Жұма, 26 Сәуір 2024
Әлем чемпионаты 2213 1 пікір 18 Қараша, 2022 сағат 14:08

Майталман Марадона және... «Құдайдың қолы»

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол

Жалғасы: Альпі етегіндегі аула футболы

Жалғасы: Ұлы жаңалықтар уақыты

Жалғасы: Гарринчаның чемпионаты

Жалғасы: Ұрланып-табылған кубок

Жалғасы: 1970 жыл. Қош, «Алтын Нике»!

Жалғасы: 1974 жыл. «Тұтасқан футболдың» тұғыры

Жалғасы: Дер кезiнде құртылған мұрт

Жалғасы: 1982 жыл. Каттеначчо және қарсы шабуыл


XІІІ ЧЕМПИОНАТ. 1986 ЖЫЛ. МЕКСИКА

Әлем чемпионы – Аргентина
Алтындатылған жүлденің иегері – Германия
Күміс жүлдегер – Франция
Қола жүлдегер – Бельгия

Беарзот дәуірінің ақыры

ХІІІ чемпионат... Колумбияда өтуге тиіс еді. Бірақ әлем 1984 жылды қарсы алар шақта экономикалық қиындықтарды себеп еткен аталған ел доп додасын ұйымдастырудан бас тартты! Абырой болғанда, абдырап қалған ФИФА-ны меймандос мексикалықтар құтқарды. Турнирдің басталуына небәрі екі жарым жыл қалса да, жауапкершіліктің ауыр жүгін мойындарына артқан олар жатпай-тұрмай жұмыс істеді. Құдайға шүкір, 1986 жылғы чемпионат ең сәтті ұйымдастырылған доданың бірі ретінде есте қалды.

Турнирдің өткізілу формуласына да өзгеріс енгізілді: төрт-төрттен 6 топқа бөлінген 24 команданың келесі кезеңге 16-сы шықты. Яғни әр топтың екі жеңімпазы мен 3-орын алған алты құраманың үздік көрсеткіштерге ие төртеуі жарысты әрі қарай кубоктық жүйе бойынша жалғастырды.

Әлем чемпионы – Италия құрамасы «А» тобында өнер көрсетті. Бұл доданы мамандар бірден «Беарзот дәуірінің ақыры» деп бағалады. Расында да, 1978 және 1982 жылғы чемпионаттарда жарқырай көзге түскен жасампаз команданың авторы Энцо Беарзот өз карьерасын тәмамдауға таяу еді. Оның үстіне, кезінде ол сенім артқан буын да біртіндеп футбол сахнасынан кете бастаған-ды. Осыдан төрт жыл бұрын алтын алғандардың Мексикаға сегізі келгенімен, олардың тек бесеуі ғана негізгі құрамға ілікті (Ширеа, Кабрини, Конти, Альтобелли және Бергоми). Колловати тек бір ойынға ғана қатысты, ал Росси мен Тарделлиді ардагер жаттықтырушы сол күйі алаңға шығармады.

Бұл жолы Италияның ойыны бұрынғыдай көз жауын ала қойған жоқ. 1982 жылы негізгі сұрмерген Росси болса, бұл жолы ол міндетті Альтобелли өз мойнына алды. Ол 4 доп соқты, бір голын ФИФА «автогол» деп корей қорғаушысы Чо Кван Ренің атына жазды, бұл аз болғандай, осы матчта шабуылшы 11 метрлік айып добын соға алмады. Бұл топтың жеңімпазы – бас бапкер Карлос Билардоның жетекшілігіндегі Аргентина құрамасы болды.

