Жексенбі, 16 Маусым 2024
Саңлақ 2471 0 пікір 17 Қараша, 2022 сағат 21:30

Дер кезiнде құртылған мұрт

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол

Жалғасы: Альпі етегіндегі аула футболы

Жалғасы: Ұлы жаңалықтар уақыты

Жалғасы: Гарринчаның чемпионаты

Жалғасы: Ұрланып-табылған кубок

Жалғасы: 1970 жыл. Қош, «Алтын Нике»!

Жалғасы: 1974 жыл. «Тұтасқан футболдың» тұғыры


XI ЧЕМПИОНАТ. 1978 ЖЫЛ. АРГЕНТИНА

Әлем чемпионы – Аргентина
Алтындатылған жүлденiң иегерi – Голландия
Күмiс жүлдегер – Бразилия
Қола жүлдегер – Италия

Венгрлер «таяқты» төрешіден жеді

Әлемдiк футбол чемпионатын белгiлi бiр билiктiң өзiнiң саяси режимiн орнықтыру үшiн пайдаланғаны тарихта бар (мәселен, 1934 жылы). ХI чемпионаттағы жағдай да соған сәл ұқсас едi: Аргентинаға генерал Хорхе Видэла басқарған әскери хунта билiгiн жүргiзiп тұрған болатын.

1934 жылға тағы бiр ұқсастық: чемпионатты ұйымдастырушы елдiң құрамасы алтын кубоктан дәмелi басқа үмiткерлерден күштi болмаса да, топ жарды. Жалпы, 70-жылдардың соңына қарай әлемде жетекшi командалардың деңгейi өзара теңеле түскен-ді. 1978 жылы Италия, Бразилия, Голландия, Германия, тiптi Польша чемпион атанса да, ешкiм таң қалмас едi. Әрине, алаң иесі ретінде бұл қатарға Аргентина құрамасы да қосылатын. Бір қызығы, бас бапкер Луис Сесар Менотти әу баста кеңейтілген құрамда болған 17 жастағы тума талант Диего Марадонаны тура жарыс тақағанда таңдаулы 22-нің қатарына қоспай, тастап кетті. Маманның бұл шешімі елде әжептәуір дау туғызып, қызу пікірталас дода біткенше толастамады.

Аргентина футболшылары «А» тобында Венгрия, Франция және Италия құрамаларымен күш сынасты. Олардың венгр командасымен болған алғашқы ойыны өте тартысты да қызықты өттi, қос қарсыластың да жеңiп кетуге мүмкiндiктерi болды. Бірақ шешуші голды 83-минутта аргентиналық Даниэль Бертони соқты (2:1). Бұдан соң жанұшыра қорғанған алаң иелерi қонақтарды қайта-қайта шалып жығумен болды. Төрешi түк болмағандай ойынды жалғастыра бердi. Ақыры Андраш Теречиктiң төзiмi таусылды да, өзiн оңдырмай омақастырған қорғаушыны шынтағымен қағып жiбердi – сол-ақ екен, оның алдынан қызыл қағаз жарқ ете қалды! Мұндай әдiлетсiздiкке күйiп кеткен Тибор Нилаши кезекті бір жанжалды сәтте төрешiнi жетi атасынан бермен қарай түк қоймай боқтады да, бәрiбiр берiлер қызыл карточканы күтпестен сыртқа беттей бердi. Өзара терезесi тең қарсыластардың кездесуi ақыры алаң иелерiнiң жеңiсiмен аяқталды.

«Өлім тобынан» Италия мен Аргентина шықты

Қалған ойындарда да қазылар кей даулы сәттерді аргентиналықтардың пайдасына шешуге тырысты. Мәселен, Франциямен кездесудiң 45-минутында Леопольдо Луке тепкен доп шабуылшымен қақтығыста құлап түскен француз қорғаушысы Мариус Трезордың қолына тиiп, алаңнан шығып кеттi. Яғни әдейi қолмен ойнау болған жоқ, әйтсе де төрешi бiрден 11 метрлiк нүктенi нұсқады. Сөйтiп, аргентиналықтардың капитаны Даниэль Пассарелла есеп ашты. Шынын айту керек, бұл бiр өте мазмұнды ойын болды, қос қақпаның алды қауiптi сәттерден 90 минут бойы арылған жоқ. Әсiресе есеп 1:1 боп тұрған кезде (таразы басын 23 жасар талантты жартылай қорғаушы Мишель Платини теңестiрген-дi) қақпашымен жекпе-жек шығып, допты бағанадан сәл қиыс жiберiп алған француз Дидье Сикстiң қателiгi өте өкiнiштi болды. «Сен соға алмасаң, саған соғады» деген футболдың ежелгi қағидасы бұл жолы да бұлжымады: Лукенiң алыстан соққан добы Аргентинаға екінші жеңісті сыйлады.

