Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Біртуар 24439 35 пікір 18 Қараша, 2022 сағат 13:57

Ақсарағат

«Менің ағаларым» циклынан

Академик Салық Зиманов туралы қалам тартқандардың басым көпшілігі ана тілінің әдемі үндестігімен үйлесіп тұрған «Заңғар Зиманов» деген тіркесті жиі қолданады.

Биіктікті еңсегей бойлы ерлерінің тұлғасымен өлшеген халықтың ұғымында бұл «асқар тау», «көк аспан» деген мағынаны береді және ол Зимановтай нар тұлғаның болмыс-бітіміне жарасып-ақ тұр. Академиктің заңғарлығы асқар таудың өзін асқақтатып тұратын құз жартас сияқты. Сен жақындаған сайын ол аспандай түседі.

«Заңғардың» мазмұнынан мағмұрланатын тағы бір мәніс бар, ол – биік парасат пен кемел ақыл.

Сәтбаевтай даналардың серігі болған Салық аға бір қарағанда тәкәппарлау болып көрінгенімен, пернесін тап басқан жағдайда хан мен қарашаның қолында бірдей күмбірлеп қоя беретін қоңыр домбырадай қарапайымдығы басым. Әділет-шапқат жолындағы күрестерде қатуланып, қаһарланып кететін кездері де бар. Мұндайда көк семсердей өткір: сойып салады, тіліп алады.

Салық ағамызбен бүкіл өміріме жетерлік мол рухани азық сыйлаған Қазақ энциклопедиясында қызмет істеген берекелі белесте жақынырақ араластым.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Қазақ энциклопедиясы қазақ және орыс тілдерінде төрт томдық қысқаша энциклопедияға қызу дайындық қамына кірісті. Мен ол кезде философия, право және социология редакциясының меңгерушісі ретінде аталған ғылым салалары бойынша даярланған мақалаларға жауапты едім. Осы томға арналған академиктің «Заң ғылымы» деген және оның жеке өзі туралы мен жазған есімнамалық мақала өндіріске даяр болған кезде ағамызбен хабарласып, солардың соңғы нұсқасымен танысып шығуды өтіндім. Әрине, мүйізі қарағайдай академикке уақыт белгілеген жағдайда өзім келетінімді сыпайылап жеткізуді де ұмытқан жоқпын.

– Мұхтар, айналайын, энциклопедия қазақ ғылымының қара шаңырақтарының бірі ғой. Шаңыраққа сәлем беріп тұру керек. Сен еш қысылмай-ақ қой, түстен кейін өзім келемін. Адресін айтпасаң да табамын. Өйткені менің Алматыға алғаш келгендегі қызметім дәл қазір сендер отырған ғимаратта басталған. Сұрақтарыңды алдын ала әзірлеп қоярсың, – деді байсалды дауыспен.

Иә, бұл ұлттық заң ғылымының қайнар бастауында тұрған, атағы сол кездің өзінде аңызға айналып үлгерген академиктің қарапайымдық сабақтарының бір көрінісі еді.

Салық ағамыз энциклопедияға арнап жазған мақаласында: «Қазақстанның империя саясаты сферасына тартылуына байланысты 19 ғ.-дың 80-90 жылдарынан бастап қазақ даласында Петербург, Москва және Қазан университеттерінің заң факультеттерін бітірген қазақ жастары шыға бастады. Олардың саны осы ғасырдың басында 20-25 адамға жетті. Бұлардың арасында екеуі Петербург, Қазан университеттерін бітіріп, право магистрі дәрежесіне ие болды», – деген деректер бар болатын. Академикпен кездесуде осыны тілге тиек етіп, аталған тұңғыш заңгерлердің есім-сойын көрсетсек қайтеді деген пікірді алға тарттым.

– Ниетің дұрыс екен, шырағым. Он екі томдық энциклопедияның 4-томындағы заң ғылымына арналған мақаланы да кезінде мен жазған едім. Сол кезде олардың аты-жөнін былай қойғанда, осындай ишарат арқылы берілген мағлұматтардың өзін энциклопедиядан алып тастайтын. Мына мақалада революцияға дейінгі Ресейдің аса ірі ғылыми орталықтарында білім алған кәсіби заңгерлердің 25-ке жеткендігі анық көрсетілген. Сөз астарын аңғаратын жандар олардың кім екенін осыдан-ақ сезеді. Сұрақ қоюыңызға қарағанда өзіңіз білетін сияқтысыз, – деді өзіне тән сабырмен салмақтай сөйлеп.

Шынымен-ақ, кеңес заманындағы ғылыми әдебиеттерде Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген тұңғыш қазақ заңгері, сөйлеген сөзі Лениннің өзін таң-тамаша қалдырып, көсемге дәйексөз алғызған Бақытжан Қаратаевтың есімі ара-тұра болса да аталып қалатын. Ал дәл осы факультетті тәмамдаған Жақып Ақбаев пен Мұстафа Шоқайдың аты-жөнін атауға мүлдем тиым салынған еді. Атала қалған күннің өзінде олар жағымсыз мағынада көрсетілетін. Әсіресе Шоқайға қисынсыз, келеңсіз, тіпті өте ауыр айыптар тағылатын.

Ал императорлық Қазан университетінің заң факультетін бітірген әйгілі алашордашылар Ахмет Бірімжанов, Сыдық Аманжолов, Райымжан Мәрсеков пен Уәлитхан Танашевтардың есімдері ол кезде қалың көпшілікке беймәлімдеу еді.

– Жаңағы айтқан 4-томдағы «Заң ғылымы» деген мақалада: «Қазақстанда заң саласында 18 ғылым докторы бар, оның 10-ы қазақ» деген ешқандай саяси астары жоқ деректің өзіне шүйлігіп, ұлтшылдық көрінісін іздегендер болған. Сондықтан, осының өзін жариялай алсаңдар да жаман болмас еді, – дегенді қосып қойды сөзін сабақтай түсіп. – Уақыты келгенде бұл азаматтардың бәрінің атын атап, түсін түстейтін боламыз. Оған мына өзің сияқты азаматтар атсалысуы керек.

Ағамыздың айтқаны келді. Мақаланың академик атап көрсеткен тұсындағы мағлұматтарды қырқып тастауға тырысушылар болғанымен, біз сол кезде күнде айтылатын жариялылықты алға тартып, өзгеріссіз жариялап жібердік.

Ағамыздың маған қарата айтқан лепесі де түп-түгелімен расқа шығып, 1999 жылы академик Салық Зимановтың жетекшілігімен «Жақып Ақбаев және Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы» деген тақырыпта заң ғылымынан докторлық диссертация қорғадым. Бірақ бұл бөлек әңгіме...

Аштық жалмаған балалық

Салық Зимановтың балалық шағы ел дамуының ең қамырықты кезеңімен тұспа-тұс келді. Оның әкесі Зиман Жарылқасынов (азан шақырып қойған есімі – Зиғали) Қазан төңкерісінің қарсаңында – 1917 жылдың 24 тамызында сол кездегі Гурьев қалалық 4 сыныптық ерлер гимназиясын тәмәмдайды. Бұл кезде оның жасы артық-кемі жоқ тұп-тура жиырмада екен.

Бұған таң қалудың қажеті жоқ. Себебі ол кезде 2 және 4 сыныптық ерлер гимназиясына білім алуға құштар ересек балалар қабылдана беретін.

Зиман атамыздың білімі туралы құжатына көз жүгіртер болсақ, ол бітірген гимназияның бағдарламасы бастауыштан гөрі жалпыға білім беретін орта мектепке жақын екендігін аңғарамыз. Онда жоғары сыныптарда оқытылатын «алгебра», «геометрия», «физика», «география» сияқты күрделі пәндермен қатар орыс, неміс, латын, француз тілдерінің де  болғанын байқаймыз. Осыған қарап-ақ Зиман атаның өз заманына сай білім алған және бірнеше шетел тілдерінен хабары бар оқыған азамат болғандығын аңғару қиын емес.

Салық ағаның әкесі Зиман Жарылғасынов – Орал гимназиясының оқушысы (оң жақта)

Ол гимназияны түгескен жылы қым-қуыт оқиғалар басталып, соңы ақ пен қызылдың бір-біріне қанды қырғын ашқан Азамат соғысына ұласты. Бұлғақ заманда Зиман атамыз ауыр жарақат алып, біртіндеп бейбіт тірлікке ауысады. Түрлі шаруашылық қызметіне араласып, болыс басқарушысына дейін өсіпті. Өмірінің соңына қарай өңірдегі ең үлкен әрі қауқарлы мекеме «Ембімұнайда» бухгалтер қызметін атқарыпты.

Халқымызға осы күнге дейін орны толмас қисапсыз мол қасірет әкелген ашаршылық жылдарында Зиман ата мен Болған әжеміздің отбасында шүпірлеген 6 бала болыпты және оның ес қатқан ең үлкені Салық еді.

Ағамыз тек күйік пен қайғыға толы жүрек сыздататын оқиғалардан тұратын балалық шағы туралы айтуды көп ұната бермейтін.

Ашаршылық басталғанда Салық ата-анасына қолғабыс жасауға жарап қалған естияр ұл.  Жайықтың бойы, Нарынның құмы мен Үстірттің қырын мыңғырған түлікке толтырып, бақуатты тірлікте отырған халықтың бар малын сыпырып алып, тентіретіп жібергенде, бір үзім нан мен бір жапырақ қызылға ұмтылған халық Гурьевке қарай шұбырады.

Ағамыздың айтуынша, қалаға жетіп жығылып, қолын созған күйі отырған жерінде үзіліп кеткен жандар базар маңы мен көшелерге, темір жолдың бойына лық толып кеткен. Жергілікті билік күн сайын қас қарая көшеге ұзын арбалар шығарып, үзіліп кеткендердің мүрделеріне қоса шығар-шықпас  жаны барларды қоса жинап, қала сыртындағы шұңқырға үсті-үстіне тоғытып отырған. Ондағы әлі жантәсілім ете қоймаған кейбір адамдардың ыңырсып, қыбырлап жатқандарын көрген бала Салықтың жүрегі талай тітіркенген.

Көп ұзамай жаңа биліктің қолдан жасалған мұндай қорлығына төзбеген Маңғыстау адайлары көтеріліске шығады. Олардың алды Ресейден әкелген әскерлердің қарулы тосқауыл, бөгеуілдеріне қарамастан көрші елдерге үдере көшеді. Шевченко түрмелері көтерілісшілерге лық толған соң, қалған бөлігі Гурьевке жөнелтіледі. Абақтыдағы ұрып-соғу, қинау мен азаптанудан әбден әлсіреген тұтқындардың денелерін де қала сыртындағы шұңқырға тастаған. Баланы қойып, үлкеннің жанын сыздататын мұндай айуандықтар бала Салықтың жүрегін аяусыз тілгілеген.

Салық ағамыз өзі тікелей куәгер болған Атырау мен Маңғыстау өңірін жайлаған зұлмат ашаршылық жайлы ол туралы жазуға тиым салынған кеңес заманында-ақ баспасөз өкілдеріне берген сұхбаттарында айтып, кейін балалық шағы туралы естеліктерінде там-тұмдап жазып жүрді.

Маңғыстау қазақтың нар ақыны Мұрат Мөңкеұлы: «Мыңнан-мыңнан жылқы айдап, жүзден-жүзден нар байлап, дәулеті қалың біткен жер. Ақтылы қойдың өрген жер, шалқыған дәулет мол бітіп, қызығын жұртым көрген жер», – деп зор шабытпен жырлаған қазақтың ежелден құт қонып, бақ дарыған, «майлы қиян» атанған киелі өңірі еді.

Қазақ өлкесін жайлаған ашаршылық қарсаңында КСРО Ғылым академиясы Алашорда үкіметінің басшысы болған үлкен оқымысты Әлихан Бөкейхановты 1926 жылы қазіргі Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарында тұратын қазақтардың антропологиясын, тұрмыс-салты мен шаруасының жай-күйін зерттеу үшін арнайы ғылыми экспедицияға аттандырады. Оның нәтижесі бойынша Ә.Бөкейханов «Казахи (тұпнұсқада – казаки) Адаевского уезда» атты еңбек жазып, оны  1927 жылы Ленинградта бастырып шығарады.

Маңғыстау мен Атырау өлкесінің сол кездегі жай-күйін мейлінше толық сипаттаған Ә.Бөкейхановтың деректері бойынша, 1925 жылы Адай уезіндегі 27 болыста 127.798 адам тұрып, 21.611 шаруашылық жұмыс істеген.

Маңғыстау түбегін емін-еркін аралаған Алаш көсемі Каспий мен Үстірт арасын ен жайлап, алаңсыз тірлік кешетін адайлардың бақуатты өміріне ерекше таң қалған. Ол экспедиция барысында 3 үйден тұратын шағын адай ауылы 21 түйемен көшіп-қонатынын, бұған қосымша үш отбасының 300 жылқысы және 1000-нан астам қойы барын сипаттап жазады.

Қазақ өлкесінің әр қиырын аралап, оның шаруашылық жағдайын өте жақсы білген Ә.Бөкейханов: «Шындығында адайлар баққан қоңды малды бұған дейін мен еш жерден көрген емеспін», – деп Маңғыстау өлкесінің малы да ерекше дилы екендігіне таң-тамаша болған.

Зерттеуші Сәбит Шілдебайдың деректері бойынша, Маңғыстау экспедициясы кезінде Әлихан Бөкейхановтың басқан адымы ОГПУ тарапынан аңдуда болған. Ата дәстүрін қатаң ұстанатын адайлар Алаш көсеміне зиялы, білімдар азамат қана емес, хан тұқымы ретінде айрықша құрмет көрсетіп, қиян түпкірдегі ел ағалары Әлекеңе сәлем беруге келген. Мұны тыңшылар «паломничество» деп бағалап, сол кезде ОГПУ төрағасының орынбасары Генрих Ягода Сталинге хат жазып, Бөкейхановты алдағы уақытта Қазақстанға жібермеуді ұсынған.

Ә.Бөкейханов еңбегінде адайлар мен олардың барақат тірлігі жайлы зор құрметпен жазды.

Міне, осындай ежелден құт қонып, бақ дарыған өлке ашаршылық жылдары ойранға түсті.

Ержүрек адайлардың Тобанияз Әлниязов сияқты батырлары зорлық-зомбылық пен озбырлыққа қарсы қолда бар қарумен көтеріліске шығады. Мал-мүлкі және көшіп-қонуға жарайтын мүмкіндігі бар мыңдаған отбасылар Түрікменстан арқылы Иранға, Өзбекстан арқылы Ауғанстанға жөңкіле көшеді.

Ашаршылықтан жан сауғалаған қазақтар

Салық аға журналист М.Стукалинаға берген сұхбатында: «Маңғыстауда адайлар көтеріліске шықты. Мақашқала мен Астраханнан қарулы әскер келді. Шевченко түрмелері лық толғандықтан тұтқындарды Гурьевке тоғыта бастады. Жантәсілім еткендер көбейе бастағанда оларды арбаға тиеп, қала сыртындағы күлтөкпеге күн сайын шығарып отырды. Көмген жоқ, бірден қоқысқа тастай салды. Кейбір қайыр сұрағандар жас балаларымен бірге отырған жерінде үзіліп кетіп жатты. Оларды да балаларымен бірге арбаға тиеп, үйіндіге шығарып отырды», – деп, ашаршылықтың адамның жан-дүниесін түршіктіретін ащы шындығын айтады.

Көтерілісшілерді кеңес үкіметінің қас жауы, бандиттер деп айыптап, оларға ешбір аяушылық жасамау үшін жазалаушыларды сырттан алдырады.

Тарих ғылымының кандидаты Болат Жұмағұловтың құпия мұрағаттардан алған деректері бойынша, өлкедегі көтерілісшілерге қарсы шыққан 32 топтан тұратын мұздай қаруланған жазалаушы жасақтар бейкүнә халықты қанды қырғынға ұшыратқан.

Жазалаушылар жалпы саны 400-ден астам: ОГПУ-дің Кавказ округтік басқармасына қарасты екі дивизионнан, Бакуден келген эскадрон мен Дағыстан отрядынан, ОГПУ-дің 100 кісіден тұратын атқыштар тобы мен екі станоктық пулемет пен атыс құралдарымен қаруланған 70 адамдық жасақтан, Саратовтан 2 станокты пулемет және 6 қол пулеметімен қаруланған 100 жауынгерден тұратын тағы бір қандықол отрядтардан құралды.

Осындай рақымшылдықты, үлкен-кіші, кәрі-жасты мүсіркеудің не екенін білмейтін жауыз тобырлардан құрылған қарулы жасақтар Ә.Бөкейханов зор таңданыспен, айрықша құрметпен сипаттайтын киелі түбектің байырғы, бақуатты халқын қынадай қырып, мал-мүлкін талан-таражға түсіреді.

Ескі сүрлеу, құпия соқпақтармен қарулы жасақтан қашып құтылып, түрікмен жеріне аман жеткендерді де зарлы тағдыр күтіп тұрды. Сондай азаматтардың бірі Қыдырбай Бердібаев: «Онда барғанда жағдай өте нашар болды. Әке-шешелері балаларын шарасыздан балалар үйіне өткізе бастады. Түрікменстандағы Ташауыз облысының Калшиши ауданы орталығындағы балалар үйінде балалардың қорегі үшін бір үзім нанды 4 балаға бөліп беретін. Күнде қабылданатын 40-50 баланың 20-30-ы аштықтан өлді», – деп жазады.

Аштық азабы...

Мұндай деректерді оқығанда жүрегің атқақтап, ашу-ызадан қаның басқа шапшиды. Бейбіт халыққа қан жұтқызған зұлматты қолдан ұйымдастырған Сталин мен Голощекин сияқты жауыздар мен олар басқарған жүйеге лағынет айтасың.

Жауыз билік мұнымен де тоқтаған жоқ. Қолға түскен көтерілісшілер мен бас көтерген азаматтарды қаныпезерлікпен жазалауды бастап кетті.

Тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбектің деректері бойынша, көтеріліске қатысқан 1715 адам тұтқындалған. Олардың 802-сі қылмыстық жауапқа тартылып, 508 адамның ісі ОГПУ-ге жіберілген, 373 адам сотталған. Көтерілістің 15 басшысы ату жазасына кесіліп, 21 адам концентрациялық лагерьлерге жіберілген, ал 100-ден астам көтерілісші жер аударылған. Сотталғандардың басым көпшілігі іргедегі Гурьев пен Ақтөбенің түрмелеріне жабылған, олардың 79-ы абақтының азабына шыдамай жан тапсырған.

Бала Салық осындай сұмдық пен замана зұлматының тірі куәгері болды. Кейін орта мектепті бітіріп, Шевченко қаласында ұстаздық жолын бастағанда қырғынға ұшыраған халықты, ойрандалған даланы, аңырап қалған аналар мен ботадай боздаған балаларды өз көзімен көрген. Сондықтан бұл тақырыпқа келгенде қатепті қара нардай ағамыздың иығы қушық тартып, дауысы дірілдеп, көзі жасқа шыланып кетуші еді...

Салық ағамыз қазақ халқын осыншама қисапсыз қасіретке батырған жауыздыққа жол берген Сталин өлгенде елдің жылағанын көрген Нечитайло деген қарт коммунистің: «Қазақтар, сендер несіне Сталиннің өліміне жылайсыңдар. Мен сол кезде ашаршылықпен күрес жөніндегі үкімет комиссиясы төрағасының орынбасары болдым. Ашаршылықтан қырылған бейбіт халықта есеп жоқ еді. Темір жолдың бойы жантәсілім еткен қазақтардың мәйітіне толып кетті. Жинап үлгере алмайтынбыз», – деген сөзін естіген екен.

Бүгінде мұрағаттар ашылғанымен аштықты қасақана  ұйымдастырған сол кездегі билік қалдырған құжаттарда зұлмат заман шындығы түгел көрсетілмеген. Олар өз қылмыстары мен күнәһарлығын бүркемелеу үшін әрбір өңір бойынша қайтыс болғандар санын үнемі кемітіп көрсеткен.

Маңғыстау мен Атырау қазақтары жаппай қырғынға ұшырап жатқанда Гурьев тресі Жайық пен Каспийде ауланған балықты тазалап, Мәскеу пролетариатына жөнелтумен болған. Академиктің айтуынша, балықтың ішек-қарны арыққа тасталып, сумен шайылып, күн сайын комбинаттың сыртына шығарылып отырған. Салық сияқты қара сирақ балалар қолқаны қабар исіне қарамастан шыбын-шіркей үймелеген әлгі жуындының қолға ілінерін жиып-теріп, үйге әкеліп, отқа аунатып, суға пісіріп, талғажау етіпті.

Өлместің ғана күнін көріп, қалған-құтқанды қорек еткен мұны «балалық шақ» деп айтудың өзі қиын-ақ. Сондықтан Салық аға үнемі: «Менде балалық шақ мүлде болған емес. Оны аштық жалмады. Біздің балалығымыз бір үзім нан мен қалжауға жарайтын бір талшық қызыл үшін күреспен өтті. Бізді ашаршылық тырнағынан аман алып қалған қорадағы жалғыз сиырдың сүті мен түйенің сүмесі еді», – дейтін балалық шағы туралы сөз болғанда.

Салықтың жасы 17-ге енді ғана толғанда әкесі Зиман дүние салып, алты баласы бар үйдің ендігі бас көтерер еркектен үлкені өзі болады.

Ағамыз 1938 жылы қаладағы Ораз Исаев атындағы қазақ мектебін үздік бітіріп, бір айлық арнайы курстан өткен соң Шевченко қаласындағы С.М.Киров атындағы қазақ мектебіне математика және физика пәнінен мұғалім болып қызметке орналасады. Жесір қалған анасына қолғабыс жасауға ұмтылған оның бұл талпынысы да ұзаққа бармай, 1939 жылы желтоқсан айының соңында жас азамат әскер қатарына шақырылады.

Гвардия майоры

Жауынгер Салық Зимановтың өз өмірбаянында әскер қатарына шақырылған мерзімі 1939 жылдың желтоқсаны деп көрсетілгенімен барлық әскери құжаттарында бұл дерек 1940 жылдың 3 қаңтары деп рәсімделген. Мұндай азғантай айырманы оның мұғалімдік қызмет атқарған Шевченко қаласынан Гурьевке келіп, әскери комиссариатта ресми тіркеуден өткен уақыт аралығымен түсіндіруге болады.

Оның әскердегі қызметі Грузия мен Түркияның арасында тұрған Чорох өзенінің қапталында орналасқан 9-таулық-атқыштар дивизиясының құрамындағы 121-полкте өтеді.

Бұл кезде Кеңес Одағы алдағы уақытта соғыс өрті тұтана қалған жағдайда елдің ірі мұнай кендері мен оны өңдейтін кәсіпорындары орналасқан Баку, Грозный, Майкоп аудандарын қорғауға арналған бекіністер жасаумен айналысты. Соғыс қарсаңында бір жарым жыл қарт Кавказдың қарлы шыңдарында қар төсеніп, мұз жастана жүріп шыңдалған қатардағы жауынгер С.Зиманов сақа солдат болып қалыптасты.

Соғыс басталған бетте ол өз қаруластарымен бірге Ростов жаққа аттанса да, көп ұзамай оның толық орта білімі мен мұғалім болып істеген тәжірибесі бары әрі орыс тіліне жетіктігі ескеріліп, Сухумидегі әскери училищеге жіберіледі. Осылайша жас күнінде алған тиянақты білімі мен ғылымға деген құштарлығы оны тура келген ажалдан арашалап қалады. Өйткені соғыстың алғашқы кезеңінде Ростов бағыты, Украина жерінде болған ұрыстарда миллиондаған кеңес жауынгерлерінің қырғынға ұшырап, тұтқынға түскенін біз кейінгі тарихтан жақсы білеміз.

Бір жылға да жетпейтін қысқа мерзім ішінде жеделдетілген әскери дайындықтан өткен Салық Зиманов 1942 жылдың жазында лейтенант шенімен қайтадан майдан даласына оралады.

Лейтенант Салық Зиманов. 1942 жыл.

Бұл кезде Кавказдың қарлы шыңдары мен құз жартастарындағы бет қаратпас ызғар мен ақтүтек борандарда ширыққан жауынгерлерден тұратын арнайы жасақтар құрыла бастайды. Соның 11-дербес отрядының құрамына взвод командирі, лейтенант Салық Зиманов та кіріп, шайқасқа түседі.

Кез келген әскери тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайтын жас офицер біртіндеп Солтүстік Кавказ майданындағы 5-гвардиялық атқыштар бригадасы құрамындағы 1-дербес гвардиялық атқыштар батальонының миномет ротасының командиріне дейін жоғарылатылып, оған әуелі аға лейтенант, кейін капитан шені беріледі.

Соғыс өрті өршіп тұрған 1943 жылдың жазында гвардия капитаны Салық Зимановтың кеудесінде алғашқы мәртебелі марапат – «Қызыл Жұлдыз» ордені жарқырайды. Оның ұсыну құжатында: «Минометшілер ротасының командирі өзін ең үздік командирлердің бірі ретінде көрсетті. Зиманов жолдас 16-18.7.43 жылы 114.1 биіктік үшін болған шайқасқа өз бөлімшесін ұйымдасқан түрде, зор шеберлікпен жұмылдыра білді. Тәртіпті, өткір, батыл, ержүрек командир», – деп жазылған.

Бабалары ер Махамбет, батыр Исатайлар салған ерлік дәстүрін берік ұстанған гвардия капитаны Салық Зиманов Солтүстік Кавказ, Оңтүстік, Бірінші және Екінші Украина майданы, Екінші Беларусь майданы құрамында Кавказдан Берлинге дейінгі аралықта ерлік пен жанқиярлыққа толы жауынгерлік жолдан өтеді.

Германияның тас-түйін бекінген берік әскери плацдармына айналған Данциг үшін болған кескілескен шайқастарда 2-Беларусь майданы 6-механикаландырылған корпусы құрамындағы 615-минометшілер полкі командирінің орынбасары, гвардия майоры С.Зиманов бүкіл қаруластары мен генералитет алдында қаһармандықтың ғажайып үлгісін көрсетеді. Оның осы ерлігі үшін толтырылған марапат парақшасын қаз қалпында келтірер болсақ, онда былай делінген: «Біздің жаяу әскер бөлімшелері 1945 жылдың 25-наурызында Данциг қаласының маңындағы 139.2 биіктігі үшін кескілескен ұрыс жүргізді. Зиманов жолдас ұрымтал сәтте артиллеристерді бастап, биіктікке бірінші болып жетті. Ол минометшілер дивизионына өзі тұрған жотаны көздеп атуға бұйрық береді. Қарсы шабуылға әрекет жасаған жаудың тас-талқаны шықты. Минометпен жойқын атқылаудың нәтижесінде дұшпанның 22 солдаты өлім құшып, екеуі жараланады. Осылайша біздің жаяу әскерлер биіктікті бағындырып, 1 километрдей алға жылжыды. Зиманов жолдас «1-дәрежелі Отан соғысы» ордені үкіметтік марапатына әбден лайық».

Корпус командирі, танк әскерлерінің генерал-майоры А.Н.Фирсов қол қойған дәл осы құжат негізінде гвардия майоры С.Зимановтың кеудесінде ең мәртебелі әскери марапаттар қатарындағы «1-дәрежелі Отан соғысы» ордені жарқырады. (Орайы келгенде айта кетейік: қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова да  кезінде әуелі дәл осы марапатқа ұсынылып, кейін Қазақстан жұртшылығының табанды талабымен «Алтын Жұлдызды» иеленген).

Қазақтың арқалы ақыны Қасым Аманжолов Зимановтай ердің бар-жоғын білген-білмегенінен хабарсызбын, бірақ оның Абдолла досына арнап жазған поэмасындағы «Жау жолына атам сені, Бомба бол да, жарыл жүрек» деген от-жалынды жолдар маған өзі тұрған жотаны көздеп, «Атыңдар!» деп бұйрық берген Салықтай ерлерге арналғандай көрінеді.

Майдангер Зимановтың дәл осы ерлігіне куәгер болған қарулас достары оны кейінгі естеліктерінде тамсана жазады. Солардың бірі – соғыс жылдарында 615-минометшілер полкі командирінің орынбасары болған отставкадағы полковник И.А.Котельников.

Оның «Вызываю огонь на себя» атты естелігі Гурьев облыстық «Прикаспийская коммуна» атты газетінің 1967 жылғы 9 мамырдағы санында жарияланды. Қарт офицердің естелігі оқиғаға тікелей куәгер болған адамның жазбалары ретінде айрықша құнды. Ол Данцигтегі жау бекінген биікті алу кезінде  гвардия майоры С.Зиманов жасаған ерлікті әскери дәлдікпен баяндайды.

Котельниковтың жазуынша кеңес әскерлері жау тас-түйін болып бекінген жотаға бірнеше рет шабуыл жасаса да, ала алмаған. Әр ұрыс сайын кеңес әскерлері тарапынан шығын молая түседі. Әскери басшылық биіктікті қайткен күнде алу керектігінен танбайды. Ары қарай болған оқиғаны И.Котельников былай деп суреттейді: «Дивизионға  полк командирінің орынбасары, майор Салық Зиманұлы Зиманов келді. Дивизион командирінің бақылау пунктіндегі командирмен болған пікір алысуы барысында біздің жаяу әскерлердің биіктікті алуға бағытталған шабуылдарының не себептен сәтсіздікке ұшырауының мән-жайын талқылайды. Ол жау бекінісінің алғы шебі мен оқ жаудыру нүктелерін анықтап, өздері жаяу әскерлер тұрған аралықты есептеп шығарады. Нәтижесінде: «Біз биіктікті алуымыз керек. Шабуылдаушы топты өзім басқарамын», – деген батыл шешімге келеді».

