Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Қоғам 8674 108 пікір 21 Қараша, 2022 сағат 12:07

Президент сайлауы қалай өтті?

20 қараша елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтті. Кешелі-бері сайлауға түскен кандидаттардың қанша дауыс жинағандары туралы Exit-poll нәтижелері жария болды. «Ашық қоғам» өңірлік зерттеулер халықаралық институты сайлаушылардың келуі 68,7 пайыз деп көрсетті.

Exit-poll нәтижесі мынадай:

Қасым-Жомарт Тоқаев —82,45%;

Бәріне қарсымы – 5,2%;

Жигули Дайрабаев — 3,33%;

Қарақат Әбден — 2,54%;

Мейрам Қажыкен —2,23 %;

Нұрлан Әуесбаев — 2,17%;

Салтанат Тұрсынбекова — 2,08%.

AMANAT партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты жүргізген Еxit poll нәтижесі бойынша сайлаушылардың 85 пайыздан астамы кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берген:

Қасым-Жомарт Тоқаевқа – 85,52 пайыз;

Жигули Дайрабаевқа – 2,67 пайыз;

Қарақат Әбденге – 2,61 пайыз;

Мейрам Қажыкенге – 2,43 пайыз;

Нұрлан Әуесбаевқа – 1,93 пайыз;

Салтанат Тұрсынбековаға - 1,44 пайыз дауыс берілді.

Ал бәріне қарсымын бағанына дауыс бергендердің 3,4 пайызы белгілеген.

«СОЦИС-А» Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» ЖҚ жүргізген Exit poll қорытындысы:

Қасым-Жомарт Тоқаев – 82,02%;

Бәріне қарсымын – 4,22%;

Жигули Дайрабаев – 3,68%;

Қарақат Әбден – 2,84%;

Мейрам Қажыкен - 2,62%;

Нұрлан Әуесбаев – 2,38%;

Салтанат Тұрсынбекова – 2,24 %.

Үш Exit poll-дың нәтижесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс президент сайлауында айқын басымдықпен жеңетінін көрсетіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевты алғашқылардың бірі болып оның қарсыласы Жигули Дайрабаев құттықтады.

«Сайлау науқаны өз мәресіне жетті, алдын ала қорытындысы шықты, халық өз таңдауын жасады. Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтаймын. Ел мүддесі үшін еңбек етеді деп сенемін. Жаңадан сайланған Мемлекет басшысына табыстар тілеймін», - деді Дайрабаев.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Қасым-Жомарт Тоқаевты жеңісімен құттықтады.

«Сізді президент сайлауындағы айқын жеңісіңізбен риясыз көңілмен құттықтаймын! Бұл – мемлекет басшысы ретіндегі беделіңіздің айшықты айғағы, сондай-ақ ауқымды реформаларыңыз бен тың бастамаларыңызға және тәуелсіздік тағдыры таразыға тартылған сын сағатта көрсете білген табанды да шешімтал мінезіңізге, ақыл-парасатыңызға деген халықтың қалтқысыз сенімінің даусыз дәлелі. Алдағы уақытта да баршаның алғыс-ризашылығы мен құрметіне бөлене беруіңізге тілектеспін, – делінген Тұңғыш Президенттің құттықтауында.

Сайлауға дауыс беру елімізде кеше таңғы сағат алтыдан кешкі тоғызға дейін жалғасты. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Қазақстанда дауыс беру құқығы бар 11 827 277 азамат тіркелді. Олар республика аумағында орналасқан 10 101 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ал 53 шет мемлекеттегі 68 учаскеде 12 527 Қазақстан азаматына дауыс беру мүмкіндігі жасалды. Астана уақыты бойынша Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында сайлау учаскелері таңғы сағат 8-де ашылса, Алматы, Астана және Шымкентте 86 учаске таңертеңгі сағат 6-дан бастап жұмыс істеді.  Кезектен тыс президент сайлауы барысын 600-ден астам халықаралық байқаушы қадағалады.

Алматыдағы 6 сайлау учаскесін үш сағатта аралап шыққан «Wikistrat Global Consultancy» аға ғылыми қызметкері, АҚШ-тың тәуелсіз бақылаушылар миссиясының мүшесі Ричард Уильям Вайц Қазақстанда АҚШ-қа қарағанда сайлауға барынша жауапкершілікпен қарайтынын айтты.

«Басты айырмашылықтардың бірі осы болса керек. АҚШ-та сайлауда халқының жартысынан азы дауыс береді. Сондай-ақ АҚШ-та байқаушыларға сайлау учаскелерінің ішінде болуға тыйым салынады, олар оны сырттан бақылайды», - деді ол.