«В» тобында Мексика – Бельгия матчы басталар алдында бір тосын оқиға болды: қызық болғанда, ұйымдастырушылар Бельгияның әнұранын әзірлеуді ұмытып кетіпті! Ойын басталуға санаулы минуттар қалғанда ғана естеріне түсіп, әлдекімді жұмсап жібереді. Алайда ол келем дегенше матч басталатын уақыт та болып қалады. Амал жоқ, екі елдің де әнұрандарын орындатпай-ақ ойынды бастай берейік деп шешкен заматта... стадионға жиналған бельгиялық жанкүйерлер ешқандай сүйемелдеусіз өз мемлекетінің әнұранын шырқай жөнеледі. Олар тоқтаған замат мексикалық жанкүйерлер өз гимнін бастап кетеді. Сөйтіп, футбол әуесқойларының тапқырлығының арқасында ұйымдастырушылар бір масқарадан аман қалады. Бұл топтан келесі кезеңге Мексика, Парагвай және Бельгия командалары шықты.

Әлемді естен тандырған алты гол

Алғашқы айналымдағы ең қызық ойындар «С» тобында өтті. Әлем чемпионатына екі-ақ апта қалғанда осы топтағы КСРО құрамасында оқыс өзгерістер болды. Одақтық спорт комитетінің басшылары Э.Малофеевті орнынан алып, содан он шақты күн ғана бұрын екінші рет Кубок иелерінің кубогын жеңіп алған «Динамо» (Киев) клубының жаттықтырушысы Валерий Лобановскийді бас бапкер етіп тағайындады. Футбол ғұламасы құрамаға 12 киевтік динамошыны, оған қоса «Днепрден» тағы үш ойыншыны шақырды. Яғни 1986 жылғы КСРО құрамасының тізіміндегі 22 футболшының 15-і Украинадан еді. Мәскеулік Дасаевпен, петерборлық Ларионовпен және минскілік Алейниковпен толықтырылған киевтіктер алғашқы турда Венгрия командасын жүндей түтті – 6:0! Бұл бір қақпаға доп жауған күн болды: соғылған голдардан бөлек кеңестік ойыншылар тағы да 6-7 ұрымтал сәтті уыстан шығарып алды! Шетелдік бір басылымның «Венгрлердің ренжитін жөні жоқ, егер есеп 12:0 болса қайтер еді?» деп жазатынындай-ақ бар.

Шыны керек, мұндай нәтижені ешкім күткен жоқ-ты. Себебі, КСРО құрамасы чемпионат алдындағы жолдастық кездесулердің бәрінде қым-қиғаш ұтылып жүрді. Алдыңғы жаттықтырушы Э.Малофеевтің орнынан алынуы да соған байланысты еді. Ал Венгрия болса, керісінше, чемпионаттан екі ай бұрын Бразилияның өзін 3:0 есебімен шашып тастаған болатын. Шамасы, венгрлерді алғашқы 4 минутта соғылған екі гол есеңгіретіп кетті-ау.

Бұдан кейін Лобановскийдің жігіттері сол шақтағы Еуропа чемпионы – Франциямен тең түсті. Командалар алма-кезек шабуылдап, сәт сайын қауіпті жағдай туындатып, жанкүйерлерді риза етті. Даңқты Пеленің өзі «бұл – осы чемпионаттағы ең тамаша ойындардың бірі!» деген баға берді. 54-минутта қорғаушы Ларионов қарсыластың айып алаңына таяп келіп, допты Белановқа жеткізіп еді, шабуылшы допты өзі ұратындай сыңай танытты да, лезде сол қанаттағы Рацқа ысыра салды. Рац тоқтатпастан сол аяқпен соғып жіберді – торға тура тоғыздықтан күмп берген бұл доп чемпионаттағы ең үздік голдардың бірі еді. Алайда француздар сасқан жоқ. Арада 8 минут өткенде Платини тамаша пасымен Фернандесті Дасаевпен жекпе-жек шығарды – 1:1. Қосалқы құраммен Канаданы да ұтқан (2:0) КСРО құрамасы, сөйтіп, өз тобында бірінші орын алды. Доп айырмасы жағынан сәл кемшін түскен француздар екінші тұғырға қонжиды.

