Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Саңлақ 2312 0 пікір 16 Қараша, 2022 сағат 13:06

Гарринчаның чемпионаты

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол

Жалғасы: Альпі етегіндегі аула футболы

Жалғасы: Ұлы жаңалықтар уақыты


VІІ ЧЕМПИОНАТ. 1962 ЖЫЛ. ЧИЛИ

Чемпион – Бразилия
Күміс жүлдегер – Чехословакия
Қола жүлдегер – Чили

Дөрекілік шектен шықты

Халықаралық футбол федерациясының 1956 жылғы шешімімен VІІ әлем чемпионатының Чилиде өтетіні анықталса да, алты жыл бойы оған наразы топтардың күресі тоқтаған жоқ. Олардың уәждеріне құлақ аспау да қиын еді: біріншіден, аталмыш елдің футболы әлі онша қарқынды дами қоймаған-тұғын; екіншіден, елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал тым нашар еді; үшіншіден, саяси билік те күрделі дағдарысқа ұшырап жатқан-ды. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, біріншілікке екі жыл қалғанда Чилиде аса қатты жер сілкінісі болып, көп адам қаза тапты. Сөйтіп, 1960 жылдың басында ФИФА шұғыл түрде жиылыс өткізіп, чемпионатты басқа елге ауыстыру мәселесін талқылады. Сонда доп додасының Чилидегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы Карлос Диттборнның: «Әлем чемпионатын басқа елге бермеңіздерші! Біздің халықта одан басқа ештеңе де қалған жоқ!» – деген сөзі конгреске қатысушыларға қатты әсер етті. Бәрінің де ойдағыдай жасалатынына сенім аз болса да, футбол шенеуніктері бастапқы шешімді өзгертпей-ақ қоюды ұйғарды.

Бірақ Диттборн байғұс өз бейнетінің зейнетін көре алған жоқ. Турнирдің басталуына тура бір ай қалғанда, ауру меңдеген ол небәрі 38 жасында көз жұмды (ұйымдастыру комитетінің жұмысын оның орынбасары Хеовани Гоньи жалғастырды). Чилиліктер өз отандасының ерлікке парапар еңбегін ескере келіп, доданың бірнеше ойыны өтетін Арика қаласындағы стадионды Диттборнның есімімен атады. Ал оның конгресте айтқан сөзі алып плакатқа жазылып, стадион трибуналарының біріне ілініп қойылды.

Бұл чемпионат айдай әлемге Гарринча, Бобби Чарльтон, Йозеф Масопуст секілді тамаша футболшыларды танытты. Соған қарамастан, жылнамашылар Чилидегі форумды тарихтағы ең дөрекі және гол тым аз соғылған солғын турнирлердің бірі деп есептейді. Дода барысында алаңдағы айқаста шектен шығып бара жатқандарды ауыздықтау үшін ФИФА тіпті арнайы кеңес өткізіп, қаулы қабылдауға мәжбүр болды. Ауыр жарақат алып, ойыннан шығып қалғандардың саны 20-дан асып кетті (ішінде Пеле де бар), оның 12-сі еліне балдаққа сүйеніп оралды.

Доп қақпаның жыртығынан кірді ме?

КСРО құрамасы «А» тобында бірінші орын алды. 1960 жылы Еуропа чемпионы атанған Гавриил Качалиннің жігіттерін мамандар бір ауыздан «Алтын Никеден» үміткерлердің қатарына қосып қойған-ды. Осыдан төрт жыл бұрын Швецияда ширек финалға жеткен командадан тек Лев Яшин, Игорь Нетто және Валентин Иванов қалғанымен, құрамды ұлттық біріншілік ойындарында көзге түскен талантты жастар мен қарт құрлықтың тұңғыш кубогын иеленген тәжірибелі шеберлер толықтырған болатын.

