Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әлем чемпионаты 2106 1 пікір 23 Қараша, 2022 сағат 12:55

2010 жыл. Тики-така триумфы

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол

Жалғасы: Альпі етегіндегі аула футболы

Жалғасы: Ұлы жаңалықтар уақыты

Жалғасы: Гарринчаның чемпионаты

Жалғасы: Ұрланып-табылған кубок

Жалғасы: 1970 жыл. Қош, «Алтын Нике»!

Жалғасы: 1974 жыл. «Тұтасқан футболдың» тұғыры

Жалғасы: Дер кезiнде құртылған мұрт

Жалғасы: 1982 жыл. Каттеначчо және қарсы шабуыл

Жалғасы: Майталман Марадона және... «Құдайдың қолы»

Жалғасы: Пенальти тебуден жарыс

Жалғасы: 1994 жыл. 24 жыл күткен жеңіс

Жалғасы: 1998 жыл. Жаңа формат – жаңа чемпион 

Жалғасы: 2002 жыл. Футболдың жеңісі

Жалғасы: 2006 жыл. Сақ ойынның салтанаты


XІХ ЧЕМПИОНАТ. 2010 ЖЫЛ. ОҢТҮСТІК АФРИКА

Әлем чемпионы – Испания
Күміс жүлдегер – Голландия
Қола жүлдегер – Германия

Швейцарияның «құрғақ» рекорды

Әлемдік доп додасы тұңғыш рет Африка құрлығында ұйымдастырылды. 2010 жылдың 11 маусымы мен 11 шілде аралығында өткен чемпионат ойындарын Оңтүстік Африка Республикасының 9 қаласы – Йоханнесбург, Блумфонтейн, Дурбан, Кейптаун, Нелспрейт, Полокване, Порт-Элизабет, Претория және Рустенбург қабылдады.

Қазақстан құрамасы еуропалық алтыншы іріктеу тобында ойнап, 6 команданың ішінде 5-орын алды. Футболшыларымыз тек Андорра командасынан ғана басымдық байқатты, ал Англия, Украина, Хорватия, Беларусь құрамаларынан бірде-бір ұпай жырып ала алмады.

Оңтүстік Африкадағы біріншілікте топ жарған Испания – өзге құрлықта чемпион атанған тұңғыш еуропалық команда атанды. Сондай-ақ ол – ең аз гол соққан жеңімпаз (7 ойында 8-ақ гол). Бір қызығы, сол 8 голды үш-ақ футболшы соққан (Вилья – 5, Иньеста – 2, Пуйоль – 1). Сосын Испания-2010 – чемпионатты ұтылып бастаған алғашқы жеңімпаз. Бұрын футбол тарихында мұндай жағдай болмаған еді.

Екі жыл бұрын Еуропа чемпионы атанған испан командасының Оңтүстік Африкада да үздік атанатынына сенімділер аз болған жоқ. Әйтсе де, әлем чемпионатындағы алғашқы ойынында Швейцариядан ұтылып қалған (есеп 0:1) Висенте Дель Боске шәкірттері өз тілеулестерінің жүйкесінде біраз ойнады-ақ. Гол соғатын қауіпті сәттер бойынша да (8:3), қақпаға бағытталған соққы жағынан да (22:8), допқа иелік ету көрсеткіші жөнінен де (73 пайыз!) Испания алда болды, бірақ... гол соға алмады. Пикенің соққысы – бағанаға, Хаби Алонсо тепкен доп – маңдайшаға тиді.

Екінші кездесудің 75-минутында ғана чилилік М.Гонсалестен гол жіберген Швейцария құрамасы – әлем чемпионаттарының рекордын жасады. Өйткені олар 2006 жылғы додада өз қақпаларына бірде-бір доп өткізбеген болатын. Швейцариялықтардың бұл командалық көрсеткіші – 554 минут.