Алғашқы минутта-ақ – қызыл карточка!

Қашанда алтын кубоктан басты үміткерлердің бірі саналатын Бразилия алғашқы турда-ақ өліспей-беріспейтін мығым қарсыласқа тап болды. «D» тобының беташар матчында Испания футболшылары әлемнің үш дүркін чемпиондарын өз қақпасына жолатпай қойғанымен қоса, жиі-жиі қарсы шабуылға шығып, оларды қатты састырды. 53-минутта жартылай қорғаушы Мичел тепкен доп маңдайшаға тиіп, жерге түсті: телеқайталауда доптың қақпа сызығынан сәл ішкері түскені анық көрінді. Бірақ ол кезде төрешілердің телевизор қарауға мүмкіндігі жоқ-тын, сондықтан олар мұны байқамады да, голды есептемеді. Меселі қайтып қалған испандықтар соның артынша бразилиялықтардың шабуылына тойтарыс бере алмады: Кареканың сойқан соққысы маңдайшаға сарт етіп соғылып, кері серпілгенде, жақын жерде тұрған Сократес баспен торды дәл көздеді.

Алжирмен және Солтүстік Ирландиямен болған кездесуде бас бапкер Теле Сантананың шәкірттері бірте-бірте бабына ене бастағанын байқатып, топ жеңімпазы атанды. Кейінгі ойында көптен бері жарақаты жазылмай жатқан Зико алаңға шықты. Тап осы күні ирланд қақпашысы Дженнингс тура 41 жасқа толған-ды. Бразилиялықтар туған күн иесін үш доппен «құттықтады». Даңқты қақпашы үшін бұл – ұлттық құрама сапындағы соңғы, 119-ойын еді. Ал екінші орынды Испания алды.

«Е» тобын мамандар әуелден-ақ «өлім тобы» деп атады. О баста осы топтың ең осалы деп есептелген Дания құрамасы финалдық сынға тұңғыш рет қатысып отырғанына қарамастан көрген жанды сүйсінтер көркем ойынымен көзге түсіп, үш қарсыласынан да үстемдігін танытты. Әсіресе Уругвай құрамасы оңбай омақасты (1:6). Бұл – Элькяер мен М.Лаудруптың ортақ бенефисі еді. Алдыңғысы үш доп соқты, кейінгісі қақпаны бір-ақ рет дәл көздегенімен, алты голдың төртеуін өзі ұйымдастырып берді.

12 жылдық үзілістен кейін дүниежүзілік додаға қайта оралған екі дүркін әлем чемпионы – Уругвай өте дөрекі ойынымен күллі футбол әуесқойларын ренжітті. Алғашқы ойында олар неміс футболшыларымен кездесті. 4-минутта Маттеус допты өз қақпашысына тастаймын деп байқамай Альсамендидің алдына салды да берді – 0:1. Осыдан соң ойын түгелдей уругвайлықтардың айып алаңында өтті. Олар батысгерман командасына қарсы тұруға шеберлігі жетпейтінін түсінді ме екен, осы есепті сақтап қалу үшін жанталасып, неше түрлі құйтырқыға барды. Бірақ бәрібір әділдік салтанат құрды: 85-минутта Аллофс таразы басын теңестірді. Дегенмен дөрекілік келесі ойындарда қайта жалғасты: Даниямен кездесуде Боссио алаңнан қуылса, шотландықтармен бәсекеде Батиста матчтың 56-секундында-ақ қызыл карточка алды! Бұл – әлемдік «рекорд». Страчанды оңдырмай омақастырған Батистаны неге бірден қатаң жазалағанын француз төрешісі Ж.Кинью: «Уругвайлықтардың алдыңғы екі турдағы шектен тыс бұзақылығы мені сондай шешім қабылдауға мәжбүр етті», – деп түсіндірді.

