрондары бары белгілі. Түркіменстан жабық есік саясатын ұстанатын ел. Түркімен билігі Байрактар соққы жасаушы дрондарын сатып алған алғашқы ОА елі болды. Ашхабад дронды әскери шеруде көрсетті. Сарапшылар түркімен әскерінде барлаушы және камикадзе дрондарының жеткілікті екенін айтады.

ОА елдері дрондарды сатып алып қана қоймай, өздері өндіруге де тырысуда. Аймақта дрон өндіруден Қазақстан мен Өзбекстан көш бастап тұр. Қазақстан 2021 жылы Шағала барлау дронын сынақтан сәтті өткізді. Ал Өзбекстан 2022 жылы Лашын дронын сынақтан өткізгенін жариялады. Енді міне өзінің барлау дронын Қырғызстан да шығаруға ниетті екенін мәлімдеді. Жақында әлеуметтік желіде СААРА-02 дроны жайлы видео шығып, оны Қырғызстанның дроны деушілер де болды. Ақпаратты қырғыз билігі растамады және жоққа да шығармады. Сарапшылар Қырғызстанның әскери бюджеті аз болғандықтан үлкен жобаларға қаржы бөлу мүмкіндігі де шектеулі екенін айтады.

Ка Мырза

Abai.kz

1 пікір