«Қателіктер комедиясы»

«Қақпа» демекші, 2010 жылғы чемпионатта қақпашылар көп қателесті. Ағылшын Р.Грин мен алжирлік Ф.Шауши тіпті бала да ұстайтын допты жіберіп алып, масқараға ұшырады. Қателіктен төрешілер де қашып құтылған жоқ. Мәселен, АҚШ – Словения (2:2) матчында малилік қазы Кулибали америкалық Эдудің таза голын көпе-көрнеу санамай қойды. Керісінше, Кот-д'Ивуармен ойында француз төрешісі Ланнуа бразилиялық Луис Фабианоның голын есептей салды, шын мәнінде шабуылшы гол соғардан бұрын допты алдына қолымен икемдеп алған еді.

Бірақ мұның бәрі 1/8 финалдағы сорақылықтармен салыстырғанда баланың ойыншығы іспетті боп қалды. Германия – Англия (4:1) ойынында уругвайлық қазы Ларрионда ағылшын Лэмпардтың қақпаға кіріп шыққан голын есепке алмады! Телеқайталауда доптың қақпа сызығынан жарты метрдей өтіп кеткені анық көрінді. Мұны көпшілік тіпті бейнекөрініссіз-ақ байқады. Өкінішке қарай, негізгі байқауға тиіс адам көрмей қалды. Ал осы кезеңдегі Аргентина – Мексика (3:1) кездесуінде италиялық төреші Розетти өрескел қателік жіберіп,  аргентиналық Тевестің ап-анық офсайдтан соққан голын есептей салды! Сағы сынып, жігері құм болған мексикалықтар мұндай психологиялық соққыдан ойын біткенше арыла алмай, ұтылып қалды.

Қақпада... шабуылшы Суарес!

Оңтүстік Африка командасы чемпионаттар тарихында топтық кезеңнен өте алмаған алғашқы қожайын болды. Олар Францияны ұтқанымен (2:1), Мексикамен тең түсті (1:1), ал Уругвайдан тіпті тас-талқан боп ұтылды (0:3). Уругвай құрамасы Қара құрлықтың тағы бір тарланбозын жүлдеге қол созым қалғанда сүріндірді. Олардың Ганамен ойыны 120 минутқа созылды. Есеп – 1:1. Сол соңғы секундтарда ганалық Адийяның баспен соққан добын қақпаға кіріп бара жатқан жерінен уругвайлық Суарес қолмен қайтарды – пенальти! Тұңғыш рет африкалық құрама (Гана) жартылай финалға шығуға тамаша мүмкіндік алды. Бірақ шабуылшы Гьянның 11 метрлік нүктеден тепкен добы қақпа маңдайшасын солқ еткізді де қойды. Ойыннан кейінгі пенальи сериясында Уругвай футболшыларының бағы жанды.

Ширек финалдағы Парагвай – Испания (0:1) ойыны да драмаға толы болды. Парагвайлықтар атақты қарсыласымен тайсалмай айқасты. 59-минутта олардың алға шығуы да мүмкін еді, бірақ Кардосоның 11 метрлік нүктеден тепкен добын Касильяс ұстай алды. Арада 3 минут өткенде Парагвайдың қақпасына да пенальти белгіленді. Хаби Алонсо гол соғып еді, төреші «ойыншылардың бірі соққыға дейін айып алаңына еніп кетті» деп, пенальтиді қайта тебуді бұйырды. Алонсоның соққысын бұл жолы қақпашы Вильяр кері қайтарып еді, серпілген допқа бірінші болып Фабрегас жетті, ал парагвайлық қақпашы оны шалып құлатты! Бірақ төрешінің тағы бір пенальти белгілеуге жүрегі дауаламаса керек, ысқырық үнсіз қалды.

83-минутта Иньеста екі қарсыласын алдап өтіп, оң жақтағы Педроға тастаған жасырын пасы арқылы тағы екі парагвайлықты сан соқтырды. Айып алаңына еркін енген Педро қақпаның тура оң жақ бағанасын солқ еткізді. Кері ұшқан доп Вильяға дәл келіп еді, оның соққысы алдымен сол жақ бағанаға, сосын қайтадан оң бағанаға тиді де, торға түсті – 1:0. «Бағаналар да футбол ойнағысы кеп кетті-ау деймін» деп әзілдеді ойыннан соң Вилья.