«Ғ» тобында жұрттың бәрін айран-асыр етіп Марокко құрамасы жеңімпаз атанды. Бұл – Африка құрлығынан келген командалардың тұңғыш топ жаруы еді. Поляктармен де, ағылшындармен де тең ойнаған марокколықтар үшінші турда Португалияны талқандап тастады (есеп 3:1, даңқты Эйсебионың кезіндегі сенімді серігі Жозе Торреш баптаған пиренейліктер өз голын ойын соңында әрең соқты).

Голға қойылған ескерткіш

Плей-офф кезеңі сенсациямен басталды: тамаша ойынымен бүкіл әлемді тамсандырған КСРО футболшылары... Бельгиядан ұтылып қалды (3:4). Бұл кездесу швед төрешісі Фредрикссонның өрескел қателігімен және Белановтың хет-тригімен жанкүйерлердің жадына мәңгі тоқылды. 78-минутта, кеңес командасы 2:1 есебімен ұтып тұрған сәтте, бельгиялық шабуылшы Кулеманс таза офсайдтан гол соғып, нәтижені теңестіріп кетті. Қапталдағы қазы А.Санчес қолындағы жалаушасын көтергенімен, алаңдағы төреші оған назар аударған жоқ. 55-минуттағы Шифоның голын да офсайдтан соғылды деушілер көп. Бұған қоса телеқайталауда төрешінің 5-минутта бельгиялықтардың қақпасына 11 метрлік белгілеуге тиіс екені анық байқалады: айып алаңының ішінде өзін алдап өте берген Рацты Грюн тобықтан қағып, жалпасынан түсірді. Бірақ төреші ештеңе болмағандай ойынды жалғастыра берді. 118-минутта да бельгиялықтар Белановты өз айып алаңында шалып жықты, алайда ысқырық естілген жоқ.

Тағы бір таң қаларлық нәтиже Дания – Испания кездесуінде тіркелді. Қарсы келгеннің бәрін шыдатпай келе жатқан дат құрамасын қорғанысы мығым испандықтар талқандады (5:1, Бутрагеньо төрт доп соқты). З.Пионтек жігіттерінің бірінші таймдағы қарқынына қарап, оларды дәл осылай масқара боп ұтылады деп ешкім ойлаған жоқ еді. 32-минутта Й.Ольсен 11 метрліктен есеп ашпай тұрып та Дания футболшылары гол соғуға талай рет мүмкіндік алды. Алайда шешуші сәттерде оларға салқынқандылық жетіспеді, оның үстіне бұл күні қақпашы Субисаррета шабыттана ойнап, қос бағана арасында арыстанша арпалысты. Ал үзіліске бірер минут қалғанда 37 жастағы тәжірибелі қорғаушы М.Ольсеннің өз қақпашысына асырам деген добы абайсызда Бутрагеньоға берілген керемет «пас» болып шықты – 1:1. Бұл оқиға дат ойыншыларының өз-өзіне деген сенімділігін сетінетті ме, әйтеуір екінші таймда допты көбіне бұлар алып жүргенімен, голдың бәрін жалт етіп қарсы шабуылға шапшаң шыға қоюдың шебері – испандықтар соқты.

Бразилия – Польша кездесуі қызықты өтті. Рас, 30-дан асқан Бонек пен оның командасы бұл жолы осыдан төрт жыл бұрынғыдай көзге түсе алмады. Поляк жанкүйерлерінің есінде қалар жалғыз көрініс 83-минутта болды: осыған дейін үш әлем чемпионатына қатысып, 20 ойын өткізген қорғаушы Жмуда 21-рет алаңға шығып, бұл көрсеткіш жөнінен неміс Зеелерді қуып жетті. Есесіне, бразилиялықтар әдемі ойнады. Пенальтиді тек өзіне ғана тән ерекше стильде (бір орнында қозғалмай тұрып!) орындайтын Сократес есеп ашты. Екінші таймның басында қорғаушы Жозимар қос қарсыласын алдап өтіп, айып алаңының бұрышынан қиғаштап тұрып қақпаны дәл көздеді. 69-минутта алаңға жарақатынан айыққанымен әлі бабына толық келе қоймаған Зико шықты. Ардагер шабуылшы ойын тізгінін өз қолына алып, Эдиньо мен Кареканың есепті еселей түсуіне септігін тигізді.