Жылнамашылар Чилидегі чемпионатта КСРО құрамасы бастан өткерген екі жайтты ерекше атап өтеді. Біріншісі Колумбиямен кездесуде болыпты. Әуелгі ойында югославтарды жеңген кеңес футболшылары бұл қарсыласын да 4:1 есебімен ұтып жатқан еді. Екінші таймның ортасында колумбиялық жартылай қорғаушы Колль бұрыштама орындайды. Доп сәл төмендеу, жерлете бағытталса керек, қорғаушыларға басшылық жасап тұрған Яшин оң жақ бағанаға жауапты Гиви Чохелиге «Играй!» («Ойна!») деп айғайлайды. Орысша жақсы білмейтін грузин футболшысы оны «Играю!» («Ойнаймын!») деп түсінеді де, жанынан өтіп бара жатқан допқа аяғын да созбайды. Оның ар жағында тұрған Нетто да әріптесіне сеніп қалғандықтан, табанының астынан зу ете түскен допқа ештеңе істей алмапты. Сөйтіп, жол-жөнекей тірі пендеге тимеген доп зулаған күйі қақпаға күмп береді! Бұл – әлем чемпионаттары тарихындағы бұрыштамадан тіке соғылған жалғыз гол еді. Осыдан соң көңіл-күйі бұзылған КСРО құрамасы айналдырған бес-алты минуттың ішінде тағы екі гол жіберіп алып, матч 4:4 есебімен тең аяқталады.

Екінші оқиға үшінші турда Уругваймен ойында болды. КСРО футболшылары 1:0 есебімен ұтып тұрған кезде шабуылшы Игорь Численконың оң қапталдан қиғаштай тепкен добы қақпа торының бүйірдегі тесігінен ішке еніп кетті. Төреші «гол болды» деген ишарамен допты ортаға қойып, ойынды бастауды бұйырды. Уругвайлық қорғаушылар жан ұшырып, оған голдың болмағанын түсіндіруге тырысып бақты. Сонда КСРО құрамасының капитаны Игорь Нетто Численконы шақырып алып, «гол болды ма?» деп сұрапты. Ол «жоқ» деп жауап берген. Нетто төрешіге оның қателесіп тұрғанын түсіндірген. Футбол тарихындағы ең бір таң қаларлық жай: төреші өз шешімін өзгертіп, «голды» санамады!

«Қақпаның бүйірдегі тесігінен доп қалайша өтіп кетеді?» деп таңданушылар аз емес шығар. Чехословакия – Югославия матчында болған мына бір жағдайға қарағанда, жалпы Чилидегі қақпа торларының сапасына күмән туатыны рас. Әлгі ойынның Дражен Еркович есепті теңестірген 69-минутында қақпаға еніп бара жатқан допты кері теуіп жібермек болған чех қорғаушыларының бірі арынын ірке алмай, бутсысының табанындағы бұдырымен торды іле кетіпті. Сол-ақ екен, қақпаның бүкіл торы сетінеп сала беріпті! Оны қайта қалпына келтірем дегенше бірнеше минут уақыт өткен...

Ди Стефано сол күйі алаңға шықпады

«В» тобына түскен Италия құрамасының деңгейі өте жоғары еді. Бірақ команда өз мүмкіндігін толық пайдалана алған жоқ. Біріншіден, оған бас бапкер Джованни Ферраримен бірге ұлттық футбол федерациясының басшысы Паоло Маццаның қоса жетекшілік етуі кері әсерін тигізді. Яғни «екі қошқардың басы бір қазанға сыймады», өйткені ол екеуінің футболға деген көзқарастары екі түрлі еді. Оның үстіне, турнирдегі тұңғыш кездесуінде италиялықтар өте қорқақ тактика ұстанып, тең ойынды қанағат тұтты. Сәл батылырақ ойнағанда, бәлкім, Батыс Германия құрамасын ұтып та кетер еді, себебі, сол жылғы немістер аса күшті емес-тұғын. Бапкерлердің тағы бір қателігі – алаң иелерімен өткен екінші кездесуге қосалқы құрамды шығарды. Бұған қоса біраз жайтты төрешілер шешіп бергендей еді.

