Сейсенбі, 31 Қаңтар 2023
Әдебиет 1964 0 пікір 25 Қараша, 2022 сағат 13:08

Ызғар ғана сезіледі ақылдан

Бейшара

Өмір қандай, Тәңір өрген өрнектей,
Ауа қандай, мөлдіреген әйнектей!
Ал кеудем ше?
Ісіп кеткен көнектей,
Жүрегім ше,
піспей кепкен дәнектей.

Қанаттарың қағып-қағып жасқанбай,
Зеңгір көкте қалықтаған құс қандай!
Ал кеудем ше?
Шарықтаған аспандай,
Ішім менің?..
Шыңыраудай бос сондай.

Мамырдағы тамылжыған шақ қандай,
Түні қандай!
Жылы, жұмсақ мақпалдай!
Келе жатқан Көктемнен де хабарсыз,
суық санам - азынаған Ақпандай.

Бұлтты жарып, күлімдейтін Күн қандай,
Жел өтінде дірілдейтін гүл қандай.
Орайыма күн түскені - түк емес,
Нұр таратып тұрмаған соң
бұл маңдай!

Шексіз Космос, шетсіз Ғалам зор қандай,
Жұлдыздана құлап жатқан қар қандай!
Бұл ғаламат кеңістіктер алдында,
Төтеп берер қауқарым бар, ал қандай?

Шуақ шашқан, берекелі таң қандай,
Ызың-қуың, мерекелі маң қандай.
Ал жүрегім – шыңылдаған құмыра,
Мәңгіліктің құмдарында қалғандай...

Жылан көркем, жаңалаған терісін,
Дала көркем, аямаған өрісін.
Менен әулие күбірлеген арық тал,
Бетін сипап дұға қылған мен үшін.

Бау-бақшалар аямаған жемісін,
Ғалам жауһар аямаған кенішін.
О, Жасаған!
Бәрін бердің мен үшін,
Ал менде ше?
Бұйым да жоқ Сен үшін,
Сыйым да жоқ Сен үшін...

“Сен тозаңсың!” дейді маған мына жол,
“Сен тамшысың!” дейді маған мына көл.
Менен таза – табанымда тапталған,
Ақ жауынмен ғұсыл алған мына жер.

Менен гөрі ақылдырақ жапырақ,
Құс та ақылды, ұшқан мені бақылап.
Менен гөрі мүбәрак бұл –
топырақ,
Топырақтан биік пе едің, ақымақ?!

Енді кеудем неден өсіп, тасымақ,
Өз денемде кімді жүргем асырап?!
Құмырсқа да - қарап тұрған бір хәкім,
мұрттарынан хикметтері
шашырап.

Онда өзімді жау мен жаттай сынайын,
Өз шыңымнан ғайып шоқтай құлайын.
Көзге ілмесе мені жалған
мына әлем,
Менсіне ме мені Патша Құдайым?!

Ойлап жатсам,
ісім - аз да, сөзім - көп,
Жүрегімді қуырады қазір от.
...бұл райыма қуаныштан желпілдеп,
Ту сыртымда еңкілдеп тұр Қазырет...

Айнаның монологы

Не айтайын мен саған?
Өмір қысқа.
Әр нәрсеге елеңдер көңіл-қасқа.
Адам деген жаураған жетім жұлдыз,
Айналасы толса да бауыр-досқа.

Не айтайын мен саған?
Адам-жұлдыз.
Ашылмаса жүрегі – қабарған мұз.
Өмірге келеді оның тәні жалғыз,
Өлімге де барады жаны жалғыз.

Не айтайын мен саған?
Адам ғапыл.
Қаза болған парыздар санамда тұр.
Арпалысып,
алқынып жүрген шақта,
Іліп кетер қара құс,
Қара да тұр.

Не айтайын мен саған?
Нөсер ойда:
Кезек келсе, алаңдап көшем қайда?
Ажал жоққа сендірмек тәнім-тажал,
Әкем қайда, ал онда?
Шешем қайда?

Не айтайын мен саған?