Италия чемпиондық атағын сақтап қала алмады. Оларды француздар жолда қалдырды. Іш пыстырарлық сүреңсіз ойында Германия Марокконы 35 метрдей жерден соғылған Маттеус голының арқасында ғана тізе бүктіре алды. Мексика болгарлардан басым түсті. Осы ойында чемпионаттағы ең сұлу голдардың бірі соғылды. 35-минутта әріптесінен пас алған мексикалық Негрете айып алаңының сыртында допты жерге түсірместен жартылай шалқалап қайшылай тепті! Мехикодағы «Ацтека» стадионының алдына кейін осы керемет голды бейнелеген ескерткіш қойылды.

Сұлу футболдың салтанаты

Ширек финалдағы үш матчта жеңімпаздар ойыннан соңғы пенальти арқылы анықталды: Германия Мексикадан, Бельгия Испаниядан, ал Франция Бразилиядан футбол «лотореясы» бойынша басым түсті. Әсіресе кейінгі кездесу аса қызықты өтті. 120 минутқа созылған футбол спектаклін мамандардың «финал алдындағы финал» деп бағалауы әсте тегін емес-ті. Сұлулыққа тұнып тұрған тартымды матчта футболшылар ойын тәртібін өте сирек бұзды. Бұл ғаламат техникалық шеберлік салтанат құрған ойын еді. 17-минутта бразилиялықтар есеп ашты. Жуниор мен шабуылшы Мюллер допты көз ілеспес жылдамдықпен өзара қақпақылдап әкелді де, айып алаңына ене берген Карекаға тамаша пас тастады. Карека аяқтың алқымымен қатты соқты – доп қақпа торын жыртып кетердей зымырап барып әрең тыныш тапты.

41-минутта француздар таразы басын теңестірді. Жиресстен пас алған Рошто оң қапталдан қарсыластың айып алаңына сұғына енді де, допты қақпаға көлденең қиғаштай тепті. Оған қақпашы Карлос пен шабуылшы Стопира қатар ұмтылды. Қызық болғанда, ала доп екеуіне де тиместен зу етіп өте шықты да, дәл осылай боларын ғаламат түйсігімен сезініп қақпа алдында жалғыз тұрған Платиниге келді. Тура осы күні 31-ге толған «Алтын доптың» үш дүркін иегері допты бос қақпаға домалата салды.

Бұл – Бразилия құрамасының қақпасына осы додада соғылған жалғыз гол еді. Сантана 1982 жылғы сәтсіздіктен соң, тек қана алақұйын шабуылға бой ұру табысқа жеткізбесін ұғынса керек, бұл жолы қорғанысты да тастай бекіткен екен. Сондықтан да 1986 жылғы құраманы аталған ел тарихындағы барлық шебі үйлесімді жасақталған ең үздік командалардың бірі дей аламыз. Оның үстіне, Сократес, Зико және Фалькао бастаған ұлы ойыншылар буынының әлемдік футболдың алтын тәжін жеңіп алу жолындағы ақырғы сапары еді бұл. Өкінішке қарай, теңбіл допты қалауынша билеткен ғаламат ойынына қарамастан, Бразилия құрамасының тағы да жолы болмады.

