Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 1537 6 пікір 18 Қараша, 2022 сағат 15:01

«Әділетті мемлекет құру» бағдарламасының орындалуын талап етуге қақымыз бар

Елімізде талай президенттік сайлау өтті ғой, менің ерекше есімде қалғаны 2005 жылғы кезектен тыс сайлау еді. Неге десеңіз, алғаш рет президент сайлауында дауыс беру құқына ие болуымнан бөлек, саяси доданы «Түркістан» газетінде ақпараттық тұрғыдан қолдайтын болдық. Содан не керек, екі-үш журналист боп Алматыда дауыс беретін кандидаттардың учаскесіне жиналдық. Сайлауға Н.Назарбаев, Ж.Тұяқбай, А.Байменов, Е.Абылқасымов пен М.Елеусізов қатысқан еді. Біз Алихан Байменов дауыс беріп жатқан учаскеге тарттық. Барсақ, отандық журналистер былай тұрсын, әлемдік ақпарат құралдарының өкілдері өріп жүр. Еуропа, АҚШ дейсіз бе, мынау жаман деп жүрген Ресейдің де белді журналистері келген.

Енді шетелдік БАҚ-тың техникасы, құрал-жабдықтары сұмдық, өздері де топ боп жүреді екен. Бір кезде Алихан аға отбасымен журналистер алдына шықты. Ақпарат алу керек, тіс қаққан журналистер алдына барып тұра қалды, микрофондарын тоса қалды. Біз, бірнеше «түркістандық» шетте тұрмыз. Диктафон алыстан жазбайды, ескі фотоаппаратымыз да ұзақтан түсірмейді. Ақпаратты қазіргідей гуглдан теріп таба алмайсың. Әлеуметтік желі деген Америкада ғана дүрілдеп жатқан шығар. Әркімнің жазғаны өзіне азық дегендей. «Бол, бол, мыналардың арасынан бірдеңе етіп өтіп, не айтқанын жазып ал, суретке түсір» деді әріптес әпкеміз. Содан адамдардың арасынан «кешіріңіз, сорри» деп өттім де журналистік қызметіме кірісіп кеттім. Саясаткерді отбасымен суретке де түсірдік. Айтпақшы, бірде Назарбаев Алматыға сапарлап келгенінде баспасөз хатшыларының бірі біздің ескі фотоаппаратты көріп: «Как ты смеешь фоткать нашего президента такой мыльницей?» дегені есімде. Мен де саспай: «Елдің, редакцияның жағдайы қандай болса, фотоаппараты да сондай болады. Не десеңіз де, суретті қатырып түсіреді» дегенмін. Расында да, бірінші беттен берерлік «тірі сурет» болған.

Тоқсан жасаған марқұм атам саясатты жақсы талдайтын. Сайлау біздің отбасымыз үшін үлкен мереке еді. Бала күнімізде ата-апамызбен, ата-аналарымызбен сайлауға әдемі киініп, жақсы көңіл-күймен баратынбыз. Есейе келе бұл дәстүрді өз отбасымызда жалғастырдық. Балалар сезсін деп оларды да сайлау учаскелеріне апардық. Дауыс беру сияқты конституциялық құқының маңызын түсіндірдік. Әрине, қазір қарап отырсақ, сайлаудың мәні өзгерген сияқты. Бұрынғыдай «кім жеңеді екен» дейтіндей қызық жоқ... Бұрын сайлауға «no name» кандидаттар араласуға ұялатын, саясатта әбден ысылған, саясаттың жілігін шағып, майын ішкен (сүйегін сындырмаған) кандидаттар қатысатын. Қазір әлеуметтік желілердегі көңіл-күйді сараптап көрсем, біреулер қара бұлтты төндіріп, «менің даусым ештеңе шешпейді» деп түңіліп отыр. Тіпті, бес кандидатты мазақ еткен жазбалар да толып кеткен. Байқасам, фб-достарым, әріптестерім, жалпы желі қолданушылардың айтарлықтай бөлігі «Әділетті Қазақстанды қолдаймыз, біздің даусымыз маңызды» деп жазып жатыр. Енді бір бөлігі әлі де ой үстінде. Қалай десек те, сайлауға қатысу жақсы тәжірибе, оң үрдіс қой. Бірақ әрине біз әркімнің жеке таңдауын сыйлауымыз керек.

Жалпы, мынандай алмағайып заманда (Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашуы, көршілес Орталық Азия елдерінің шекарасындағы қақтығыстар, Қытайдың Тайваньға баса көктеп кіру мүмкіндігі, Ауғанстанды «Талибан» қозғалысының басқара бастауы, деструктивті ағымдардың саясатқа араласуы, пандемияның салдары, әлемдік экономикалық дағдарыс, жаһандық жылыну процесінің күрделенуі, климаттың өзгеруі, т.б.) еліміздің территориялық, ұлттық біртұтастығын сақтап, мемлекетшіл рухты көтеру аса маңызды. Қарап отырсаңыздар, кандидаттар ішінде Қ.Тоқаевтан басқа тәжірибелі саяси қайраткер де жоқ. Көріпкел болудың қажеті жоқ, Президент өз қызметінде қалады. Сондықтан нағыз күйіп тұрған экономикалық, әлеуметтік, саяси мәселелердің оңтайлы шешімдерін қамтыған «Әділетті мемлекет құру» бағдарламасының орындалуын талап етуге қақымыз бар.

Әлбетте, бір жылда екі бірдей конституциялық реформа жасау әлі де елдің көкейінде тұрған мәселе. Неге асығыстық жасалды, неге елімізде ылғи кезектен тыс президенттік сайлау өткізу дәстүрі тыйылмай тұр дегендей сауалдар да жоқ емес. Бірақ билік қоғамның өзгергенін біледі. Қаңтар көтерілісінің бір жылдығы қарсаңында қоғам талабы да күшейеді, сауалдарға жауап іздей бастайды. Әрине, 30 жыл тамыры жайылып кеткен жүйені үш жылда өзгерте салу оңай емес. Ескі жүйе сарқыншақтарымен әлі де үлкен күрес күтіп тұр. Жалпы, халықта әлі де үміт бар. Сол үмітті билік өшіріп алмауы керек. Әділетті қоғам құру саясаткерлердің популистік ұрандарына емес, нақты қимыл-әрекеттері, берген уәделерінің орындалуы мен жұмыс нәтижелеріне тікелей байланысты.

 

Кәмшат Тасболат

Abai.kz

6 пікір