Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
46 - сөз 1430 0 пікір 20 Қараша, 2022 сағат 14:13

Тазалық тапсырмасы

Кішкентайымыздан тапсырма орындап өстік. Аға оқуда, інілер ұсақ. Мұғалімнің тапсырмасын кеше кешке орындап, енді тәңертең ертемен анамызбен бірге тұрамыз. Қарала сыйырды қорадан шығарып, астаудағы бұйралаған кебекті алдына қоямыз да шешеміз сыйыр сауғанша қоңыр жорғаны ауыздықсыз жүгендеп қорадан шығарамыз.

Ары қарай жәйдақ мініп, сыйырды өріске айдай шығып, атты суара келеміз де, басына жемдорба іліп, ерттеп, айылын бостау тартып қоямыз.

Мінерде әкеміз айылын қайта тартады.

Сонан соң күрек алып қораға қайта кіреміз. Сыйырдың жатқан жерін күрекпен қырнап алып, таптанды қиға қосып, орнына құрғақ көң саламыз—тазалық.

Бүгінде әке-шешем де, ауылым да өткен шақ үлесінде. Тапсырмамен емес, жүрек қалауымен қозғаласың. Тағы да таңмен тұрып бір құдіреттің, әлде шын жүректің тапсырмасымен барып, қолыма бюллетен алдым. Ол — қағаз. Қағазым таза ма, “шаң-тозаңды” сүртуге келе ме деп қарадым. Саясат санадағы нәрсе ғой. Кірін қайтіп кетіресің?

Күрек алу керек пе еді?

Өткен шақ бүлдірген “ауламызда” қырнап алып тастайтын қоқыс көп. Қоршаусыз аулаға “есек” те, “доңыз” да кіріп кеткен ғой. Бүлдіріп кеткені көрнеу жатыр. Аулаң—Отаның. Кім тазартады? Ол ұшін ең бастысы үйде жатпау керек. Отырмау керек. Тазалыққа деген талпыныс керек.

 

Алмас Ахметбекұлы

Abai.kz

0 пікір