Рас, олар көрген жанның есінен мәңгі өшпес мазмұнды матчта сәл ғана басымдық байқатты. 75-минутта сол басымдықты нәтижеге ұластыруға тамаша мүмкіндік туды. Француз қорғаушылары өз айып алаңында Бранконы шалып жықты да, төрешісі пенальти белгіледі. Бірақ Зиконың 11 метрлік нүктеден бағыттаған соққысын Батс сыртқа қағып жіберді. Зико ойынға жаңа ғана қосылған еді, бойы әлі толық қызып үлгермеген-ді, сондықтан да соққысы сәл әлсіздеу болды. Бірақ ойыннан кейінгі пенальтиді Зико тамаша орындады. Алайда шабуылшы өз қателігін түзегенімен, Жулио Сезар мен Сократестің соққылары қақпаға дарымай, олар 3:4 есебімен жеңіліп тынды. «Чемпионаттағы ең әдемі ойнайтын екі команда неге ширек финалда-ақ кездесіп қалды? Бұл әділетсіздік қой!» деді көзінен жас парлаған Пеле. Бүкіл әлем жанкүйерлерінің көкейінде де осы сөз тұр еді.

Марадонаның чемпионаты

Тағы бір ширек финалдық кездесу Диего Марадонаның екі голымен есте қалды. 51-минутта ол допты Вальданоға тастады да, өзі айып алаңына енді. Әріптесі қарымта пас беріп еді, оған ағылшын Ходж бұрын жетіп, баспен кері қайтармақ болды. Алайда доп шиырылып алға – қақпаға қарай ұшты. Оған Марадона мен қақпашы Шилтон қатар ұмтылды. Әуелеп келген допқа бойы жетпеген соң, Марадона оны қақпаға қолымен енгізіп жіберді! Мұны бәрі де көрді, бірақ негізгі көруге тиіс адам – тунистік төреші Бен Насер байқамай қалды. Баспасөз мәслихатында Диегоның журналистерге «бәлкім, гол қолмен соғылған да шығар, бірақ ол менің қолым емес, Құдайдың қолы болатын» деп жауап бергені әлі күнге жыр болып жүр.

Ал 4 минуттан соң, алаң ортасында Энрикеден доп алған Марадона бес бірдей ағылшынды алдап өтіп, бүгінге аңыз боп жеткен ең даңқты голын соқты. Кейін осы гол туралы әңгіме қозғалғанда, әлгі Энрике: «Алдымен оған кім «пас» шығарып бергенін айтсаңдаршы, сол сәтте мен Диегоға допты бермесем, бұл гол соғылмайтын да еді ғой!» – деп әзілдейді екен...

Жартылай финалда тағы да Марадонаның қос добының арқасында Аргентина Бельгиядан басым түсті, ал бразилиялықтармен ұзақ белдесіп, әбден шаршаған француздар Германияны жеңе алмады. Сөйтіп, төрт жыл бұрынғы Севильядағы «қанды қақтығыс» үшін кек қайтарылмай қалды.

Жалпы, 1986 жылғы дода – футболды қанша жерден командалық спорт түрі десек те, шешуші сәтте жеке тұлғалардың маңызы аса зор болатынын байқатты. Мексикадағы доп додасын, турасын айту керек, Марадона ұтып алды. Рас, кезінде Пеле де өз командасының жеңісіне көп еңбек сіңірді. Алайда оның жанындағы серіктері де нағыз мықтылар еді. Егер Пелені құрамнан алып тастаса, оның командаластары бәрібір чемпион болар еді (1962 жылы футбол королі жарақат алғанда шынында да солай болды ғой). Ал 1986 жылғы Аргентина құрамасынан Марадонаны алып тастасақ ше? Өзгелерден еш артықшылығы жоқ орташа команда болар еді. Демек, бұл жеңістегі Марадонаның орасан зор рөлін лайықты бағаламасқа болмайды.

Финалда да бәрін аргентиналық капитанның шеберлігі шешіп кетті. Сүйретіліп жүріп әйтеуір финалға шыққан немістер тағы да мінез көрсетті: 0:2 есебімен ұтылып жатып, олар нәтижені теңестіріп те үлгерді. Қуанышы қойнына сыймаған олар енді бір сәт «уһ» деп тыныстауға мүмкіндік алды. Бірақ жасыл алаңда Ұлы Мәртебелі Диего жүрген кезде бір мезет тыныс алу мүмкін бе?! Оның допты 40 метрдей жерден Бурручаганың алдына дәл тастап бергені сондай, гол болмауы мүмкін емес еді...