Алаңдама.
Жүрек – дана, ақымақ – санаң ғана.
Өзің ғана сынайтын - Адам ғана,
Өзгелерді сынайтын надан ғана.

Не айтайын мен саған,
жұмырбастым?
Өмірдің сазын кештім, құмын бастым.
Құдайдың ақ нұрынан басқасына,
Жүректі қанша тоссам, жылынбаспын.

Не айтайын мен саған?
Болашақта,
Кеудеңдегі тостақты аман сақта.
Сол тостақты толтырсаң – Махаббатқа,
Санаң өзі толады Парасатқа.
Не айтайын мен саған,
жаным, бауыр?
Адамның жаны дертті, тәні ауыр.
Тыншымаса ілімнен рух пен жүрек,
Басылмайды ішіңде қалың дауыл.

Не айтайын мен саған?
Ойдан қашпа.
Жүрегіңмен бірақта майдандаспа.
Жүгір сосын жаратып, сені сүйген -
жан-жағыңнан құшағын жайған Досқа.

Не айтайын мен саған?
Майда баспа.
Ішің басқа,
Жүз бөлек,
айна басқа.
Тәңір - сұлу болған соң,
өмір - сұлу,
Саған неге сұлу боп жайнамасқа?!..

АРЫЛУ

Үнсіз.
Ұзақ.
Қараймын Айға мынау,
Мақсатым жоқ Күнге де,
Айға да ұнау.
Менің барлық мұратым -
Жаратқанға
апаратын соқпақта тайғанамау.

Маған бақыт -
бұл жолмен жорғаласам,
Ерсем болды Жүрек пен Жанға масаң.
Адастырар айырықтар бұйым емес,
Өзімді-өзім бұрмалап алдамасам.

Маңызды емес шаһарлар Қағанымен,
Тартысу да маңызсыз жағалымен.
Бұл жолдағы ең үлкен ғибадатым -
Жәндік мыжып кетпесем табаныммен.

Басты жауым - мен өзім,
шын ұқтым мен,
Содан көзім буалдыр, сынық кеудем.
Өз өзімді сындырсам - жеңісім сол,
Сындырмасам болғаны шыбықты мен.

Маңызды емес және де ой кешкенім,
Біреуменен “гөй-гөйлеп”, “қой” дескенім.
Қыбырлаған тірліктен маңыздырақ -
Сыбырлаған шөппенен сөйлескенім.

Маңызды емес біреумен белдескенім,
Мақтан іздеп, ортада құр бөскенім.
Ырылдаған даусымнан маңыздырақ,
Шырылдаған құспенен тілдескенім.

Енді мәлім жер бетін құр басқаным,
Бақылаумен төбемде тұрды Аспаным.
Шырқыраған ойлардан маңыздырақ -
Бұрқыраған бұлтпенен сырласқаным.

Жеті бояу шашырап қылышынан,
Көктем келсе Ғарыштың бір ұшынан.
Сонда менің аңқиған ауызымнан,
Қоя берсе дұға аңқып тынысымнан.

Тұрған шақта іште - үміт,
қолда - амалым,
Дұғаларым - құсни хат жолдағаным,
Менің басты қағидам -
қалқып тұрған,
дүниені ренжітіп алмағаным.

Тылсымданып, жайнаған гүл алам ба,
Һәм білмеймін ойнаған нұр алам ба?!.
Бұл олжадан бірақ та абзалырақ -
Еш қиянат жасамау тірі адамға.

Жүрек жасын көлдетіп тегі судай,
Жылап көктен сұраймын нені ұдай.
Жалбыраған кейпімде жалғыз үрей:
Жақтырмай қалмаса екен мені Құдай!

Содан енді сөзден қалып, ойдан қалып,
Өзіммен соғысатын майдан қалып.
Отырғанда шақырды мені жолға,
Көз ұшында жарқ етіп, тайған жарық…

Үнсіз.
Ұзақ.
Қараймын алға мынау,
Мен енді мүсәпір жан болғаным-ау.
Жаһанкез жүрегімді қолыма ұстап,
Құдайды іздеп түстім ғой жолға мынау.