Алаңда – бір емес, бірнеше Месси

Жартылай финалда Испанияның қарсыласы – жолында кездескеннің бәрін кескен теректей сұлатып келе жатқан Германия болды. Плей-офф кезеңінде немістер әуелі Англияны (4:1), сосын Аргентинаны (4:0) шашып тастады. Ал испандықтар қарсыластарын тек бір доп айырмашылығымен ғана жеңді. Сондықтан көпшілік бұл жұптың фавориті – Германия деп білді. Алайда неміс бапкері Йоахим Лев: «Рас, біз Месси бастаған аргентиналықтардан айқын басым түстік. Бірақ Испания – мүлде басқаша ойнайтын команда. Әсіресе қорғанысы мен ортаңғы шебі өте күшті. Оларда бір емес, бірнеше Месси қатар ойнайтын сияқты әсер қалдырады» ,– деді.

Шынында да, испандықтар Й.Лев жігіттеріне доп бермей қойды. Немістер, неге екені белгісіз, қарсыласынан тым сескеніп ойнады. Олардың гол соғатын екі-ақ мүмкіндігі болды, екеуінде де Касильяс қырағылық танытты. Ал В.Дель Боске шәкірттері қарсы қақпа алдында 6 бірдей қауіпті жағдай туындатты. Соның бірін – Хави орындаған бұрыштаманы – қорғаушы Пуйоль керемет пайдаланып, баспен дәл соқты – 1:0! Допты бір-біріне тез және дәл бере отырып, лезде қақпа алдынан бір-ақ шығатын испан тики-такасына қарсы немістер ештеңе жасай алмады.

Чемпионды сегізаяқ дәл болжады

Финал өте тартысты және тым дөрекі өтті. Төреші Уэбб 13 сары қағаз көрсетті, голландиялық Хейтинганы тіпті алаңнан қуып шықты. Испанияның да, Голландияның да гол соғатын талай мүмкіндігі болды, бірақ соққыларға не дәлдік жетіспеді, не қақпашылар қырағылық танытты. Екінші таймда испандықтардың түгел алға кеткенін сәтті пайдаланып, Снейдер тамаша пастарымен екі рет Роббенді Касильяспен жекпе-жек шығарып еді, қақпашы шеберлігімен көзге түсті. Ал қосымша уақытта көбіне допсыз жүгіріп сілесі қатқан голландықтар шаршай бастады да, ақыры Иньеста жеңіс добын соқты.

Германияның Оберхаузен шаһарындағы Пауль есімді сегізаяқ неміс командасының бүкіл ойындарының нәтижелерін алдын ала дәл болжап отырды. «Айтқаны» айдай келе берген соң, жергілікті футбол әуесқойлары жәндікті кәдімгідей пір тұтып, бүкіл әлемге әйгілі етті. Бірақ Пауль де нағыз «тура би» екен, жартылай финалда Германияның испандардан жеңілетінін дөп болжады. Сосын финал нәтижесін де тура тапты.

Испания тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Ол барлық матчта да ойын тізгінін өз қолына алып, бар бақытын шабуылдан іздеді. Испан футболшыларының алаң ортасындағы бас айналдырар көркем комбинациялары көз жауын алды. Олар тіпті қарсыласына допты өте сирек беріп, көбіне оған өздері иелік етті. Бірақ қарсыластар оларға қарсы үнемі тасқамал қорғаныс тактикасын ұстанғандықтан, испандықтар голды аз соқты. Есесіне, өз қақпасына да өте аз доп жіберді (2). Плей-офф сатысында тіпті бірде-бір доп жіберген жоқ! Бұл да – тамаша жетістік.

ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ

Финалдық турнирге 32 команда қатысты.

64 ойын өткізілді, 145 доп соғылды (орта есеппен 2,26 гол).