Иә, 1945 жылдың наурыз айында – соғыстың аяқталуына бір жарым ай ғана қалғанда полк командирінің орынбасары майор Зимановтың қарамағындағыларға тиісті тапсырманы беріп, шабуыл барысын бақылау пунктінен-ақ басқаруға әбден болатын еді, бірақ ержүрек қазақ офицері басын оққа байлап, жауға қарай атой сала ұмтылады.

Котельников Зиманов бастаған шабуылдаушы топтың әрбір әрекетін әскери нақтылықпен тәптіштеп баяндайды.

Бекінген жау оңайлықпен берілсін бе!? Олар атыс қаруының барлық түрінен оқ жаудырып, бірнеше мәрте шабуылдаушы топтың бетін қайтарған. Ату позициясын қайта-қайта ауыстырып, кеңес әскерлерін жаңылыстыра берген.

Ары қарай болған оқиғаны И.Котельников былай деп жалғастырады: «Жағдай мүлде шиеленісіп, ерекше шешім қабылдауды қажет етті. Дәл осындай сәтте майор С.З. Зиманов нартәуекелге барып, бірден-бір дұрыс шешім қабылдады. Ол өзі тұрған биіктікті көздеп атуға бұйрық берді. Топ бастаған майор Зимановтың өткір, қайсар және батыл шешімі баршамызды таң-тамаша қалдырды».

Иә, ардагер офицердің естелігі небәрі бір-ақ абзацтан тұратын марапат құжатындағы негіздемеден әлдеқайда толық.

Өз айтуы бойынша, Салық Зимановпен екі жыл бойына талай мәрте қан майданға кірген Иван Анатольевич оның талай мәрте жасаған өзге де ерлік істері мен азаматтығына тікелей куә болған. Сондықтан өзімен қызметі және әскери дәрежесі бірдей әріптесін: «чуток, внимателен к людям, справедлив, честен и бескорыстен», – деп ағынан жарыла сипаттайды.

Штаб бастығы майор С.Петров пен полк командирінің
орынбасары майор С.Зиманов. 1944 жыл.

Тағы бір хатты подполковник Н.С.Брайко республикалық «Казахстанская правда» газетінің редакциясына 1985 жылдың 28 ақпанында жолдапты. Ол Салық Зимановпен 1943 жылдың соңында ауыр жарақатын емдетіп, госпитальдан оралған кезден бастап таныс болған. Сол кезде Зиманов 615-минометшілер полкі 1-дивизионының командирлігіне тағайындалған. Брайко қарулас досының Украинаның Кировоград облысын азат ету кезіндегі ерлігін ерекше бағалап: «показал себя в боях умелым, опытным и расчетливым командиром», – деп баға береді.

Ол да өзі қатысқан Данциг түбіндегі ерлікті зор ризашылықпен баяндай келіп: «Оның іс-әрекеті полктің барлық әскерлері тарапынан өздерінің командиріне деген зор мақтаныш сезімін туғызды», – деген қорытынды жасайды.

Брайко 615-минометшілер полкінің жауынгерлік іс-қимылдары  туралы әскери журналдың бір данасын өзінде сақтаған екен. Оның естелігі осы құжат негізінде жазылғандықтан әскери дәлдігімен ерекше құнды. Ардагер сонымен бірге Зимановтың өзі де соғыс кезінде Беларусь әскери округінің газетінде мақала жариялағандығы туралы тағы бір мәліметті алға тартып, оның автор қолында болуы мүмкін екендігін жазған.

Салық Зиманов туралы 2001 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген жинақты құрастыру барысында біз ағамыздан Брайко айтқан әлгі мақала жайлы сұраған болатынбыз. Ол өзіне тән қарапайымдылықпен: «Отқа оранып жүргенде қайсыбір қағаз сақталды дейсің, бірақ минометші болып қызмет атқарған командирдің тәжірибесі ретінде өзгелерге де пайдасы тиер деп мақала жазғаным рас. Қажет болса, іздеп көрейін», – деп майдандық «На штурм!» деп аталатын газеттің 1944 жылдың 29 қазанында жарияланған мақаласының сарғайған қиындысын ұсынған еді.

Біз үшін қазақтың ұлы ғалымының қаламынан шыққан әрбір еңбек қымбат. Оның үстіне бұл болашақ академиктің баспасөз бетінде жарық көрген тырнақалды туындысы болып шықты.

Мақала «Действия минометчиков в лесисто-болотной местности» деп аталады. Ол ешбір әсірелеусіз-ақ әскери академия бітірген тәжірибелі офицердің жазбасындай әсер қалдырады.

Майор Зиманов орманды-батпақты жағдайда минометтен атылған оқтың нысанаға дөп тиюі үшін оны саздауыт немесе құмдауыт жерлерге орналастыру кезінде оқ жаудыратын орынды мұқият тегістеп, нығыздап, минометтің оңды-солды серпілмеуін қадағалау керектігіне ерекше назар аударады. Минометті түнде, қараңғыда пайдаланудың өзгешеліктеріне де арнайы тоқталады.

Күндізгі шабуыл кезінде ату позициясын жаудан жасыру мен айналдыра атыс салудың барысында туындайтын қиындықтарды еңсеру жолдарын да түсіндіреді. Минометшілердің жаяу әскерлер және жақын маңда орналасқан басқа әскери бөлімдерімен бірлесе қимылдауының маңыздығына да тоқталған. Мақаласы арада 60 жылға жуық уақыт өткен соң 2001 жылғы жинақта қайыра басылды.

Салық аға 1965 жылы Днепрден өту кезінде болған оқиғалар жайлы да мақала жазыпты. Қарапайым жанның бұрын еш жерде жарияланбаған бұл еңбегін де өз рұхсатымен 2001 жылғы жинаққа қосқан едік.

Мақаланы оқи отырып, егер ол әскери жазбаларын дәл осы стильде жалғастыра берген жағдайда академиктің қаламынан көркемдік қуаты мықты талай тегеурінді туындылар дүниеге келер еді деп шамалауға болады. Оқып көріңіз: «Біздің алдымызда арыны қатты, айдыны кең, көкпеңбек, алып дария жатты. Мен Днепрді тұңғыш рет көрдім және ол маған, алыстағы дала перзентіне, ұмытылмас әсер қалдырды. Төңірек түгел тыныштық құшағына бөленіп, жағалаудың арғы бетіндегі селодан да ешқандай тіршілік белгісі сезілмеді», – деп жазады.

Егер осы жолдарды оқыған адам оның тек заң тілінде ғана жазып, заң тілімен ғана уәждесетін ғалым екендігін алдын-ала білмесе, бұл мақаласын кәсіби жазушының қаламынан туған шығарма деп қабылдауы да әбден мүмкін.

Оқырманын жанды суреттермен бірден баурап алатын шағын мақала оның болашақта осы тақырыпқа бұдан да жілікті дүние жазуды жоспарлағанындай әсер қалдырады.

Кескілескен шайқастарда шарболаттай шыңдалған гвардия майоры соғыс соңына қарай артиллериялық полк штабының бастығына дейін өсті. Германияның Штральзинд, Гриммен, Деммин, Мальхин, Варен, Везенберг, Виттенберг, т.б. қалаларын азат етушілер қатарында болды.

Гвардия майоры С.Зиманов пен капитан Н.М.Семенюк,1945 жыл

Салық Зиманов әскери және мемуарлық әдебиеттерде ең көп жазылған кеңес-америка әскерлерінің Эльбадағы кездесуіне де қатысыпты. Бұл туралы ол 1965 жылы жазылған естелігінде былай деп жазады: «Қуатты бронетехникалық 8-механикаландырылған корпус екі-үш колоннамен Эльбаға қарай жылжи түсті. Үшінші мамыр күні түске таман біздің бөлімдер Эльбаға жетіп, орманға жайғасты. Виллистер мен мотоциклдерге мінген америкалық офицерлер мен солдаттардың бір тобы бізге келді. Анау-мынау формальдықтар ысырылып тасталған кездесу өте жылы және қуанышты жағдайда өтті. Жерге төсенішті жайып тастап, бір-бірімізді бар мәзірімізбен сыйлай бастадық. Біздер америкалықтар көрген алғашқы орыстар болып шықтық. Содан бері 20 жыл да өте шығыпты. Көп нәрсе көңілден жырақ қалып, естен шыға бастапты. Бірақ антигитлерлік соғыста қалыптасқан одақтас-солдаттардың сол бір жауынгерлік достығы ешқашан ұмытылмақ емес».

Байқаған боларсыз, Салық ағамыздың естелігі де өзі сияқты салмақты, сабырлы. Артық пафос жоқ, тек әскери адамға тән фактілер констатациясы бар.

Дәл осы естелігінде майор Зиманов америкалықтармен Эльбадағы кездесу алдында тұтқынға түскен немістер арасынан әбден арып-ашқан бір офицер көргенін, ол неміс тілінде өзінің америкалық екенін айтып, өзін солармен жолықтыруды өтінгенін жазады. Байғұс бұған дейін осы сөзін талай кеңес офицерлеріне айтса да, түсінетін пенде таппаған сияқты. Мектепте әрі әскери училищеде неміс тілін оқыған гвардия майоры әлгінің сөзін асықпай тыңдап, оны бригада штабына жөнелтеді. Айтқаны расталған соң әлгі офицерді орыстар америкалық одақтастарға қайтарады.

Майор Подберёзко мен Зимановтар бастаған кеңес әскерлері Эльбадағы америкалықтарға келгенде әлгі офицер арсалаңдап алдарынан шығып, Салық бастаған кеңес әскерлерін кезек-кезек құшақтап, әріптестеріне  бұл офицерлердің түсіністігі мен өзіне жасаған қамқорлықтары үшін қайта-қайта алғыс айтумен болғандығы да естеліктен тыс қалмаған.

С.Зиманов майдандағы өмірі туралы арнайы мемуар жазбаған. Кезінде «әскери құпия» ретінде сақталған оның мәртебелі марапатқа ұсынылған құжаттары да көзі тірісінде Салық ағамыздың қолына тимеді. Әйтсе де майдангер академик сол кездегі дәстүрге сай өзімен бірге шайқасқан қарулас достарымен хабарласып, олармен хат-хабар алысып тұрған. Тіпті егде тартқанына қарамастан, 84 жасында Ұлы жеңістің 60 жылдығына орай Мәскеуде өткен әскери шеруге ардагер офицер – гвардия полковнигі ретінде қатысады.

Салық ағаның өмірбаяндық деректері толық болуы үшін мына бір деректі келтіре кеткен жөн.

Әскери  өмір жолында қатардағы жауынгерден бастап, сатылап өсу арқылы курсант, взвод командирі, рота командирі, батарея командирі, дивизион командирі, миномет полкі командирінің орынбасары, миномет батальоны командирі, артиллериялық полк штабының бастығы сияқты аса жауапты қызметтерді абыроймен атқарған Салық Зимановқа корпус командирі, генерал-майор Александр Николаевич Фирсов 1946 жылдың басында Мәскеудегі Бронетехникалық әскерлер академиясына оқуға түсуге ұсыныс жасайды. Бірақ қос бірдей ұлынан айрылып аңырап қалған анасына, ағасының келуін асыға күткен үш бірдей қарындасына деген сағыныш оны туған жеріне тезірек жетуге асықтырады.

Ағамыздың көңіл қошы келгенде айтылатын әскери өмірі жайлы сырларынан тағы бір естігенім, орнына Академияға оқуға жіберілген қарулас досы кейін оны ойдағыдай тәмамдап, генерал-лейтенант дәрежесіне дейін өсіпті.

Салық ағамыз отбасы туралы әңгімелегенде соғысқа Зимановтар әулетінен өзінің соңынан ерген Сапар және Отар атты екі бірдей інісінің де аттанып, екеуінің де қан майданнан оралмағаны туралы айтушы еді. Бірақ қайтыс болғандары туралы бір жапырақ қара қағаздан өзге ештеңе келмеген. Соғыстан кейін ең болмағанда, жатқан орнын анықтап, оған туған жердің бір уыс топырағын салу ниеті болғанын, бірақ қолында нақты мағлұмат жоқтығынан бұл ойын жүзеге асыра алмағанын қынжыла айтушы еді.

Өкінішке орай, С.Зиманов қайтыс болғанға дейін қабілетсіз қолбасшылардың өрескел қателіктерінен миллиондаған адамның қанды қасапқа түскенін жасыру үшін әуелі КСРО, кейін Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі соғыста қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандар жайлы деректерді құпия ұстады. Тек 2015 жылы ғана бұл құжаттардан құпиялық грифі алынып, жарияға шықты.

Осы еңбекті жазу барысында арманда кеткен арыстардың рухы риза болуы үшін қос боздақтың тағдыры жайлы біз де мұрағаттық іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Соған сүйенсек, 1923 жылы туған Сапар Зиманов 1942 жылдың 2 мамырында  Гурьев қаласынан Қызыл армия қатарына шақырылып, Украина жеріндегі Оңтүстік-Батыс майдан құрамындағы 87-гвардиялық миномет полкінің сапында ұрысқа кірген. Есіл ер 1943 жылдың 16 наурызы күні Украинаның Харьков облысы, Чугуев ауданы Граново селосы үшін болған кескілескен шайқаста ерлікпен қаза тауыпты.

Өкінішке орай, арманда кеткен тағы бір боздақ – Отар Зимановтың тағдыр-талайы  жайлы деректерді қанша іздесек те еш нәтиже бермеді.

Қазақ халқының қаһарман перзенті, гвардия майоры С.Зиманов Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, 1946 жылдың тамыз айында 651-артиллериялық полктың штаб бастығы қызметін атқарып жүрген кезде демобилизацияланып, туған еліне оралды.

Алғашқы адымдар

 Майдан даласында зор абыройға бөленген Салық Зимановтың соғыс аяқталғанда әлі жоғары білімі де жоқ болатын. Ол екі бірдей ұлынан айрылып, шерменде болған анасы мен ендігі жерде тірек болар ағасын аңсай күткен қарындастарына, ағайын-туысқа жайдан-жай қайтуды жөн көрмеді. Көп ойланып-толғанып, әскери қызметке бір табан болса да жақын заңгерлік мамандықты таңдайды. Салық аға туралы жазылған естеліктердің басым көпшіліктерінде оның Саратов заң институтын, кейде Қазан заң институтын бітіргендігі жөнінде жаңсақ деректер кездеседі.

С.Зимановтың анасы Болған апа мен қыздары Мәдина, Гүлжамал, Дина.

Жас офицердің таңдауы сол кезде атағы дүрілдеп тұрған сырттай оқытатын Бүкілодақтық Заң институтына түседі. Бұл сол жылдардағы құқық қорғау жүйесіне жоғары білімді заңгерлер даярлайтын Кеңес Одағындағы ең ірі оқу орны еді. Бір қызығы, ол дәл байырғы атауымен 1990 жылға дейін жұмыс істеп, кейін Заң академиясына айналды. Ал бүгінде  О.Е.Кутафин атындағы Москва мемлекеттік заң университеті деген атпен белгілі. Бұл оқу орнын таңдауының тағы бір сыры – оның  сырттай оқытатыны еді.

Институттың елге жақындау орналасқан Қазан филиалындағы алғашқы лекцияларына қатысып, тиісті құжаттары, оқулықтары мен тапсырмаларын алған соң кеудесін жарқыраған орден, медальдарға толтырып, Атырауға оралады.

Аңсап күткен анасымен, ағайын-жұртпен қуана көрісіп, сәлемдесу реті аяқталған соң майданда жүріп 1943 жылы партия қатарына өткен жас коммунист облыстық партия комитетіне келіп, есепке тұрады. Әрине, жұмысқа орналасудың да жай-жапсарын сұрауды ұмытпайды. Сымдай тартылған сымбатты жас офицерге ондағылар облыстық прокуратураны нұсқайды.

Салықтың бақытына қарай, бұл кезде осы мекемені ұзақ жылдар басқарып, кейін республика прокурорының орынбасарына дейін көтерілген Бәйіш Хасанұлы Тапалов деген азамат басқарды. Ол жас офицерді бірден стажер ретінде қабылдап, арада 1-2 ай өткенде арнайы білімінің жоқтығына қарамастан аға тергеушілікке, кейін облыс прокурорының тергеу ісі жөніндегі көмекшісі қызметіне жоғарылатады.

Салық тергеушілік қызмет атқарып жүрген 1947 жылдың жазында облысқа республика прокуроры К.Я.Румянцев келеді.

Константин Яковлевич 1919 жылдың өзінде-ақ партияға өткен қарт большевик, соғысқа қатысып, бір аяғын майдан даласында қалдырған ардагер азамат болатын. Қазақстанға келгенше Ресейдің аса ірі облыстары – Сталинград және Новосібір облыстық прокуратурасын басқарған тәжірибелі заңгер Салық сияқты Ұлы Отан соғысының от-жалынында шыныққан, әскери тәртіпке әбден машықтанған, екі тілді бірдей еркін меңгерген, математикадан сабақ берген мұғалім ретінде талдамалы ойға жүйрік азаматқа бірден назарын аударады.

Облыста іссапарда болған күндері Салықты жанынан тастамай, түрлі сұрақтар қойып, білім-білігін байқастап, сынақтан өткізеді. Әскерилер «Бог войны» деп ерекше қадірлейтін мамандығына қарай «артиллерист» деп еркелете арқасынан қағып, жанына жақын тарта түседі. Сапар соңында оған республикалық прокуратураға ауысуға ұсыныс жасайды. Анасының рұқсатын алған соң Салық бұған қуана келіседі.

Осылайша қылшылдаған жиырма бестен енді ғана асқан жас офицер 1947 жылдың күзінде республикалық прокуратураның аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі болып шыға келеді.

Қазақ КСР Бас прокуратурасының сол кездегі Р.Мұхамедьяров, А.Чурбанов, М.Демме сияқты басшылары әскери қызметке әбден төселіп, облыстық прокуратурада әжептәуір тәжірибе жинақтаған, оның үстіне Бүкілодақтық Заң институтында сырттай оқу барысында теориялық білімін де жетілдіріп жүрген жас тергеушінің жаңа мамандықты игерудегі ынта-ықыласын лайықты бағалап, бірден қамқорлықтарына алады.

Алматы сияқты кітапханасы мен ақыл-кеңес берер мамандары мол ғылыми ортаға келген соң Салық институттағы оқуын мықтап қолға алып, Қазандағы филиалға алғашқы үш курстың оқу бағдарламасы бойынша экстерн жолымен емтихандар тапсырып, (ол кезде соғысқа қатысқан жоғары шенді офицерлерге мұндай мүмкіндік берілетін), соңғы курста Алматыда жаңадан ашылған филиалға біржолата ауысады.

Көп ұзамай, 1948 жылдың күзінде Алматыдағы филиалда бес бірдей пәннен мемлекеттік емтихан тапсыруға кіріседі. Бұл туралы институттың Алматы филиалында директор болған Салық ағаның ұстазы Л.В.Дюков: «Гвардия майоры С.З. Зиманов 1948 жылы Бүкілодақтық заң институтының Алматы филиалын (Қазан филиалынан ауысу арқылы) сырттай оқып бітірді. Бес мемлекеттік емтиханды түгелдей «өте жақсыға» тапсырып, аспирантураға ұсынылды. Бұл кезде ол республикалық прокуратурада аса маңызды істер жөнінде тергеуші болып істеді», – деп жазады.

Дәл осы тұста Салық Зимановтың кейінгі өмірін күрт өзгерткен ерекше оқиға болды.

Құқық қорғау мен мемлекет қауіпсіздігі саласында жоғары білімді кадрлар тапшы заманда республикалық мекемелердегі басшы қызметтерде арнайы құқықтық білімі жоқ азаматтар да қызмет істей беретін. Сондай лауазым иелерінің бірі 40-50 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің орынбасары қызметін атқарған полковник Байзолда Сәкенов болды. Ол да 1948 жылы Бүкілодақтық Заң институтына мемлекеттік емтихан тапсыруға Салықпен бірге дайындалады.

Емтиханға дайындық және оған қатысу барысында қашанда Салықтың білімділігі мен алғырлығын, дәтке де, сырға да беріктігін аңдаған Сәкенов оған мемлекеттік қауіпсіздік жүйесіне ауысуды ұсынады. Тіпті оның келісімін күтпей-ақ сыртынан құжаттарын рәсімдеуге кірісіп кетеді.

Бір кездері өзі зор сенім артып, алыстағы Атыраудан арнайы шақырумен алдырған жас шәкіртінің өзімен ақылдаспай жасаған бұл асығыстау әрекетіне ренжіген шікәмшіл қарт большевик Румянцев Салыққа қатқылдау сөйлеп, наразылығын білдіреді.

Қашанда бірбеткей, тікмінез Салық диплом қолға тиген соң сыртынан тон пішкен жаңа «досы» Байзолдаға да, түймедейді түйедей еткен бастығына да разы-хош айтып, аспирантураға берілген жолдаманы таңдайды. Дәл осы оқиға оның бұдан кейінгі тағдырына күрт өзгеріс енгізіп, өмірінің соңына дейін серік болған ғылым-білім әлеміне алып келеді.

Осылайша әуелі темірдей тәртіпке негізделген әскери өмір мен алға басқан әрбір қадамыңды заң талабымен өлшейтін прокуратура органында өткізген он жылдан соң Салық Зимановтың шетсіз-шексіз ғылым өлкесіндегі жемісті жылдары басталды.

Бүкілодақтық заң институтында сырттай оқыған жылдары  ғылымға бейімделе бастаса да, бұл саланың оған әлі де болса, беймәлім қырлары көп еді. Нақты бұйрық, шұғыл тапсырма, жедел әрекетке негізделген әскери-құқықтық тәртіппен салыстырғанда әрбір сөз, пікіріңізді саралап, салыстырып, талдап, толғап айтуды қажет ететін ғылыми қызметтің жайы мүлде бөлек болатын. Бұл оған жүріс-тұрысыңнан бастап ойлау, пікір жарыстыру, өзгенің көзқарасын да ескеріп, өз ойыңды елеп-екшеп айтуды талап ететін ғылыми ортамен жаңаша қарым-қатынас жүйесін қалыптастыруды қажет етті.

Сонымен, 1948 жылдың 1 қыркүйегінде С.Зиманов Қазақ КСР Ғылым академиясы құқық секторының академиясына аспирант ретінде қабылданады.

Дәл осы жылы оның өмірінде тағы бір айтулы оқиға болды. Ол бұдан кейінгі ғұмырында өзіне адал жар, анасына ибалы келін, қарындастарына қамқор жеңге, балаларына аяулы ана болған Шәрбан Батталқызымен отасып, шаңырақ көтерді.

Өмірдің небір қия жолдары мен қиян соқпақтарында сенімді серік болар өмірлік қосағын нағыз ертегінің батырларындай таңдай білген асқар таудай ағалардың көрегендігіне әрдайым таң қаламын. Жалпы, атағы алысқа кетіп, абыройға бөленген кез-келген азаматтың табыстарының тасасында Қобыландының Құртқасындай, Алпамыстың Гүлбаршынындай ағаларымыздың бабын да тауып, баласын да асырап, ағайын-туысына да қамқор бола білген нәзік жаратылыс иелері тұрады. Шәрбан апамыз осындай аяулы жандардың қатарынан еді.

Жас жұбайлар Салық пен Шәрбан, 1950 жыл.

Ақиқат үшін айта кетейік, Шәрбан Батталқызының жеке өмірі мен ғылымдағы жетістіктерінің өзі бір емес, бірнеше кітапқа жетіп артылады.

Арқаға  аты мәлім атақты Жарылқап батырдың тұқымы Баттал атамыз отыз екінің ашаршылығында қызыл биліктің келеңсіздіктеріне қолына қару ала қарсы шығып, халық көтерілісін бастапты. Сол үшін Баттал Әбеуов 1932 жылдың өзінде репрессияның қанды қасабына түсіп, атылып кетеді. Көп ештеңеден ыға қоймайтын турашыл Зиманов мұны әр жылдары толтырған өмірбаяндық анкетасында жасырмай, анық көрсетіп отырған.

Әкесінің халық жауы болып, репрессия шеңгеліне түскеніне қарамастан Шәрбан апамыз Қарағанды облысының қиян түпкірі – Шет ауданындағы қазақ мектебін 1939 жылы алтын медальмен бітіріп, Мәскеу мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға қабылданады. Ол екінші курста оқып жүргенде соғыс басталып, Шәрбан апай елге оралады. Жерлестерінің «халық жауының қызы» деген түрткісінде қалмауы үшін Алматы облысындағы орта мектепте химия және физика пәнінен ұстаздық етіп, оқу ісінің меңгерушісіне дейін көтеріледі.

Соғыс аяқтала салысымен Мәскеудегі оқуын жалғастырады. Мәскеу мемлекеттік университеті сияқты Кеңес Одағының ең беделді университетін үздік бітірген Шәрбан аспирантураға берілген санаулы жолдаманың біріне қол жеткізеді. Оны да ойдағыдай тәмамдап, 1952 жылы кандидаттық, ал 1968 жылы докторлық диссертациясын зор табыспен қорғайды.

Шәрбан Батталқызы отандық химия ғылымының дамуына үлкен үлес қосып, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырды. Екі жүзден астам ғылыми еңбек жазды. Ашқан ғылыми, өнертапқыштық жаңалықтары үшін 7 бірдей бүкілодақтық авторлық куәлікке ие болды. Ол 1975 жылы Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті, ал 1989 жылы академигі болып сайланды. Бір ғажабы, Кеңес заманында бүкіл Қазақстанда бір шаңырақтан ерлі-зайыпты қос академик шыққан екі-ақ отбасы болды. Соның бірі – Салық ағамыз бен Шәрбан апамыз құрған Зиманов-Батталовалардың жарасты жұбы еді.

Психологтардың пайымдауынша, ер азамат өзіне жар іздегенде көбінесе анасына ұқсас адамды таңдайды екен. Өмірлік серік таңдағанда Салық ағамыз да өз анасындай ақыл мен мінезге бай, өмірдің қандай сынақтарына қаймықпай қарсы тұрып, ерімен бірге еңсерген Шәрбан апамызды дәл осындай асыл қасиеттері үшін алған сияқты көрінеді.

Салықтың әкесі ертерек дүние салғаннан кейін ашаршылық, жоқ-жітіктік қыспағында қалған Болған әжеміз үш ұл, үш қызын қызғыштай қорып, жоқтан бар жасай жүріп қатарға қосты. Тепсе темір үзетін атпал азаматтардың өзі ашаршылық тырнағына ілігіп, халқымыздың тең жартысын жалмаған нәубет жылдарында осындай қажыр-қайрат көрсеткен адамды «аналардың анасы» десек, артық бола қоймас.

Шәрбан апамыз енесін туған анасындай сыйлап, қайын сіңлілеріне жол көрсетіп, жоба сілтеген ақылман жеңге болды. Соның арқасында Сәкеңнің Мәдина деген қарындасы Шәрбан Батталқызының ықпалымен химия ғылымын таңдап, кейін дәл осы саладан ғылым кандидаты атанды. Үлкен қарындасы Дина Кеңес Одағының Батыры Жәнібек Елеусізовке тұрмысқа шығады. Мәскеуге қол ұстасып қатар келген Салық пен Шәрбан 1948 жылы аспирантураға да қатар түседі. Олардың бұдан кейінгі ғұмыры бір шаңырақ астындағы тату-тәтті, жарасымды тірлікпен жалғасып, ғылым әлеміндегі берекелі, табысты, ұнасымды жылдарға ұласады.

Ғылымдағы ғибрат

Салық ағамыз тұрақты түрде болмаса да, қолы қалт еткенде күнделік жүргізген. Оның алғашқы отбасылық жылдары мен аспиранттық өмірі туралы кейбір сирек мағлұматтарды сол кезде жүргізген жазбаларынан табуға болады. Ендігі кезекті өзі-ақ сөйлеп тұрған мәліметтерге берейік. Онда: «27.X.49. Отбасымызбен бірге Шәрбан екеуміз Алматыдан Мәскеуге аттандық», «27.X. Мәскеуге келдік. Шәрбан – МГУ-ге, мен Расторгуеводағы КСРО ҒА-ның жатақханасына орналастық», «14.XI. Кітаппен бірге өмір сүріп, нәр алып жатырмын. Таңертеңнен түннің бір уағына дейін қолымнан кітап түспейді. Бұрын кітапқа деген дәл осылай ықыласым болмаған сияқты еді. Соған қарағанда Мәскеу маған жақсы әсер еткен сияқты», «18.XII. 1949 ж. Бүгінге дейін біз бөлек тұрып келдік: Шәрбан МГУ-де, мен Расторгуевода – ҒА-ның жатақханасында. Енді екеуміз Донской көшесі 32-үйден пәтер жалдадық. Мәскеудің қақ ортасында, метроның жанында», «13.II.1950 ж. Дүйсенбі. Бүгін КСРО мемлекет тарихы мен теориясынан соңғы кандидаттық минимумды тапсырдым. Комиссия мынандай құрамда: төрағасы проф. Юшков, мүшелері Владимир Сергеевич Покровский, Самуил Лазаревич Ронин қабылдады. «Беске» тапсырдық. Енді алда – диссертация», – деген Салық Зимановтың аспиранттық өмірі мен кандидаттық диссертациясы жай-жапсарынан толығырақ мағлұмат беретін нақты деректер бар.

Осы тұста сәл дамылдап, жас ғалым диссертациясының тақырыбы мен сол кездегі Қазақстанның заң ғылымының жағдайына да тоқталып өтейік.