Жұлмаласын жұрт мені, әрі-бері,
Ғайбаттаса мейлі енді, бәрі мені.
Мен Алламды сүйетін жолға шықтым,
Ал Аллам сүйе ме екен әлі мені?..

xxx

Қала, сен бе күрсінген?.. үйлерің бе?
Бір тылсым бар көлеңке билерінде...
Түйсігімде боздайды қобыздар – мың,
Абыздардың тарта алмас күйлеріндей...

Дала, сен бе жылаған?.. жусаның ба?
Кім билеп жүр төсіңде, қу сағым ба?
Анау ару Анам ба,
теріс қарап,
Кімді қысып барады құшағында?..

Аспан, сен бе жөтелген?.. бұлттарың ба?
Мұз қатып тұр неліктен мұрттарында?
Анау жігіт Әкем бе,
басын шайқап,
Қабақ шытқан арақтан ұрттарымда?!

Жаным, сен бе сөйлеген?
Тәңірім бе?
Қырық құбылған алаң бар көңілімде...
Анау бала – өзім бе – жаутаңкөзді,
Жылылықты сезбеген өмірінде?..

Дәуренімді өшірген алақайлы,
Талай сұмдық көрсем де талапайлы,
Мен әлемді кешірем.
Бірақ қалай
жұбатамын іштегі балақайды?..

Кім?

Дүниеге қарадым,
Қарадым да ойландым:
Мен бе ойлаған ол жайлы?
Кім ойлаған ол жайлы?!
Гүл жайқалған дала жайлы,
Жол жайлы,
Жоқ туралы, бар жайлы?!
Шуақ жайлы, қар жайлы?!
Нәпсі жайлы, Ар жайлы?!
Сан құбылған
сезімдерді сездірген,
Бір нүктеде шексіздікті кездірген,
Көрсететін күндіз - Күнді, түнде - Айды,
Кім ұшырар көздерімнен желге ойды?!
Кім, кім, кім маған мұғжизаның барлығын,
Көрсетуге қолын ылғи бұлғайды?
Білесіз бе, ол жайлы?!
Аз дүние мен мол жайлы,
Аяқ пенен қол жайлы,
Қуаныш пен сор жайлы
Ауқым менен тар жайлы,
Төртбұрыш пен шар жайлы,
Бәрін-бәрін сәт сайын,
Сансыз-шексіз ойларды да былайғы,
Мен бе ойлайтын?!
...Мен бе мұның бәрін ойлап тауып шығарған,
Сен бе мұның бәрін ойлап тауып шығарған?
Мен бе білген сен жайлы,
Сен бе білген мен жайлы?
Осы сауал екеумізді қинайды.
Мен бе патша, уәзір кім?!
Сен бе патша, уәзір кім?!
Бұл сұрақты қойып отыр қазір кім?
Ол патша әлде, мен уәзір?!
Ол ойнаушы, мен көзір?
Мен ойыншы, ол көзір?
Мен білмейтін сезімдерден босатып,
Көздерімнен жас атып,
Кім ішімде өз-өзінен жылайды?
Оған жылаған ұнайды,
Әлде менің жылағаным ұнайды?
Кім басқарып отыр менің еркімді,
Кім келтірген күлкімді?!
Ажырататын түстерді де мың түрлі,
Дыбыстарды мың түрлі,
Иістер мен дәмді маған сездірген,
Құбыжықтық құбылыстардан бездірген,
Кедейлік пен байлықты
Ажыратқан қай мықты?!
Кім ұнатқан мөлдір су мен шырайды,
Осы тектес сауалдарға қаншама,
Жауаптарды кім тағы да сұрайды?
Өз тағдырым қайда қалды апыр-ау,
Бар болмысты ойға малды мына кеш,
Кім мұндайға шыдайды?
Өз ойына ешқашанда тоймайтын,
Ми деп айтты бұның бәрін ойлайтын,
Және өзі сені бақылап сынайды,
...Егер бәрін ойлап тұрса құдырет-ми,
Онда ішімде кім ойлайды Құдайды?!..

xxx

Түнек басып тұрғанмен, көңілде нұр,
Аспан жақтан жарқырап төгілген гүл.
Жасыл қанат түстегі періштелер,
Жанарынан түн тамып өңімде жүр.