Жалпы Чили – Италия матчы біріншіліктегі ең дөрекі кездесу болды. Ойынның 8-минутында-ақ ағылшын төрешісі Астон тентектігі үшін Джорджо Ферриниді алаңнан қуды. Қызуқанды италиялық 6 минут бойы ол шешімге бағынбай жүріп алды да, тәртіп сақшыларының араласуынан соң ғана әрең кетті. Ал көп ұзамай чилилік Леонель Санчес көше төбелестеріне бергісіз көріністе италиялық Умберто Маскьоның мұрнын бет қыла жаздады. Ал мұны Астон көрсе де көрмеген бола қалды. Мұндай әділетсіздікке шыдамаған Марио Давид командаласы үшін кек қайтармақ болып, Санчесті кәнігі боксшыға тән әдіспен ұрып жыққанда, төреші тек Давидке ғана алаңның сыртын нұсқады. Сөйтіп, Италия құрамасы тоғыз-ақ ойыншымен қалып, 73-минутқа дейін шыдады да, одан соң қатарынан екі доп жіберіп алды. Келесі сатыға алаң иелерімен бірге Германия құрамасы шықты.

«С» тобында Испанияның жолы болмады. Франсиско Хенто, Хоакин Пейро, Ференц Пушкаш (бұрынғы венгр) секілді шебер футболшылармен жасақталған құраманы даңқты каттеначоның атасы Эленио Эррера жаттықтыратын. Бұл кезде Пушкашпен қатар аргентиналық жарық жұлдыз Альфредо Ди Стефано да испан азаматтығын қабылдап, жасы 40-қа таяғанда алғаш рет әлем чемпионатында ойнау мүмкіндігіне ие болған еді. Оның жас кезінде Аргентина футболында жыл сайын жанжал туындап, ұлттық құрама әлемдік додаға өтек сирек баратын. Алайда финалдық турнирге бір ай қалғанда Ди Стефано ауыр жарақат алды. Бапкер оның жазылып кетуінен үміттенгендіктен таңдаулы 22-нің тізіміне қосып, Чилиге алып барған-ды. Әйтсе де, әйгілі футболшының маңдайына Құдай ондай бақытты жазбаған екен: Ди Стефано бүкіл турнир бойына алаң жиегін күзетті де отырды.

Бұған қарамастан Испанияны ешкім де келесі кезеңге шыға алмайды деп ойлаған жоқ еді. Әуелгі ойында чехословактарды 90 минут бойы тықсырғанымен, олар соңғы минуттарда абайсызда доп жіберіп алып, ұтылып қалды. ЧССР футболшыларының өте дөрекі ойнағаны сонша, матч барысында үш бірдей испандықтың (Рейха, Ривилья, Сегарра) аяғы сынып, ауруханаға жөнелтілді! Ойын тізгінін уысында ұстай алмаған австриялық төреші Штайнер бұзақыларға қарсы еш шара қолданған жоқ. Испания бұдан соң Мексиканы тізе бүктіріп, үшінші турда Бразилия құрамасымен кездесті.

Пелені Гарринча жоқтатқан жоқ

Әлем чемпиондарының осыдан төрт жыл бұрынғы құрамы түк те өзгермеген еді. Стокгольмдегі даңқты финалға қатысқан 11 ойыншының барлығы Чилиге де келді. Тек қорғаушылар Беллини мен Орландоның ғана негізгі құрамдағы орындарын Мауро мен Зозимо иеленген еді. Чемпионат басталуға аз қалғанда бас бапкер Висенте Феола қатты науқастанып қалып, оның орнына Айморе Морейра тағайындалды. Жаңа бапкер команданың тактикалық жүйесіне де өзгерістер енгізді. Алда тек үш шабуылшыны қалдырып (Вава, Гарринча және Пеле), ол Загаллоны артқа, жартылай қорғаныстың сол қанатына жылжытты. Сөйтіп, бүкіл әлем 4-2-4 жүйесін меңгеріп жатқанда, бразилиялықтар 4-3-3 жүйесіне көшіп кетті.