«А» ТОБЫ

Оңт.Африка – Мексика – 1:1, Уругвай – Франция – 0:0, Оңт.Африка – Уругвай – 0:3, Франция – Мексика – 0:2, Франция – Оңт.Африка – 1:2, Мексика – Уругвай – 0:1

«В» ТОБЫ

Оңт.Корея – Грекия – 2:0, Аргентина – Нигерия – 1:0, Аргентина – Оңт.Корея – 4:1, Грекия – Нигерия – 2:1, Грекия – Аргентина – 0:2, Нигерия – Оңт.Корея – 2:2

«С» ТОБЫ

Англия – АҚШ – 1:1, Алжир – Словения – 0:1, Словения – АҚШ – 2:2, Англия – Алжир – 0:0, Словения – Англия – 0:1, АҚШ – Алжир – 1:0

«D» ТОБЫ

Сербия – Гана – 0:1, Германия – Австралия – 4:0, Германия – Сербия – 0:1, Гана – Австралия – 1:1, Австралия – Сербия – 2:1, Гана – Германия – 0:1

«Е» ТОБЫ

Голландия – Дания – 2:0, Жапония – Камерун – 1:0, Голландия – Жапония – 1:0, Камерун – Дания – 1:2, Дания – Жапония – 1:3, Камерун – Голландия – 1:2

«Ғ» ТОБЫ

Италия – Парагвай – 1:1, Жаңа Зеландия – Словакия – 1:1, Словакия – Парагвай – 0:2, Италия – Жаңа Зеландия – 1:1, Словакия – Италия – 3:2, Парагвай – Жаңа Зеландия – 0:0

«G» ТОБЫ

Кот-д'Ивуар – Португалия – 0:0, Бразилия – КХДР – 2:1, Бразилия – Кот-д'Ивуар – 3:1, Португалия – КХДР – 7:0, Португалия – Бразилия – 0:0, КХДР – Кот-д'Ивуар – 0:3

«Н» ТОБЫ

Гондурас – Чили – 0:1, Испания – Швейцария – 0:1, Чили – Швейцария – 1:0, Испания – Гондурас – 2:0, Чили – Испания – 1:2, Швейцария – Гондурас – 0:0

1/8 ФИНАЛ

Уругвай – Оңт.Корея – 2:1, АҚШ – Гана – 1:2 (қосымша уақытта), Германия – Англия – 4:1, Аргентина – Мексика – 3:1, Голландия – Словакия – 2:1, Бразилия – Чили – 3:0, Парагвай – Жапония – 0:0 (пен. 5:3), Испания – Португалия – 1:0

ШИРЕК ФИНАЛ

Голландия – Бразилия – 2:1, Уругвай – Гана – 1:1 (пен. 4:2), Аргентина – Германия – 0:4, Парагвай – Испания – 0:1

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Уругвай – Голландия – 2:3, Германия – Испания – 0:1

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Уругвай – Германия – 2:3

ФИНАЛ

Голландия – Испания – 0:1 (қосымша уақытта)

11 шілде. Йоханнесбург. «Соккер Сити» стадионы. 84 490 көрермен. Төреші Уэбб (Англия).

Голландия: Стекеленбург, ван дер Виль, Хейтинга, Матейсен, ван Бронкхорст (Брафхейд, 105), ван Боммел, де Йонг (ван дер Варт, 99), Снайдер, Кейт (Элиа, 71), Роббен, ван Перси.

Испания: Касильяс, Серхио Рамос, Пике, Пуйоль, Капдевила, Бускетс, Хаби Алонсо (Фабрегас, 87), Хави, Иньеста, Педро (Хесус Навас, 60), Вилья (Торрес, 106).

Гол: Иньеста, 116.

Ескерту алғандар: ван Перси, Пуйоль, ван Боммел, Серхио Рамос, де Йонг, ван Бронкхорст, Хейтинга, Капдевила, Роббен, ван дер Виль, Матейсен, Иньеста, Хави.

109-минутта Хейтинга алаңнан қуылды.

Сұрмергендер: Давид Вилья (Испания), Уэсли Снайдер (Голландия), Томас Мюллер (Германия) және Диего Форлан (Уругвай) – 5 доптан.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

1 пікір