Жалпы бұл топ, қазiргi қалыптасқан сөзбен айтқанда, нағыз «өлiм тобы» едi. 12 жылдық үзiлiстен соң әлемдiк додаға жолдама алған француздар да, 1974 жылы топтық турнирде-ақ тоңқалаң асқан италиялықтар да Аргентинаға әрi жас, әрi аса талантты команда алып келдi. Құраманы жаңадан жасақтаған Мишель Идальго мен Энцо Беарзоттың жұлдызды шағы әлi алда едi. Француздар өлім тобынан «тiрi» шыға алмады, бiрақ үнемi өз бақытын алдан iздейтiн шабуылқұмар ойынымен жанкүйер қауымның жадында қалды. Ал Италия топтық кезеңде бұлардан әлдеқайда сәттi ойнады. Беарзот итальян футболының мығым қорғанысқа негізделген байырғы бағытын сақтай отырып, оған өткір шабуылдау стилін өте шебер кіріктіріпті. Соңғы турда оның жігіттері тiптi алаң иелерiнiң өзiн ұтып кеттi. Бiрақ бұл жеңiлiс Аргентинаның турнирлiк тағдырына еш зиянын тигiзген жоқ.

Брайтнер – әскери режимге қарсы

«В» тобынан алдыңғы доданың қаһармандары – Польша мен Германия шықты. Егер поляктар төрт жыл бұрынғы деңгейiн салыстырмалы түрде сақтай алса (22 жастағы дара дарын Збигнев Бонек әбден қалыптасқан, тәжірибелі ұжымға сәтті кірігіп, шебер жымдасып кетті), аса артылып көзге түспеген әлем чемпиондары үш ойынның екеуiн тең аяқтап, тек Мексиканы ғана ұтты. Батысгерман командасының сапынан бұл жолы құрамамен қош айтысқан Франц Беккенбауэр, Вольфганг Оверат және Герд Мюллер секілді мықтыларға парапар ойыншы табылған жоқ. Сондықтан бұрынғы жетекшi шеберлерiнсiз қалған қорғаныс шебi де, орталық алаң да, шабуыл да әдеттегi деңгейден әлсiздеу көрiндi. Олардың орнын жоқтатпауға тиiс делiнген Берти Фогтс ол үмiттi ақтай алған жоқ, Ханси Мюллер әлi тәжiрибесiз едi, ал сол кездегi бундеслиганың ең үздiк мергенi Клаус Фишер чемпионатқа жазылмаған жарақатымен келдi де, ойындардың бәрiне дерлiк қатысқанымен, команданы соңынан ерте алмады. Тек «Баварияның» 23 жастағы дарынды шабуылшысы Карл-Хайнц Румменигге ғана жұрт күткен үдеден шыққандай болды. Немiстердiң тағы бiр ойыншысы Аргентинаға... саяси себептерге байланысты келмей қалды. 1974 жылғы дода қаһармандарының бiрi Пауль Брайтнер генерал Видэла басқарған әскери хунта режимiне қарсылық бiлдiрiп, чемпионатқа қатысудан бас тартты.

Бұл топтағы Тунис командасын сенсация жасайды деп ешкiм де ойламаған едi. Өйткенi осыдан төрт жыл бұрын Батыс Германияға келiп, күлкi боп қайтқан Заир футболшыларының «комедиясынан» соң африкалық командаларға деген сенiмнен гөрi күдiк күшейе бастаған-ды. Алайда тунистiктер өздерiн өте ұйымшыл һәм тактикалық бiлiгi жоғары ұжым ретiнде танытып, мамандарды да, жанкүйерлердi де риза еттi. Әсiресе олардың сол шақтағы әлем чемпионы – Германия құрамасымен терезесi тең өнер көрсетiп, ұпай жырып алуы осы доданың айта жүрер айтулы оқиғаларының бiрi болды. Ал бұл турнирге мүлдем әзiрлiксiз келгендей әсер қалдырған Мексиканы олар 3:1 есебiмен ұтты. Бұл – африкалық командалардың финалдық сындардағы тұңғыш жеңiсi едi.