Аспирант Зиманов Мәскеуде кандидаттық диссертация қорғаудың қамында жүрген 1950 жылы бүкіл республикада қазақ ұлтынан шыққан бір ғана заң ғылымының кандидаты бар еді. Ол 1935 жылы Саратов заң институтын тәмамдап, 1938 жылы Ленинград заң институтында кандидаттық диссертациясын қорғаған, дүниеден ертерек озған қазақтың аяулы азаматы Тайыр Молдағалиұлы Күлтелеев еді.

Салық Зимановтай заңғарға ұстаз әрі ақылман аға болған бұл ғалым жайлы да білмекке құмар оқырманға аз-кем мағлұмат бере кеткен артық бола қоймас.

Бүгінде есімін қалың көпшілікті былай қойғанда заңгерлер қауымының өзі ұмыта бастаған Тайыр Молдағалиұлы 1911 жылы қазақтың ежелгі қонысы Атыраумен жапсарлас өлке – Ресей империясының Астрахань губерниясында дүниеге келіпті. Ол 1938 жылы кандидаттық диссертациясын қорғасымен енді ғана ашылған Алматы заң институтында әуелі аға оқытушы, кейін доцент, ал 1940 жылы институт директоры болып қызмет атқарады.

Соғыс басталғаннан кейін әскер қатарына шақырылса да, ғылым кандидаты екендігі ескеріліп, 1942 жылы елге қайтарылып, бұрынғы қызметіне кіріседі. Т.Күлтелеев 1947-48 жылдары Қазақ КСР Жоғары Сотының мүшесі де болыпты. Қазақтың ұлы ғалымы, академик Қ.И.Сәтбаевтың бастамасымен 1946 жылы Ғылым Академиясы құрылып, құқық секторы ашылғанда оның алғашқы меңгерушілігіне тағайындалыпты. Дәл осы жайсаң жан ғылым жолына түскен Салық інісіне ағалық қамқорлық жасап, болашағына жөн-жоба сілтейді.

Зиманов Мәскеуде кандидаттық диссертациясын қорғауға кіріскенде Тайыр Молдағалиұлы қазақтың әдет-ғұрып заңдары бойынша докторлық диссертациясын аяқтауға жақындап қалған болатын. Бірі докторлық, екіншісі кандидаттық диссертация қамына кіріскен қос азамат жұмыстарының сәтті қорғалуына Сәтбаев бастаған республика ғылыми жұртшылығы түгелдей тілектес болып, барынша қолдау көрсетті.

Салық Алматыда жүргенде алғашқы кандидаттық диссертациясының жетекшісі ретінде қазақ заңгерлерінің алғашқы буынын тәрбиелеуге зор үлес қосқан ғалым, доцент Л.В.Дюков белгіленді. Мәскеудегі қорғалатын диссертация үшін алматылық доценттің беделі олқы соғатындықтан оған Сәтбаевтың ұсынысымен заң ғылымының докторы, профессор С.В.Юшков пен тарихшы В.С.Покровскийлер негізгі оппоненттер ретінде бекітілді.

Сонымен 1950 жылдың соңында аспирант С.Зимановтың диссертация қорғауы мәреге жақындай түсті. Тағы да күнделік беттеріне үңілейік: «3.IX.1950. Профессор С.В. Юшков менің диссертациямды қарап шығып, телефон арқылы өзінің оң пікірін жеткізді. Ертең жазбаша қорытындысын бермекші. Керемет! Енді оның өзі менің негізгі оппонентім болмақ. Басталуы тамаша. Ары қарай не болады екен?», «4.ІХ. Өте жағымды пікір алдым. Ол «Жұмыстың деңгейі маған Зиманов жолдасқа заң ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін беру жөнінде табандата ұсыныс енгізуге толық негіз бере алады», – деп жазыпты», «9.ІХ. Жұмыс секторда талқыланып, жалпы қолдауға ие болды. Оппонент ретінде проф. С.В. Юшков, проф. С.А. Покровский бекітілді», «17.ІХ. Серафим Владимировичтің Покровскиймен бірге сөз сөйлеуден бас тартқаны белгілі болды (олардың арасында бұрыннан келе жатқан өзара кикілжің бар екен)».

Күнделік дәл осы тұстан үзіледі. (Оны академиктің жеке мұрағатынан тауып, 2014 жылы алғаш жариялаған – тарих ғылымының докторы, профессор И.М.Қозыбаев).

Күнделікте Зимановқа оппонент болған бірнеше ғалымның есімі аталады. Оның алғашқысы Серафим Владимирович Юшков Ресейдің ескі үлгідегі аса көрнекті ғалымдарының бірі еді.

Қазан төңкерісіне дейін Императорлық Санкт-Петербург университетінің әуелі заң, кейін тарих-филология факультетін бітірген ол нағыз энциклопедиялық білім иесі еді. Соңғы факультетте есімі әлемге әйгілі түрколог болған академик В.М.Жирмунскиймен қатар оқыпты. Ол 20-30 жылдарда Мәскеу, Ленинград, Свердловск, Саратовтың университеттерінде мемлекет пен құқық тарихынан дәрістер береді. Соғыс басталғанда Алматыға эвакуацияланған үлкен оқымыстыны Қ.Сәтбаев бірден өз қамқорлығына алып, қазақтың жас заңгерлерін даярлау ісіне жегеді. Қазақстанда 1946 жылы Ғылым Академиясы шаңырақ көтергенде Юшковты академик етіп сайлап, Тарих, археология және этнография институтының директорлығына тағайындайды.

С.В.Юшков соғыс аяқталған соң Мәскеуге оралып, Бүкілодақтық заң институтында професор ретінде қызметін жалғастырады. Кеңес Одағы бойынша зор беделге ие, «Мемлекет пен құқық тарихы» пәнінің негізін салушы ретінде сөзсіз мойындалған ғалымды жас аспирантқа оппонент еткен Қаныш ағамыз өзі зор ғалымның «ығы да зор» болатынын ескеруден туындаса керек. Шындығында, Юшковтың шапағаты қорғау барысында Зиманов шәкіртіне молынан тиді. Қарт профессорды айрықша сыйлайтын ғылыми қауым онсыз да «шаппай бәйге алайын деп» тұрған Салықты толықтай қолдап шықты.

Бүкілодақтық институт тарапынан қосылған екінші оппонент Серафим Александрович Покровский бір кездері Сталиннің өзімен пікірталасқа түскен даукес әрі Юшковқа мүлде жұлдызы қарсы адам еді. Сондықтан оған көп ешкім қарсы келе бермейтін. Обалы нешік, ол да талабы да, таланты да зор жас ғалымның еңбегіне лайықты баға берді.

Осындайда «бір кандидаттық диссертация тарихын осыншама ежіктеудің не қажеті бар?» деген заңды сұрақ туындауы да мүмкін. Бұл бір қарағанда Салық Зимановтың кандидаттық диссертация қорғауы сияқты көрінгенмен, отандық заң ғылымының қаз тұрып, қалыптасуы тарихынан мол мағлұмат беретін белесті кезеңнің айтулы оқиғасы еді. Сондықтан жас аспиранттың ресми оппоненттерін белгілеуден бастап, қорғаудың жай-күйін түгелімен Ғылым академиясының президенті, қазақтың ұлы ғалымы Қ.Сәтбаев ұдайы өз бақылауында ұстаған. Қаныш аға кейін Зиманов докторлық диссертация қорғағанда да дәл осылай қамқорлық көрсетіпті.

«Жақсының аты, ғалымның хаты» өлмейді демекші, Салық ағаның ғылымдағы аты да, хаты да мұрағаттарда сайрап тұр. Оның кандидаттық, докторлық диссертациясына қатысты деректер Бүкілодақтық аттестация комиссиясының (ВАК) Мәскеудегі мұрағатында сақталған болатын. Оны іздестіруге арналған біздің алғашқы әрекетіміз нәтижесіз аяқталып, іздеген құжаттарымыз Мәскеу мұрағатынан табылмады. Ары қарай індете түстік, ізім-қайым жоғалмапты. Ол Ресей Федералды мұрағат агенттігінің Түмен облысындағы сақтау қорына көшірілген екен. Оның С.Зимановқа арналған ісінде академиктің диссертациялық жұмыстарына қатысты 300 беттік құжаттар сол күйінде сақталыпты. Енді қайта-қайта сілтеме жасамай-ақ, соларға негізделген деректерді алға тартайық.

Сонымен, 1950 жылдың 3 қарашасында КСРО Ғылым Академиясының Құқық институты ғылыми кеңесі алдында жас ғалым кандидаттық диссертациясын өте жоғары деңгейде қорғап шығады.

Енді республика ғылыми жұртшылығын алаңдатып, асыға күттірген Салық Зимановтың диссертациясы қандай тақырыпқа жазылған еді? Осы сұрақты тарқата кетейік.

Қазақ ғалымдары үшін әдебиет пен тарих ғылымы коммунистік идея үстемдік еткен жылдарда қатерлі өткел болды. Жиырмасыншы жылдардың басында-ақ Шәкәрім, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, т.б. әдебиет алыптары қуғын-сүргінге ұшырай бастады. Отызға енді ғана толған Мұхтар Әуезов Алаштың тағы бір алыбы Ә.Ермековпен бірге 1929-32 жылдары түрмеге отырып шықты. Революцияны жан-тәнімен қорғап, жалынды шығармалар тудырған Сәкен, Ілияс, Бейімбет те қанды репрессия құрбанына айналды.

Ресейдің аса ірі университеттерін тәмамдаған Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев бастаған Алаш қайраткерлері, мамандығы дәрігер болса да, қазақ тарих ғылымының қайнар бастауында тұрған Санжар Асфендияров сияқты зияткер азаматтардың бәріне «ұлтшыл» деген айып тағылып, коммунистік идея қалыбына сыймаған саяси, ғылыми көзқарастары үшін ату жазасына кесілді.

Алаш ардақтыларының бәріне олардың ұлтшылдығының дәлелі ретінде тарих пен әдебиет саласындағы айтулы шығармалары айғақ ретінде тартылды.

Репрессияның алғашқы легі қазақтың қоғамдық санасы мен ақыл-ойын XX ғасыр басында еуропалық, әлемдік деңгейге көтерген ұлт зиялыларын жалмап, одан аман қалғандары Ұлы Отан соғысының майдан далаларында шейіт болды.

«Орнында бар оңалады» дейді дана халқымыз. Соғыстан кейін тарих сахнасына Ермұхан Бекмаханов бастаған қазақ зиялыларының екінші буыны шықты. Ермұхан Бекмаханов өзінің ақыл-парасат, қабілет-қарымы тұрғысынан Алаш қайраткерлерінің ісін жалғастырған күрескер тұлға еді. Ол әуелі Тамбов педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, кейін Воронеж институтына ауысады. Дәл осы жылдарда Воронежде Алаштың қос бірдей арысы Халел Досмұхамедов пен Мұхаметжан Тынышбайұлы айдауда жүрген еді. Саяси қызметтерімен қатар кезінде қазақ тарихына қалам тартып, соңына сүбелі еңбектер қалдырған қос зиялы Ермұханның ұлттық рухты ұран еткен тарихшы ретінде қалыптасуына зор әсерін тигізеді.

Соғыс жылдарында Алматыда болған орыстың айтулы ғалымы, академик А.М.Панкратованың ғылыми кеңесшілігімен Е.Бекмаханов 1946 жылы Мәскеуде «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап, келесі жылы қос тілде осы аттас монографиясын шығарады.

Қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы дәл осы кезден бастап жалған жала, орынсыз айып, саяси қудалауға түсіп, оның соңы Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, А.Якуниндердің «Правда» газетінде 1951 жылы жарық көрген неше алуан айыптауларға толы мақаласының жариялануымен аяқталды.

 

Қазақтың қайсар тарихшысы Ермұхан Бекмаханов

Ол кезде Кеңес Одағының 15 республикасындағы ондаған университеттерде ай сайын дерлік докторлық диссертациялар қорғалып жататын және олар туралы ғылыми басылымдардан басқа органдар көп жақ аша бермейтін.  Ал елдің бас газеті «Правда» отызға енді ғана толған қазақ тарихшысының алғашқы монографиясын нысанаға алып, ауыр соққы жасайды.

Бұл сот үкімінен де ауыр айыптау еді. Нәтижесінде Салық Зиманов кандидаттық диссертациясын қорғау қамында жүрген жылдарда Бекмахановты отыз жетіншінің үрдісіндегі қаралау науқаны жүріп жатты. Оның соңы 1952 жылы желтоқсанда Абылай ханның тұқымы (Ермұхан Абылайдың үлкен ұлы Уәли ханның Тәуке сұлтан деген ұрпағынан тарайды), тарих ғылымынан шыққан тұңғыш ғылым докторы Е.Бекмахановты ел аман, жұрт тынышта 25 жылдық айдауға жіберумен аяқталды.

Мұндай қызыл саясаттың көрігі қызып тұрған мезгілде Бекмахановтың докторлық диссертациясы арналған кезеңге және тақырыпқа қатысты еңбек жазу басты бәйгеге тігумен бірдей еді.

Салық Зимановтың кандидаттық диссертациясының ресми атауы «Общественно-политический строй Букеевской Орды» деп аталатын. Біріншіден, Бөкей ордасы XIX ғасырдың алғашқы жартысында болған мемлекеттік құрылым, Е.Бекмахановтың докторлық диссертациясы XIX ғасырдың 20-40 жылдарына арналған еді. Екіншіден, Бекмаханов еңбегінің бас кейіпкері Кенесары хан болса, Зиманов зерттеуінің өзегінде Бөкей хан мен оның ұлы Жәңгір хан тұрды. Басқаны былай қойғанда, осы екі ұқсастықтың өзі-ақ Зимановтың ғылымдағы алғашқы аяқ алысы мен кейінгі тағдыры сәл жаңылыс басқанда оңдырмай орып түсетін.

Сәтбаев бастаған қазақ зиялыларының Зимановтың кандидаттық диссертациясына соншалықты алаңдауының бір сыры осы еді. Сондықтан жас ғалым заң ғылымында сең бұзып, өзіне де, соңына ерген буынға да жол ашуға тиіс болды.

Осы тұста Бекмаханов тарихшы, Зиманов заңгер, ендеше олардың ғылыми еңбектеріне осынша параллельдер жүргізудің қажеті қанша дейтін сұрақ туындауы да мүмкін.

Академик С.Зимановтың Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейінгі еңбектерінің басым көпшілігі мемлекет пен құқық тарихына, саяси және құқықтық ілімдер тарихына арналды. Бұл – заң ғылымының іргетасы іспетті ғылым салалары.

Дүние жүзінің заңгерлер даярлайтын оқу орындарының бәрінде дерлік алғашқы курста «Мемлекет пен құқық тарихы», «Мемлекет пен құқықтың жалпы тарихы», «Саяси және құқықтық ілімдер тарихы» деген пәндер оқытылады. Осылайша болашақ заңгерлерге адамзат өркениетінің даму тарихы барысында пайда болған мемлекеттер мен олардың құрылымы және ерекшеліктері, мемлекеттің формасы мен классификациясы, мемлекеттердің типологиясы, саяси жүйесі мен функциялары, мемлекеттегі құқық пен экономика, құқықтық ілімнің қайнар көздері мен негіздері, саяси және құқықтық ілімдердің пайда болуы, дамуы және қазіргі жай-күйі оқытылады. Бұл пәндер болашақта арнаулы заң ғылымдары: конституциялық құқық, азаматтық құқық, қылмыстық құқық, әкімшілік құқық т.б. болып жіктеліп, жіліктеніп кететін өзге құқықтық ілімдердің бәрінен бұрын санаға сіңіріледі.

Кезінде империялық Ресейдегі ең үлкен университет – Санкт-Петербург университетін бітіріп, магистрлік жұмысын осы университеттің ректоры, профессор А.Х.Гольмстеннен қорғаған Жақып Ақбаевтың өмірі мен қызметін зерттеу барысында мен төңкеріске дейінгі Ресей университеттеріндегі заң факультеті оқу бағдарламаларымен танысқан едім. Сонда бір байқағаным, ол негізінен сол кездегі Еуропа университеттері бағдарламаларынан көшірілген екен. Онда ежелгі Римнен бастап, Еуропаның сол кездегі дамыған елдерінің тарихы мен құқығы тереңдете оқытылған. Бұл оқулықтарда бір кездері Алтай мен Еуропа төріне дейінгі аралықтағы империя құрған ғұн мемлекеті немесе Қиыр Шығыстан бастап Қара теңіз аралығындағы Еуразияның алып мемлекеті – Түрік қағанаты туралы бір ауыз сөз болмады. Оның есесіне, Франция тарихы ежелгі заманнан күні бүгінге дейін егжей-тегжейлі тарқатылып, онда француз буржуазиялық революциясы, жирондистер конвенті, якобиндер диктатурасы, директория билігі, бонапарттық империя, екінші республика, Париж коммунасы т.б. тақырыптар тәптіштеп оқытылды.

Тура осы үрдіс кеңес заманындағы оқулықтардан да көрініс тапты. Оның шығыс халықтарына арналған бөлігінде тек Араб халифатына ғана орын беріліп, Шыңғыс хан империясы мен Алтын Орда мемлекеті туралы ештеңе айтылмады.

Осындай астамшыл дәстүр осы күнгі Ресей оқулықтарында әлі күнге дейін жалғасып келеді. Мәселен, жетекші орыс ғалымдары жазған әрқайсысы қос томнан тұратын «История государства и права зарубежных стран», «Общая теория государства и права» атты оқулықтар мен академиялық курстарда ғұндар мен көк түріктер құрған империялар туралы бір ауыз сөз жоқ.

Мемлекетшілдік, отаншылдық ұғым мемлекет тарихын танудан басталады. Сондықтан қазақ заңгерлерінің алғашқы буыны – Салық Зиманов, Ғайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаевтар дәл осы саланы таңдап, өздерінің кандидаттық, докторлық диссертацияларын тура «Мемлекет пен құқық тарихы мен теориясынан» қорғап, мемлекетшілдік сананы қалыптастыруға зор еңбек сіңірді.

Салық Зиманов туралы еңбектер мен әріптестерінің бағасында ол үнемі «тарихшы заңгер» деп аталады. Тіпті оның есімі Кеңестер Одағына мәшһүр ұстазы С.Юшковтың да ресми дәрежесі «тарих ғылымының докторы» болатын.

Жас ғалым Салық Зиманов не үшін XIX ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Бөкей ордасының тарихын зерттеу нысанасы ретінде алды?

Бөкей ордасы арыда Алтай мен Азау теңізі аралығындағы ұлан-байтақ аумақты алып жатқан Жошы ұлысы орыс тарихнамасында «Алтын Орда» деген атпен белгілі болған  алып империяның, беріде Еділ мен Ертіс арасында салтанат құрған Қазақ хандығының тұяқ серпер тұсындағы ең соңғы мемлекеттік құрылым болатын.

Бір кездері шығыс тарихшылары «Дешті Қыпшақ» деп дәріптеген Ұлы дала мемлекетінің ең тусырылған жұқанасы сияқты көрінетін Бөкей ордасының аумағы төңкеріске дейінгі ең үлкен орыс энциклопедиясы – «Брокгауз-Ефронның» деректері бойынша, 92.144,5 шаршы километр еді. Егер салыстырар болсақ, бұл әлемдегі ең айтулы, дамыған мемлекеттердің бірі саналатын бүгінгі Бельгиядан үш есе үлкен.

Зиманов таңдауының Бөкей ордасына түсуінің тағы бір себебі Ресейге қаншалықты вассал болса да, Бөкей ордасы қазақ мемлекеттігінің ежелгі хандық басқару жосығын, шаруашылықты жүргізу тәртібін, заң-құқықтық жүйесін, әлеуметтік-сословиелік жіктелуі, әдет-ғұрыптары мен көшпелі өмір салтын барынша толық сақтаған мемлекеттік құрылым еді.

Кеңестік тарихнамада Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ тұрмысын жоқ-жітікке негізделген аянышты халде суреттеп, «халықтың қолы тек төңкерістен кейін ғана бақытқа жетті» деген мүлде шындыққа жанаспайтын жалған тезис орын алып келді.

Менің академик Манаш Қозыбаев жетекшілік еткен тарих ғылымынан қорғаған кандидаттық диссертациям төңкеріске дейін шыққан орыс энциклопедияларындағы қазақ тарихының саяси-әлеуметтік проблемаларына арналды. Оларды негізінен орыстың бекзат ортасынан шығып, ғылым алдындағы адалдығын сақтаған орыс ғалымдары даярлады. Сондықтан бұл басылымдағы деректер саяси конъюктураға сай жиі құбылып отыратын кеңес энциклопедияларындай емес, көбінесе шындыққа негізделіп жазылды.

«Брокгауз-Ефронның» 8-ші томында «Ф. Щ.» деген бүркеншік атпен Императорлық Ресей ғылым академиясының мүше-корреспонденті Ф.А.Щербинаның «Бөкей Ордасы» деген мақаласы жарияланды. «Жақсының жақсылығын айт» демекші, төңкерістен кейін Прагаға эмиграцияға кетіп, сол жерде қайтыс болған Федор Андреевич 1898-1909 жылдары «Материалы по киргизскому землепользованию» деген қазақ тарихы үшін баға жетпес 12 томдық іргелі еңбек шығарды. Міне, осы Щербинаның энциклопедияда жарияланған мақаласында Бөкей ордасында 1890 жылы 216.850 адам тұрғандығы көрсетіліп, олардың қолында 1889 жылы 1 миллион 827.298 бас мал болғандығы, нақтылай түссек, 87.708 түйе, 198.236 жылқы, 329.609 ірі қара, 1.256.745 бас қой мен ешкі болғандығы келтірілген. Автор осы мәліметтерді талдай келе: «Ордадағы әр отбасының қолында орта есеппен 40,7 бас мал бар. Ең бай қазақтар Нарын құмында тұрады. Ондағы әр шаңырақ 48 бас мал ұстайды. Ең кедей деген қазақ отбасында 35,5 бас мал бар», – деп жазады.

Ал енді осы деректерді «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатқан ұжымдастыру кезіндегі Бөкей ордасы орналасқан Батыс Қазақстан жеріндегі қазақ ауылдарында малды қойып, бірді-екілі жан ғана қалған зұлмат заман шындығымен салыстырар болсақ, Кеңес Одағының қазаққа не беріп, не алғандығы өзінен-өзі түсінікті болады.

Щербинаның мақаласын оқығанда жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында, Ресейге толық кіріптар жағдайда өмір сүрген  Бөкей ордасындағы ең кедей отбасының жағдайы қара жерге ғана телміріп өткен орыс мұжығы мен мылтығын шошаңдатқан казактардың қайсысынан да  әлдеқайда жоғары болғанын аңғарамыз. Ал байлықты қолындағы малының санымен өлшер болсақ, қазақ орташасының дәулеті кез-келген орыс кулагының жағдайынан артық еді.

Осы тұста ғылыми әдебиетте әлі күнге дейін қылаң беріп қалатын «Бөкей ордасы хан Бөкейдің Ресей императоры Бірінші Павелге Еділ қалмақтары Жоңғарияға жөңкіле көшкен соң бос қалған жерге қоныстануға рұхсат бергеннен кейін пайда болды» деген теріс түсінік бар екендігін атап өтуге тура келеді.

Шындығында Еділ мен Жайықтың арасын былай қойғанда, арыда Азау мен қиырдағы Қырым жұрты да бір кездегі Жошы негізін салып, Бату дәуірлеткен Алтын Орданың ежелгі қонысы, сол орда халқының басым бөлігін құраған қазақ руларының атакүлдік мекені болатын. Тіпті орыс тарихшылары «Крымское ханство», еуропалықтар «Малая Тартария» деп жүрген, ал өзінің ресми атауы бойынша – «Дешті Қыпшақтың Ұлық ордасының» өзі Мәскеуді бірнеше рет тас-талқан етіп жеңгенін орыс тарихшылары әлдеқашан мойындаған.

Қырым хандығы ғана емес, жалпы осы түбектегі кеңес заманында ғана өзгертілген елді мекендердің атауына қарап-ақ, оның халқы негізінен қазақ руларынан құрылғанын аңғарудың еш қиындығы жоқ. Дәл осы Қырым хандарының мөрінде мемлекеттің атауы «Ұлық орда уә Дешті Қыпшақ» деп жазылғанын кеңестік оқулықтармен тәрбиеленген көшпелілер ұрпағының көбі білген жоқ.

Мың жасағыр Мұхтар Мағауин ағамыздың арқасында хандық дәуірдегі қазақ жыраулары бүкіл сән-салтанатымен қазақ поэзиясының төріне жайғасқанда ғана «бұдырайған екі шекелі, мұздай үлкен көбелі» бабалардың «алаң да алаң, алаң жұрт, ағала ордам қонған жұртынан» мол мағлұматқа қанықтық. Осындай құдіретті жыр толғаған Қазтуған жырау «Қайран да менің Еділім, Мен салмадым, сен салдың» десе, Асан Қайғы бабамыз «Еділ менен Жайықтың бірін жазға жайласаң, Ал қолыңды маларсың, алтын менен күміске» деп өсиет қалдырады. «Арыстандай екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген» Доспамбет атамыз «Азаулының Стамбұлдан несі кем?» деп бабалар жайлаған киелі қоныстың шекара шебі мен дәреже-даңқын лайықты дәріптейді.

Сондықтан ендігі жерде «орыс патшасы Павел Бөкейге бос жатқан жер берді» деп отаршылдар аузымызға салған ескі тезисті термелемей, «Бөкей хан өз қарауындағы Кіші жүздің 12 ата байұлына қоса жетіру мен әлімұлына қарасты тағы 2 руды және оған ескі жұртта қалған ноғай-қазақтарды қосып, бабаларының ежелгі қонысына орналасты», – деген тұжырымды ұстанған жөн.

Салық Зимановтың Бөкей ордасы тақырыбын таңдауының тағы бір себебі оның ата-бабалары түгелдей осы өлкеден шыққан еді.

Жәңгір хан 1845 жылы дүние салғаннан кейін оның Санкт-Петербургтің Паж корпусында оқыған 15 жасар талантты ұлы Сахыпкерей 2 жыл ел билейді. Кейін «оқуын жалғастыруы керек» деген сылтаумен империя астанасына қайта жеткізілген ол құпия жағдайда аяқ астынан қаза табады. Бұдан кейін хандық билік таратырып, Бөкей ордасы біртіндеп Астрахань губерниясының құрамына өте бастайды. Тіпті осындай заманда да қазақтардың дау-шарлары кезінде Бөкей негізін салған «билер кеңесінде» шешіліп келді. Бұл туралы А.Ф.Щербина: «Сот төрелігі тұрғысынан Бөкей ордасы Астрахан палатасының қарамағына берілсе де кейбір мәселелер билер кеңесінде шешіліп, олардың төрелігі аппеляция мен кассацияға жатпай, түпкілікті болып есептелді», деп жазады.

Бала Салық Жәңгір хан кезінде дүниеге келген абыз ақсақалдарды көріп өсті, ал оның XIX ғасырда туып, хандық билік жойылса да, жөн-жосығы сақталып қалған заманда өмір сүрген әкесі Зиман ақсақал зерек баласына Бөкей ордасындағы қой үстіне бозторғай  жұмыртқалаған заман туралы талай қызғылықты мағлұматтарды жеткізгенін аңғарудың еш қиындығы жоқ.

Бөкей хандығының тағы бір ерекшелігі – хан ордасында оның барлық ресми алыс-беріс, қатынас қағаздарын жүргізген арнайы кеңсебасы болды. Бұл өлкенің тарихына қатысты жүйелі ғылыми зерттеулердің төңкеріске дейін де (А.Харузин), одан кейін де (В.Шахматов) жан-жақты зерттелуіне мол мүмкіндіктер туғызды.

Батыл ой, байсалды еңбек

Кеңес заманында қорғалған кандидаттық, докторлық диссертациялардың толық мәтіні Бүкілодақтық аттестациялық комиссия мұрағатында сақталды және жариялануға жатпайтын. Кітапханаларға оның шағын, тезисті нұсқасы – авторефераты ғана жіберіледі. Бірақ диссертант өз қалауынша оның ғылыми жаңалығы, өзгеше тұжырымдары мол бөлігін арнайы басылымдарда жариялайды. Зиманов өз диссертациясының осындай жілікті тұстарын қорғау аяқталған соң ғана шығарған.

Аспирант Салық Зиманов кандидаттық диссертациясының басты тезистерін 1951 жылдың наурызында Ғылым академиясының экономика және құқық секторларының ғылыми сессиясында баяндап, жұмыстың «О политическом строе Букеевской орды» деген сүбелі бөлігін Академияның «Хабаршысында» жариялайды. (№10, 1951 жыл).

Республиканың бүкіл ғылыми қауымы әр номерін қалт жібермей оқитын ғылыми басылымға шыққан алғашқы еңбегінде-ақ Зиманов өз ойларын ешкімнің ығына жығылмай мейлінше ашық, айқын баяндайды.

Ол ғылыми пікірталасты өзіне дейін «Внутренняя орда и восстание Исатая Тайманова» атты үлкен монография жазып, онысын 1946 жылдың өзінде-ақ жариялап үлгерген ғылым кандидаты болса да, сол кездегі айтулы тарихшылардың қатарынан саналатын В.Ф.Шахматовтың жаңсақ ұстанымын сынаудан бастайды.