Сөйтіп, Аргентина екінші рет әлем чемпионы атанды.

ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ

Финалдық турнирге 24 команда қатысты.

52 ойын өткізілді, 132 доп соғылды (орта есеппен 2,54 гол).

«А» ТОБЫ

Италия – Болгария – 1:1, Аргентина – Оңт.Корея – 3:1, Италия – Аргентина – 1:1, Болгария – Оңт.Корея – 1:1, Италия – Оңт.Корея – 3:2, Болгария – Аргентина – 0:2

«В» ТОБЫ

Мексика – Бельгия – 2:1, Парагвай – Ирақ – 1:0, Мексика – Парагвай – 1:1, Бельгия – Ирақ – 2:1, Мексика – Ирақ – 1:0, Бельгия – Парагвай – 2:2

«С» ТОБЫ

Франция – Канада – 1:0, КСРО – Венгрия – 6:0, Франция – КСРО – 1:1, Канада – Венгрия – 0:2, Канада – КСРО – 0:2, Франция – Венгрия – 3:0

«D» ТОБЫ

Бразилия – Испания – 1:0, Алжир – Солт.Ирландия – 1:1, Бразилия – Алжир – 1:0, Испания – Солт.Ирландия – 2:1, Бразилия – Солт.Ирландия – 3:0, Испания – Алжир – 3:0

«Е» ТОБЫ

Германия – Уругвай – 1:1, Шотландия – Дания – 0:1, Германия – Шотландия – 2:1, Уругвай – Дания – 1:6, Германия – Дания – 0:2, Уругвай – Шотландия – 0:0

«Ғ» ТОБЫ

Польша – Марокко – 0:0, Португалия – Англия – 1:0, Марокко – Англия – 0:0, Польша – Португалия – 1:0, Марокко – Португалия – 3:1, Польша – Англия – 0:3

1/8 ФИНАЛ

Мексика – Болгария – 2:0, КСРО – Бельгия – 3:4 (қосымша уақытта), Бразилия – Польша – 4:0, Аргентина – Уругвай – 1:0, Италия – Франция – 0:2, Марокко – Германия – 0:1, Англия – Парагвай – 3:0, Дания – Испания – 1:5

ШИРЕК ФИНАЛ

Бразилия – Франция – 1:1 (пенальти бойынша 3:4), Мексика – Германия – 0:0 (пен. 1:4), Испания – Бельгия – 1:1 (пен. 4:5), Аргентина – Англия – 2:1

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Франция – Германия – 0:2, Аргентина – Бельгия – 2:0

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Франция – Бельгия – 4:2 (қосымша уақытта)

ФИНАЛ

Аргентина Германия 3:2

29 маусым. Мехико. «Ацтека» стадионы. 114 600 көрермен. Төреші Арппи Фильо (Бразилия).

Аргентина: Пумпидо, Кучуффо, Руджери, Браун, Олартикоэчеа, Джусти, Батиста, Энрике, Марадона, Бурручага (Троббиани, 90), Вальдано.

Германия: Шумахер, Бертольд, Бригель, К.-Х.Ферстер, Якобс, Эдер, Маттеус, Магат (Д.Хенесс, 62), Бреме, Румменигге, Аллофс (Феллер, 46).

Голдар: Браун, 23 (1:0), Вальдано, 56 (2:0), Румменигге, 74 (2:1), Феллер, 82 (2:2), Бурручага, 85 (3:2).

Сұрмергендер

Линекер (Англия) – 6 доп, Марадона (Аргентина), Карека (Бразилия), Бутрагеньо (Испания) – 5-тен.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

1 пікір