«Ерсілі-қарсылы футбол» үрдісі басталды

«С» тобында да тартысты ойындар жеткiлiктi болды. Әсiресе Ханс Кранкль мен Вальтер Шахнер бастаған австриялықтардың қимылы көз жауын алғандай едi. Мәселен, шведтерді мүлде масқара есеппен жеңілуден шебер қақпашы Ронни Хельстрем ғана құтқарып алды. Жалпы 1978 жылғы құраманы мамандар бiр ауыздан «Австрияның жаңа тарихындағы үздiк команда» деп сипаттайды. Сақ та сауатты қорғана білетін, алаң ортасын қалауынша билеп-төстей алатын олардың алғы шебі де шабуылдаудың алуан түріне бейім еді. Олардың Испаниямен ойыны да өте қызықты өтті (2:1). Испандықтар алға үш шабуылшыны қатар қойып, жеңіс үшін барын салды. Олардың тіпті тайлы-таяғымен түгел алға кетіп, тылды торуылдауды да ұмытқан кездері аз болған жоқ. Австриялықтар да қарсыласымен ашық айқасқа шықты, әйтсе де, қажет тұстарда қорғанысқа қарайлауды, жалпы әр шеп арасындағы тығыздықты сақтауды ұмытпады. Бұл кездесу кейін мамандар арасында «ерсілі-қарсылы футбол» аталған үрдіске ашылған даңғыл жол іспетті еді. Осыдан бастап, көптеген ойындарда екі жақ та шабуылға шабуылмен жауап беріп, қарсыласынан еш қорықпайтынын, өз бағасын жақсы білетінін, өзіне деген сенімі мол екенін батыл аңғартуға көшті. Енді доп қорғаныс шебінде көп кідірмейтін болды, қарсыластар ойын тізгінін өзі иеленуге ұмтылды, орта тұстан жарып өтуге тырысушылықпен қатар қос қапталды да тиімді пайдалануға ұмтылыс белең алды. Бұл – бірте-бірте әлемдегі жетекші командалар мен күші орташа ұжымдардың арасындағы айырмашылықтың азайып, ара-салмақтың теңелуіне алып келді.

Испандықтар Бразилиямен кездесуде де 90 минут бойы шабуылдағанымен, Эмерсон Леао қорғаған қақпаның кiлтiн таба алмады. Үш дүркiн әлем чемпиондары бұл додада қарсы жақ қақпасының алдын шаң қылатын ақборан шабуылынан гөрі, нығыз қорғанысымен көбірек есте қалды. Олардың жарыста бiрде-бiр рет ұтылмаған жалғыз команда болуы да кездейсоқ емес. Финалдық турнирлер тарихындағы Бразилияның ең жас бапкері Клаудио Коутиньо (чемпионат басталғанда оның жасы 39-ға да толмаған еді) баптаған жігіттер екi тең ойыннан соң, соңғы турда мәселесiнiң бәрiн шешiп қойған алаңсыз Австрияны ұтып, екiншi кезеңге шықты.

Мыңыншы голды голландықтар соқты

«D» тобында ойламаған жерден Перу футболшылары бірінші орын алды. Чемпионат алдында «қарсыласымыздың қай-қайсысын да шыдатпаймыз, тiптi жүлдесiз де қалмаспыз» деп шiренген шотланд жаттықтырушысы Аллистер Маклеодтың жiгiттерiн олар шемiшкеше шағып тастады (3:1). Осы матчтан соңғы допинг-тексерiсте шотланд футболшысы Вилли Джонстонның тыйым салынған медициналық препараттардың бiрiн пайдаланғаны белгiлi болды. ФИФА «Шотландияға 0:2 есебiмен жеңiлiс жазу керек» деген шешiм шығарғалы тұрды да, олар онсыз да екi доп айырмасымен ұтылғандықтан, ойын нәтижесiн сол күйi қалдыруды ұйғарды. «Қой, ендi кiрiспесек болмас» деген британдықтар екiншi ойында Иранды да ұта алмады. Тек соңғы турдағы Голландиямен кездесуде ғана Маклеодтың шәкiрттерi мықты командаға тән ойын көрсеттi. Бiрақ ол кезде бәрi кеш едi...