Оның өзінің ешқандай наразылықтарды көрмегенін, үлкенді-кішілі адамдардың сайлау учаскесіне келіп жауыс беріп жатқанын айтты.

Алматы қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін инватакси қызметі ұйымдастырылды. Еліміздің беделді тұлғалары, шенеуніктер мен лауазымды тұлғалар сайлау учаскелеріне келіп, дауыс берді.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин, Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы әкімі Ерболат Досаев, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Халық әртісі Роза Рымбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубай президенттікке үміткерлерге дауыс берді.

Заң бұзушылықтар: «Еркіндік қанатының» ақпары

Сайлау басталғаннан соң, үш сағат өткеннен кейін алғашқы заң бұзушылықтар туралы мәліметтер жария бола бастады. «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры бақылаушыларына қысым көрсетіліп жатқанын әлеуметтік желіде хабарлады.

«Сағат таңғы 10-ның кезінде бақылаушыларымызды учаскелерге кіргізбеген, сайлаушылар мен бюллетеньдердің санын айтпаған, бақылауға мүмкіндік бермеген, учаскелер арасында жүруге тыйым салған, ал Алматыдағы 105-ші учаскеде тіпті дәретханаға шығуға рұқсат бермей жатыр. Астанадағы 375-ші учаскеде біздің бір бақылаушымызды себепсіз шығарып жіберген. Оған біздің мониторинг тобымыз аттанды», - деп жазды қоғамдық қор.

Сондай-ақ «Еркіндік қанатының» хабарлауынша, заң бұзушылықтар Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз, Теміртау, Павлодар, Өскемен қалаларында анықталған.

Заң бұзушылықтар: Жас сайлаушылар лигасының ақпары

Жас сайлаушылар лигасының 16 қаладағы бақылаушылары 25 құқықбұзушылық болғанын хабарлады. Алматыда – 16, Астанада – 6, Өскеменде – 3 заң бұзушылық анықталған. Оның көбісі бақылаушылардың құқығын бұзумен байланысты. Алматыда сайлау комиссиясы мүшесінің қолы қойылмай бюллетеньдер берілген, байқаушылардың жүріп-тұруына шектеу қойған; Астанада байқаушылардың қозғалысын шектеген, фото және бейнетүсірілімге тыйым салған; Өскеменде байқаушыларға сайлаушылар саны туралы ақпаратты бермеген, сайлау комиссиясы тарапынан қысым көрсетілген.

Бас прокуратура ақпары

Бірақ прокуратура сайлауға қатысты ешқандай шағымның түспегенін айтты.

«Сайлау науқаны тыныш өтіп жатыр. Прокурорлар сайлау заңнамасының сақталуын қадағалауда. Әзірге дейін азаматтардың сайлау құқықтарының бұзылуы және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер тіркелмеді. Сондай-ақ, дауыс беру басталған кезден бастап прокуратура органдарына сайлауға байланысты шағымдар түскен жоқ. Әлеуметтік желілерде жекелеген адамдар сайлау учаскелерінде орын алған құқық бұзушылықтар туралы ақпарат таратып жатыр. Бірақ тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталмады»,- деді Бас прокуратураның өкілі Азамат Серғазин.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде Еркіндік Қанаты қоғамдық қоры атынан Қарағандыда прокуратура өкілдері байқаушылардың қызметіне араласқаны туралы ақпарат пайда болды. Бас прокуратура ақпараттың шындыққа жанаспайтынын анықтаған.

Кешкі сағат 8-де Бас прокуратура күні бойғы сайлау процесі барысында тек Астана қаласынан, Ақмола және Ақтөбе облыстарынан 3 шағым келіп түскенін хабарлады.

«Бас прокуратураға келіп түскен өтініш Ішкі істер министрлігіне жолданды, өйткені шағымданушы ұлттық араздықты жария түрде қозғау фактісі бойынша шаралар қабылдауды сұрады. Екінші шағым Ақмола облысының прокуратурасына Көкшетау қаласының тұрғындарынан келіп түсті. Ол жерде дауыс беру тәртібінің бұзылғаны айтылған. Оны қарау Көкшетау қаласының аумақтық сайлау комиссиясына жүктелді. Ақтөбе қаласы Астана ауданының прокуратурасына байқаушыдан тағы бір шағым келіп түсті (сайлау учаскесіндегі дауыс беруге арналған ғимараттан негізсіз шығарып жіберу туралы). Бұл шағым Ақтөбе аумақты сайлау комиссиясына берілді», - деді Бас прокуратура өкілі.

