Жұма, 19 Сәуір 2024
Ақмылтық 3229 27 пікір 25 Қараша, 2022 сағат 12:38

Имекеңнің жаңа қызметі һәм ҰҚШҰ

Горбачевтың «перестройкасынан» кейін, Кеңес одағының құлауына небәрі төрт-бес жыл уақыт жеткілікті болды. Бірақ, арада отыз жыл өтсе де бұрынғы Кеңес одағы құрамында болған елдердің демократиялық қоғам құру талпынысы кешеуілдеумен келеді.

Арасында зор бодау беріп, ол мақсатқа жеткендері де бар. Орта Азияда қырғыз ағайындарды мысал ретінде атауға болады. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде демократиялы саяси жүйенің қалай жұмыс істейтініне куә болдық. Қырғыз бауырлар ҰҚШҰ аясында елімізге әскер жіберуге қарсылық танытты. Депутаттары Қарулы Күштер қолбасшысын Парламетке шақырып, бейбітшілік мақсатта ғана баруға, бір оқ атпауға уәдесін алғаннан кейін ғана, келісімін берді.

Бізде билік үйреншікті тәсіліне көшіп, елдің бетке ұстар азаматтарын алдыға шығарды. Тоқтар Әубәкіров: «Бұзақылар ұландарымызды қойша бауыздап жатыр, сол үшін ҰҚШҰ-ның әскерін кіргізуіміз керек», - деп бастама көтерді. Мұндай әскери ұйымның бар екенін жұрт сол кезден бастап жақыннан тани бастады. Кезінде Шығыс Еуропадағы халықтық толқуларды танкімен жаныштаған «Варшава шарты ұйымының» орынын басқан, Ресей ықпалындағы сол ұйымның мұрнағы күні саммиті өтті.

Жиын иесі Армения басшысы Пашинян: «Арменияның ҰҚШҰ-ға төрағалығы аяқталып келеді. Бұл кезең оқиғаларға толы болды: Біз Ұжымдық қауіпсіздік шартына қол қоюға 30 жыл толуын, ҰҚШҰ құрылғанына 20 жыл толуын тойладық. Бірақ көңіл-күйіміз мерейтойдағыдай емес. Кейінгі екі жылда ҰҚШҰ мүшесі Армения кемінде үш рет Әзербайжан «басқыншылығына» тап болды. Әлі күнге дейін осы оқиғаға байланысты ҰҚШҰ-ның реакциясы жөнінде ортақ шешімге келе алмадық. Бұл ҰҚШҰ-ның беделіне орасан нұқсан келтіреді», - деді. ҰҚШҰ-ның Әзербайжан мен Армения қақтығысы ғана емес, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қарулы қақтығыста да қауқарын көрсеткен жоқ. Путин бар болғаны шекара дауына байланысты тараптарға құпия құжаттарды беретінін айтумен ғана шектелді. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы да ҰҚШҰ-ның мүше елдердің іргесін бекітумен емес, авторитарлық режимнің өмірін ұзартуға мүдделі екенін көрсетті.

Самиттың жаңалығы мүше елдердің бір-біріне өкпе-назын айтудан ғана тұрған жоқ. Жақында ғана өткен Президент сайлауында Тоқаевты қолдауға шақырып, халыққа үндеу тастаған Тасмағанбетовтің әскери ұйымның бас хатшылығына тағайындалуы жұртты елең еткізді.

Тасмағанбетов жаңа жылдан бастап лауазымына ресми кіріспек екен. Кезінде ешқандай әскери өтілі жоқ Тасмағанбетов Қазақстанның Қорғаныс министрі болып тағайындалғанда көпшілік бір елең еткен. Кейін Ресейде елші болды. 2019 жылы зейнетке шықты. Сонымен саяси мансабы аяқталғандай көрінген.

Қазақ қоғамында Тасмағанбетовтің күлтегін ескерткішін алдырған, зиялыларға қолдау көрсеткен ұлтшыл шенеунік ретінде образы қалыптасқан. Баяғыда комсомолдардың 100 жылдық мерейтойына барғаны, өзін Назарбаевтың «өнімімін» дегені есте. Енді міне, атышулы әскери ұйымның бас хатшылығына тағайындалып отыр. Оның алдында Ресейдің үлкен компаниясының құрылтайшыларының тізіміне енгені айтылған. Орысқа тілі мен кіндігі байланған жоғары лауазым иелерін айтпағанда, мақтаулы Тасмағанбетовтің де елшілік қызметте болғалы бері орыстың саяси, бизнес элитасымен әбден іштесіп кеткеніне тағы да көз жеткізгендейміз.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

27 пікір