Голланд командасының төрт жыл бұрынғы құрамы толығымен дерлiк сақталған болатын. Тек бас дирижер Йохан Кройф пен бас бапкер Ринус Михелс қана жоқ-ты. Оның орнын басқан австриялық маман Эрнст Хаппель құраманың ойын мәнерiне көп өзгерiс қоса қойған жоқ, бiрақ төрт жасқа қартайыңқыраған футбол жұлдыздары күш-қуат пен жылдамдық жағынан сәл сыр берiп қалған-ды. Чемпионатқа дайындықтың ойдағыдай болмаған бір себебі – өзі жаттықтыратын «Брюгге» (Бельгия) клубымен бірге Чемпиондар кубогының финалына шыққан («Ливерпульден» ұтылды) Э.Хаппель Голландия құрамасының жаттығу базасына Аргентинаға аттанардан небәрі бір-ақ апта бұрын келген еді. Абырой болғанда, бірнеше жылдан бері бірге ойнап келе жатқан жігіттер онсыз да бір-бірін қас-қабағынан-ақ түсінетін, мұндай турнирлерде аса маңызды рөл ойнайтын тәжiрибе жағынан да команда ешкімнен осал емес-ті. Соңғы турда үш доп айырмашылығымен ұтса, бұларды жолда қалдыруға мүмкiндiгi бар Шотландия футболшылары қанша жерден барын салса да, салқынқанды голландықтар бәрiбiр өз дегенiне жеттi: яғни жеңiлсе де, екiншi тұғырдан төмендеген жоқ. Бұған қоса әлем чемпионаттары тарихындағы 1000-голды соқты (Роберт Ренсенбринк).

«Кінәні әйелден ізде»

Бұл доп додасы тура 1974 жылғы доданың регламентi бойынша өттi. Яғни бiрiншi кезеңде әр топтан озып шыққан командалар екiншi сатыда да төрт-төрттен екi топқа бөлiнiп ойнады. Бiр қызығы, жартылай финалдық топтардың бiрiне кiлең еуропалық командалар түссе (Италия, Германия, Австрия, Голландия), екiншiсiне Оңтүстiк Американың үш мықтысы (Аргентина, Бразилия, Перу) мен Польша шоғырланды. Топтарда бiрiншi орын алған командалар бiрден финалға шықты, ал екiншi тұғырда қалғандары чемпионаттың күмiс және қола жүлделерiн сарапқа салды.

Екiншi сатыда Голландия құрамасы тамаша ойын көрсеттi. Жартылай финалдық кезеңнiң әуелгі турында олар Австриямен кездестi. Алғашқы айналымдағы тартымды ойынына риза болған Австрия футбол федерациясының басшылары Аргентинаға ойыншылардың әйелдерi мен құрбыларын алдырыпты. Сүйген сәулелерiмен жолығысып, көзайым болған жiгiттер ертеңіне голландықтардан 1:5 боп ойсырай ұтылды! Мұндайда француздар «Шерше ля фам» («Кiнәнi әйелден iзде») демеушi ме едi... Расында да, бұрын құр аттай желіп тұрған австриялықтар бұл ойында қарсыласының қарқынына мүлде ілесе алмай, пұшайман болды.

Голландықтар бұдан соң 1974 жылғы финалда өздерiн жеңiп кеткен «ата жауы» – Германия құрамасымен ойнады. Өте қарқынды басталған ойын жанкүйерлердi аяғына дейiн байыз таптырмады. Негiзгi құрамда өте сирек шығатын Рюдигер Абрамчик алғашқы минуттарда-ақ есеп ашып үлгердi. Бұл – немiс жартылай қорғаушысының ұлттық команда сапындағы жалғыз голы едi. Бiрiншi таймның ортасында нысананы алыстан көздеудiң айтулы шеберi Ари Хаан көрген жанды сүйсiнтер керемет гол соқты. Кездесудiң екiншi бөлiгi де алма-кезек шабуылмен өттi. Сондай қарбалас сәттiң бiрiнде қағылездiк танытқан Дитер Мюллер немiстердi тағы да алға шығарды. Алайда «Қызғалдақтар елiнің» ерлерi сонда да еңсе түсiрген жоқ. Матч бiтуге 6 минут қалғанда әрiптесiнен әдемi пас алып айып алаңына ене берген Рене ван де Керкхоф қақпашыдан асырып, нысананы дәл көздедi. Жанұшыра ұмтылған қорғаушы Фогтс доптың жолын... қос қолдап бөгеуге тырысса да, одан нәтиже шыққан жоқ.

