Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңғырық 1414 2 пікір 23 Қараша, 2022 сағат 12:07

Бельгерді білгің келсе...

Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық сені қайтейін...» деген кітабын ұзақ оқыдым. Әсерленіп, рахат күй кештім.

Герольд Бельгерді бәріміз білеміз. Сырттай білеміз, ал «іштей» білеміз бе? «Дос жылатып айтады» эссесі бізді Бельгермен жақындата түсті. Біздің қазіргі зиялыларымыздың басына толық қона қоймаған ұлтжандылық дегеннің не екеніне қанығасың, неміс-қазақты өз-өзіңнен жақсы көріп кетесің. Автор былай дейді: «Біздің бойкүйездігімізге, дарақылығымызға, даңғазашылдығымызға, бейқамдығымызға Герольд Бельгердің қалай жаны ашып, қалай жаны күйзеледі десеңізші. Герағаң өз күнделігінде мынандай бір жайтты баяндайды. Қырық жазушы екшеліп, іріктеліп (оның ішінде Герольд Бельгердің өзі де бар), Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың қабылдауына сұранады. Бұлар Президентке әдебиеттің жағдайын, ұлттық тілдің жағдайын, ұлттың жайын батыл, жасырмай айтамыз деп бәтуаласады. Обалы не керек, мемлекет басшысы да бұларды көп кешіктірмей қабылдай қояды. Сол-ақ екен, ақсақал жазушыларымыз бірінен кейін бірі ел Президентіне көрініп қалу, жағынып қалу мақсатымен көбік сөзді көпіртеді-ай келіп. Сонымен, екі сағат та өте шығады. «Президенттің қабылдауы аяқталып, бәріміз далаға шыққанда ғана мемлекет басшысына ештеңе айтпағанымызды сезіп, біліп, бірімізден-біріміз «қысылып», біріміздің бетімізге біріміз қарауға «ұяла» бастадық», - дейді Г.Бельгер.

Осындай кездесудің бастан өткерген монокөрінісін мен де айтайын. Алматы облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеті редакцияларының ұжымымен облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы кездесу өткізетін болды. Біздің редактор әуелі тек коммунист журналистер барсын деп ұйғарды, бірақ көршіміз түгел баратын болғасын біз де тайлы-таяғымызбен обкомға қарай үдере көштік. Редактор алдын-ала жиналыс жасап: «Кездесуде тыныш отырыңдар, ешқандай сұрақ қою деген болмасын, мен ғана редакция атынан сөйлеймін» деді түсін суытып. Ең соңынан «Бәрің де қара кәстөм-шалбар, ақ көйлек киіп, галстук тағып келіңдер» деп қадап айтты.

Көптен күткен кездесу де басталды. «Огниліктердің» біразы бұтына джинсы киіп, иығына сөмке асынып келіпті. Біз құрылтайға келгендей сұлу-сыпайымыз, «әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» деп отырмыз. Әуелі сөз алған біздің редактор сүйікті Коммунистік партияның табан аудармас сенімді «құлы» екендігімізді тайға таңба басқандай дәлелдеп берсе, «Огни Алатаудың» әйел редакторы қызметкерлерінің аупартком орын бөлмегендіктен КПСС қатарына өте алмай жүргендігін, жас журналистердің тұрғын үйге қол жеткізе алмай қиналып жүргендігін бірінші хатшыға жүйелеп жеткізді. Екі журналисі бірінен кейін бірі орнынан тұрып, бір-бірін қостап, «Біз неге республика көлеміне, тіпті, одақтас республикаларға іссапарға шықпаймыз. Облыстық газет болғанымен, астаналық газетпіз ғой, бүкіл Кеңес одағы жұртшылығымен байналыста болуымыз керек емес пе?» деп, бұл мәселенің де күрмеуін шешті. Сөйтіп, «огнилік» үш журналис үйлі болып, іссапар мәселесін де шешіп қайтты. Сөмкелері иығында, көңілдері тоқ. Біз болсақ, бір-біріміздің түрлі-түсті галстугімізге көз тойғанша қарап, «Обкомды да көрдік!» деп күбірлеп қайттық.

Әмірхан эссесінде ұлтымызға тән осындай кереғар да жұмбақ қасиеттерді Бельгер арқылы жеріне жеткізе талдаған.

Менің көрінісім – өткен ғасырдың 80-жылдары болған оқиға еді.

Қазіргі көріністер қалай өтіп жүр екен?

Жаңғырған (жаңа емес) Қазақстандағы басқосуларда жаңалық бар ма екен?

Қуандық Түменбай

Abai.kz

2 пікір