Сондай-ақ соттарға екі арыз-талап түсірілген. Жоғарғы Сотқа кезектен тыс сайлау өткізуге қатысты Алматы қаласының тұрғыны арыз жіберген . Жоғарғы Сот бұл талапты кері қайтарды. Екінші арыз-шағым «Еркіндік Қанаты» ҚҚ өкілі Роман Реймерден келді. Ол Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотынан Астана қаласының №375 учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының бақылаушыны шығарып жіберген әрекетін заңсыз деп тануды сұрады.  Бұл талап қаралуда, әлі шешім қабылданған жоқ.

«Жалпы, сайлау науқаны мен дауыс беру процесінің өзі тыныш өтті. Азаматтардың дауыс беру құқығына кедергі жасау туралы шағымдары мен өтініштері жоқ», - деп қорытындылады Бас прокуратура өкілі.

Наразылыққа шықты

Алматыда полиция тіркелмеген Демократиялық партияның белсенділерін ұстап әкетті. Олар Абай ескерткішінің жанына жиналып, өткізіліп отырған сайлау процесіне қарсылығын білдірді. Сондай-ақ белсенділер саяси реформаларды, жаңа саяси партияларды тіркеуді және партия жетекшісі Жанболат Мамайды ақтауды талап етті. Бірнеше минуттан кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, оларды полиция учаскесіне алып кетті.

«Біз мұны адам құқығын аяққа таптау деп санаймыз. Билік сөз бостандығы мен еркін пікір білдіру құқығын таптап отыр», - деді журналист, белсенді  Инга Иманбай. Кешкі сағат 6-ға қарай тіркелмеген Демократиялық партияның барлық өкілі босатылды.

«Oyan, Qazaqstan» қозғалысының белсенділері де Алматыдағы Тәуелсіздік монументі алдында наразылық акциясын өткізді. Олар «әділ сайлауға жететін күніміз бар ма?» деген жазуы бар үлкен баннер ұстап, ауыздарына «ұрма», «атпа», «оян», «ұрпақ үшін» деген және өзге жазу жапсырған. Құқық қорғау органдары акцияның заңсыз екенін ескертті, кейін полиция ұстап алып кетті.

ОСК мәліметтері

Сағат кешкі20:00-де еліміздің басым өңірлерінде дауыс беру тоқтатылды.

«Жалпы сағат 20-00-дегі жағдай бойынша республиканың 8 282 607 азаматы бюллетень алды. Ол тізімге енгізілен азаматтардың 69,31 пайызын құрайды. Президент сайлауында 8 млн 282 мыңнан астам адам дауыс берді. Дауыс беру учаскелеріне сайлаушылардың келуі туралы келесі ақпарат сағат 22-05-те беріледі», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман.

Бүгін ОСК сайлаудың алдын ала нәтижелерін жариялады.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, қазіргі уақытта ел өңірлері мен шет елдердегі сайлау учаскелерінде дауыстарды санау аяқталды. Кеше күні бойы онлайн режимде өңірлердің жедел деректері негізінде ОСК қазақстандықтардың дауыс беруге қатысуының белгілі бір уақыттағы жағдайын хабарлап отырды. 9 брифинг өтіп, ақпарат шұғыл беріліп отырды.

Осылайша ОСК төрағасының айтуынша, Қ.Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31%-ы дауыс берген. «Бәріне қарсымын» бағанын 460 484 немесе 5,8% сайлаушы таңдаған.

Сонымен бірге, Жигули Дайрабаевқа 271 641 немесе 3,42 пайыз, Қарақат Әбденге 206 мың немесе 2,6 пайыз, Мейрам Қажыкенге 200 907 немесе 2,53 пайыз, Нұрлан Әуесбаевқа 176 116 немесе 2,22 пайыз және Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 немесе 2,12 пайыз дауыс берілген.
Әзірге аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру нәтижелері туралы хаттамалардың электронды көшірмелерін ұсынды.

«Сонымен, нақтыланған сайлаушылар тізімдеріне сай, жалпы сайлаушылар саны 11 млн 953 мың 465 адамды құрады. Оның 8 млн 300 мың 46 адамы немесе 69,44 пайызы дауыс беруге арналған бюллетендерді алды. Дауыс беру күні ҚР Президенттігіне кандидаттардың 11 мыңнан аса сенім білдірген адамдары, шетелдік халықаралық ұйымдардың 641 байқаушысы, саяси партиялардың 15,5 мыңнан аса байқаушысы, қоғамдық бірлестіктерден 30 мыңнан аса байқаушы сайлауды бақылауды жүргізді. Сайлау учаскелерінде 1225 қазақстандық БАҚ өкілдері, 23 елдің 41 шетелдік БАҚ-тың аккредиттелген журналистері ақпарат таратты», - деді Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингіде.

Дайындаған Айжан Темірхан

Abai.kz

108 пікір