Голландия бұдан соң Италияны тiзе бүктiрiп, финалға шықты. Екiншi орыннан немістердің де үмiтi бар едi, бiрақ оларға австриялық бауырлары тосқауыл болды. Австрия құрамасы атақты қарсыласымен ешқандай жүрексiнусiз, батыл да еркiн ойнады. Әсiресе шабуылшы Кранкль ерекше көзге түстi. Ол байғұс Фогтсты оң қапталдан жерлете берiлген допты өз қақпасына енгiзiп алуға мәжбүр етiп қана қойған жоқ, бiрiнен-бiрi өткен ғаламат екi голдың авторы атанды. Әуелi ол сол қанаттан әуелетiп берiлген допты жерге түсiрмей қабылдап (!), сол аяғымен соғып жiбердi. Ал ойын соңында екi бiрдей қорғаушыны алдап өтiп, жеңiс добын соқты.

Перу ойынды «сатты» ма?

Екiншi жартылай финалдық топтан финалға шығуға негiзiнен Бразилия мен Аргентина үмiттi болатын. Алғашқы айналымда бiрде-бiр доп соқпаған аргентиналық шабуылшы Марио Кемпес одан кейiн Меноттидiң кеңесiмен мұртын қырып тастап едi, соны күтiп жүргендей оның тепкен добы қақпаға түсе беретiн болды! Шын мәнiнде, мұның тағы бiр себебi бар едi: бұған дейiн жартылай қорғаушыларға өте тәуелдi орталық шабуылшының мiндетiн атқарған Кемпес екiншi айналымда алғы шепке тылдан келiп қосылып, тосыннан дем беретiн жартылай қорғаушының орнына ауысқан-ды.

Бiрақ екiншi айналымдағы алғашқы матч алаң иелерi үшiн оңайға соққан жоқ. Польша футболшылары бiрiншi таймда олармен терезесi тең өнер көрсеттi. Яцек Гмохтың шәкiрттерi 16-минутта Кемпес есеп ашқан соң да бiлгенiнен жаңылған жоқ. 37-минутта Анджей Шармах сол қапталдан айып соққысын орындады. Жанұшыра ұмтылған Убальдо Фильол қателестi де, бәрiнен биiк секiрген Гжегож Лято допты баспен нысанаға дәл бағыттады. Бiрақ қайдан тап болғаны белгiсiз... Кемпес допты тура қақпа сызығынан қолмен қайтарды. Ол кезде мұндай әрекеттi бiрден қызыл карточкамен жазалау ережеге енбеген едi, сондықтан төрешi оған ескерту бердi және пенальти белгiледi. Өкiнiшке қарай, Казимеж Дейна оны өте нашар орындады, аргентиналық қақпашы әлсiз соққыны қиналмай-ақ қағып алды. Ал алаңда қалған Кемпес екiншi таймда тағы да қанжығасын майлады.

Сөйтiп, матч сайын гол соға бастаған Кемпестiң керемет ойынының арқасында Аргентина әлем чемпионы атанды. Айтпақшы, олардың финалға шығуы-шықпауының өзi неғайбыл едi. Соңғы турдағы Аргентина – Перу матчы Бразилия – Польша кездесуiнен, неге екені белгісіз, бір сағат кеш басталды. Сөйтiп, екiншi таймға шығар алдында алаң иелерi Бразилияның 3:1 есебiмен ұтқанын бiлiп алды: жанкүйер қауымның жанын рахатқа бөлеген тамаша матчта голдардан бөлек бразилиялықтардың төрт соққысы қақпа маңдайшасына тиген-дi. Демек, аргентиналықтарға Перудi кем дегенде төрт доп айырмасымен жеңу керек. Меноттидiң жiгiттерi жоспарды артығымен орындады – 6:0!

