Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 2355 16 пікір 24 Қараша, 2022 сағат 14:30

Сарапшы: "Путин ҰҚШҰ-дағы абыройынан айырылды"

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты. Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның төрағалығымен өткен саммитке Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон келген.

Армения жұрты Ресей президенті Путинді жылы қабақпен қарсы алмады. Жүздеген армян мен ресейлік иммигранттар Ереван орталығында «Путин – қанішер», «Соғыс болмасын» деген ұрандар жазылған платкаттармен көшеге шықты. Олар Путиннің елге келуіне қарсылық танытып, екі күндік наразылыққа шыққан.

Орталық Азиядағы постсоветтік елдер мен Таяу Шығыс, Кавказ елдерін әлі де уысынан шығармай, билеп-төстегісі келетін Ресейдің Украинадағы жеңілісі Путинді әлем сахнасынан одан әрі алыстатты. Көптеген армяндар бұрын жақын жақтасы санаған Ресейдің Ереван-Баку кикілжіңінде көмектеспегені үшін айыптайды.

Шеруге шыққан 64 жастағы тұрғын Юрий Татевасян «The Moscow Times» басылымына «Ресей бізді қорғаймыз деп сөз берген, бірақ бәрі керісінше болды. Біз орыс ұлтына қарсы емеспіз, бірақ біз Кремльдің құлы болғымыз келмейді. Біз Арменияның тәуелсіз, демократиялық ел болғанын қалаймыз»,-деп жауап берген.

Путин Украинаға соғыс бастағалы бірнеше рет шетелге сапарға шығып, батыс елдері мен халықаралық ұйымдардың сынына қалған. Ай басында әлемнің 20 жетекші индустриалды елдері бас қосып, Ресейдің соғысын қатаң айыптаған жиынға Путин қатысқан жоқ.

Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері Андрей Колесниковтың айтуынша, Путин Украинада соғыс бастағаны үшін ҰҚШҰ-дағы «қатарының алды болу» статусын жоғалтты, бірақ аймақтың көшбасшылары әлі де Кремльге сақтықпен қарайды.

ҰҚШҰ-ға мүше елдер жиналған жиында Қазақстан президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев жиында Ресей мен Украинаны бітімге келуге шақырды.

«Украина мәселесіне келер болсақ, бейбітшілік формуласын бірлесе қарастыратын уақыт келді деп ойлаймын. Кез келген соғыс бейбіт келіссөзбен аяқталады. Бітімге келудің кез келген мүмкіндігін пайдалану керек. Стамбұлдағы келіссөз раунды үміт сыйлаған еді, бірақ түрлі себептермен келісім іске аспады. Ондаған, жүздеген жылдарға созылатын өкпе-реніштен бауырлас орыс және украин халықтары арасының алшақтауына жол бермеу керек», – деді президент.

Стамбұлда биыл наурыз айында Ресей мен Украина өкілдері арасында келіссөз басталған. Бірақ көп ұзамай келіссөздер тоқтап қалды. Ресей де, Украина да келісімді орындамады деп бір-бірін кінәлады.

Abai.kz

16 пікір