Шахматов өз монографиясында Бөкей ордасының пайда болу себебін түсіндіре келіп: «Ол XIX ғасырдың басы патша үкіметі жүргізген отарлау саясатының жалпы бағыттарымен тікелей байланысты болды. Бөкей ордасы патша үкіметінің, атап айтқанда, барон Игельстром саясатының нәтижесінде құрылды және бірнеше жыл бойы жүргізілген жан-жақты даярлықпен жүзеге асты», – деген тұжырым жасайды.

Бұл пікірден патша үкіметі қазақтарды қанаушы, отарлаушы емес, керісінше, оның тағдырына алаңдап, жылдар бойына жүргізілген арнайы реформа негізінде жер бөліп, жарылқаушы болған деген арамза тезис қылаң береді. Ал шындығына келер болсақ, Еділ мен Жайықтың ортасындағы ежелгі қазақ, ноғай қоныстарын орыс қаруының күшімен озбырлықпен тартып алып, оған бір кездері Жоңғариядан оңтүстік Сібір арқылы жөңкіле көшіп, Еділге жеткен жоңғарлардың торғауыт, хошоут және дүрбіт тайпаларына жер үлестірген патшалық Ресейдің өзі болатын. Отаршыл аппарат қазақ пен ноғай жұртының ата жауы саналатын қалмақтарды оларға айдап салып, «бөліп ал да билей бер» деген сұрқия саясатты жүзеге асырды.

Бұл мәселені біз кезінде «Колониальный режим в Казахстане» (2000 жыл) атты  еңбегімізде талдағандықтан, толық мағлұмат алғысы келетін оқырманға сол кітапқа сілтеме жасаумен шектеліп, Зиманов пен Шахматовтың пікірталасына ораламыз.

Шахматов әдейі немесе жаңылыспен төңкеріске дейінгі отарлау аппаратының шенеуніктері мен әскери офицерлер орнықтырған патшалық Ресейдің қанау мен тонауға негізделген озбыр саясатын ақтап алуға құрылған астамшылық саясаттың жетегінде кеткен. Мұны сұңғыла Зиманов бірден аңғарып, мүйізі қарағайдай беделді тарихшы Шахматовқа қарсы пікір айтады. Ол: «Біз мәселе дұрыс шешімін таппаған деп санаймыз. Шынтуайтқа келгенде Бөкей ордасының құрылуы қазақ қоғамында орын алған бітіспес тап күресімен тікелей байланысты болды... Сырым батыр бастаған халық көтерілісі қарумен басып-жаншылғаннан кейін Кіші жүз қазақтары көшіп-қонатын қоныс іздеп ішкі жаққа қарай көшеді, бұл дәл осы күрестің басқаша жағдайда, өзгеше формада жалғасуы болды. Кіші жүз қазақтары Жайықты кешіп өткеннен кейін патша үкіметі оларды «қолдауға» мәжбүр болды. Әрине, мұның қазақ қоғамына деген альтруистік көзқарастан туындамағаны айдан анық», – деп жазады.

Зимановтың дәл осы пікірі оның не үшін Бөкей ордасының тарихы мен мемлекеттік құрылымын ғылыми зерттеу нысанасы етіп алғанынан қосымша хабар бере түскендей.

Біріншіден, Зиманов патшалық Ресей ғалымдары негіздеп, кеңес тарихшылары жалғастырып, ғылыми түрде орныға бастаған «Бөкей ордасын құру – патша үкіметінің бастамасы» деген жалған тезисті жоққа шығарады. Патшалық Ресей әуелі қанға бөктіріп Қазанды, одан кейін тас-талқан етіп Қажытарханды (орыстар кейін Астрахань атап кеткен) алған соң қазақтарды ежелгі ата-баба қонысы – Еділден ықтыра бастайды. Бұл оқиға әйгілі Қазтуған жыраудың: «Кіндігімді кескен жұрт, кір-қоңымды жуған жұрт, Қарағайдан садақ будырып, Қылшанымды сары жүн оққа толтырып, Жанға сақтау болған жұрт», – деп толғай келіп, «Қайырлы болсын сіздерге, Менен де қалған Еділ жұрт», – деп көкірегі қарсы айрыла толғаған жырларынан көрініс тапқан.

Қазтуған жырау – есімі XVII ғасырдың екінші жартысындағы орыс жылнамасына түскен нақты тарихи тұлға. Сондықтан Доспамбет, Қазтуған, Шалкиіз жыраулардың толғауларын әдеби шығарма ғана емес, тарихи оқиғалар қайнары әрі Қазақ хандығының отты жырмен өрілген көркем шежіресі деп қарастырған жөн.

Ежелгі қоныс Еділден ығыстырылса да, Жайықтың бойын елге де, малға да толтырған Кіші жүз рулары Зиманов жазғандай, еркін «көшіп-қонатын» жаңа өріс іздейді. Соның негізінде қалмақтар Жоңғарияға қайыра көшкен соң қазақтар ата-бабасы кіндігін кескен киелі қонысқа қайта оралады.

Осы тұста мына жайға да назар аударуды ұмытпаған жөн. Әр сөзіне зор мағына сыйдыратын ежелгі билер ұрпағы саналатын Зиманов тұжырымында «Ресей жері» деген бір ауыз сөз жоқ. Ол: «Кіші жүз қазақтарының бір бөлігі ішкі жаққа қоныстанды», – деп жазады. Басқаша айтсақ, кезінде сыртқы бетке ығыстырылған жұрт қолайлы сәтті пайдаланып, ішкі жаққа өтті деген жаңаша тұжырым жасалады.

Екіншіден, Шахматовтың «патша үкіметі саясатының нәтижесі» деп қадап тұрып айтқан сөзін Зиманов біржолата теріске шығарады. Шахматовқа патша саясатының ұнайтыны соншалық, ол мұндайда кеңес ғалымдары қыстыра кететін «отаршылдық саясат» деген тұрақты тіркеске айналған фразаның «отаршылдық» деген сөзін пайдалануды артық санаған. Зиманов үлкен әріптесінің осы ұстанымын патша үкіметі бұл әрекетті «қазақ қоғамына деген альтруистіктен жасалған жоқ» деген кекесінмен түйреп өтеді.

Зиманов Шахматовтың белгілі монографиясына негіз болған жаңсақ концепцияның төркіні оның 1943 жылы жарық көрген «Қазақ КСР» ұжымдық монографиясынан басталып, он жылға жуық ғылыми әдебиетте үстемдік етіп келе жатқанын да назарынан тыс қалдырмаған. Ол аталған ұжымдық монографияда жарияланған ұстанымды талдай келіп, оның «патша үкіметі қазақтардың «ішкі жаққа» уақытша көшіп-қонуына ықылас таныта қоймады, бірақ қазақтардың Нарын құмына көшуі патша үкіметінің түпкі мақсатына сай келетін еді», деген тұстарын сын тезіне салады.

Қазақ ғалымы оның осы тезистің өзінде бір-біріне кереғар екі позиция барын: бір жағынан қазақтардың көшіп-қонуы патша үкіметінің мүддесіне сай келгендігін, екінші жағынан сол үкімет оған мүлде ықылассыз барғандығын айтып, өзін-өзі терістегеніне назар аударады.

Қазақтардың Еділ мен Жайық арасындағы ежелгі қонысқа көшуі мәселесіне келгенде 1947 жылы Сырым батыр туралы іргелі монография жариялаған белгілі ғалым, профессор М.П.Вяткин де жаңсақтыққа ұрынып, кеңестік тарихшыларға сай оны Кіші жүздегі «тап күресінің шиеленісуінен» деп түсіндіреді.

Ал шын мәнісінде, патшаның отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің туын ұстаған Сырым батыр қазақтардың Еділ бойына көшуін мейлінше қолдап, Бөкей ханға көп көмек көрсеткен.

Патшалық Ресейдің Кіші жүз қазақтарының ежелгі қонысқа көшуі туралы бұл бастамасын қолдауының басты себебі, империямен шекаралас аймақта тұратын Кіші жүздің ер Едіге заманынан тартатын ежелгі жауынгерлік рухы сөнбеген батыр-бағландары казак станицаларына жиі шабуыл жасап, олардың қарулы жасақтарының өзін зор шығынға ұшыратып отырды. Бір кездері екі ортадағы буферлік аймақ қызметін атқарған қалмақтар Еділден ауған соң қазақ батырлары тарапынан жасалған мұндай шабуылдар тіпті жиілеп кетті. Осындай қарулы қақтығыстарда кісі өлімі де орын алып, оның соңы кек алу жолындағы бітіспес ұрыс-керіске айналған кездер де болды.

Орыс отаршылдары қазақ қоғамында орныққан дала демократиясының жай-күйінен мүлде бейхабар еді. Хан қаншалықты жеке-дара билеуші болса да, ол әрдайым ықпалды рубасылары мен дала шонжарларымен және сол замандағы қоғамдық пікірдің тізгінін ұстаған азулы билер мен қол бастаған батырлармен санасып отыратын.

Ұлт тарихында есімі зор құрметпен «Еңсегей бойлы ер Есім» деп аталған Есімнің ағасы Тәуекел хан билік құрғанда қазақтар Самарқан мен Бұхарға дейінгі аумақты Қазақ хандығының дәргейіне келтіреді. Ал Есім хан тағына отырғанда Ташкентті қосып алып, оны екі ғасыр бойы қазақ хандарының еркін билеп-төстеуіне жол ашады. Еңсесі биік, айбыны асқан Есім хан ашу үстінде әйгілі Жиембет жыраудың інісі Жолымбетті өлім жазасына кескенде: «Әмірің қатты Есім хан, Бүлік салып бұйырдың, Басын бер деп батырдың, Қанын ішіп қанбаққа... Хан ие, ісің жол емес, Жолбарыстай Жолымбет, Құрбандыққа қол емес... Қаһарыңды басқалы, Қалың елім жиылды. Бастап келген өзге емес, Жиембет сынды биің-ді», – деп ханның жолсыз жаза кесуіне қарсы тұрады.

Ата-бабасы дәл осы Бөкей ордасы халқының түп негізін құраған он екі ата байұлынан шыққан Бортоғашұлы Жиембет жырауға айбыны асқан ханның өзіне «ісің жол емес» деп турадан тартып, қаһарын басуға дем берген ұлы күш, алдымен, артындағы қалың елі болса, екіншіден, баба салтын аттаған ханның өзіне қарсы сөз айтқызатын Жошы хан заманынан қалған дала демократиясының жосығы болатын.

Патшасына қарсы сөз айтпақ түгілі, сарай протоколына  үйлеспейтін ерсі қылық көрсетуге дәрмені жоқ Ресей бишікештері қазақ қоғамында орын алған мұндай еркіндікті «бұратаналықтың, өркениетсіздіктің көрінісі» деп қана бағалаудан аса алмады.

«Есім ханның ескі жолынан» бастау алатын, бабалар жосығына негізделген Кіші жүз батырларының орыс бекіністеріне жасаған шабуылдарын ендігі жерде хандық билікке орыс патшасы жарлығымен бекітілетін Бөкей хан арқылы азайту көзделеді. Шектен шыққандарды хан қолымен жазалап отыру үшін орыс патшасы қазақтардың Еділ мен Жайық арасына еркін көшіп-қонуына келісім береді. Орда билігін сыртқы күштердің араласуынсыз Бөкейдің жеке-дара жүргізуіне орыс билігі Зиманов кекетіп өткен «альтруистіктен» емес, амалсыздан барды.

Кеңес заманындағы ғылыми әдебиетте Кіші жүз қазақтарының Сырым Датов бастаған көтерілісін қазақ қоғамының хандық билік пен езгіге қарсы ұлт-азаттық күресі ретінде ғана бағалаған сыңаржақ көзқарас орын алды. Шындығында, отаршыл билік Кіші жүздің ықпалды рубасылары мен батырларын ханның өзіне және оның басқару тәсіліне қарсы айдап салып отырды. Мұндай қаскөйлік орда билеушілерінің ашу-ызасын тудырған. Зимановтың назарынан бұл да қалыс қалған жоқ. Ол: «Жәңгір ханның шекаралық басқармаға жазған хаттарының бірінде орда халқымен көршілес қоныстанған орыстарға наразылық білдіреді. Ол қазақ ауылдарына жиі келетін кейбір шенеуніктердің іс-әрекеті Ішкі ордадағы кейбір келеңсіздіктер мен бүліктерге себеп болғандығын атап көрсетеді», – деп жазады.

Ресей империясы 1822 жылы Орта жүздегі хандық билікті жойғаннан кейін XIX ғасырдың ортасында бүкіл қазақ даласында Жошыдан бастап үзілмей келе жатқан хан лауазымын сақтап қалған жалғыз ғана Жәңгір хан еді.

Ол өзінің ақыл-парасатының арқасында патшаның да көңілін тауып, қандастарына да жайлы тұрмыс сыйлай алды. Бірақ орда шекарасының Ресеймен шектес тұстарындағы шұрайлы жер мен Нарын құмының Каспийге сұғынған тұсындағы аумағы 300.000 десятинаға жуық құнарлы өлке князь Юсуповтар мен граф Безбородкоға тиесілі болатын. Бөкей ордасында мыңғырған қой мен үйірлі жылқы айдаған шынжыр балақ, шұбар төс шонжарлардың малы бос жатқан майлы қияндарға кіргенде оларға салынатын салық та, алынатын алым да еселеп өсе түсті. Ал ол төленбеген жағдайда мұздай қаруланған казак-орыстар қылышы мен мылтығын шошаңдатып, қазақ ауылдарын қыспаққа алды.

Күз бен қыста тебіндеп жайылатын жылқының «қазыналық жер» деп есептелетін казак станицаларының аумағына өтіп кеткендері ешбір ақы-пұлсыз тартып алынып, жоғын іздеп келген қазақтар соққыға жығылып, абақтыға жабылды. Топтасып бас көтерген ауылдың азаматтары қылышқа шабылып, мерт болды. Мұның бәрі халықтың ашу-ызасын тудырып, ойына келгенін істеген орысты тәртіпке шақыра алмай отырған ханға деген наразылықты күшейте түсті. Зиманов айтып отырған Жәңгір ханның орыс «көршілеріне» жасаған шағымы осыны меңзеп тұр.

Қаншалықты қыспақ пен қолайсыздықта өмір сүрсе де, Бөкей ордасында Жәңгір хан тұсында хандық институттың бүкіл жөн-жосығы ғана емес, оның билік жүргізу мен дау-шарларды шешудегі ата-баба дәстүріне негізделген заңнамалық негізі де сақталып қалды. Ол туралы С.Зиманов: «Сол кезде қазақ қоғамында үстем болған басқару жүйесін сұлтандық-билік жүйесі деуге болады. Сұлтандық-билік мемлекеттік басқару аппараты билік жүргізіп отырған «феодалдық таптың» мүддесін сенімді түрде қорғауды қамтамасыз етті», деп жазады.

Басқаша айтар болсақ, Бөкей ордасында қазақ қоғамында ғасырлар бойы қолданылып, әбден сыннан өткен «хан – сұлтан – би» үш сатылы билік жүйесі қолданылды.

Өкінішке орай, қазақ даласындағы басқару жүйесін зерттеушілердің басым көпшілігі мұндай құрылымды артта қалушылық, тіпті орта ғасырлардағы феодалдық қоғам тәртібіне де жете алмаушылық деп бағалады. Солардың қатарында соғыс жылдары Алматыда қызмет істеген көрнекті кеңес заңгері С.Л.Фукс та болды.

Зиманов ұстазы, профессор Савелий Львовичтің: «Профессор Фукс қазақ мемлекеті өзінің мазмұны жөнінен феодалдық болса да, механизмі жағынан феодализмге дейінгі дәрежеде еді», – деген пікіріне қарсы шығады.

С.Л.Фукс кеңестік заң ғылымының аса көрнекті өкілі еді. Ол соғыс басталғаннан кейін 1941 жылдың күзінде Алматыға келіп, Алматы мемлекеттік заң институтында ұстаздық етеді. Қазақстанға келген өзге ғалымдар сияқты қазақ тақырыбына ден қойып, халқымыздың дәстүрлі құқығын зерттеуге кіріседі. Ол соғыстан кейін де ғылыми ізденістерін жалғастырып, 1948 жылы Мәскеуде «XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ мемлекеті мен құқығының тарихы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғайды. Іргелі жұмыста Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» бастап, хандық билік таратылғаннан кейінгі отаршылдық заңнамаға дейінгі қазақ мемлекеттілігі мен құқығының ең өзекті мәселелерін түгел қамтыған бұл еңбекке кеңестік қызыл идеология «құпиялық» грифін қойып, жарыққа шығаруға тиым салды. Академик Салық Зимановтың үздіксіз қозғауы нәтижесінде ғана оның екінші бөлігі «XVIII ғасыр мен  XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы дәстүрлі қазақ құқығы» деген атпен 1983 жылы басылды. Еңбектің профессор Ш.Тілепина тапқан 50 баспа табақтан асатын толық нұсқасы Қазақстан тәуелсіздік алған соң 2008 жылы Санкт-Петербургте жарық көрді.

Төңкеріске дейінгі қазақ тарихын зерттеген орыс ғалымдарының көпшілігі дала демократиясының табиғатын түсінбеді. Оған жабайы деп айдар таққандар да, тіпті алғашқы қауымдық деңгейге дейін апарып тастағандар да болды. Мәселен, 1868 жылы «Область сибирских киргизов» деген кітап шығарған М.Красовский дейтін шенеунік қазақтардың өмір салты туралы: «қаңғыбас өмір сүрді, қорегін жабайылар сияқты тауып алатын еді», – десе, ғасыр басында (1906) жарық көрген «История  завоевания Средней Азии» атты үш томдығында М.А.Терентьев дейтін Орта Азияны жаулауға қатысқан генерал-лейтенант Қазақ хандығын «жабайы номадтардың алғашқы қауымдық қоғамы» ретінде көрсетіп, ал қазақтарды «ақымақ жабайылар» деп сипаттайды.

Жалпы төңкеріске дейінгі қазақ тарихын зерттеушілерді шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бұлар – отаршылдық аппаратының түрлі деңгейіндегі шенеуніктері, қазақ жерін жаулауға қатысқан әскери офицерлер мен дала өлкесін зерттеуге шын ниет еткен ғалымдар.

Красовскийдің «жабайы», ал Терентьевтің «алғашқы қауымдық қоғам деңгейінде» деп кемсітіп отырған қазақтардың арасынан шыққан, небәрі үш сыныптық қана орысша білім алған Абай сол кездің өзінде ақыл-парасат жағынан әлемнің ең озық ойлы данышпандарымен бір деңгейде тұрған еді.

Қазақ билерінің ел ішіндегі дау-шарларды шешудегі айтыс-тартысы, әділ төрелігі Дала өлкесіне келгендерді таң-тамаша қалдырған.

Құнанбай ауылына келгенде осындай оқиғаға куәгер болған поляк зиялысы А.М.Янушкевич оларды «дала Демосфендері мен Цицерондары» деп атаған.

Қазақ өлкесін жан-жақты зерттеушілер қатарына үш томдық іргелі еңбек жазған А.И.Левшин, қазақтардың әдет-ғұрып заңдарын зерттеуге, жүйелеуге үлес қосқан Д.Я.Самоквасов, Л.Ф.Баллюзек, И.А.Козлов, К.Е.Маковецкий, А.А.Леонтьев, Н.А.Аристов, В.В.Радлов, В.В.Вельяминов-Зернов, А.Добросмысловтарды қосуға болады.

Американың әйгілі жазушы-публицисі Джордж Кеннан өзінің «Сибирь и ссылка» атты кітабында осында жер ауып келген А.Леонтьев деген студентпен Семей кітапханасында сөйлескенін, ол Ибрагим Құнанбаев деген қыр қазағының осы кітапханаға жиі келіп, сол кездері Еуропаны аузына қаратқан Милль, Бокль және Дрепер сияқты оқымыстыларының кітаптарын оқитынын, тіпті онымен индукция және дедукцияның айырмашылықтары туралы кемел философтарша әңгіме құрғанын тамсана жазған.

Зиманов профессор Фукстың қате тұжырымына әдеппен тойтарыс бере отырып: «Қазақ хандығының сипатты белгісі сұлтандық-билік басқару жүйесінің болғандығы жоққа шығарылады»,– деген қорытындыға келеді.

Жас ғалым диссертациясында Бөкей ордасындағы билер сотының қызметіне «хан кеңесі» деп аталатын билеушіге халық пікірін жеткізіп, ел ішіндегі талас-тартыстарды шешу барысында ақыл-кеңес беріп отыратын бірегей консультативтік-кеңестік құрылым жұмысына кеңінен тоқталады.

Бөкей ордасында Кіші жүз құрамына енген 15 рудың халқы мекендеді. Жәңгір хан әр рудың дау-шарларын шешу үшін солардың өз өкілдерінен тұратын «хан кеңесін» құрады. Орда парламентінің рөлін атқарған бұл құрылым 1828 жылы сәуірден бастап тұрақты жұмыс істейді.

«Хан кеңесі» бір жағынан түрік сұлтандарының «диуан» деп аталатын уәзірлер кеңесін еске түсірсе, екінші жағынан әр рудың атынан сайланып, хан бекіткен кеңес мүшелері өздері сайлаған рудың «депутаты» қызметін атқарды.

Ордаға қарасты 12 ата Байұлына қосымша ноғай-қазақ руынан бір би, Жетіру құрамынан келген табын, тама, кердері руларының атынан бір өкіл, Әлімұлына қарасты кете руынан тағы бір би сайланған.

Атап айтар болсақ:

Мүсіреп Айдаболұлы – шеркеш,

Балқы Құдайбергенұлы – беріш,

Байту Төменбайұлы – адай,

Алтай Досмұхамбетұлы – алаша,

Күшатар Мойнақұлы – жаппас,

Жантөре Абдалұлы – ысық,

Дуантай Айтуғанұлы – қызылқұрт,

Татан Сәкенбайұлы – есентемір,

Құдайшүкір Бозайұлы – таз,

Құдайберген Кенжебаев – тана,

Құнажан Сапақұлы – байбақты,

Шора Қидайұлы – масқар,

Шомбал Ниязұлы – ноғай-қазақ,

Кендірбай Ырысбайұлы – жетіру (табын,тама, кердері),

Бос Боздақұлы – кете(Әлімұлы атынан).

Бір ғажабы – осы төбе билер ұрпақтарынан кейінгі замандарда да топты жарып, ел алдына шыққан абыройлы азаматтар аз болған жоқ. Мәселен, ноғай-қазақтан шыққан Шомбал Ниязұлының немересі Мәжит Мұхамеджанұлы Шомбалов Ордадағы Жәңгір ашқан мектепті тәмамдағаннан кейін Қазан университетінің медицина факультетін бітіріп, кейін Қазақстанның денсаулық сақтау халық комиссарының орынбасары лауазымына дейін көтерілді.

Билер кеңесі ел ішіндегі айтыс-тартыстарды шешіп, сот төрелігін ғана атқарып қоймай, ел ішіндегі саяси, экономикалық мәселелерге де белсене араласты және көп жағдайда ханмен ақылдаспай-ақ жеке-дара шешім қабылдау құзіретіне ие болды.

Бұл туралы Зиманов: «Олар мемлекеттік биліктің өкілдері еді және әжептәуір деңгейде саяси, экономикалық дербестігін, әкімшілік автономиясын сақтай білді. Олардың қарамағындағыларға түрлі алым-салық салуға, сот билігін жүзеге асыруға хұқы болды», – деп жазады.

Ел арасында «хан шорасы» (шура – араб тілінен аударғанда «кеңес» деген мағынаны береді) деп те аталған бұл институт тәжірибесі кейін қазақтың өзге өлкелеріндегі даулы мәселелерді шешу барысында да кеңінен пайдаланылды.

Бөкей ордасы таратылып, «хан кеңесі» өз жұмысын тоқтатқаннан кейін орыс соты да, отарлау аппаратының шенеуніктері де шеше алмайтын қиын түйінді мәселелерді ата-баба жосығына сай қазақ билері шешті.

Соның бір көрінісі 1885 жылы Семей облысының Шар өзені бойындағы Қарамола деген жерде өткен «шербешней» съезд жұмысынан айқын аңғарылады. Онда Абай төбе би болып сайланып, қазақ даласының шығыс өлкесін мекендеген түрлі дуандардан 100-ден астам би, болыс, әскери және азаматтық шенді лауазым иелері қатысады. Онда Абайдың тікелей басшылығымен 74 баптан тұратын жаңа ереже қабылданып, бұл құжат аталған өлкедегі даулы мәселелерді шешу үшін төңкеріске дейін кеңінен пайдаланылды.

Абай салған дәстүрдің негізінде Тарбағатайдың етегіндегі Шұбарағаш деген жайлауда 1908 жылы Ресей мен Қытай шекарасының арғы-бергі бетінде отырған қазақ руларының игі жақсылары, болыс, билері қатысқан ірі басқосуда тағы бір Ереже қабылданады. Оны даярлау кезінде Алтай университетінің професоры В.А. Моисеев тапқан мұрағат деректерінде көрсетілгендей, біздің ұлы бабамыз Құл-Мұхаммед ақсақал төбе билік жасайды. Қазақ әдет-ғұрып құқығын зерттеуші ғалым Ш.А.Андабековтің мағлұматы бойынша, мұндай халықаралық төтенше басқосулар 1891-1908 жылдар аралығында 5 рет өткізіліпті.

Зиманов диссертациясының «К вопросу о праве феодальной собственности в Казахстане» деп аталатын тағы бір сүбелі бөлігі Ғылым академиясы «Хабаршысының» 1952 жылғы 4-санында жарияланды.

Бұл жолы ғылым кандидаты атағын ресми түрде иеленген С.Зиманов жер мен малға қатысты меншік жігін анықтауда Шахматовтан асып түсіп, өзіне ғылыми жетекшілік жасаған профессор Юшковпен ғылыми пікірталасқа түседі.

Кеңес заманында тарих ғылымы бойынша жарияланған еңбектер түгелдей таптық көзқарасқа негізделген марксистік теорияға сүйеніп жазылды. Қоғамдық-экономикалық қатынастардың ара-жігін анықтау, меншік түрі мен оның иесін белгілеу, сол арқылы қанаушы мен қаналушының кім екендігін анықтауға басым бағыт берілді. Зиманов та осы принципті ұстана отырып, қазақ қоғамында шаруашылықты жүргізу мәселесін қарастыру  барысында туындайтын өзіндік ерекшеліктерге тоқталады.

Ол пікірталасты әуелі Юшковтың еңбегінен, «Основанием феодальной эксплуатации надо признать землю, а не скот», – деген жадағайлау пікірінен дәйекше алудан бастайды. Зиманов пікірталас мәдениетін сақтай отырып, автордың бұл пікірін әлі де болса нақтылай түсу қажет екендігіне назар аударады.

Зиманов еңбектерінде жиі қолданылатын тәсілдердің бірі – математикалық талдау. Бұған оның бір кездері орта мектепте математикадан сабақ бергендігі әрі 7 жыл үнемі есеп-қисапқа негізделген артиллерияда қызмет еткендігі әсер еткен болар деп шамалаймын.

Математикада «кері дәлелдеу теориясы» бар. Зиманов жетекшісі Юшковтың қатесін дәлелдеу үшін оған мүлде қарама-қарсы бағыт ұстанып: «көшпелі мал шаруашылығы жағдайында өндірістің негізгі құралы жер емес, мал болды» деп, ары қарай өз тұжырымын дәлелдеуге ұмтылады.

Зиманов орыс және Еуропа ғалымдарының егінге, бау-бақша салуға пайдаланып, оның өнімін баюдың көзі есебінде пайдаланатын ірі жер иеленушілердің рента арқылы табыс табу тәсілін жерді негізінен жайылым ретінде пайдаланатын қазақтармен салыстыруға мүлде болмайтынын нақты мысалдармен дәлелдейді.

Ғалым тұжырымдағандай,  жайылымдық жерде өз бетінше ештеңе өнбейді, яғни мұндай жер қосымша құн туғызбайды. Оған мал бағылған кезде ғана пайда көзіне айналады. Сол себепті жер мен мал көшпелі тірлікте бір-бірімен тығыз байланыста. Ол Юшков және Шахматов сияқты екі бірдей атақты әріптестерімен ой жарыстыру барысында  Бөкей ордасы құрамындағы жаппас руының «қарағұл» тайпасына қарасты «байбатша» тармағындағы 100 ірі байдың мал-мүлкі мен  шаруашылықты жүргізу дәстүрін талдау туралы өз тұжырымдарын тайға таңба басқандай нақты мысалдармен дәлелдеп шығады.

Төңкеріске дейінгі және кеңес заманындағы орыс ғалымдары көшпелі тірліктің ерекшеліктерін, ондағы шаруашылықты жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан қазақи дәстүрлердің өзгешеліктерін түсінбеді. Мұндай күрделі мәселелерді маркстік теорияның қасаң догматтары тұрғысын талдап, сол баяғы қанаушы мен қаналушыға негізделген таптық принциптің үдесінен шығу үшін көптеген қателіктерге бой алдырды.

Мұндай жаңсақ тұжырымдар әлемдік даму биігінде деп есептелетін Еуропада тек XVIII-XIX ғасырларға дейін, ал Ресейде 1861 жылға дейін сақталған құлдық қоғамның элементтерінен тұратын крепостниктік правомен салыстырудан туындады. XIX ғасырда Ресейде құлдан сәл ғана артық құқығы бар помещиктерге жалданған орыс крепостной мұжығының екі қолы мен бір күрегінен басқа ештеңесі болмаса, Бөкей ордасындағы ең кедей деген қазақ отбасының қолында 39 ірілі-уақты малы болғандығын біз емес, «Брокгауз-Ефронда» жарияланған мақаласында ірі орыс экономисі Ф.А.Щербина дәлелдеп шыққанын біз жоғарыда келтіріп өттік.