Осы матч нәтижесінің шикі екені туралы ағылшын журналисі Дэвид Яллоп «Ойын қалай ұрланды?» атты кітап жазып шығыпты. Оның айтуынша, перуліктерді «сатып алу» мәселесімен тікелей Х.Видэланың өзі айналысыпты-мыс. Генерал көрші елдің басшыларына 50 миллион доллар мен 35 мың тонна астық берген көрінеді. Перудің футболшылары да құр алақан қалмапты: олардың әрқайсысы 20 мың доллардан қалтасына басыпты. Бірақ бұл деректерді Аргентина мен Перу өкілдері жоққа шығарды. Кімдікі дұрыс екеніне біз де төрелік айта алмаймыз.

Ал Кемпес шешуші ойындарда өзін нағыз сұрмерген ретінде танытты. Финалда да есепті сол ашты. Жеңiске деген ғаламат ерiк-жiгер танытқан алаң иелерiн Наннинганың қарымта голы да, 90-минутта голландық сұрмерген Ренсенбринктiң ойын тағдырын шеше жаздағаны да (доп бағанаға тиген-дi) тоқтата алған жоқ. Аргентина құрамасы қосымша уақытта тiптi қарқынын үдете түсiп, тағы екi гол соқты. Сөйтiп, тұңғыш рет алтыннан алқа тақты.

ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ

Финалдық турнирге 16 команда қатысты.

38 ойын өткiзiлдi, 102 доп соғылды (орта есеппен 2,68 гол).

«А» ТОБЫ

Аргентина – Венгрия – 2:1, Франция – Италия – 1:2, Аргентина – Франция – 2:1, Италия – Венгрия – 3:1, Аргентина – Италия – 0:1, Франция – Венгрия – 3:1

«В» ТОБЫ

Германия – Польша – 0:0, Мексика – Тунис – 1:3, Польша – Тунис – 1:0, Германия – Мексика – 6:0, Польша – Мексика – 3:1, Германия – Тунис – 0:0

«С» ТОБЫ

Испания – Австрия – 1:2, Бразилия – Швеция — 1:1, Швеция – Австрия – 0:1, Бразилия – Испания – 0:0, Швеция – Испания – 0:1, Бразилия – Австрия – 1:0

«D» ТОБЫ

Перу – Шотландия – 3:1, Голландия – Иран – 3:0, Шотландия – Иран – 1:1, Голландия – Перу – 0:0, Перу – Иран – 4:1, Голландия – Шотландия – 2:3

БІРІНШІ ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛДЫҚ ТОП

Италия – Германия – 0:0, Австрия – Голландия – 1:5, Италия – Австрия – 1:0, Германия – Голландия – 2:2, Голландия – Италия – 2:1, Германия – Австрия – 2:3

ЕКІНШІ ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛДЫҚ ТОП

Аргентина – Польша – 2:0, Бразилия – Перу – 3:0, Аргентина – Бразилия – 0:0, Польша – Перу – 1:0, Бразилия – Польша – 3:1, Аргентина – Перу – 6:0

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Бразилия – Италия – 2:1

ФИНАЛ

Аргентина Голландия 3:1 (қосымша уақытта)

25 маусым. Буэнос-Айрес. «Монументаль» стадионы. 71 483 көрермен. Төрешi Гонелла (Италия).

Аргентина: Фильол, Ольгин, Пассарелла, Тарантини, Л.Гальван, Гальего, Ардилес (Ларроса, 65), Бертони, Кемпес, Ортис (Хаусман, 74), Луке.

Голландия: Йонгблад, Портвлие, Хаан, Брандтс, Крол, Янсен (Сурбиер, 72), Неескенс, В.ван де Керкхоф, Р.ван де Керкхоф, Реп (Наннинга, 59), Ренсенбринк.

Голдар: Кемпес, 38 (1:0), Наннинга, 81 (1:1), Кемпес, 105 (2:1), Бертони, 114 (3:1).

Ескерту алғандар: Ардилес, Крол, Портвлие, Ларроса, Неескенс, Сурбиер.

Сұрмергендер: Кемпес (Аргентина) – 6 доп, Ренсенбринк (Голландия), Кубильяс (Перу) – 5.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір