Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 3110 25 пікір 25 Қараша, 2022 сағат 12:49

Жақиянов пен Назарбаева күш біріктіре ме?

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы саясаттан өз еркімен кеткені бар, билік күштеп кетіргендері бар, көптеген экс-саяси белсенділердің қайта бас көтеруіне жол ашты. Әр қайсысы хал-қадірінше жиі сұхбат беріп, ел алдына шығып, ұйым құрып, саясаттың көрігін қыздырып жатыр.

Олардың қатарында бизнес пен биліктегі әріптестігін «Қаражыра көмір кенін» бірге игеруден бастаған Қажыгелдин мен Жақиянов та бар. Қажыгелдин о бастан президент Тоқаевқа қолдаушы болып келеді. «Тоқаевқа штаттан тыс кеңесші болыпты», «Ұзақ жылдан бері Еуропада тұрып келе жатқан экс-министр жемқорлардың шетелге жасырған байлықтарын елге қайтаруға көмек қолын созып жүріпті» деген ақпараттар шыққан.

Ал Жақияновтың ұстанымы басқашалау көрінеді. Жақындағы бір сұқбатында: «Назарбаев кезіндегі шенеуніктің бәрін бір шыбықпен айдауға болмайды. Дариға Назарбаева саясатқа араласып, «супер президенттік жүйеден бас тартып, парламенттік жүйе құрайық» деп бастама көтерсе, қолдауымыз керек», - депті.

Жақияновтың Тоқаевқа көзқарасының төркінін түсіну үшін 2000 жылдардың басындағы саяси атмосфераны еске алуға тура келеді. Жақиянов «Қазақстанның демократиялық таңдауы ұйымын» құрып, сол кезде Үкіметті басқарып отырған Тоқаев Жақиянов жақтастарының әрекетін «киндер сюпризге» балағаны белгілі. Артынан Жақиянов істі болып, абақтыдан бір-ақ шыққан. Дариғаның экс-күйеуі Рахат Әлиев бизнес пен саяси элитаға тізесін батырып, марқұм Алтынбек Сәрсенбаев үлкен қызбен соттасқан. Сондай саяси текетірестердің бел ортасында жүрген Жақияновтың таразыны тең ұстаймын десе де, біреуіне басымдық беремін десе де, еркі өзінде.

Дариға Назарбаеваның кезінде не мақсатпен «Асар партиясын» құрғаны да, қайтадан «Нұр Отанға» қосылғаны да жұрттан құпия күйде қалды.

«Қаңтар оқиғасынан» кейін көп көзіне мүлде көрінбей, өз еркімен мандатын тапсырғаны ғана айтылды. Әзірге дейін із-дерегі жоқ. Жұрт алдында айтқан бастамалары, «Қазақстандықтарға төртінші тіл ретінде қытай тілін үйренуге кеңес беруі» де, көп балалы аналарға «мен саған бала тап дегем жоқ, қалай тусаң, солай асыра» деген мағынада айтқан сыни сөздері көптің көңілінен шыққан жоқ.

Демократияшылдар серкесі деген мақтаулы атағы бар Жақияновтың экс-президенттің қызының саясат пен бизнесте жетістікке қалай жеткенін бізден гөрі жақсы білсе де, одан демократиялық саяси бастама, тың идея күткені бізге түсініксіз.

Алдағы көктемде елде Парламент сайлауы өтетіні белгілі. Кезінде Жақияновтар демократияның көрігін қыздырып жүргенде марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың жанында жүрген Айдос Сарым жақындағы бір сұқбатында: «Қазақстанда партия құру үшін кем дегенде 5 миллион долларың болу керек», - деп ағынан жарылған. Ондай қаржы экс-президент кезінде байыған бизнесмендер мен шенеуніктерде болмаса, интернет дәуірінде саяси белсенділігі оянған жаңа буында жоқ екені ақиқат.

Қазіргі күнде «Байтақ» бастаған үш партияның алдын ала тіркеуден өткені мәлім болды. «Намыс париясының» жетекшісі Санжар Боқаевтың кезінде «Асарлатып» жүрген жігіт екені белгілі. Жақияанов та соны меңзеген сияқты.

Қорыта айтқанда, жақында өткен Президент сайлауына енжарлық танытқан экс-демократпен экс-президенттің қызының алдағы Парламент сайлауына байланысты ұстанымдары тоғысып, ортақ тіл табысып қалатын түрі бар.

Abai.kz

25 пікір