Жер мен малға меншік туралы пікірталасты өрбіту барысында С.Зиманов Бөкей ордасында сол кезде қалыптасқан экономикалық жағдайды талдай келіп, Ресейдің империялық отарлау саясатының тонауына түскен қазақ қоғамының мүшкіл халінен мол мағлұматтар келтіреді.

Салық Зиманов кандидаттық диссертациясын 1950 жылдың 3 қарашасында зор табыспен қорғағаннан кейін желтоқсан айында Алматыға оралып, Ғылым академиясының құқық секторының аға ғылыми қызметкерлігіне қабылданады.

Дәл осы кезден бастап оның өмірінің соңына дейін жалғасқан ғылымдағы жемісті жылдары басталды. Ол 1958 жылы дәл осы кандидаттық жұмысы негізінде жазылған «Общественный строй казахов первой половины XIX века» атты монографиясын, кейін оны толықтырып, 1982 жылы «Россия және Бөкей хандығы» атты классикалық еңбегін жариялады.

Дәл осы еңбектерден отандық заң ғылымындағы жаңа бағыт – мемлекет пен құқық тарихының негізі қаланды және оны академик өмірінің соңына дейін үнемі жетілдіріп отырды. Дәл осы ғылым саласы бойынша ол ондаған ғылым докторы мен кандидаттарын даярлады. Олар ұстаздары негізін қалаған, заң факультеттері студенттеріне бірінші курстан бастап өтілетін заң ғылымының іргетасы саналатын Қазақ мемлекеті мен құқығы тарихын жаңа қырынан толықтыра түсті.  Дәл осы еңбектер бүгінде Қазақстанның барлық орта мектептерінде ел тәуелсіздік алғаннан кейін ғана оқытыла бастаған «Мемлекет пен құқық негіздері» оқулығына дейін ұласты.

Академиктің осы тақырыптағы еңбектері қазақтарда төңкеріске дейін мемлекеттік болмаған, олардың даму дәрежесі «феодализмге дейінгі» қоғам дәрежесінде ғана қалды деген әуелі империялық Ресей, кейін кеңестік ғылымында үстемдік етіп келген жат пиғылдан туған астамшыл концепцияларға тойтарыс берді.

С.Зиманов еңбегінде арыда Алтын Орда, беріде Қазақ хандығының ел басқару мен бақуатты қоғам құрудағы XIX ғасырға дейін үзілмей жеткен үздік дәстүрлері негізінде өмір сүрген Бөкей ордасының мемлекеттік құрылымы, хандық басқару жүйесі, парламент рөлін атқарған «хан кеңесінің» қызметі, хан жарлығымен белгіленетін: сұлтан, би, тархан, старшындардың қызметтік позициялары және хан ордасындағы іс қағаздарын қазақ, орыс, татар, парсы және шағатай тілдерінде жүргізген басқару кеңсесі, Ресейдің шекаралық өңірлері мен Қазақ өлкесінің өзге билеушілермен, Хиуа хандығымен дипломатиялық байланыстары, дін істерін жүргізетін қожа, ахун т.б. діни қызметшілердің міндеті, хан қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күзет қызметі жан-жақты талданды.

Ресейге қаншалықты тәуелді болса да, императордың өзі оның хандық билігін танып, арнайы жарлығымен генерал-майор шенін бергендіктен, Жәңгір хан генерал-губернатор Перовскийдің де кейбір «өтініштеріне» құлақ аспай, орданың ішкі істері жөнінде жеке-дара шешімдер қабылдап отырды.

Әр рудың көшіп-қону аумағын белгілеп, қолындағы мал басының санына қарай алым-салық мөлшерін айқындады. Орда халқы 300 мыңға жуықтаған кезде оның құрамындағы ауылдар саны 1200-1500-ге дейін өсіп, еуропалық өлшеммен алғанда дербес мемлекеттік құрылым дәрежесіне көтерілді.

Бөкей хандығы мұрағатын түгелдей сүзгіден өткізген С.Зиманов ондағы білім беру жүйесі мен оның оқу бағдарламасы, денсаулық сақтау ісі, мектептер мен дәріханалар, ауруханалар мен емханалар, мәдени мекемелері, ордадағы орыс үлгісімен жасақталған «қару-жарақ палатасы» туралы жан-жақты мағлұматтар келтіреді.

Жәңгір хан ашқан сол мектептерде кейін қазақтың аса көрнекті қайраткер тұлғасына айналған Мұхамед-Салық Бабажанов сияқты талай азаматтар оқыды.

С.Зиманов өзі қорғаған диссертация негізінде жазылған монографиясының қорытынды бөлігінде: «Біздің зерттеуіміздің басты мақсаты – Бөкей хандығы мен оның халқының тұтас тарихын жасау», – деп өзі атап көрсеткен мақсатына толығымен жетті.

Бөкей ордасының парасатты ханы, алғыр сұлтандары, дана билері мен достыққа адал, берген сертке берік жауынгер жұрты, білімге құштар жастары өлкеге келген орыс зиялыларына қазақ халқы туралы оң пікірлер қалыптастыруға игі әсерін тигізді. Мұның бәрі кезінде Бөкей ордасында болған А.Левшин, П.Небольсин, Я.Ханыков, В.Григорьев т.б. еңбектерінде, хан ставкасында тұрған Г.Карелиннің жазбаларынан көрініс тапты.

Тұңғыш доктор, алғашқы академик

Салық Зиманов қорғау аяқталысымен, 1950 жылдың желтоқсан айында Ғылым академиясының құқық секторына аға ғылыми қызметкер болып орналасады. Арада бір жылдай уақыт өтіп, 1951 жылдың қазан айында Т.М.Күлтелеевтің докторлық диссертация жайымен Москваға аттануына байланысты оның орнына сектор меңгерушісінің қызметін атқарушы болып тағайындалды.

Жігерлі, алғыр ғалым Т.М.Күлтелеев 1953 жылдың ақпан айында диссертациясын толық аяқтап, үш бірдей оппонентінен жағымды пікір алып үлгереді. Қазақтың дәстүрлі заңына негізделген қылмыс құқығына арналған докторлық диссертациясының қорғалуына бірнеше күн қалғанда аяқ астынан болған апаттан 1953 жылдың 15 ақпанында қайғылы қазаға ұшырайды.

Заң ғылымы жолына түскен қазақ жастарына ақылшы аға, жол көрсеткен ұстаз бола бірген оның докторлық диссертациясы негізінде даярланған «Уголовное обычное право казахов» атты монографиясын С.Зиманов бастаған әріптестері зор ықыласпен әзірлеп, 1955 жылы баспадан шығарады. Кейін бірнеше рет басылған Т.Күлтелеевтің бұл монографиясы қазақтың дәстүрлі құқығы бойынша классикалық еңбекке айналып, өзінің ғылыми құндылығын әлі күнге дейін жоғалтқан жоқ.

Салық Зиманов Ғылым академиясы құқық секторының меңгерушісі қызметін атқарған алғашқы бір жыл ішінде-ақ өзіне тән жігермен біршама игілікті істерді тындырып үлгерді.

Академия Президенті Қ.Сәтбаевтың қолдауымен 15 жас ғалымды СССР Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының аспирантурасына жібереді. Бұл сол кезде екі ғана заң ғылымының кандидаты бар республика үшін өте үлкен жетістік еді. Оның үстіне Мәскеуге жіберілген 15 аспиранттың сегізі қазақ болды. Олардан кейін ғылыми еңбектерімен кеңінен танылған А.Тәукелов, Н.Жангелдин, З.Абдулина, К.Үргенішбаев, Қ.Жоламанов т.б. қазақ заңгерлерінің тегеурінді буыны шықты.

Елуінші жылдардың басында Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңес Одағында заң ғылымын өркендетуге, жоғары білімді заңгерлер даярлау ісіне ерекше көңіл бөліне бастайды. Академия жүйесінде қызмет істейтін ғылыми дәрежесі бар жас зерттеушілер жоғары оқу орындарындағы ұстаздық қызметке тартылды. Осындай себеппен отызға енді толған С.Зиманов 1952 жылдың 15 қыркүйегінде КСРО Жоғары білім министрі В.Столетовтың бұйрығымен Алматы мемлекеттік заң институтының директоры қызметіне тағайындалады.

С.Зимановты Алматы заң институтының директоры қызметіне бекіту жөнінде КСРО Жоғары білім министрінің бұйрығы

Керек кезінде бар жауапкершілікті мойнына алып, нақты бұйрық беріп, шұғыл шешім қабылдауға үйреткен әскери өмір тәжірибесі директор Зимановтың жаңа қызметінде көп кәдеге жарады.

Қазақстанда заң ғылымының қалыптасып, дамуына соғыс жылдарында Алматыға эвакуацияланған орыс ғалымдары зор септігін тигізді. Олар өздерімен бірге Мәскеу мен Ленинград университеттерінде қалыптасқан оқу бағдарламалары мен оқу ісін жүргізудің тамаша тәжірибесін алып келді. Ғылым академиясы жүйесінде еңбек еткен ірі ғалымдар өз шығармашылығын Қазақстан тақырыбына бейімдеп, жергілікті ғалымдармен бірлесе жаңа еңбектер жазды. Есімі Одаққа мәшһүр бұл ғалымдардың шығармалары КСРО зиялы қауымының назарын Қазақстанға аударып, республиканың ғылыми өміріндегі әрбір жаңалық одақтық деңгейдегі ынта-ықыласқа ие болып отырды.

Алматы мемлекеттік заң институтында ірі заңгерлермен қатар С.Я.Булатов, В.Н.Маргелов, М.А.Ваксберг сияқты болашағы зор ғылым кандидаттары да қызмет істеді. Әйгілі Зиновьевтің інісі 1937 жылы Қазақстанға жер аударылып келген Матвей Абрамович Ваксберг саяси сенімсіздігі үшін Алматы заң институтындағы оқытушылық қызметінен шығарылып тасталса да, С.Зиманов оны ғылыми біліктілігі үшін қайтадан қабылдайды. Ваксберг өмірінің соңына дейін  Қазақстанда қалып, отандық заң ғылымының дамуы мен заңгерлер даярлау ісіне лайықты үлесін қосты.

Алған бетінен қайтпайтын бірбеткей Зиманов Алашорданың көрнекті қайраткерлері Халел Досмұхамедовтің қызы Қ.Досмұхамедова мен Жақып Ақбаевтың қызы А.Жақыпованы да жұмысқа қабылдайды. Кейін  Аспазия Жақыпқызы С.Зиманов жолдамасымен Мәскеуге аспирантураға барып, 1954 жылы Мәскеу заң институтында отбасылық құқық мәселесі бойынша кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, қазақ қыздары арасынан тұңғыш заң ғылымының кандидаты атанады.

Кезінде Жақып Ақбаевқа қатысты мұрағат материалдарын ақтарғанда менің алдымнан сол қорды оқыған адам ретінде үнемі Аспазия Жақыпқызының қолтаңбасы шығатын. Оның әкесі Ж.Ақбаев 1902 жылы Санкт-Петербург университетін тәмамдаған кезде қазақтың дәстүрлі құқығындағы отбасы және неке мәселесі бойынша қорғалған магистрлік жұмысына Императорлық университеттің ректоры, үлкен оқымысты ғалым, профессор А.Х.Гольмстен жетекшілік еткен болатын. Аспазия әкесінің мамандығын ғана таңдап қоймай, оның өмірін де зерттеп, ғылымдағы жолын да жалғастырды және өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің мемлекет пен құқық тарихы мен теориясы кафедрасының меңгерушісі ретінде заңгерлер даярлау ісіне үлес қосты.

Облыстық, республикалық прокуратура мекемелерінде қызмет істеген жылдарында ондағы жоғары білімді заңгерлердің аз екендігін жақсы білетін Зиманов институт ғалымдарына Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігі мен мемлекеттік қауіпсіздік органдарына өздерінің салалары бойынша лекция мен семинар сабақтарын өткізуді міндеттейді.

Директор Зиманов сот органдарының жұмысына ерекше көңіл бөліп, Жоғарғы сот, облыстық, аудандық сот қызметкерлері мен халық заседательдеріне арнап ай сайын семинар өткізуді тұрақты жұмыс жоспарына енгізеді. Кейін тыңдаушылар қатарына облыстық, қалалық және аудандық атқару комитетінің жауапты қызметкерлерін де қосады.

Бұл кезде бүкіл Қазақстанда Ресей мен КСРО-ның өзге республикаларынан келген заңгер-ғалымдарды қоспағанда қазақ ұлтынан шыққан заңгерлердің саусақпен санарлықтай ғана болғанын ескерсек, жергілікті қызметкерлер үшін жасалған мұндай семинар-кеңестердің атқарған рөлі де, практикалық пайдасы да аса зор болды.

Институт директоры ретінде Салық Зиманов енгізген тағы бір жаңалық – оқу орнының өз «Ғылыми жазбаларының» шығарылуы болды. Сол кезде кітапханааралық абонент арқылы Одақтағы барлық жоғарғы оқу орындары мен КСРО Ғылым академиясы жүйесіндегі ғылыми-зерттеу мекемелеріне түгел тарайтын бұл жазбалар арқылы қазақстандық заңгер ғалымдардың жаңа ғылыми ізденістерін өзге республикадағы әріптестеріне бірден жеткізу мүмкіндігі туындады.

Соғыстан кейін Кеңес Одағы он бес республикадан тұратын алып мемлекеттің жұмысын бейбіт арнаға бұрады. Отызыншы жылдары елдің бүкіл интеллектуалдық күш-қуаты индустрияландыруға, өнеркәсіпті дамытуға, инженер-техник мамандарды даярлауға жұмылдырса, ендігі кезеңде барлық деңгейдегі басқару жүйесіне кәсіби заңгерлер даярлау мақсаты алға қойылады.

Қазақстандағы заңгерлер тапшылығы республикалық мекемелерді былай қойғанда, облыстық, аудандық құқық қорғау органдарында айрықша сезіле бастады. Оның үстіне кәсіби заңгерлер аудандық, облыстық атқару комитеттері аппараттары үшін де аса қажет еді. Мұндай ауқымды кадр тапшылығын шешуге шағын ғана ұжымнан тұратын Алматы мемлекеттік заң институтының кадрлық әлеуеті жетісіңкіремеді.

Осы себептерге байланысты 1955 жылы Зиманов жұмысын дұрыс жолға салып, етек-жеңін жинастырған институтты С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне қосып, соның базасында бұрын мүлде болмаған заң факультетін ашу міндеті алға қойылды.

Мұның екі түрлі себебі бар еді. Біріншіден, институт қаншалықты дербес оқу орны болса да, оның кадрлық, ғылыми әлеуеті мен материалдық-техникалық базасы әлі әлсіздеу еді. Оның үстіне соғыс кезінде Қазақстанға эвакуацияланған білікті ғалымдардың басым көпшілігі Ресей мен өзге республикалардағы өз қызмет орындарына көшіп кеткен еді.

Екіншіден, жоғары білімді заңгерлер даярлау үшін тек осы салаға маманданған ғалымдардың сабақ беруі жеткіліксіз болды. Мұндай жан-жақты білімді халықаралық тәжірибеге сәйкес, қоғамдық ғылымдардың тарих, философия, экономика сияқты сабақтас салалардың ғалымдары тоғысқан ірі университеттер ғана бере алатын. Бұл үрдіс кезінде императорлық Ресейде жақсы сақталған еді, бірақ төңкерістен кейінгі аласапыран замандарда түрлі саяси коньюктура мен науқандардың салдарынан ірі университеттер ұсақталып, олардың факультеттері мен ғылыми орталықтарының негізінде жаңа оқу орындары ашылған болатын.

Соғыстан кейін өз алдына дербес министрлік ретінде жұмыс істей бастаған КСРО Жоғары оқу орындары министрлігі жіберілген қателіктерден сабақ алып, Ресейдің үлкен қалалары мен одақтас республикаларындағы университеттердің оқу және кадр даярлау бағдарламаларын қайта қарап, оларды ірілендіре бастады.

Оның үстіне, 1934 жылдан бастап жұмыс істейтін Қазақ мемлекеттік университетінде заң факультеті болмауының өзі жоғары оқу орны үшін үлкен олқылық еді. Мемлекеттік заң институтын шашау шығармастан сол күйінде университетке беру арқылы жаңа факультет ашу осы қордаланған проблемаларды шешудің бірден бір дұрыс жолы болды.

Бұл кезде Қазақ университетінің тарих, филология, философия және экономика факультеттерінде есімі бүкіл республикаға танымал ірі ғалымдар: ғылым докторлары, профессорлар, академиктер ұстаздық ететін. Олар болашақ заңгерлерге аралық пәндер бойынша сабақ беру арқылы студенттердің жалпы білім деңгейін көтеруге зор үлесін қосты.

Соғыстан кейінгі кезеңде Кеңес Одағының құқық қорғау органдары жаңаша жүйеге көше бастады. Партиялық басқару, әкімшіл-әміршілдік принциптер сақталғанымен, бұрынғыдай себепсіз, сотсыз қайдағы бір «үштіктің» шешімімен адамдарды бас бостандығынан айыру келмеске кетті. Бұл заңгерлердің білімін, білігін жалпы кәсіби мәдениетін жаңа биікке көтеруді талап етті.

Қоғам өміріндегі өзгерістерге сай қылмыстың түрлері де өзгерді. Оларды шешу үшін болашақ заңгерлерге экономиканың әр алуан саласы, ғылым мен жаңа технологиялар бойынша қосымша білім беру міндеті алға қойылды. Жоғары білімді заңгерлер біліктілігін арттыру үшін оларға философия, психология, логика, дін мен мораль, заңгердің этикасы, тілдік-лингвистикалық шеберлігі, ал халықаралық құқық бойынша шетел тілдерін меңгеру сияқты қосымша пәндер мен жаңа талаптар қойылды. Мұның бәрін шағын коллективтен тұратын заң институты бере алмайтын еді.

Салық Зиманов кеше ғана бар мүмкіндігін салып аяғынан тік тұрғызған институтты университетке бере салуға басында қарсы болғанымен, ұлт алдындағы ұлы міндеттер тұрғысынан оны толық қуаттайды.

Осылайша 1955 жылы 1 маусымда институт түгелдей университеттің қарамағына өтеді. Осы жылдың 26 шілдесінде университет ректоры Т.Б. Дарқанбаевтың №676 бұйрығымен С.З.Зиманов заң факультетінің алғашқы деканы болып тағайындалды. Дәл осы жайт кейінгі буын заңгерлеріне Салық Зимановқа «Қазақстанда университеттік жоғары білімді заңгерлер даярлаудың негізін салушы» деген абыройлы атақ беріп, орынды мақтан етуіне негіз болды.

Тумысынан ағып тұрған шешен, шебер лектор Зиманов декандық қызметімен шектеліп қалмай, сол жылдың 17-қазан айынан бастап, әуелі мемлекет пен құқық тарихы мен теориясының аға оқытушысы, кейін доценті ретінде студенттерге дәріс оқуға да кірісіп кетті.

Елуінші жылдардың ортасында Қазақстанда жоғары білімді кәсіби заңгерлердің саны біртіндеп өсе түсті. Олардың қатарына 1952 жылы Мәскеуде кандидаттық диссертациясын қорғаған Сұлтан Сартаев сияқты заңгер ғалымдардың жас буыны келіп қосылды. Білімдар заңгерлерді бір кездері С.Зимановтың өзі Мәскеуде аспирантураға аттандырған жастар да толықтыра түсті.

Декан қызметіне қызу кірісіп кеткен Зиманов өз білімін де үздіксіз  жетілдіру керектігін ұмытқан жоқ. Сол себепті жаңа мансабына тоқмейілсімей, 1955 жылдың желтоқсан айында университеттің ғылыми кеңесіне өзін докторантураға жіберу жөнінде өтініш жолдап, онда докторлық диссертациясының тақырыбы мен тезистерін ашып көрсетеді. Қазақстанның маңдайына басқан жалғыз университетінің ең беделді факультетінің декандығына енді ғана тағайындалған адамның мұндай шұғыл шешім қабылдауы Зиманов сияқты табанды тұлғаның ғана қолынан келетін еді.

Ол декан қызметін атқара жүріп, докторлық диссертациясын даярлай бастайды. Бұл кезде ғылым-білімі дамудың әжептәуір биігіне жеткен республикамызда қазақ ұлтынан шыққан әлі бірде-бір заң ғылымының докторы жоқ болатын.

Зиманов университетке қызметке ауысса да, Ғылым академиясы мен оның президенті, өзінің қамқор ұстазы Қаныш Имантайұлымен достық, інілік, серіктестік байланысын үзген жоқ.

Елуінші жылдардың соңына қарай Академия құрамындағы ғылыми-зерттеу институттарының саны артып, ондағы қазақстандық ғылым кандидаттары мен докторларының қатары молая түсті. Республика ғылымының болашағы ендігі жерде жас буынның қолында екендігін ғұлама Сәтбаев жақсы білді. Бұл кенжелеп дамыса да, талантты жастар қаулап өсіп келе жатқан философия және құқық саласына да қатысты еді.

Осының бәрін ой елегінен өткізе келе Академия президенті республика басшылығының алдына 1957 жылы Ғылым академиясының құрамынан дербес Философия және құқық институтын құру жөнінде мәселе қояды. Оның бұл ұсынысын сол кезде Министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Д.А.Қонаев қызу қолдайды. Келесі 1958 жылдың 13 қаңтарында Қазақ КСР Ғылым академиясы Президиумының арнайы қаулысымен жаңа құрылым – Философия және құқық институты ұйымдастырылды.

Әрине, Сәтбаев институт ашылмай тұрып-ақ оны болашақта кім басқаратыны туралы алдын-ала ойланғаны белгілі. Ғұламаның таңдауы бұған дейін құқық секторының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған кезде еңбекқорлығы, табандылығы, батылдығы, ең бастысы – ғылымға деген құштарлығымен дараланған Салыққа түседі.

Бұл кезде Зиманов факультет деканы әрі доценттік қызметі үшін алатын мол жалақысы бар мансабы өте жайлы қызметте отырса да, Сәтбаевтай ұлы ғалымның ұсынысын бірден қабылдайды.

С.Зимановты институт директоры қызметіне бекіткен Ғылым академиясының президенті Қ.И.Сәтбаев қол қойған хаттама.

Маған Салық аға негіздеген осы институттың тұңғыш ғалым-хатшысы болған, кейін ғылым докторы, профессор, академик атанған ерекше зиялы тұлға Ғайрат Сапарғалиев ағамызбен де ағалы-інілі адамдардай араласу құрметі бұйырды.

Бір ғажабы, жас шамасы бір мүшелмен ғана өлшеніп, кандидаттық диссертацияларын 4-5 жыл айырмамен қорғаса да, Сұлтан мен Ғайрат ағаларым Салық Зиманұлына әрдайым үлкен ұстаз ретінде қарап, ағадан гөрі әкеге лайық құрмет көрсететін. Екеуі де әріптес ағасының әр жылғы мерейтойы қарсаңында төгілдіріп естеліктер жазып, іргелі еңбектеріне арналған толайым мақалалар жариялап отырды. Сұлтан ағамыз академиктің 70 жылдық мерейтойына арнап жазған өлеңін, 80, 90 жылдық тойлары тұсында толықтырып, тереңнен тартқан толғау деңгейіне жеткізді.

Академиялық институт болған соң оның ғылыми кеңесі құрылып, төрағалығына жаңадан тағайындалған директор сайланды.

Елуінші жылдардың екінші жартысында Қазақстанда заң ғылымымен қатар философия ғылымы да жаңа арнада дами бастады. Оның қайнар бастауында Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетінің аспирантурасын бітірген соң сонда кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, Салық ағаның шақыруымен Философия және право институтының кіші ғылыми қызметкерлігіне қабылданған, кейін ширек ғасырдай уақыт бойына осы институттың директоры және Ғылым академиясының вице-президенті қызметін зор табыспен атқарған академик Жабайхан Мүбәракұлы Әбділдин ағамыз тұрды.

Жабайхан Мүбәракұлы философия ғылымындағы диалектикалық логика мектебінің негізін салды. Бүкіл Кеңес Одағы ғалымдары мойындаған дәл осы мектептен А.Қасымжанов, Ә.Нысанбаев, М.Сәбитов, А.Балғынбаев, Қ.Әбішев, М.Орынбаев, Н.Мұқитанов т.б. академик, профессор, ғылым докторлары шықты.

Менің өмірімдегі ең зор бақытымның бірі – жас кезімде-ақ алдымен үнемі С.Зиманов, М.Қозыбаев, Ж.Әбділдин сияқты ұлтымыздың ұлы перзенттері, айрықша ақыл-парасат иелері шығып, қолтығымнан демегені, ағалық мейірін төгіп, ұстаздық қамқорлығын жасағаны деп білемін. Сондықтан олардың жарқын жүздері мен асыл бейнелері әрқашан жүрегімнің төрінде сақталады.

Манаш ағамнан – кандидаттық, Салық ағамнан докторлық диссертация қорғап, Жабайхан ағаммен Парламент Сенатында бірге қызмет атқару құрметіне ие болдым. Ағаларымның атын ерттеп, шылбырының ұшын ұстадым. Мұны өзіме әрдайым басыма қонған бақыт, зор мәртебе санаймын.

С.Зиманов жаңадан ашылған институттың ұйымдастыру жұмыстарын жолға қойғаннан кейін докторлық диссертациясын қорғау үшін Мәскеуге аттанғанда ұлы ұстазы Қаныш Сәтбаев тағы да көмек қолын созады.

Сәтбаев 1960 жылдың 27 маусымында КСРО Ғылым академиясы Құқық институтының директоры П.С.Ромашкинге С.Зимановтың докторлық диссертациясын қорғауға тиісті жағдай жасауын өтінген хат жолдайды. Қорғау алдында докторант Салық Зимановтың 1958 жылы «Общественный строй казахов первой половины XIX века», ал 1960 жылы «Политический строй Казахстана конца XVIII – первой половины XIX века» атты екі бірдей монографиясы жарық көрген. Бұл оған докторлық диссертация үшін арнайы мәтін жазбай-ақ, жарияланған еңбектерінің негізінде қорғауға мүмкіндік беретін. Әрине, мұндай қорғаудың тез арада біте қалмайтыны белгілі, сол себепті жұмысты қабылдау, оппоненттерді белгілеу, талқылау, ұсыныс-пікірлер жинау сияқты қажетті жұмыстар жыл аяғына дейін атқарылып, қорғау 1961 жылдың 13 қаңтарына белгіленді.

Докторлық диссертацияға профессор С.Л. Фукс, Н.В.Устюгов және өзбек профессоры А.И.Ишановтар ресми оппоненттер болып белгіленді.

Салық Зимановтың докторлық диссертация қорғауы жайлы нақты деректер Ресей Федералды мұрағатында сақталған. Оқырманға ыңғайлы болуы үшін сілтемелерді қаптатпай-ақ солардан да мағлұмат келтіре кетейік.

Докторлық диссертация қорғалған КСРО Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институты ғылыми кеңесінің отырысы түгелдей стенограммаға түскен. Сарғайған мұрағат құжаттарын парақтай отырып, біз диссертацияға жоғарыда есімдері аталған үш ресми оппоненттермен қатар КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, заң ғылымының докторы, профессор П.С. Ромашкин, заң ғылымының докторы Г.А. Аксененок, КСРО ҒА Тарих институтының аға ғылыми қызметкері Н.Г. Апполова, Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері И.Я. Златкиндердің бейресми оппонент болғандығын анықтадық.

Ғылыми кеңесті институт директоры П.С. Ромашкин жүргізіп, әуелгі сөзді ғалым-хатшы В.Н. Топорнинге береді. Ол диссертанттың өмірбаян деректері мен диссертацияға дайындығы барысынан тиісті мағлұматтар келтірілгеннен кейін Зиманов сөз алып, ғылыми жұмысының мазмұны жайлы жан-жақты баяндама жасайды.

Баяндама аяқтала салысымен ғылыми кеңес мүшесі, заң ғылымының докторы К.А. Багинян диссертацияның атауы «Қазақстандағы XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басындағы қоғамдық және саяси құрылыс» екендігін, ал осыған сәйкес шығарылған екі монографияның бірі «Қазақтардың XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы қоғамдық құрылысы» деп аталатындығын алға тарта келіп: «Сонда XVIII ғасыр соңындағы қоғамдық құрылыс қайда қалған?», – деген сауал тастайды.

Салық Зиманов жауап барысында екі монографияның жазылу тарихына қатысты тың деректерді алға тартады. Ол жарық көрген қос монографияның әуелгіде бір кітап болғандығын, кейін талқылау барысында түскен ұсыныстарды ескере келіп, оны екіге бөліп шығаруға шешім қабылдағанын айтады. Бірінші монографияның атауынан «XVIII ғасырдың соңы» түсіп қалғанымен онда бұл кезеңдегі қоғамдық құрылыстың мәселелері толық қамтылғаны жайында байыппен жауап қайтарады.

К.А. Багинян мұнымен шектелмей екі кітап атауының бірінде «қазақ», ал екіншісінде «Қазақстан» термині не үшін пайдаланылғандығын таратып айтып беруді сұрайды. С.Зиманов алғашқы жағдайда, яғни XVIII ғасырдың соңындағы қазақ қоғамында халықтың 95 пайызы қазақ ұлтынан болғандығын алға тартып, патша үкіметінің отарлау саясатының нәтижесінде бұл көрсеткіш өзгеріп, саяси биліктің отарлау органдарына көшкендіктен соған сәйкес екінші монография атауында «Қазақстан» термині пайдаланғанын атап көрсетеді.

