Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
1500 2 пікір 23 Қараша, 2022 сағат 13:16

Ауған майданы жетекшісі Ресеймен келіссөз жүргізуде

"Ому" ауған телеарнасының хабарлауынша, Ауғанстан Ұлттық қарсылық майданының жетекшісі Ахмад Масуд өткен сейсенбіде осы елдің билігімен келіссөз жүргізу үшін Ресейге аттанған.

Телеарна дереккөзінің мәліметінше, кейінгі бірнеше айда Тәжікстанға аймақтың бірқатар елдері мен басқа елдердің дипломаттары келіп, Душанбеде Ахмад Масудпен кездескен, онымен Ауғанстандағы жағдайды талқылаған. Ахмад Масуд қазір Тәжікстанда тұрады, алайда Душанбе билігі бұл мәліметті ешқашан растаған емес, деп айтылды телеарна репортажында.

"Ому" мәліметінше, Катардың ауған мәселесі жөніндегі арнайы өкілі Мутлак ибн Мәжид әл-Кахтани Тәжікстанда екі рет болған. Телеарна дереккөздері Ахмад Масудтың Үндістан мен Иран өкілдерімен келіссөз жүргізгенін де хабарлады. Мәліметке қарағанда, келіссөздерде Ауғанстанда "жаңа үкімет" құру мәселесі сөз болған.

Былтыр тамызда Ауғанстан билігіне келген "Талибан" қозғалысы Ахмад Масудтың Ресейге сапары туралы әзірге ешқандай мәлімет таратпады.

Бірнеше күн бұрын ғана Мәскеуде Ауғанстан жөніндегі келіссөздердің төртінші жиналысы өткен. Оған Ресей, Үндістан, Қытай, Пәкістан, Иран және Орталық Азия елдерінің өкілдері қатысқан. Бұл жиналысқа "Талибан" қозғалысы шақырылмаған. Жиынға қатысушылар Ауғанстанда "инклюзив үкімет" құру маңызды екенін мәлімдеген.

Соған қарамастан, Ресей әлі күнге дейін тәліптермен қарым-қатынас жасап отыр. Кремль Ауғанстан Ұлттық қарсылық майданын қолдайтыны туралы ешқандай мәлімдеме жасамаған. Дегенмен Ресей 1996-2001 жылдары Ахмад Масудтың әкесі Ахмад Шах Масудтың Солтүстік альянсын қолдап келген. Иран мен Үндістан да "Талибанға" қарсы бұл альянсты жақтаған.

Тәліптер 2021 жылғы 15 тамызда Ауғанстанда билік басына келген соң Ахмад Масуд Панджшер шатқалына бекініп, Ауғанстан Ұлттық қарсылық майданын құрды. Кейінгі айларда Майдан күштері Панджшерде, Андаробта, Каписада, Бағланда және Тахор мен Бадахшан провинцияларының бір бөлігінде тәліптермен ұрыс жүргізді.

 

Abai.kz

2 пікір