Кәрі саусақ ауаға сызып өлең,
Әр әріптен созады, үзіп әуен.
Кеше ғана бұлыңғыр дүниеден,
Жаратылып жатқандай қызық әлем.

Әлем іште, мен оның ішіндемін,
Сыртымда күш, мен оның күшіндемін.
Сәттер – менің болмысым, сәттер ғана,
Сәттер – менің өмірім, түсінгенім.

Жоғалттым ба есімді, жия алдым ба,
Сүймедім бе өзімді, сүйе алдым ба?
Сұрағанды беріпті маған Тәңір,
Өзгешелеу болғанмен қиялымда.

Кейде сол сәт, ал, кейде кідіретін,
О, Жаратқан, сан қырлы құдыретің!
Жолдарыңды аңғармай қалай тұрмын,
Жүрегімнен Өзіңе жүгіретін!

Алып жатыр қарашы, дала тыныс,
Ей, періште жүзіңді қаратып ұш!
Күлкісі де гүлдердің таныс, таныс,
Түр-түсі де тым таныс жаратылыс...

Мен жаралғам Шебердің әмірінен,
Мені сүйген ең мінсіз көңілінен.
Тұрмайды екен, дариға, нағыз өмір,
Түңілуден,
бүлінуден,
шегінуден...

БАҚЫЛАУ

Қасымда жоқ сырласатын ешкімім,
Мен отырмын өзді-өзіммен қату боп.
Су бетінде әлем жатыр бес жұлым,
Жаратқанның жырым-жырым хаты боп.

Алтыншысы солтүстікте мұздана,
Ақ аюға мекен болған кеңістік...
Өткен күндер шұғыласында – түз-дала...
Жерұйықпен оңтүстікте табыстық.

Ал, ауылым ғарыштан да мұнартып,
Сағыныштың ширатады түтінін.
Ләйліген жұрт...
Ондай дудан мұң артық,
Тұрмыс артық, шапан киген жұпыны.

Жұлдыздар жоқ, көрінбейді ешбірі,
Жымыңымен қытықтайтын жұлынды.
Жоқтау айтып, мені іздеуші кешқұрым,
Өлең ғана екендігі білінді.

Таңғы арай да – қызыл қораз, шақырған,
Көк аспанда дөңгеленер бақыр-күн.
Ызғар ғана сезіледі ақылдан,
Түк жаза алмай отырмын...

xxx

Сені ешкімге бермеймін!
Сұрамасын!
Сұрамасын, жанымның мұнарасын!
Маған сені Тәңірдің өзі берген,
Пейіште періштелер жылағасын!

Мен сені көкте Күнге қызғанамын!
Сезіле ме жүректің мұздағаны!
Мына опасыз дүниеде күнәсі жоқ,
Тәңірдің сүйіктісі біз ғанамыз!

Мен сені сүюден жалықпаймын,
Қанатсыз - ақ қасыңда қалықтаймын!
Сен қасымда болғанда жұмақтаймын,
Сен жоғалсаң, алаулы тұмақтаймын!

Мен сені сағынудан азап шегем,
Азап шегем...
Бұл азап ғажап неге?!
Кеудемдегі жалынмен салыстырсаң.
Аяз болып көрінер тозақ деген!

Біреу менің көзімнен байқар күзді...
Мен сені ұмытуға қауқапсызбын!
Имандылық заңдарын бұзған бұлар,
Жүзі күйген пенде деп айтар бізді...!

Айта берсін!
Құлағыма ол сөзді іле алмаймын,
Себебі мен сезімсіз жүре алмаймын.
Өзгелерсіз күн кешсем, өкінбеймін,
Ал, өзіңсіз өмірді сүре алмаймын!

Дәруіш

Алтын торда рух жылап, талай түнде жан ұлып,
Қоймаған соң, иыққа қара түнді жамылып,
Жолға шықтым табуға жаратылыс Иесін,
Күдігім бар таппауға, табуға да бар үміт.