Академик Зиманов ғылыми еңбектерінің одақтық деңгейде танылып, мойындалуына оның кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғау кезінде жетекшілік, кеңесшілік жасаған ғалымдардың тигізген әсері мен қолдауы мол болды. Есімі одаққа мәшһүр профессор С.Л.Фукстің Зимановтың ресми оппоненті болуы диссертанттың да, қорғайтын жұмыстың да маңыздылығын ғана емес, жауапкершілігін арттыра түсті.

Орыс тілінен басқа неміс, француз, поляк, украин тілдерін еркін біліп, бірқатар шығармаларын осы тілдерде жазып, шет елдерге бастырған профессор Фукс есімі Кеңес Одағында ғана емес, әлемдік деңгейде танылып үлгерген үлкен оқымысты ғалымдардың қатарынан еді. Оның қазақ мемлекеттілігінің тарихы мен қазақ қоғамындағы жер мәселесі бойынша докторант Зимановпен пікір қайшылығы болса да, бекзат болмысты ғалым оппонент болуға келісім беріп қана қоймай, докторлық жұмысқа: «докторант алға қойған мақсатын толықтай орындап, ешбір талассыз, ғылыми құндылығы жоғары еңбек жазып шыққан», – деп оң бағасын береді.

Мемлекет тарихы мен теориясы бойынша Одақтағы ең ірі заңгер С.Л.Фукстың мұндай пікірі диссертанттың балағынан алып, шаужайына жармасушыларды ықтырып тастады деуге болады.

Зимановтың екінші оппоненті болған Н.В.Устюгов те Ресей империясының Қазақстанға шекаралас өлкесінде туған, ғылыми-зерттеу еңбектерінің бірқатарын башқұрттар мен қалмақтардың тарихына арнаған, соған сәйкес қазақ тарихынан, әсіресе оның отарлану жағдайынан хабары мол орыстың ескі көзді тарихшыларының қатарынан еді. Ол да кейбір ұсақ-түйек ескертпелеріне қарамастан: «С.З.Зиманов заң ғылымының докторы ғылыми дәрежесін беруге әбден лайық», – деген кесімді сөзін айтады.

Оның бұл пікірінің толық нұсқасы қорғау сәтті аяқталған соң 1962 жылдың қараша айында КСРО Ғылым академиясының «Вопросы истории» журналында «Спорные вопросы истории Казахстана конца XVIII – первой половины XIX века» деген атпен жарияланды.

Ол көшпелі қазақ қоғамының экономикасына арналған еңбектерде жер мәселесіне байланысты пікір алуандығы жиі кездесетінін тілге тиек ете келіп: «С.Зиманов қазақтардың меншік формалары туралы ең көп талас-тартысты, қиын түйінді мәселені қарастыра келіп, қазақ қоғамындағы өндірістің негізгі құралы ретінде мал жайылымы есебінде пайдаланылатын жерді орынды атап өтеді», – деп даулы мәселеге келгенде қазақ ғалымының позициясын қолдап шығады.

Н.В.Устюгов монография авторының қазақ қоғамының таптық жіктелуі мен хандық биліктің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты пікірлерінің сонылығын да байқап: «С.З.Зимановтың екі бірдей еңбегі қазақ көшпелі қоғамындағы феодалдық қатынастардың сипатына қатысты ғылыми пікірталасты оңтайлы шешуге септігін  тигізеді», – деп қазақ ғалымының даулы мәселе бойынша ұстанымын қолдап шығады.

Бір кездері Еуразияның апайтөс алып даласында жеке дара билік жүргізген Жошы хан негізін қалаған Ұлық ұлыс – Алтын Орданың тікелей мұрагері, теріскейде Ібір-Сібір жұртынан бастап, түстікте Бұқар мен Самарқанға дейінгі аралықта дәуірлеп тұрған Қазақ хандығы қарулы күш және озбырлықпен жүргізілген отарлық саясат негізінде ХІХ ғасырда толықтай күйреді. Сондықтан дәл осы кезеңдегі қазақ қоғамының саяси тарихы отандық тарихшылар үшін өте шетін әрі ұстараның жүзіндей қылпып тұрған тақырып еді.

Он тоғызыншы ғасырда Сперанский реформасы негізінде хандық билік заң жүзінде талқандалды. Бұл ұлы даланың ең соңғы еркін билеушісі – Кенесары Қасымұлы бастаған қазақтардың азаттық жолындағы күресінің ғасыры еді. Өкінішке орай, қазақтың ақ киіз төселіп, бабалар салтымен сайланған ең соңғы ханының Орта Азиядағы түбі бір түркі халықтарының ортақ жауға қарсы күш біріктіріп күресуі туралы түпкі мақсатын қырдағы қырғыз да, ойдағы өзбек те түсінбеді.

Екінші жаһандық соғыс қарсаңында және кеңес әскерлері қан майданда жан алысып, жан берісіп жатқанда Кенесары ханның ұлт азаттығы жолындағы орыс отаршылдығына қарсы күресін коммунистік билік қазақ жауынгерлерінің отаншылдық рухын көтеру үшін пайдалана білді. Сондықтан хан Кенеге арналған Е.Бекмахановтың кандидаттық диссертациясы 1946 жылы әйгілі ғалым, академик А.М.Панкратованың қолдауымен Мәскеуде зор табыспен қорғалды.

Соғыс жеңіспен аяқталған соң хан Кене рухымен ежелден «толғамалы ала балта қолға алып, топ бастаған» қазақтардың отаншылдық ой-санасы көтеріле бастағанынан сескенген қызыл билік ұлт-азаттық көтерілісін – реакциялық қозғалыс, ал оның көсемін «буржуазиялық-монархиялық билікті көксеуші» деп айыптап, қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы Е.Бекмахановты 25 жылдық айдауға жібереді.

Сталин өліп, Берия атылғаннан кейін академик А.М.Панкратованың жанын сала араласуымен түрмеден босап шыққан қайсар ғалым 1957 жылы бұрынғы еңбегін Қазақстанның Ресейге қосылуының прогрессивті сипаты тұрғысынан қайта «өңдеп», докторлығын да, профессорлығын да қайтып алады. Дәл осы жағдай болмаса, Зимановтың ХІХ ғасырдың саяси тарихынан докторлық қорғауы неғайбыл еді.

Зиманов диссертациясының «қырағы» билікке жақпайтын бірнеше қиын түйіндері болды. Оның екінші тарауында түгелдей ХVІІІ ғасырда Орта жүз бен Ұлы жүзде әлі толық сақталған хандық биліктің басқару жүйесі, қазақ хандарының құқықтары мен міндеттері, мемлекеттің әскери-қорғаныс құрылымдары, сұлтандар өкілеттігі мен қазақ қоғамындағы билер мен би кеңесінің рөлі, хандықтағы экономикалық қатынастар мен меншік мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Бұл кезде орыс экспансиясы  озбырлықпен жүргізіп, қазақ жері батыстан шығысына дейін Ресей империясы салған әскери бекіністерінің құрсауына алынса да, қазақ қоғамында Шыңғыс хан заманынан келе жатқан хандық қоғамның бүкіл жөн-жосығы түгелімен сақтаулы еді. Зиманов диссертациясы көшпелілер өркениеті туғызған дәл осы құқық феноменінің өміршеңдігін мемлекет тарихының  теориясы мен тарихы тұрғысынан нақты дәлелдейтін батыл еңбек еді.

Монографияның «XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың бірінші ширегіндегі хандық билік» атты екінші тарауының қорытынды бөлігінде «хандық биліктің жойылуына не себепкер болды?» деген сұраққа жауап ретінде: «Бастапқыда хандық билікке арқа сүйеген патша үкіметінің түпкі мақсаты оны пайдаланып болған соң біржолата құрту еді», – деп батыл қорытынды жасайды.

Монографияның «Реформа 1822 года в Среднем жузе» атты үшінші тарауы Е.Бекмахановты айдауға жіберуге себеп болған тақырып, яғни Орта жүзде ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында орын алған тарихи оқиғаларға арналды. Бұл да саяси коньюктураға қарай құбылып тұрған мәселе еді. Дәл осы кезеңге қатысты тарау үшін 1943 жылы «Қазақ КСР тарихы» шыққанда басылымға басшылық жасаған академик  Панкратованың өзіне де айып тағылып, оның соңы одақтық деңгейдегі айғай-шуға ұласқан. Соның бәрін біле тұрса да, докторант Зиманов алда күтіп тұрған қиындықтардан тайсалмай, тұжырымды ой-пікірін алға тартады.

Бұл тараудың дәл осы тақырыпқа жазылған өзге еңбектерден артықшылығы, Зиманов заңгер ғалым ретінде қазақ қоғамындағы хандық билікті заң жүзінде жойған орыстың отаршыл қайраткері М.М.Сперанскийдің «Устав о сибирских киргизах» атты құжатын құқықтық тұрғыдан бақайшығына дейін талдап, оның зиянды зардаптарын жан-жақты ашып көрсетеді.

Бүгінгі орыс ғылымында Сперанский Ресей мемлекеттілігін нығайтып, оның заң жүйесін жетілдіруге зор үлес қосқан айтулы мемлекет қайраткері ретінде сипатталады. Оның асқан айлакерлікпен жүзеге асырылған реформасы Ресей империясының шекарасын кеңейтіп, басқару жүйесін жетілдірген жаңалық ретінде бағаланып, Сібір

халықтарына заңды құқықтар берген либералдық бағыттағы реформатор ретінде дәріптеле бастады.

Сперанский мен оның сыбайластары Сібір халықтарына бұратана, тағы ретінде қарап, оларға ойына келгенін істеген. Зиманов диссертациясында граф Сперанскийдің өмірі мен қызметі туралы арнайы зерттеу жазған М.А.Корфтың Сібір халықтары туралы «народ стонал от несправедливости и поборов», – деген бағасын мысалға келтіреді.

Ал А.Фатеев атты зерттеуші 1910 жылы шыққан кітабында Лоскутов деген исправниктің айуандығының шектен шыққандығы сондай ол: «обливал голых людей на морозе и делал из них статуи», – деп жазады.

Міне, осындай адам айтса сенгісіз сұрқиялықтар орын алған өлкенің губернаторы болған Сперанский қазақ даласында ғасырлар бойы орныққан саяси басқару жүйесін ғана емес, бақуатты тірлік көзі болып келген қоғамдық-экономикалық қатынастарды да тас-талқан етті.

Руға, тайпаға, атаға, әулетке бөлініп, бір-біріне таянып, тірек болып тірлік еткен байырғы өлке жаңа әкімшілік-территориялық құрылымдарға: ауыл, болыс, округтерге бөлініп кетті. Олардың жер телімін айқындауда қазақ қоғамында қалыптасқан көшіп-қонудың өзіндік ерекшеліктері ескерілмеді. Бұл ағайын арасында іріткі туғызды. Реформа асығыстықпен, жанталаса жүзеге асырылды. Оның ең басты мақсаты – хандық билікті түп-тамырымен жойып, қазақ рулары мен оның басшыларын бір-біріне айдап салу арқылы бәз-баяғы «бөліп ал да, билей бер» принципін жүзеге асыру еді.

Докторант Зиманов саяси айыптаулардың көрігі қызып тұрған аласапыран заманның қатерлеріне қарамастан реформаның қазақ халқына қарсы бағытталғанын анық көрсетіп: «Өзге халықты басып-жаншуға негізделген 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы жарғы» державалық биліктің барлық актілері сияқты, ең алдымен, отаршылдық мүддені көздеді», – деген қорытынды жасайды.

Ермұхан ағасы ғылым жолында соңынан ерген жас әріптесінің әлі де баспахана бояуы кеуіп үлгермеген монографиясына 1960 жылдың 3 қыркүйегінде «Казахстанская правда» газетінде «Полезный труд по социально-политической истории Казахстана» деген келісті мақала жазады.

Бекмаханов мұны ғылыми басылымдардың біріне жарияламай, республика коммунистерінің бас газетіне шығаруының өзіндік себебі де бар еді. Партиялық басылымда жарияланған мақаланы республика басшылығы, әсіресе оның қырағы көзі саналатын идеологиялық белсенділері түгел оқитын. Сондықтан кемеңгер тарихшы жас әріптесін осындай айыптаулардан алдын ала қорғау әрі қоғамдық пікір туғызу үшін орыс тілді партиялық газетті таңдап, онда жарияланған мақаласында еңбекті жан-жақты талдай келіп: «Қамтылатын мәселелердің кеңдігі және оларды әзірлеудің ғылыми-теориялық деңгейі бойынша С. Зимановтың монографиясы Қазақстанның тарихи ғылымына қосылған құнды үлес болып саналады», – деп өте жоғары баға береді.

Өзінің қилы тағдыры, талантты ғылыми еңбектері және қайтпас қайсарлығымен Одақ ғылыми жұртшылығының ерекше құрметі мен беделіне бөленген және докторлығын қайыра қорғау алдында монографиясын Мәскеуде шығарып, орыс ғалымдарының айрықша ықыласына ие болған Бекмахановтың бұл пікірі Салық Зимановқа мәшһүр тарихшы тарапынан көрсетілген нағыз ағалық алқау болды.

Докторант Зимановтың ең үлкен қолдаушысы Ғылым академиясының президенті, әлемдік деңгейдегі айтулы ғалым Қ.И.Сәтбаев еді. Салық ағамыз өмір бойы ұстазының есімін зор құрметпен атап, «әкемнен көрмеген жақсылықты Қанекеңнен көрдім, оны ешуақытта ұмытпаймын» деп үнемі ризалықпен еске алатын. Ол өзінің Қаныш аға туралы естелігінде: «1961 жылы январьда СССР Ғылым академиясының Право институтында докторлық диссертация қорғау алдында аздап жүрексініп тұрғанымда артымнан біреу келіп ұстап алды. Қарасам, біздің академияның жоспарлау-финанс бөлімінің бастығы, егде тартқан В.Соколов екен. Асыға сөйлеп: «Сізді кешеден бері Қаныш Имантаевичтің тапсырмасымен іздеудеміз... Президент Сізге докторлық диссертация қорғау алдында табыс тілейді, қобалжымасын, ғылыми айтыста әдеппен сөйлеп, өзінің ғалым екендігін көрсете білсін – міне, осыны айта бар деп жұмсады», – деді де мені құшағына алды», – деп жазады.

Қаныш аға мұнымен де шектелмеген, диссертация қорғаудың жай-күйін ол қорғалатын Мемлекет және құқық институтының директоры, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Е.Коровин арқылы қадағалап, тіпті қалай қорғағаны жөнінде телефонмен хабарласып біліп отырған. Әрине, Қ.Сәтбаевтай одақтық деңгейдегі айтулы ғалым, Кеңес Одағының ең мәртебелі сыйлығы – Лениндік сыйлық лауреатының әрбір өтініш-тілектеріне мәскеулік ғалымдар зор ықыласпен қарап, бар ынтасымен орындаған.

Диссертация қорғау барысында С.Зиманов әуелі С.А. Фукс, Н.В. Устюгов, А.И. Ишанов сияқты ресми оппоненттердің, кейін И.Я. Златкин, Н.Г. Апполова, Г.А. Аксененоктардың жазбаша келіп түскен пікірлеріне, әсіресе олардың сыни пайымдауларына рет-ретімен, орнықты жауап қайтарады.

Қорғауды институт директоры, профессор П.С. Ромашкин қорытындылайды. Ол өз сөзінде С.Зимановтың осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы ғылыми кеңесте кандидаттық диссертациясын зор табыспен қорғағандығын, бүгінде оның іргелі зерттеулер жазған үлкен ғалым ретінде қалыптасып, республикалық Философия және құқық институтының директоры екендігіне баса назар аударды. Докторлық жұмысқа: «терең зерттеуге құрылған бірегей еңбек», – деп қорытынды баға бере келіп, бүгінгі оқырман мен зиялы қауымның құлағына түрпідей тиетін тұрпайы көзқарасын да білдіреді. Совет Одағындай алып империяның Ғылым Академиясына қарасты жалғыз Мемлекет пен құқық институтының директоры, заң ғылымының докторы, профессор П.С. Ромашкин бүкіл ғылыми кеңес мүшелері алдында: «Я хочу подчеркнуть, что ценность этого труда состоит именно в том, что на основе глубокого исследования в прошлом отсталой окраины, забитого, полудикого народа (так называли необъективно, но и на самом деле эта страна была полудикой), автор показывает нам цветущее суверенное государство в основе Союза ССР», – деп салады.

Егер алдын ала қағазға жазып сөйлегенде «тігісін» жатқыза айтуы әбден мүмкін еді, бірақ оның микрофонға айтқан сөздері ешбір редакциялаусыз қаз-қалпында хатқа түскен.

Орыстан мың жыл бұрын тасқа таңбаланған бітік жазуын ойлап тапқан, алтын-күміс, асыл тасты бұйымдар мен адамды былай қойып, астындағы атының әбзелдерін әшекейлеген, сән-салтанатына орта ғасырлардағы араб, парсы, қытай, еуропа саяхатшылары таң-тамаша қалған ғажайып қалалар салған, өздерінің мойындауы бойынша «монғол-татар езгісі» кезінде аталарын 300 жыл бойы билеп-төстеген халыққа «полудикий народ» деп астамшылықпен баға беру, өкінішке орай, коммунистік идеологияның қолдауымен ғана өскен көптеген орыс ғалымдарына тән құбылыс еді. Ол ара-тұра бүгінде де қылаң беріп қалады.

Сонымен, 1961 жылдың 13 қаңтарында Салық Зиманов Мәскеу төрінде докторлық диссертациясын зор абыроймен қорғап, ғылыми кеңес мүшелерінің бірауыздан қолдауымен қазақ халқынан шыққан тұңғыш заң ғылымының докторы атанды.

Салық Зимановты заң ғылымының докторлығына ұсынған ғылыми кеңестің хаттамасы

Арада жыл өткенде ғылыми жұмысын ұдайы жоғары оқу орындарындағы ұстаздықпен ұштастырып келе жатқан 40 жастағы ғылым докторына профессорлық атақ та берілді. Осылайша ол бас-аяғы бір жылдың ішінде докторлығына қоса қазақтың тұңғыш құқық профессоры деген мәртебелі атақты қоса иемденді.

Зимановтың өмірі мен шығармашылығын зерттеу барысында мен үнемі бір нәрсеге таң қаламын: ол әрбір үлкен белесті бағындырған сайын тізгінді тартып, екпінін бәсеңдетудің орнына, аттың басын жіберіп, қарқынын үдетіп отырған.

С.Зиманов алпысыншы жылдардың ортасынан бастап түрлі деңгейдегі басшылық алдында Философия және құқық институтын екіге бөліп, КСРО Ғылым академиясының үлгісімен Мемлекет және құқық институтын құру мәселесін көтере бастайды. Алпысыншы жылдардың ортасында Философия және құқық институтында тек құқық саласы бойынша сексенге жуық ғылыми қызметкер еңбек етті. Бұл Орта Азия республикаларындағы ең озық көрсеткіш еді.

Заң ғылымына арналған дербес институт ашу жөніндегі Зиманов бастамасын Сәтбаевтан кейін Ғылым академиясының президенттері болған академик Шапық Шокин мен Шахмардан Есеновтер де қызу қолдайды. Тіпті КСРО Ғылым академиясы 1966 жылғы 29 шілдедегі қаулысы бойынша Философия және құқық институтын бөлу арқылы 1966-70 жылдардағы бесжылдықта дербес Мемлекет және құқық институтын ашу туралы директивті шешім де қабылдайды.

Одақтық Академия басшылығының осы тапсырмасына сәйкес 1967 жылы 17 қазанда директор Зиманов ғылыми кеңес алдында арнайы баяндама жасап, Философия және құқық институтында кейінгі он жылға жуық уақыт ішінде заң ғылымына арналған дербес ғылыми институт ашуға жеткілікті кадрлық база жасалғанын, ғылым кандидаттарының саны 74, ал докторлардың саны 11-ге жеткенін мысалға келтіреді. Бірақ институт ашу ісі үнемі түрлі себептермен кешеуілдей берді.

Салық Зиманов 1967 жылы заң ғылымы бойынша Ғылым академиясының алғашқы академигі болып сайланды. Бұл оған институт ашу туралы көкейде жүрген ойын ерекше жігермен алға жылжытуға қосымша мүмкіндіктер туғызды. Ол Академияның жаңадан сайланған жігерлі басшысы, бұрын Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары сияқты биік лауазымды қызмет атқарып, үкімет жұмысының ой-шұқырын жақсы білетін Шахмардан Есеновке өз пікірін дәлелдеп, мұндай институттың ашылуы республикада заң ғылымын өркендетуге жаңа перспективалар ашып қоймай, Академия беделін көтеруге де зор септігін тигізетінін жеткізеді. Дәл сол кезде Орта Азия республикаларының ешқайсысында мұндай институт әлі ашылмаған болатын.

Ш.Есенов Зимановтың ұсынысын толығымен қолдап, 1969 жылдың 1 қаңтарынан бастап Философия және құқық институтын екіге бөлу арқылы дербес Мемлекет және құқық институтын ашу туралы жан-жақты негізделген хатқа қол қойып, оны Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Министрлер кеңесіне жолдайды. Одақтық Ғылым академиясы қолдап, республикалық басшылық ыңғай танытқан бұл мақсаттың орындалуына бір ғана қадам қалғанда заң ғылымы саласындағы тұңғыш академик болып сайланып, тасы өрге домалап тұрған С.Зиманов аяқ астынан директорлық қызметінен алынып, оның өміріндегі бұлғақ кезең басталады.

Мәшһүр ғалымның не себептен қызметінен алынғаны республика ғылыми жұртшылығы үшін сол заманда да, бүгін де әлдеқашан құпия болудан қалған. Оның жай-жапсарын мен академиктің өз аузынан талай естігенмін. Шетіндеу мәселе болған соң ішкі құпияларына тереңдемей-ақ тұспалдап айтуға да болар еді, бірақ өмірінің соңына қарай Салық Зиманов кейін артық-ауыс әңгіме туындауы мүмкін жайдың бүкіл ақиқат шындығын өзі ашып, арнайы естелік жазды. Оны өзінің көзі тірісінде 2009 жылы жарық көрген 10 томдық шығармалар жинағының соңғы 10-томында «Смутное время» в истории жизни Института философии и права» деген атпен жариялап та жіберді. Көп томдық небәрі 500 данамен жарық көрген соң онда жазылған оқиғалар қалың көпшілікке жете қойған жоқ. Сонымен, академик Зиманов не үшін қызметінен кетті және оның астарында қандай құпия бар еді? Енді осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Қонаевтың қызы немесе бұлғақ басы

Бұл тақырыпты бірден академиктің естелік-жазбасынан бастап, ары қарай нақты мұрағаттық деректермен өрбітейік. Зиманов өз естелігінде:

«Кейін белгілі болғандай, менің қызметтен босатылуым республика Компартиясын басқарған күйеуіне ықпалы жүріп тұрған әйелдің ашу-ызасымен байланысты болған екен. Мен институт директоры ретінде оның күйеуінің некеден тыс туған қызы – Қонаева Раиса Дінмұхамедқызын КСРО Ғылым академиясы Философия институтының аспирантурасына қабылдануына біраз үлес қосқан едім», – деп жазады (Зиманов С., Полное собрание сочинений, А., 2009, т. 10, с. 431).

Ешқашан адалдықтан аттамаған, ешкімге қылаудай қиянат жасамаған академиктің бұл сөзіне күдік келтіру қиын, бірақ сенбейтіндер де жоқ емес. Мұндайда барлық ресми өмірбаяндарында перзенті жоқ деп есептелетін мұндағы «Қонаевтың қызы кім?», «Оның өмірде болғандығы қандай құжаттармен дәлелденеді?» деген бірқатар заңды сұрақтар туындайды.

Жоғарыда өзіміз «шетіндеу мәселе» деп шетін шығарған осыған қатысты біраз мұрағат ақтаруға тура келді.

Үкімет басқарған жылдарын қосып есептегенде республиканы 30 жыл басқарып, Қазақстанды экономикалық әлеуеті күшті, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған Одақтағы ең беделді республикалардың біріне айналдырған, аса көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа біздің бүгінгі кейіпкеріміз академик Салық Зимановтың құрметі ерекше еді. Қазақстанға сексен қала салып берген ұлы азамат туралы алда әлі де талай зерттеулер жазылар. Сол тұста міндетті түрде ашылатын ақиқат болған соң біз де өзімізге белгілі біраз «құпияның» жай-жапсарын айта кетуді жөн көрдік.

Кеңес Одағы тұсында Қазақстанды Жұмабай Шаяхметов, Дінмұхамед Қонаев және Нұрсұлтан Назарбаев сияқты үш қазақ қана басқарыпты. Соғыстан кейінгі қысқа жіп сияқты күрмеуге келмеген, қиын-қыстау сегіз жыл (1946-54) ішінде Қазақстанның бірінші басшысы болған Ж.Шаяхметовты бүгінгі буын ұмыта бастады. Қызметін қанқұйлы НКВД-дан бастаған Жұмабай Шаяхметов туралы қоғамдағы пікір де ала-құла. Оның ойранды отызыншыны былай қойғанда ел аман, жұрт тыныш елуінші жылдарда Сәтбаев пен Әуезовтер қуғынға түскенде ел ардақтарына ара түсе алмауын түсіну қиын.

Дегенмен Ж.Шаяхметовтің екі еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Соғыс жылдарында Қазақстанға Ресей, Украина мен Белоруссиядан көшірілген ірі завод, фабрикалардың аз уақыт ішінде іске қосылып, кейін елдің индустриялық қуатының негізі болғандығына да сол кездегі 2-хатшы болған Шаяхметовтің зор үлесі болды. Кейін 1946-56 жылдары республиканы басқарған кезде де ол өндірісті ұйымдастырушы ретінде ерекше көзге түсті. Оның бұл еңбегін Д.Қонаев та өз естелігінде орынды атап өтеді.

Шаяхметов Хрущевтің бастамасымен 52 жасында бірінші хатшылықтан өзіне тапсырылған партиялық міндеттерді ойдағыдай атқара алмағаны үшін деген желеумен босатылады. Ал шындығында ол жоспарсыз, жөнсіз, қауырт тың игеруге жүргізуге қарсы болған. Бұл туралы Н.С.Хрущев өзі биліктен тайдырылғаннан кейін жарық көрген 4 томдық мемуарында: «Кейін мен оның позициясын талдай келіп, мынаны түсіндім. Ол Қазақстанның бар мүмкіндігін жақсы аңғарды. Оның дәл осы жерде саяси, дәлірек айтқанда ұлтшылдық ұстанымы басым түсті. Шаяхметов егер біз егіс алқабын ұлғайтар болсақ, оны қазақтардың өздері ғана өңдей алмайтынын білді. Тың жерлерді игеруге құлшынған еріктілерді көмекке шақыруға тура келетін еді. Біз олардың жеткілікті екеніне сенімді болдық, ал ол мұны мүлде қаламады. Солай болғанда Қазақстандағы қазақ халқының үлес салмағы бұрынғыдан да азая түсетін еді», – деп ашықтан ашық өзінің екіжүзді, сұрқия саясатының сырын жайып салады. (Хрущев Н.С., Время. Люди. Власть.М., 1999, 1-том, 74-75 беттер)

Партиялық билік әуелі Қазақстанда аштық ұйымдастырып, бейбіт, бақуатты халықты қырып салады. Екінші дүниежүзілік соғыста қолға қару ұстайтын ер-азаматтардың басым бөлігі майдан даласында қаза болды. Қып-қызыл саясат соғыстан кейін өртеңге шыққан көктей енді ғана қаулап өсе бастаған қазақтардың жас өркенін тың игеруге шақырылған түрлі қиынды-жиындылардың талауына түсіруді көздейді. Қаншалықты коммунист болса да, Жұмабай Шаяхметов бұған қарсы шығады. Бұл, әрине, оның азаматтық ерлігі. Мұны ұмытуға болмайды.

Д.А.Қонаевтың мемлекеттік қызметі мен ізгілікті іздері әлі күнге дейін ел жадында болса да, оның өмірі толықтай, жан-жақты зерттелді дей алмаймыз. Ол туралы кеңестік заманда жілікті дүниелер жазылмады. Тәуелсіздік тұсында мерейтойлық мақалалардан ары аса алмадық.  СОКП Орталық Комитетінің Саяси бюросына түркі халықтары арасынан мүше болған тұңғыш қайраткер тұлғаның саяси қызметімен қатар тағдырына қатысты әр дерек біз үшін өте қымбат. Алдағы уақыттарда бұл олқылықтың орны толады деп үміттенеміз.

Академик Салық Зиманов нақты көрсетіп кеткен Д.Қонаевтың қызына қатысты бұрын еш жерде кездеспеген тосын мағлұматты тарқата жазуды жөн көрдік. Бұл Дінмұхамед ағамыздың қайраткерлік те, кісілік те келбетіне көлеңке түсірмейтіні анық. Керісінше оның адами, азаматтық болмысын жаңа бір қырынан аша түседі деп ойлаймыз.

Зиманов өз естелігінде Д.Қонаевтың жеке өз басына қатысты зәредей де өкпесін білдірмейді, бірақ оның зайыбы жайлы пікірін: «Мен ол кезде аңғырттықпен бұл әйел өз күйеуі, республика Компартиясының бірінші хатшысы – Д.А.Қонаевтың кадр саясатына араласпайды деп ойлаушы едім», – деп нақпа-нақ көрсетеді.

Өткеннің жады – мұрағат. «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деп Мұқағали ақын айтқандай, шындықтың бәрін болмаса да, біразын мұрағаттардан табуға болады. Өйткені біздің тарих көп бұрмаланған, коммунистік билік партиялық стандартқа сыймаған шындықты «прокруст төсегіне» таңып, кергілеп, созып, идеологияның қалыбына түсірген. Бірақ шындық қаншалықты бұрмаланса да, ол бәрібір уақыты келгенде жарыққа шығатын болады.

Біз «құпия» қыз туралы деректі іздеуді С.Зиманов жұмыс істеген Ғылым академиясының мұрағатынан бастадық. Оның естелігінде айтылатын уақыт – 1969 жыл. Бүгінде Ғылым және білім министрлігіне қарасты бұл мұрағат «Ғылым ордасы» деген мекемеге қарасты. Оның 1969 жылғы құжаттары арасынан Қазақ КСР Ғылым академиясы Философия және құқық институтының директоры С.З.Зимановтың КСРО Философия институтының директоры П.В. Копнинге 1969 жылы 2 сәуірде жазған хаты табылды. Оның алғашқы абзацында: «Қазақ КСР Ғылым академиясы Философия және құқық институты осы біздің институттың эстетика бойынша маманданушы аспиранты Р.Қонаеваны КСРО Ғылым академиясы Философия институтының аспирантурасына қабылдауын өтінеді», – делінген (Ф. 98, оп.1, д. 235, п. 9).

Толық бір бетке жазылған хатта Қазақстанның философия ғылымында бұл салаға маманданған біліктілігі жоғары мамандардың аздығына байланысты осыдан 4 ай бұрын аспирантураға қабылданған Р.Қонаеваның әлі ғылыми жетекшісі жоқтығын, сол себепті  аспирантты 2 жыл 7 ай мерзімге одақтық институтқа «ғылыми іссапарға» жіберіп отырғандығы көрсетілген. Аспиранттың стипендия, т.б. шығындарын түгелдей Қазақстандағы институт өз мойнына алатындығы да айтылған. Хатта аспирант Р.Қонаеваның фамилиясы бес рет аталады.

Зиманов қолымен осы жылдың 13 мамырында жіберілген тағы бір жазба осы институтта қызмет істейтін философия ғылымының докторы, профессор М.С.Жүнісовтің атына жолданып, онда академик белгілі философ ғалымға аспирант Р.Қонаеваға ғылыми жетекші болуға және оны өзі басқаратын сектор қарамағына алуына өтініш жасайды.

Институттың ресми бланкасына басылып, тіркеу нөмірі мен датасы қойылған ресми құжаттарда аспирант қыздың үнемі фамилиясы ғана жазылып, әкесінің аты көрсетілмейді, бірақ хатқа тіркелген қосымша құжаттарда әкесінің аты деген тұста «Шаяхметқызы» деп жазылған.

«Ғылым ордасы» мұрағатында Қонаева Раиса Шаяхметқызына қатысты алғашқы мағлұмат 1968 жылдың 18 шілдесінде тіркелген екен. Онда Қыздар педагогика институтын бітірген талапкердің Философия және құқық институтына түсу үшін емтихан тапсыруға жіберілгендігі туралы мәлімет бар. Сол жылдың 7 қарашасындағы екінші құжатта Р.Ш.Қонаева емтиханды тапсырғаннан кейін аспирантураға қабылданып, оған 100 сом мөлшерінде стипендия тағайындалғаны көрсетілген.

Бұдан кейінгі екі құжатта оған әуелі ғылыми жетекші болып профессор М.Қаратаев белгіленсе, екіншісінде бірден екі адам: философия ғылымдарының докторы А.Қасымжанов пен философия ғылымдарының докторы Қ.Нұрланова бекітілген. Бірақ бұл ғалымдардың ешқайсысы бастапқы келісімінде тұрмай, кейін «мінәйім» себептермен жетекшіліктен бас тартқан.

Осындай төрт айға созылған аппараттық-кеңселік «ойындардан» кейін директор Зиманов Мәскеудегі әріптесіне өтінішпен шығады.

Р.Ш.Қонаева 1971 жылы Мәскеудегі аспирантурасын тәмәмдайды. Бұл кезде С.Зиманов директорлықтан босаған. Жаңа директор «пәледен» басын аулақ салып, кезінде институт оқуға жіберіп, үш жыл бойы стипендия төлеген аспирантура түлегін жұмысқа алудан бас тартқан.

Институт Мәскеуден келген жас маманды Жоғары және орта арнаулы білім министрлігінің қарамағына жібереді. Министр де фамилиясынан «ат үркетін» жас маманның өтінішін қарауға «уақыт таппай», орынбасары С.Ж.Кенжебаевқа сілтеген. Министрдің орынбасары Жамбыл технология институты Алматы филиалының директоры Л.И.Жұмағұлованың атына арнайы хат жазып,  КСРО Ғылым академиясы Философия институты аспирантурасының түлегі Р.Қонаеваны осы институтқа аға оқытушылық қызметке қабылдау жөнінде тапсырма береді. Аға оқытушылық қызметке ұсынылып отырған аспирантура түлегі бұл кезде әлі кандидаттық диссертациясын қорғап үлгермеген еді. Министрдің орынбасары С.Кенжебаев бұл мәселенің де шешімін тауып: «КСРО ҒА Философия институтының өтініші бойынша министрлік Р.Қонаева жолдасқа диссертациясын аяқтау үшін 1972 жылдың маусым айына дейін Мәскеуде тұруға рұхсат етеді», – деп тапсырманы нықтай түседі. Хаттың көшірмесі сол кезде Мәскеу қаласы, Профсоюз көшесі, 22-жатақхананың 166-бөлмесінде тұрып жатқан Р.Қонаеваға қоса жолданған. Министрліктің ресми бланкасына басылып, С.Ж.Кенжебаев қол қойған бұл хат 1971 жылдың 20 қыркүйегінде тіркеуден өткен.

Осындай әлі кандидаттық диссертациясын қорғап үлгермеген аспирантқа «айрықша» көмек көрсеткені үшін Ұлы Отан соғысының ардагері, философия ғылымының докторы, профессор Сағындық Жүнісұлы да көп ұзамай қызметінен «кетуге» мәжбүр болады. Өздері берген жұмысын «өздері» алғанға қиналмай-ақ орнын босатып берген Сағындық ағамыз 96 жас өмір сүріп, соңына 150-ден астам ғылыми еңбек қалдырып, бертінде, 2018 жылы дүние салды. Жарықтық «Менің адамды қажытатын аппарат қызметінен ертерек кетіп, ұзақ өмір сүруіме сол қыздың пайдасы көп тиді. Қарағыма алғыстан басқа айтарым жоқ», – деп жарқылдап күліп отырушы еді.

Сонымен Раиса Шаяхметқызы Қонаева 1972 жылдың 21 қарашасында кандидаттық диссертациясын қорғап, 1973 жылы 23 наурызда Бүкілодақтық аттестация комиссиясы бекіткен «философия ғылымының кандидаты» ресми құжатын алып елге оралады. Өмірінің соңына дейін Жамбыл технология институтының Алматы филиалында (қазір Алматы технология институты) аға оқытушы, доцент, профессор міндетін атқарушы, кафедра меңгерушісі қызметін атқарып, сол жерден 2002 жылдың 28 сәуірінде зейнетке шығады (ресми түрде – өз еркімен қызметінен босайды).

Мәскеу аспирантурасының түлегі Раиса Қонаеваның куәлігі

Бүгін Раиса Шаяхметқызының деректерін Қонаева деп іздесеңіз Академиядан басқа жерден таба қоюыңыз қиын. Ол 1975 жылы Қасымов Мұхит Әлмағамбетұлы деген Қостанай облысы Жангелдин ауданында туған азаматқа тұрмысқа шығып, тегін Қасымова деп өзгертеді. Тіпті бұл туралы институт директорының атына үйленгендеріне үш жыл өткенде: «Жұбайымның тегіне көшуіме байланысты Р.Ш. Қонаева атты бұрынғы  фамилиямды Р.Ш.Қасымова деп өзгертуіңізді сұраймын», – деген өтініш жазып, фамилиясының өзгергені жөнінде 1978 жылдың 6 ақпанында ресми бұйрық та шығартып алған.

Раиса Қонаеваның Алматы технология институтында сақталған жеке ісінде оның Мұхит Әлмағамбетұлы Қасымовпен некесі Алматы қаласында 1975 жылдың 14 мамырында тіркелгені жөнінде куәліктің көшірмесі бар. Бұл некенің қанша уақытқа созылғаны бізге беймәлім. Өйткені оның кейінгі толтырған құжаттарында жұбайы туралы мәлімет мүлде келтірілмейді.

М.Ә.Қасымов – есімі республика ғылыми жұртшылығына белгілі азамат. Ол геология-минерология ғылымынан кандидаттық диссертация қорғап, соңына жүзден астам ғылыми еңбек қалдырды. Геология саласында ашқан жаңалықтары үшін Қазақ КСР Мемлекетік сыйлығының иегері атаныпты.

Өз қолымен 1989 жылы орыс тілінде толтырылған өмірбаянында Раиса Қонаева 1977 жылы ұлды болып, атын Тайлан қойғаны жазылған, бірақ онда күйеуі туралы еш мағлұмат жоқ. Өмірбаянда өзінің Өзбекстанның Әндіжан облысы Айым ауданында 1938 жылы туғанын, 1946 жылы Талдықорған қаласына көшіп келгенін, мектепті сонда бітіріп, 1962 жылы Қыздар педагогикалық институтына түскенін жазады. Мұрағат деректері бойынша бұл кезде оның фамилиясы «Бұғыбаева» болған. Институтты 1966 жылы бітірген соң бір жылдай сонда архивариус, кітапханашы болып қызмет істепті.

Р.Қонаева өзі шыққан отбасы жағдайына келгенде онда 9 бала болғанын, үлкен ағасы Бұғыбаев Ғалиахмед 1926 жылы туып, 1944 жылы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқанын көрсеткен. Қалған 7 бауыры түрлі аурудан ертеректе қайтыс болыпты. Әкесі Шаяхмет (әкесінің фамилиясы көрсетілмеген) те соғысқа қатысып, ауыр жарақат алған. Елге оралған соң 1944 жылы қайтыс болыпты. Анасы туралы бір ауыз сөз жоқ, тіпті аты-жөні де көрсетілмеген.

Қонаева-Қасымованың бұл өмірбаянында алдымыздан бұрын есімі еш жерде аталмайтын оның Бұғыбаев Ғалиахмед дейтін ағасы шығады. Ол Ұлы Отан соғысына қатысқан азамат болған соң Ресей Қорғаныс министрлігі мұрағаты бойынша іздестіру жүргіздік.

Қатардағы қызыләскер 1926 жылы туған Ғалиахмет (ресми құжатта есімінің соңғы қарпі Раиса көрсеткендей «д» емес, «т») Бұғыбаев Алматы облысы Талдықорған ауданында туса да, әскерге Әндіжан облысы Айым аудандық әскери комиссариатынан шақырылған деп көрсеткен. Соған қарағанда Бұғыбаевтар отбасы ашаршылық жылдары Өзбекстанға қоныс аударуы мүмкін деп шамалауға болады. Ғ.Бұғыбаев 1944 жылдың 6 қазанында Латвияның Рига уезі Дзенн деревнясы үшін болған ұрыста қаза тауыпты. Ата-анасы деген графада «анасы Бұғыбаева Хунц» деп көрсетілген. Өзге халықтардың есімін тіркеуге қырсыздау болатын орыс ағайындардың «Хунц» деп жазуын біз «Хұсни» болуы мүмкін деп шамаладық.

Ғалиахмет Бұғыбаевқа қатысты үш құжаттың екеуінде оның әкесінің тегі «Шаяхметұлы» деп көрсетілгенімен, ата-анасы туралы бағанда тек анасының есімі ғана аталған. Ал әскери мұрағаттан Раиса «жараланып елге оралды» деген әкесі Шаяхмет Бұғыбаевтың соғысқа қатысқаны жөнінде ешқандай құжат табылмады.

Раиса Шаяхметқызы өмірбаянында өзін 1938 жылы Әндіжан облысында тудым деп жазса, оның 1926 жылғы ағасының туған жері Алматы облысы Талдықорған  ауданы деп көрсетілген. Екіншіден, Ғалиахметтің құжатында есімі «Бұғыбаева Хунц» деп көрсетілген Раисаның анасы қызының қолымен толтырылған бұған дейінгі өмірбаяндарында мүлде аталмайды.

Раиса Қасымованың Алматы технологиялық институты мұрағатында сақталған тағы бір құжаттары да түрлі ойларға жетелейді. Оның алғашқысында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтын 1966 жылы 26 маусымда «орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген Бұғыбаева Раисаға берілген дипломның көшірмесі және арада бір жыл өткенде 1967 жылы 11 тамызда осы институттың комсомол ұйымының хатшысы Р.Қонаеваға берілген анықтама. Бұл құжаттар Бұғыбаеваның институтқа әуелі осындай фамилиямен түсіп, оны бітірген соң тегін «Қонаева» деп өзгерткенінен хабар береді.

Раиса апамыз Д.А.Қонаев республика бірінші басшылығы қызметінен кеткен соң – 1990 жылдың 1 ақпанында өз қолымен тағы бір есеп карточкасын толтырған. Оның «отбасы» деген тұсына 1977 жылы туған ұлы Тайланды көрсетіп, анасы деген графада «Бұғыбаева Х.Д.» деп көрсеткен. Демек, оның анасы 1990 жылға дейін қызының қолында тұрған. Ұзақ жасаған, бірақ іштегі сырын жария етуді жөн көрмеген Х.Д.Бұғыбаева апамыз көп құпияны өзімен бірге әкеткені анық. Әрине, бұл кісінің дүниеге келген кезінен бастап, өмірінің соңына дейінгі деректерді ыждаһаттылықпен іздестірсе, талай шындыққа қол жеткізуге болар еді. Алдымызға мұндай мақсат қоймағандықтан біз қолда бар мағлұматтармен ғана шектелдік.

Раиса апамыз 2004 жылдың 18 қарашасында 65 жасында жүрек талмасынан дүние салыпты. Дәтке де берік жан болса керек, ол да біраз сырды өзімен бірге ала кетті. Біздің еңбек академик Салық Зимановқа қатысты болған соң көлденең қосылған тақырыпты ары қарай қазбалауды артық санадық.

Иә, мұрағатта Раиса апамыздың ешбір түсіндірмесіз-ақ сөйлеп тұрған фотосуреті сақталған. Көрген жан өзі-ақ қорытынды жасар деп оны да жариялауды жөн көрдік.

Суретте: Раиса Қонаева, 1990 жыл.

Д.А.Қонаев – қазақ тарихында өшпес із қалдырған аса көрнекті мемлекет басшысы. Біз үшін оның өмірбаянының әрбір парағы қымбат. Ол туралы әлі талай кітаптар жазылып, зерттеулер жарық көретіні анық. Сол болашақ зерттеулердің кәдесіне жарар деп өзіміз тапқан мұрағаттық деректердің бір парасын жариялауды жөн көрдік. Оны тарата, тарқата жазамын деушілер үшін жоғарыдағы мұрағат деректері септігін тигізетін болар деп есептеймін.

«Қонаевтың қызы» туралы әңгімені отыз жылға жуық уақыт бойына етене араласа жүріп, Салық ағадан талай мәрте естідім. Ол естелігінде қыздың толық аты-жөнін «Қонаева Раиса Дінмұхамедқызы» деп нақпа-нақ жазады. Ағамыздың бұлай жазуының астарында мынандай оқиға болыпты.

Бір күні Салық ағаның үйіне сол кезде Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқаратын ежеттес досы Михаил Иванович (бұл кісінің шын ныспысы – Хәкім, балалар үйінде өскендіктен тәрбиешілері есім-сойын орысша жазып жіберген) Есенәлиев ағамыз келеді. Ол ежелден сыралғы досына республика басшысының азаматтық некеден туған қызының аспирантураға түсуіне дабырасыз қол ұшын беруді құпиялап жеткізеді.

Республика басшысы бұл мәселе бойынша Михаил Ивановичпен оңаша ақылдасқанда ол сырға да, сертке де берік Салық ағаның кандидатурасын ұсынған екен. Зимановтың адалдығы мен тазалығын сыртынан жақсы білетін Димаш аға оны мақұлдап, бұл мәселені ың-шыңсыз жүзеге асыруды Есенәлиевке тапсырады. Бұдан кейін бар жауапкершілікті мойнына алған Салық ағамыз өтінішті әскери тапсырмадай бұлжытпай орындап шығады.

Мәскеу мен Алматы арасында талай мәрте тіркеу мен тексерістен өткен қатынас қағаздарындағы «құпия» біртіндеп Үлкен үйдегі жеңгемізге жетеді. Бала таппаған әйелдің қызғанышы қиын ғой, оның үстіне күйеуі анау-мынау емес үлкен республиканың бірінші басшысы болса. Артық-кем айтылған сөз, партиялық жауапкершілік, т.б. аргументтер де іске қосылған сияқты. Нәтижесінде некесіз туған қызға «қызмет бабын асыра» көмек көрсеткені үшін есімі республикаға мәшһүр академик-директор мен оның сыйлас досы министрдің орынбасары қызметінен кетуге мәжбүр болады. Әрине, заң-законды бес саусағындай білетін Салық Зиманов бұған келіспей, қарсы шығуына да болатын еді. Онда бұл істің құпиясы ашылып, оған қатысты өзге азаматтар да жапа шегуі мүмкін еді. Мұны қаламаған қос азамат ешбір дабырасыз қызметтерін босатып берген.

Шынтуайтқа келгенде, 1969 жылы Салық Зимановтың абырой беделі де, ол басқарған институттың жағдайы да өте жоғары деңгейде еді. Бұл кезде ол республикадағы заң ғылымы бойынша жалғыз академик, 1943 жылдан бері коммунист әрі институт орналасқан Фрунзе аудандық партия комитетінің бюро мүшесі. Оның үстіне институт жұмысы ерекше мақталып, оның аты қаладағы Панфиловшылар паркінде орналасқан Құрмет тақтасына ілінген. Академия президенті Шахмардан Есенов осы қызметке келгеннен бастап-ақ Салық Зимановқа ерекше құрмет көрсетіп, оның жаңа институт ашу туралы бастамасына қызу қолдау көрсете бастаған. Салық ағамыз институт жұмысына кураторлық жасайтын Академияның қоғамдық ғылымдар бойынша вице-президенті, заңгер ғалым басқаратын мекеменің тікелей кураторы, академик Ақай Нүсіпбековпен ерекше қарым-қатынас орнатып, тіпті отбасылық деңгейде жақын араласатын достар болған.

Зимановтың А.Нүсіпбековке арналған естелігінде айтылғандай, өзінің қызметтен босатылатыны жөніндегі хабарды оған қалай «естіртуді» білмей дал болған Шахмардан Есенов оны ақыр соңында орынбасарына тапсырыпты. Ақай ағамыз кешқұрым Салық досының үйіне келіп, мәселенің жай-жапсарын жұқалап жеткізеді. Оқ пен оттың ортасында жүріп, «мені көздеп атыңдар!» – деп бұйрық берген хас батыр «партиялық шешімді» де қасқая қарсы алып, қалаған арыздарын жазып, қызметімен күліп тұрып қоштасады. Салық аға бұл естелігінде де өзінің қызметтен босау себебі жөнінде: «Кейінірек менің табан астында Институт директоры қызметінен босатылуымның сыры асқан дәлдікпен анықталды», – дей келіп, оның жас ғалым Қонаева Раиса Дінмұхамедқызын (әкесінің тегін осылай жазған) Мәскеу аспирантурасына жібергенімен байланысты екендігін ашып көрсетеді.

Бүгінде азаматтық некеде болу тосын жаңалық, өзгеше оқиға болудан қалған. Бүкіл тарихы партия ыңғайына қарай жасалған сұрқия саясаттардан тұратын коммунистік заманда бұл республика партия басшысы үшін үлкен «күнә» болатын. Мұндай жағдай партбилетпен қоштасуға дейін алып келетін. Оның соңы немен бітетіні бесенеден белгілі.

«Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» дейді данышпан Абай. Үш-төрт әйел алып, олардан перзент сүю Қ.Сәтбаев, М.Әуезов сияқты қазақтың ұлы тұлғаларының басынан да өткен.

Мұхтар Әуезов үш рет ресми некеде, төртінші қосағы Фатима Ғабитқызымен бүгінгі тілмен айтқанда, азаматтық некеде болған. Одан туған ұлы Мұратқа есімін де, фамилиясын да берген, өмірге келгеннен бастап әкелік қамқорлығын аямаған. Дүниеден өтер алдында Мәскеу ауруханасында жатып, Мұраттың тағдырына қатысты елдегі ағайындарға хат жазған. Сол Мұрат Мұхтарұлы Әуезов әке сенімін толығымен ақтады. Ұлт мәдениетіне үлкен олжа салып, ұлы жазушының еркек кіндіктен тараған ұрпақтарын жалғастырып келеді.

Данышпан Қаныш Сәтбаевтың екі мәрте ресми некеде болғанын жұртшылық жақсы біледі. Ол үшінші зайыбы Кәмила Досқызы Өтегеновамен азаматтық некеде болып, одан 1948 жылы Жәмила есімді қыз сүйді. Кәмила апамыз кейін қазақ қыздары арасынан алғашқылардың бірі болып, 1955 жылы медицина ғылымының докторы, профессор атанды, отандық медицинаның дамуына зор үлес қосты. Қаныш Имантайұлына да, ғылымға да адалдығын сақтап, дүниеден өтті. Оның Қаныш ағадан туған қызы Жәмила Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын қытай тілі мамандығы бойынша тәмамдайды. Кейін КСРО Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының аспирантурасын, Пекин Халықаралық байланыстар институтының докторантурасын да бітіріп, қытай деректемелеріндегі қазақ тарихына қатысты құнды еңбектер жазған  үлкен ғалым атанды.

Бойы да, ойы да биік, сымбаты да, сыры да келісті Дінмұхамед Ахметұлы сияқты ел мақтаған азаматты талай қазақтың қыз-келіншектері де жақтағанына ешкімнің күмәні жоқ болар. Егер оның зайыбы ерінің жас кезде жасаған бір «еркелігіне» оң түсінік танытып, оған да, қызына да жылы жүзін бұрса, олардың кейінгі тағдыры қалай болар еді? Бұл сұраққа жауап табу қиын...

Бұхардағы қазақтар мен Хиуадағы хандар

«Дүние бір қисық жол бұраңдаған» дейді халық әндерінің бірінде. Кей азаматтың басынан бақ тайғанда сарыуайымға салынып, күйрек жолға түседі, ал рухы мықты жан өршелене өрге тартып, мақсат-мұратына жетпей тоқтамайды. Салық аға соңғылардың сойынан еді.

Зиманов директорлықтан кетсе де, өзі құрған институттағы мемлекет пен құқық теориясы және тарихы бөлімінің меңгерушісі қызметін жалғастыра берді. Бұл кезеңде оның қаламынан шыққан ғылыми жұмыстардың тақырыбы күн өткен сайын кеңейе, ауқымдана түсті.

Алпысыншы жылдары С.Зиманов отандық заң ғылымы тарихында тұңғыш рет Абайдың құқықтық көзқарасы, билігі тақырыбына түрен салып, алғашқы зерттеулерін жариялайды. Қазақ ұлттық университетінде арнайы лекциялар курсын өткізіп, баяндама жасайды. Соларды жүйелеп, 1971 жылы «Абай и обычное право казахов» атты еңбегін жариялайды. Академик өзінің кейінгі шығармашылығында бұл тақырыпқа бірнеше рет оралып, өмірінің соңына дейін оны үнемі толықтырып, жаңа қырынан ашып отырды.

Кандидаттық, докторлық диссертациясын жазу барысында Ленинград мұрағаттарынан тапқан қазақтың тұңғыш жоғары білімді заңгері, Мемлекеттік дума мүшесі Бақытжан Қаратаевтың өміріне қатысты «Б.Б.Қаратаев во второй Государственной Думе» атты еңбегін шығарады. Оның жұмыс жоспарында шәкірті М.Ысмағұловпен бірге сұлтан Б.Қаратаев туралы іргелі ғылыми еңбек жазу да болған, бірақ идеологиялық шектеуліктерге байланысты бұл ойын жүзеге асыра алмайды. Бірақ оның қазақтың аса көрнекті заңгері әрі зиялы тұлғасы туралы осы мақаласының өзі-ақ бұған дейін сіре мұз болып қатқан тақырыптың сеңін бұзып, кейінгі зерттеушілерге жол ашты.

Академик С.Зиманов – өзінің ғылыми идеяларын шәкірттерімен жомарттықпен бөлісе білген жан. Ол алпысыншы жылдары әуелі өзі, кейін талантты шәкірті Арыстанбек Әтішевпен бірге Шоқан Уәлихановтың идеялық, саяси, құқықтық көзқарастары туралы зерттеулердің тұтас сериясын жариялайды.

Бөкей ордасының тарихы, ондағы «Хан кеңесінің» қызметі туралы тақырыпты зерттеу барысында қазақтың дәстүрлі құқығы мен ата заңдарына ерекше назар аударып, біртіндеп бұл тақырыпты шәкірттерімен бірлесе зерттейді. Араб қарпімен жазылған ескілікті қолжазбаларды оқу және оны орта ғасырларда араб тілінде жазылған ислам ойшылдарының еңбектерімен салыстыра зерттеу үшін бұл іске шығыстанушы ғалым, араб тілінің маманы Нұралы Өсеровті тартып, оған Тәуке ханның «Жеті жарғысын» кандидаттық диссертация етіп бекітеді. Жетпісінші жылдар ортасында шәкіртімен бірге «Жеті жарғыға» байланысты бірнеше ғылыми мақалалар сериясын жариялайды.

Ұстаз бен шәкірттің тағылымды тандемі кейін жарасты жалғастығын тауып, ол 1997 жылы Н.Өсеровтің отандық заң ғылымы тарихында «мұсылмандық құқық» тақырыбына қорғалған тұңғыш докторлық диссертация – «Қазақтың әдет-ғұрып заңдарына шариғаттың әсеріне»  ұласты. Бізбен дос-жар қатынаста болған Нұралы ағамыз тоқсаныншы жылдары тақырып аясын кеңейтіп, жоғары оқу орындары студенттері мен оқытушыларына арналған «Мұсылмандық құқық», «Мұсылмандық қағидалары», «Мұсылмандық неке» атты тамаша еңбектер жариялап, қасиетті «Құранның» бес томдық аудармасын жариялады.

Тақырыптан сәл озыңқырап айтатын болсақ, Салық аға сексенінші жылдары тағы бір ұлтжанды шәкірті Қабдеш Ыдырысовты Алаш ардагерлеріне серіктес болып, қазақ даласында азаттық идеясын таратуға, саяси, құқықтық ой-сана қалыптастыруға зор еңбек сіңірген «Айқап» журналының шығарушысы әрі бас редакторы Мұхамеджан Сералиннің қоғамдық-саяси көзқарасын зерттеу ісіне тартып, ғылыми танымы зор тұтас мақалалар тізбегін жариялайды. Ыдырысовтың осы тақырыпта 1986 жылы қорғалған кандидаттық диссертациясы мен соның ізін ала жарық көрген монографиясы «Айқап» журналында жарық көрген өзге қазақ зиялыларының өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеуге бағыт-бағдар сілтеді.

Жеті жылға созылған бұлғақ кезеңнің соңына қарай – 1976 жылы академик Салық Зимановтың қаламынан «От освободительных идей к советской государственности в Бухаре и Хиве» атты қазақ қана емес, Орта Азия халықтарының қилы тарихына арналған классикалық монографиясы жарық көрді. Академик Сұлтан Сартаевтың аға-досына арналған «Ғалым туралы одасында»: «Бұхара мен Хиуаға, көзді салмай қалмадық. Бостандық ойын екі елдің, ғылыми түрде талдадық», – дейтін жолдар осы еңбекті меңзеп тұр.

Бүкіл шығармашылығын қазақ тақырыбына арнаған үлкен оқымысты неліктен көрші елдер тарихына барды? Әуелі осы сұраққа жауап іздеп көрейік.

Қазақ хандығы дүниеге келген кезден бастап оңтүстіктегі ең ірі мемлекет – Бұхар хандығымен үздіксіз күрес жүргізді. Соның нәтижесінде Самарқанд, Ташкент, Түркістан, Сырдария бойындағы үлкенді-кішілі қалалар жиі-жиі қолдан қолға өтіп отырды. Бұхар хандығын ұзақ жылдар бойы Шыңғыс ханның немересі, Жошының ұлы әйгілі Бату ханның туған бауыры – Шибан (кей деректерде Шейбан деп те аталады) ханның ұрпақтары басқарды.

Бұхар хандығындағы Шибан әулеті билігін орнатқан Мұхаммед Шейбани көшпелі өзбектер мемлекетін құрған Әбілқайыр ханның немересі еді. Ол Қазақ хандығының негізін салушылар – Керей мен Жәнібек ханнан тараған қазақ билеушілерімен көп соғысты. Әуелі Керейдің ұлы Бұрындық ханмен Отырар, Түркістан үшін шайқасып, біршама ілгерілеуге қол жеткізеді. Бұл Жетісуда билік жүргізіп тұрған Қасым сұлтанның намысына тиіп, ол қалың қолмен Қаратаудың етегінде Шейбани қолымен соғысады. 1510 жылы Сығанақ қаласының түбінде болған шайқаста Шейбани қолы тас-талқан жеңіліп, Самарқандқа қашуға мәжбүр болады.