Жұлдыз шаша иыққа қара түнді жамылып,
Жолға шықтым алақтап,
көңіл-күймен қамырық.
Шексіздікке алдағы…
Бар тынысым тарылып…
Жол басында бозарып,
қар-а-а-п тұрмын аңырып…

Одан басқа санамда болмақ емес ой басқа,
Оның аты тұрады қарай қалсам қай тасқа.
Ойнақтаған қозы-лақ маңырайды Ол жайлы,
Кісінейді шұрқырап құлыншақтар айқасқа.

Хош әуез бен мың түрлі бояу шашып керемет,
Жүрегіме құпия ілім бүркіп, шегелеп.
Қанатынан көкшіл нұр,
нәзік шашып, себелеп:
“Ізде Оны, табасың!” дейді ғашық көбелек.

Үмітсіздік шөліне жаңбыр төгіп сіркіреп,
Үмітсіздік Көгінде бұлт аунаса дүркіреп.
“Ізде Оны, табасың!” дейді маған бір Дауыс,
Кемпірқосақ дыбыспен көкжиектен күркіреп.

Өкінішсіз қайтарып мырзалардың сыйлығын,
Іздеп шыққан бейбақпын тағдыр жазған бұйрығын.
“Ізде Оны, табасың!” дейді маған тарғыл ит,
Түсіп алып алдыма, бұлғаңдатып құйрығын.

Бүркеніп ап қашамын, тоңдырғанда түнгі ызғар,
Кілем болып төселіп, жылтыңдасын жұлдыздар.
Мен сыртымен қашамын дүниеауи заттардың,
Менің арда қоғамым - мендей пақыр жалғыздар.

Тек қолымда Аспаннан қалқып түскен хатым бар,
Тек кеудемде тот басқан
солқ-солқ еткен затым бар.
“Ізде Оны, табасың!” дейді маған көрінбей,
Маңайымда аунаған
сиқырлы бір сызықтар,
жалт-жұлт еткен
атомдар.

Асатаяқ ұстаған қарысады, сезем қол…
Жеткізбеуге мені Оған алысады кезеңдер.
“Сенен бұрын жетемін!” деп жүйткиді ала жел,
Менен бұрын жетуге жарысады өзендер!

О, құдырет бұл қандай, асығатын бәрі Оған?!
Жүрегінде арнайтын ғашық отын бәрі Оған?!
Күнәларын бүркелеп, жасыратын бәрі Одан,
Амалымен еркелеп тасынатын бәрі Оған?!

Жанымды емдер Жалғызым, қайда тұрсың жасырын?!
Жауһарыңа тек Сенің асығамын Асылым!
Дидарыңнан ең Ұлық жамыраса жасыл нұр,
Жамалыңа арбалып, қатып тұрсам, Ғашығым!

Бағдары жоқ, бағытсыз салпақтаумен келемін,
Қай қиырдан көрем деп жалтақтаумен келемін,
Күннен күнге іш толып, сарқыраумен келемін,
Қара түнде шам болып, жарқыраумен келемін!

Тау мен тасты сипалап, күйін кешіп соқырдың,
Боз даланы шиырлап, сансыз соқпақ тоқыдым…
Енді міне, әл құрып…
Жол шетінде отырмын,
Сапарымнан түңіліп, шарасыздан аһ ұрдым…
Маған тіпті қалтамнан қиқым алып шоқу - мұң…

...“Іштен ізде Мені сен!” деген ғайып жазуды,
Құлап бара жатқанда гүл бетінен оқыдым!..

Ақберен Елгезек
Abai.kz
0 пікір

Үздік материалдар

Анық-қанығы

Жақиянов: Маған ашық жала жабуға кірісті...

Ғалымжан Жақиянов 3244
Адасқандар

Мобилизация: Келімсектердің сенері - «дядя Вова!»

Жайберген Болатов 2298
Айқай

Елде ұлттық идеология өте әлсіз...

Бейсенғазы Ұлықбек 1962