Келесі 1511 жылы Қасым сұлтан Қазақ хандығының тағына отырады. Ол билік құрған 17 жыл ішінде Қазақстанның оңтүстіктегі шекарасы кеңейіп, іргесі беки түседі, бірақ Шейбани ханның мұрагерлері мен Қазақ хандары арасындағы күрес толастаған жоқ. Бұхар хандығы құрамында басым бөлігі Қазақ хандығында өмір сүретін қазақтың қыпшақ, найман, қоңырат, жалайыр және «алшын» деген ортақ атаумен белгілі болған Кіші жүз рулары өмір сүрді. Олардың ішінде аса ірі қолбасы, Самарқанд әмірі дәрежесіне дейін жеткен Кіші жүздегі алты ата әлімге кіретін төртқара руынан шыққан Жалаңтөс баһадүр де болды.

Жалаңтөс баһадүр туралы алғашқы деректі Алаш ардагері Халел Досмұхамедов жазды. Бұл еңбекпен жас кезінде-ақ таныс Салық Зимановтың Бұхара мен Самарқанд тарихына қызығушылығы ертеден оянған-ды.

Бұхараға қатысты тағы бір қызғылықты дерек Мұхтар Мағауиннің әйгілі «Аласапыран» романында келтіріледі. Онда 1594 жылы Тәуекел ханның Құл-Мұхаммед бастаған елшісі орыс патшасына қапыда қолға түскен Оразмұхамедті алу үшін елшілікке келгенде қазақтың қалың қолы Бұхарды қоршауда ұстап тұрғандығы жазылған.

Тәуекел хан Бұхарды қоршау кезіндегі қырғын ұрыста қаза тапса да, Қазақ хандығы түстіктегі шекарасын кеңейтіп, мол олжаға кенеледі. Бұл туралы 5 томдық «Қазақстан тарихында»: «Тәуекел аз уақыт ішінде Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы алды. Тәуекел өзінің Орта Азияға жорығын жасағанда бір ғана қарудың түріне үміт артқан жоқ: ол Орта Азия халқының белгілі бір әлеуметтік топтарына сүйенді, олар қажет болған кезде оған қолдау көрсетуге тиіс еді және олар шынында да қолдау көрсетті», – деп жазады (А., 1998 жыл, 3-том, 417-18-беттер).

Автордың мұндағы ишаралап отырғаны Бұхар хандығы құрамындағы қазақ рулары мен рубасылары және олардан шыққан әскербасылар еді.

Бұхардың қазаққа қоныс болғандығы тарихи деректермен қатар қазақ ақын-жырауларының шығармаларынан да көрініс тапқан. Әйгілі Дулат Бабатайұлының «Әуелгі қазақ деген жұрт» атты толғауындағы: «Емін-еркін ен жайлап, өсіп едің Бұхарда» деген жолдары осыны меңзейді. Шағатай тіліндегі ортағасырлық авторлар еңбектерінен оқыған-тоқығаны мол Дулат жырау бұл тақырыпқа тереңдей түсіп: «Сен Бұхарда кезіңде, бәтуа бар сөзіңде. Келелі биің сенімді, қара бір халқың көнімді. Тыныш еді еліміз... Бұхар-ай шәрі дейтұғын, Өскен, өнген жеріңіз», – деп толғайды.

Бұхардың қазаққа қатыстылығы туралы деректер өзге де қазақ жырауларының толғау жырларында да аз кездеспейді.

Шейбани әулетінің хандыққа келгендегі атақ-даңқы дәуірлеп тұрса да оның ұрпақтарының да, негізін салған Бұқар хандығының да өмірі қысқа болды, 1785 жылы хандық тарқатылып, оның орнына Бұхар әмірлігі құрылды. Ресей империясы 1868 жылы өз протекторатына айналдырған бұл әмірлік 1920 жылға дейін өмір сүрді. Бірақ оны Шейбани ханның тұқымдары емес, маңғыт әмірлері биледі. Сол себепті мемлекет «хандық» емес «әмірлік» деп аталды.

Суретте: Бұхардың соңғы әмірі Сеит Әлім хан

Академик Салық Зиманов үш бірдей мемлекеттік құрылымды (әмірлік, Бұхар кеңестік социалистік республикасы, Өзбек КСР-і) бастан өткерген, қазақ тарихымен тамырлас әмірліктің XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басындағы саяси тарихын ғылыми зерттеу нысанасы етіп алады.

Академикті ерекше қызықтырған мәселе: кіндік Азияда екі мың жылдан астам мемлекеттілік құрған Бұхар мен Хиуадағы хандық биліктің 20-ғасыр басына дейін сақталуы болды. Бұл туралы ол монографияның кіріспе бөлімінде: «типичная среднеазиатская ханская власть со многими атрибутами сохранилась только в Бухаре и Хиве», – деп нақтылай жазды.

Хиуа хандығы әлем тарихына Хорезм патшалығы деген атпен Ескендір Зұлқарнайын заманынан бері белгілі мемлекеттің заңды мұрагері еді. Кейін XIII ғасырда байлық пен биліктен басы айналып, мейманасы тасыған Хорезмшах Ала ад-Дин Мұхаммед Шыңғыс хан елшілігін қырып салады. Хорезмшахтың бұл астамшылығы Шыңғыс ханның Орталық Азияға жорық жасауына әкеп соқтырып, сол замандағы өркениет көшінің басында тұрған гүлденген өлкенің көптеген қалалары жермен-жексен болады.

Хорезм мемлекетінің бастапқы астанасы Жошы талқандаудан сақтап қалған Үргеніш қаласы болған, XVI ғасыр соңында қаланың іргесінен ағатын Әмудария арнасынан ауып кеткенде астана Хиуаға көшіріліп, ол осы мәртебесін XX ғасыр басына дейін сақтап қалады. Орыс тарихшылары бұл мемлекетті кейінгі астанасы Хиуаның атымен «Хиуа хандығы» деп атаса да, олардың өздері үшін сол баяғы Хорезм болып қала берді. Мұнда да қызыл төңкеріс жеңіске жетіп, Хиуа хандығы келмеске кетіп, оның орнына дүниеге келген жас мемлекет ежелгі атауымен Хорезм Кеңестік Социалистік Республикасы деп аталды.

Ақиқатын айтар болсақ, Хиуаға да қазақтың таласы бар. Бұл мемлекетті әуелі Жошының ұрпағы – Арабшах ханның тұқымдары биледі. Әулеттен шыққан хандардың соңы саналатын Шерғазы хан Хиуаны 14 жыл (1714-28) билеп, соңына жақсы атақ қалдырады. (Кейбір зерттеушілер оны Әбілқайыр ханның немересі, Кіші жүзге 16 жыл хан болған (1812-28) Шерғазы Айшуақұлымен шатастырады, бұл жаңсақ пікір).

Хиуалық Шерғазы хан дүние салған кезде Кіші жүзде Әбілқайыр ханның атақ-даңқы дәуірлеп тұрды. Хиуаның Сырдария, Арал өңірімен шектес өлкелерде тұратын Кіші жүз рулары мен қарақалпақтар Әбілқайыр ханды өздерінің зор қамқоры санады. Шерғазы өлімінен кейін дәл осы Әбілқайыр ұсынысымен Хиуа тағына оның немере інісі, қазақ хандығының негізін салған Жәнібек ханның тұқымы Елбарыс отырады.

Елбарыс қолбасшылығымен даңқы шығып, 12 жыл Хиуаны ашса алақаны, жұмса жұдырығында ұстайды.

Әбілқайыр 1731 жылы орыспен келісімге келген соң Елбарысқа да осы шартқа қосылуға ұсыныс жасайды. Ол қарсылық білдіргеннен кейін екеуінің арасына сызат түседі. Нәдір шахтың Хиуа хандығына қарсы соғысы кезінде Елбарыс қаза табады. Көп ұзамай оның орнына Нәдір шах қойған Тахир хан өз халқына жасаған жауыздықтары үшін өлтіріліп, Әбілқайырдың үлкен ұлы Нұралы сұлтан хан тағына отырады. Арада екі жыл өткенде сол баяғы Нәдір шахтың араласуымен Нұралы да тақтан тайдырылып, билікке Елбарыс ханның ұлы Әбілғазы екінші келеді.

Бұл кезде Әбілқайыр ханның әскери қуаты Хиуа хандығын тас-талқан етіп, өзіне біржолата қаратуға еркін жететін еді, бірақ оның бұл ойынан Нәдір шахпен дипломатиялық ойындарды бастап кеткен Ресей империясы айнытады. Тек 1747 жылы Нәдір шах дүние салған соң Әбілқайыр ханның бақталасы саналатын Батыр сұлтанның ұлы Қайып хан Хиуа тағына отырып, он жылдан астам уақыт бойына ел басқарады.

Тек XVIII ғасырдың өзінде Хиуа тағына Жошы әулетінен шыққан оннан астам қазақ сұлтандары отырыпты. Оның ішінде қастандықпен көзі жойылған,  түрлі айла-шарғымен тақтан тайдырылған, «аттан құлап өлді» деген сылтаумен сарай ойындарының құрбаны болған қуыршақ хандар да бар-ды. Қалай дегенмен де олардың бәрі қазақ тарихына тікелей қатысты тұлғалар еді. Академик Зимановты Хиуа тарихы сол үшін де қызықтырған.

Орайы келгенде айта кетейік: Төңкеріске дейін Өзбекстан аумағында үш хандық болған. Екеуін жоғарыда айттық. Үшіншісі – қазақтармен жиі соғысатын Қоқан хандығы. Қазақта сол кезеңнен: «Былай барсаң Қоқан бар, қоқаңдаған әкең бар», – деген мәтел қалған. Қоқанды 1876 жылы Ресей империясы біржолата жаулайды.

Осы ескі Қоқанның орнына 1917 жылы 28 қарашада Қоқан автономиясы жарияланғанда оның алғашқы және соңғы төрағалары екі қазақ – Мұхамеджан Тынышбаев пен Мұстафа Шоқай болды. Сондықтан Қоқанға да қазақтың таласы бар деп айта аламыз.

Хиуа хандығының XVIII-XIX ғасырдағы тарихы қазақ тарихымен тағдырлас, тамырлас еді. Әуелі Персия, кейін 1873 жылы Ресей империясының протектораты болса да, бұл өлке хандық билігін 1918 жылға дейін сақтап қалды. Бұл Зиманов сияқты мемлекет тарихын зерттеуші ғалымға оны Бөкей хандығымен салыстыра зерттеу үшін аса маңызды тақырып болды.

Ресей империясы 19-ғасырдың алғашқы жартысына дейін қазақ жерінің батыс, солтүстік және орталық бөлігін отарлауды аяқтап, Алматыға келіп табан тіреді. Осы кезде Арқа сүйер бауырларынан қол үзіп қалған оңтүстіктегі қазақ рулары Қоқан хандығына кіріптар болады. Бұл кезде Қоқанды ар-ұяттың бәрін жиып қойып, өгей шешесіне үйленген арсыз билеуші Мәделі хан басқарды. Бұхар әмірі Насыролла 1842 жылы күллі мұсылман қауымын жерге қаратқан жексұрын ханның басын алып, Қоқанда аласапыран кезең басталады. Қазақтың баһадүр ханы Кенесары осыны пайдаланып, талауға түскен қазақ пен қырғызды Қоқан билігінен бөліп алуды көздейді. Оның бұл мақсатының сәтсіздікпен аяқталғанын біз кейінгі тарихтан жақсы білеміз.

Қоқан хандығы, Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығының арғы-бергі тарихы ғана емес, халқының құрамы, билеушілерінің шыққан тегіне, дініне, тіліне, тіпті өмір салтына дейінгі ұқсастықтар академик Зимановтың зор қызығушылығын тудырған.

Жалпы, Орталық Азияны мекен еткен түрлі халықтардың шығу тегі бір кездері Қиыр Шығыстан бастап, Шығыс Еуропаға дейінгі аралықта алып империя құрған Түрік қағанатынан бастау алды. Сол себепті байырғы түрік рулары Орта Азиядағы халықтарда шашырай орналасты.

Қағанат құрған 6 ғасырға дейінгі түрік халықтарының тарихы ірілену, тұтастану дәуірі болса, ол екіге жарылған 7 ғасырдан кейінгі кезең ыдырау, бөлшектену тарихына айналды. Нәтижесінде XX ғасырға дейін жер бетіндегі жалпы саны 300 миллионнан асатын түрік халықтары 30-дан астам ұлт пен ұлысқа бөлініп кетті. Бір ғажабы солардың бәрі дерлік Күлтегін мен Тоныкөк жазбаларын ешбір аудармашысыз түсіне алатын.

Әуелі Бөкей ордасы, Кіші жүз хандығы, Қазақ хандығының саяси-әлеуметтік, мемлекеттік және құқықтық тарихына қатысты материалдарды жинастыра жүріп, С.Зиманов ежелден жапсарлас өлке, аралас халық, көрші мемлекеттер саналатын Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығына байланысты деректерді қоса зерттеген. Міне, сол мол мағлұматтар монографияның өзегіне айналған.

Еңбектің кіріспе бөлігінде автор кеңестік тарих ғылымында қалыптасқан дәстүрге сай Бұхар мен Хиуаның өткен тарихын, «мешеулігін» жамандамайды. Керісінше, оның Орта Азия мұсылмандары үшін білім-ғылым, руханият орталығы болғандығын ерекше бағалай келіп: «Бұл хандықтарда(әсіресе Бұхарда) мұсылман дінбасыларының ықпалы күшті болды. Мұнда ислам ұйымдарының аса қуатты, халыққа кең тараған, жұмысы жақсы үйлестірілген жүйесі болды. Олар халықты білім, құқық, заңдылық, адамгершілік-этикалық тәрбие мен идеологиялық тұрғыдан меңгеруді өз қолдарына ұстады», – деп жазады.

Автор қос мемлекеттің жер көлемі, халқының саны, ұлттық құрамы, қалалары, шаруашылығы, салық жүйесі туралы жан-жақты мәлімет келтіреді. Салыстыру үшін: XX ғасыр басында екі хандықтың халқын қосып есептегенде, оларда шамамен 2 миллион 600 мыңдай адам болған. Дәл осы кезде Дала өлкесіндегі қазақтардың саны 6 миллионнан еркін асатын.

Автор Бұхар қаласының өзінде 80 мыңға жуық халық тұратынын, оның төрттен бірі, яғни 20 мыңға жуық түрлі оқу орындарында оқитын жастар екендігіне баса назар аударады. XIX ғасыр соңында Бұхарда 365 мешіт пен 103 медресе, ал Хиуада 100-ге жуық діни оқу орындары болыпты. Бұл күллі мұсылман жұрты «Бұхара шәріп» деп айрықша құрметтеген қаланың шын мәнінде ислами руханият орталықтарының бірі болғандығын дәлелдейді.

Автор алғашқы тараудың үш бөлімін өзіне етене жақын руханият, ғылым-білім, ағартушылық идеялары мен жаңашылдық үрдістердің орнығуы мәселелеріне арнайды.

Монографияда Бұхар мен Хиуада Түркия, Персия және Ресейдегі ағартушылық жаңа идеялардың негізінде пайда болған «жәдидшілдік» (жаңашылдық) мектеп өкілдерінің қоғамдық ой-сана дамуына тигізген әсері нақты мысалдар негізінде талданады. Автор мұндай рухани өзгерістердің бастауында болған Бұхар әмірлігінен шыққан тәжік тілді философ, ағартушы ғалым Ахмед Дониш болғандығын және оның кейін тәжік әдебиетінің классигі атанған Садриддин Айни сияқты жастардың рухани, мәдени жағынан жетілуіне қосқан зор үлесін айрықша бағалайды.

Хиуада болған мұндай өзгерістерге мұсылмандық ортадағы реформаторлық бағытты ұстанған «ұсұли жәдит» мектебінің насихаттаушысы, татар меценаты, Орынбордан шыққан Абдулғанибай  Хусаинов ұйытқы болғанын келтіреді. Оның қаржыландыруымен Хиуада алғашқы жәдитше мектеп 1889 жылдың өзінде-ақ ашылыпты. Автор белгілі шығыстанушы А.Самойловичтің деректеріне сілтеме жасай отырып, мұндай мектептің саны 1908 жылы төртеу болғанын жазады.

Салық Зиманов Бұхара мен Хиуадағы жағдайды зерттеу барысында қазақ тақырыбын да ұмытпай, ұдайы салыстырмалы талдаулар жүргізеді. Ол 1917 жылы Қазақстанда 100-ден астам жәдитшіл бағыттағы мектептер болғаны жайлы мағлұматты алға тартады. Монографиядағы деректер бойынша Маңғыстау түбегі қараған Закаспий облысында 1910 жылы жұмыс істеген 557 мектеп пен 56 медресенің тек біреуі ғана жәдитше болыпты.

Ғылыми еңбектің біздің назарымызды ерекше аударған тағы бір тұсы – өзбек жәдитшілерінің атасы, үлкен энциклопедияшы ғалым және осы халықтан шыққан тұңғыш профессор, ұлттық әдебиет классигі Абдурауф Фитраттың шығармашылығына мол орын берілуі.

Панисламшыл, пантүркшіл деген айыптаулармен 1938 жылы атылып кеткен Фитраттың есімін кеңес заманында Өзбекстанда сирек еске алатын. Атаған күннің өзінде бәз-баяғы қоңыраулы «атақтары» қоса келтірілетін. Өзбек ағайындар оның музейін тек тәуелсіздік алғаннан кейін – 1996 жылы ғана ашуға мүмкіндік алды. Зиманов ағартушы ғалымның еңбектерін талдай келіп: «Жәдитшілдердің аса ірі идеологы болған Фитраттың шығармалары революцияға дейінгі Бұхара мен бүкіл Түркістан өлкесінде өте танымал болды», – деген әділ қорытынды жасайды.

Автор атап көрсеткендей, Бұхара мен Хиуада XX ғасыр басында Ресей мұсылмандары арасында орын алған оқу-білімге, батыс өркениетіне, еуропалық мәдениетке ұмтылыс үдерісі қанша вассал болса да, ішкі билігі өзінде болған қос мемлекетте үлкен кедергілермен жүзеге асыпты. Жергілікті жастардың орыс тілі мен мәдениетіне ұмтылысын  Бұхар мен Хиуада орналасқан орыс отаршылдық аппараты қызметкерлері айрықша қолдап отырған.

Бұл жылдары Ресейдің аса ірі университеттерінде, Еуропа жұртында, Түркияда білім алған жастар Еуропа мен Азияның, Американың ахуалынан, тіпті Мейдзи реставрациясына қызу кірісіп кеткен жапон елінде болып жатқан жаңалықтардан толық  хабардар болды. Олар өздерінің білімі мен қайратын саяси күреске арнай бастады. Мұздай қаруланған Ресей империясы экспансиясынан қарулы көтерілістер емес, саяси күреспен ғана құтылуға болатынын ерте түсінді. Мұны таза мұсылманша білім алып, дәстүрлі діни ортада тәрбиеленген, бірақ Санкт-Петербург пен Мәскеуге әмір делегациясы құрамында үш рет болған Ахмед Дониш сияқты тәжік ұлтының көсемі де, Стамбул университетінде білім алса да, Ресейдің Қазан, Мәскеу т.б. ірі қалаларында болған өзбек жәдитшілерінің жетекшісі Абдурауф Фитрат та жақсы білді.

Саяси күреске тартылған жергілікті зиялы қауым өкілдері Ресей ғылым-білімінің пайдасымен қатар алып империя қос мемлекетті аяусыз талап отырғанын да анық аңғарды.

Төңкеріске дейін бір ғана Бұхарадағы Ресейдің 8 мемлекеттік және 7 жекеменшік банктері бүкіл хандықтың экономикалық дамуын өз бақылауында ұстады. Тек 1905-15 жылдар арасында Бұхардан Ресейге тасымалданатын мақтаның мөлшері 2 есеге, ал Хиуадан Ресейге жеткізілген мақта мөлшері 1896-1916 жылдар аралығында 4 есеге өскен.

Академик Зиманов өзіне дейін Бұхар, Хиуа тарихымен айналысқан өзбектің аса көрнекті ғалымдары И.Муминов, А.Ишанов, Х.Турсунов және тәжіктің әйгілі тарихшысы Б.Ғафуровтың жәдитшілер қаншалықты прогрессивті идеяларды ұстанса да, жергілікті буржуазияның өкілдері еді деген пікірлерін негізінен қолдаса да, олардың еңбегіне: «мұның бәрі ұлттық буржуазияның ерекшеліктерінен туындады. Олар Бұхара мен Хиуа хандығындағы жаңа әлеуметтік топ еді», – деген тиянақты қорытынды жасайды.

Қазақ академигі бұдан ары өз пікірін жәдитшілер жергілікті буржуазия өкілдерін қолдаудың орнына оларды сынға алып, халықты деспотиямен күреске шақырды. Сондықтан оларды Түркиядағы жаңашылдық күрестің авангарды болған Ататүрік бастаған «жастүріктермен» салыстырып, «жасбұхарлықтар» және «жасхиуалықтар» деп атауды ұсынады.

Қып-қызыл коммунистік идеология мен кеңестік цензура шарықтау шегінде тұрған 1976 жылы жарық көрген монография үшін бұл өте батыл байлам еді.

XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басындағы Бұхара мен Хиуада қалыптасқан саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдай екі түрлі еді. Жасбұхарлықтардың белсенді әрекетіне қарамастан әмір билікті берік ұстады, ал Хиуадағы билік көбінесе сонда орналасқан ресейлік әскерилері мен отаршыл аппарат шенеуніктерінің ықпалында болды. Бұған Хиуа халқының түркмен, өзбек, қарақалпақ, қазақ сияқты түбі бір туысқан болса да, дәстүр-салты бөлек алуан ұлттың өкілдерінен тұратыны да әсер етті.

Бұхар әмірі замана лебін, үлкен саяси өзгерістер келе жатқанын сезбеді. Қазан төңкерісінен кейін көрші Қоқан мен іргедегі Ташкент қызыл биліктің қолына көшкеніне қарамастан, Бұхар әмірі 1918 жылдың наурызында өзіне қарсы шыққан 3000-ға жуық жасбұхарлықтармен қатар, оларды қолдаған 1600 орыс, еврей, армяндарды қырып салды. Бұл халықтың ашу-ызасын туғызып, әмір билігіне қарсы күресті одан әрі өршітіп жібереді.

Дәл осындай аласапыран заманда Хиуа ханы қолындағы биліктің әбден қожырап, әлсірегенін сезген түрікменнің жаумыт руынан шыққан Жөнейт батыр Хиуадағы басшылықты өз қолына алып, Асфандияр ханды өлтіреді. Ежелгі дәстүрді сақтағансып, таққа ханның ағасы Саид Абдолланы отырғызғанымен, билік тұтқасы Жөнейттің қолында болды. Көп ұзамай большевиктер Хиуаны алғанда Саид Абдолла хан тақтан тайдырылып, Ресейге жер аударылады. Оның бұдан кейінгі өмірі жоқшылық, қайыршылықпен өтіп, 1933 жылдың ашаршылығында Кривой Рогта қайтыс болыпты. Ұрпақтарының тағдыры да өте аянышты аяқталыпты.

Суретте: Хиуаның соңғы билеушісі Саид Абдолла хан

Бұхар әмірі Саид Әлімхан қолында бар 10.000-ға жуық жасағымен қаншылықты қарсыласса да 1920 жылы тамыз айының соңында тақты да, астанасын да тастап, Ауғанстанға қашуға мәжбүр болады. Кезінде Орталық Азияның ең бай адамы саналған, Санкт-Петербургте әлі күнге дейін тұрған әдемі мешіт салдырып, араб, парсы, орыс, түрік тілдерін білген ол да пұшайман халге түседі. Әмірдің қисапсыз мол қаржы-қаражатының басым бөлігі Ресей большевиктерінің қолында қалды. Бірақ оның тағдыры Хиуа ханының тағдырынан гөрі тәуірірек аяқталып, бертінде – 1944 жылы Ауғанстанда үрім-бұтағының көз алдында ақ өліммен көз жұмыпты.

Иә, адамзат тарихында біздің дәуірімізге дейінгі заманнан белгілі болған Хорезм патшалығының заңды мұрагері – Хиуа хандығы мен Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет – Бұхар әмірлігі осылай құлады. Келесі жылы Еуропа, Азия және Солтүстік Африкада алып мемлекет құрған Осман империясы да келмеске кетіп, «көк аспан, қара жер жаралғанда» оның ортасында еркін өмір сүріп, алып қағанаттар құрған түрік халықтарынан тек түрік бауырлар ғана өз тәуелсіздігін сақтап қалды.

Мәскеуде отырған шаласауатты большевиктер Орта Азияны мекендеген ұлттар мен ұлыстардың жай-күйінен, өзіндік ерекшеліктерінен, ондағы рулар мен тайпалардың орналасу ретінен, шекаралық жіктелуінің жай-күйінен хабары шамалы еді. Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығының орнына автономия емес, одақтас республика деңгейінде Бұхара Кеңестік Социалистік Республикасы мен Хорезм Кеңестік Социалистік Республикасын жариялайды. Кейінірек артықтау кеткенін сезген соң 1924 жылы олардың екеуін де Өзбек КСР-інің құрамына енгізеді.

Академик Салық Зимановтың ежелгі түркі жұртының ішінде ислами өзгерістерге түссе де, арғы бабалардан жеткен хандық биліктің бүкіл жөн-жоралғысын XX ғасырдың басына дейін сақтап қалған Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығы мемлекеттілігінің тарихына арналған іргелі еңбегін қазақ және өзбек ғылыми жұртшылығы бірауыздан мойындаса да, ресми баға беруге асықпады. Бұрынғысынша қолдау, қуаттау бағытындағы мақала,  рецензиялар жазылған жоқ. Тек мәскеулік заңгер, профессор Е.А.Скрипилев одақтық деңгейдегі абыройлы басылым «Советское государство и право» журналында монографияның Орталық Азия мемлекеттерінің тарихын тануға қосылған зор үлес екендігін атап өтіп: «Еңбек қайнаркөздердің кеңінен қамтылуымен ерекшеленеді, мұрағаттық деректер мол кездеседі, орыс, өзбек, қазақ және түрік-татар тіліндегі мерзімді баспасөз жан-жақты зерделенген», – деп жоғары баға берді. («Советское государство и право», 1977 жыл, №5, 145-бет).

Бұхара мен Хиуаға байланысты монографияға ресми билік салқындық танытқанымен еңбек академик Салық Зимановтың даңқын Қазақстан шеңберінен асырып, Одақ биігіне көтерді. Бұған дейін қазақ мемлекеттілігі мен тарихының ірі маманы ретінде танылған академик С.Зиманов ендігі жерде Орта Азия мемлекеттері тарихының да үлкен зерттеушісі ретінде мойындалды. Дәл осы жылы оны әріптестері КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшелігіне ұсынды. Бұл кезге дейін қоғамдық ғылымдар саласында бірде бір қазақ ғалымы мұндай атақты иеленбеген еді. Бірақ ескі дәуірдің, хандық биліктің ата заңдарының жоқшысы С.Зимановқа бұл мәртебе бұйырмады. Арада 5 жыл өткенде бұл атаққа «Торжество ленинских идей социалистического преобразования сельского хозяйства в Средней Азии и Казахстане» атты монографиясының авторы Б.А.Төлепбаев ие болды. Бірақ бұл бөлек әңгіме...

***

Үлкен оқымысты, ғұлама ғалым, академик Салық Зиманов ел егемендігінің елең-алаң шағында ұлттық заңнамаға берік іргетас болған заңдардың қабылдануына ақылман абыздай шешімді сөзін айтып, кесімді төрелігін жасады. Ол 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Мемлекеттік Егемендік Декларациясын даярлау жөніндегі комиссияға төрағалық етіп, алты сағат бойы трибунада тапжылмастан қасқая қарсы тұрып,  алпыстан астам депутаттың күпті көңілден шыққан күлбілте сұрақтарына үлкен білімдарлықпен жауап қайтарды (бұл туралы осы жолдар авторының «Егемен Қазақстан» газетінің  №203,204 нөмірлеріндегі «Академик Зиманов және егемендік декларациясы» деген мақаласынан оқуға болады).

Осы тұста Зиманов басқарған комиссия құрамында қызмет істеген депутат, қазақ философия ғылымының патриархы, академик Жабайхан Әбділдин ағамыздың: «Салық Зиманов Мемлекеттің егемендігі туралы декларацияның жасалуы мен қабылдануының қайнар бастауында тұрды. Оның принципшілдігі әрдайым ержүректілікпен ұштасушы еді. Ол ойындағысын ешқашан ірікпейтін. Ірі оқымысты, адал азамат ретінде депутаттардың сапалы заңдар қабылдауына кепіл бола білді. Аса көрнекті ғалым әрі мемлекетшіл тұлға, академик Салық Зимановтың есімін Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов сияқты ұлы адамдар қатарына қосуға әбден болады», – деген пікірін біз де толық қуаттаймыз.

Иә, біздің буынға Сәтбаев пен Әуезов сияқты ұлт ұлыларына қызмет көрсету жазбаған екен. Солармен бір қатарда тұрған Салық Зимановтай ақсарағат тұлғаның атын ерттеп, саф алтынға малынған үзеңгісінен ұстау мәртебесі бұйырды. Біле білген адамға бұл да бір маңдайға жазылған зор бақыт екен...

Мұхтар Құл-Мұхаммед

Abai.kz

35 пікір