Рас, бұл жолы Бразилия құрамасының ойыны осыдан төрт жыл бұрынғыдай көздің жауын ала қойған жоқ. Бірақ қарсыластары әлем чемпионының сапындағы бұл өзгерісті тиімді пайдалана алмады. «Алтын Никені» өздерінің қолынан жұлып алуға лайықты қарсылас шықпағандықтан ғана бразилиялықтар чемпиондық атағын сақтап қалды. Бүкіл біріншілік бойына олар бір ғана құраммен ойнады, тек чехословактармен кездесуде жарақаты асқынған Пеленің орнын одан кейінгі ойындарда Амарилдо басты.

Бразилияның өздеріне бұрынғыдай аса сенімді емес екені әсіресе Испаниямен ойында байқалды. 35-минутта Аделардо есеп ашқан соң, Пиреней түбегінен келген меймандар әлем чемпиондарының қақпасына жиі қауіп төндіріп, есепті еселей түсуге мүмкіндік алды. Бұл сәттерде Жилмар өте шебер ойнады. Испандықтар қарқынды күшейте түсіп, ақыры екінші голды соқты: Пушкаш допты өзінен асыра шалқалай теуіп, тура тоғыздықтан дәл түсірді. Бірақ чилилік төреші Бустаманте тамаша голды ешқандай себепсіз, көпе-көрнеу есептемей тастады! Артынша әлгі Аделардоны бразилиялық қорғаушылар өз айып алаңында шалып жықты. Төреші бұған да көз жұма қарады. Ақыры испан футболшыларының жүйкесі сыр берді. 73 және 86-минуттарда Пеленің орнын басқан Амарилдо қос доп соғып, Бразилия жеңісті жырып әкетті. Ашуға булыққан Э.Эррера «төрешілердің Оңтүстік Америка командаларына бұлай ашықтан-ашық жақтасуы – ФИФА-ның әлем алдындағы абыройының төгілуі!» деп мәлімдеді.

«D» тобынан Флориан Альберт бастаған тағы бір тың таланттар буынын тәрбиелеген Венгрия құрамасы суырылып шықты. Екінші орынды аргентиналықтардан тек доп айырмасы арқылы ғана басым түскен Англия алды. Алайда бұл топтың қос мықтысы да ширек финалдан әрі аса алған жоқ. Венгрлер чехословактардан, ал ағылшындар Бразилиядан ұтылды.

Әлем чемпиондарының ойыны плей-офф кезеңінен бастап қайта құлпырып шыға келді. Әсіресе Гарринча айрықша көзге түсті. Англияның қақпасына соғылған үш гол да соның еңбегі еді. Алғашқысын ол... баспен соқты. Өмірінде тұңғыш рет! Өйткені, Гарринча бала кезінде әбден су сіңіп, балшық баттасқан бір допты баспен ұрып көрген екен, содан басы ауырып, жүрегі шайлығып қалыпты. Екіншісінде шабуылшы әуелеп келген допты жерге түсірместен аяғының алқымымен әдемілеп ұрып тура тоғыздыққа қадады. «Құрғақ жапырақ» аталатын бұл соққыны бәрі де Гарринчаның командалас әріптесі – Дидидің әдісі деп атайтын. «Несі бар, бұл әдісті Гарринча әріптесінен артық орындамаса, кем меңгермеген екен» деп жазды ертесіне ағылшын газеттері. Ал чилилік басылымдар: «Оның қисық аяғымен допты қалауынша билететін әрекетін баскетболшылар қолымен де қайталай алмас», – деп сүйсінді.

Айтпақшы, Бразилия – Англия матчында есте қаларлық тосын оқиға болды. Рональд Спринджетт қорғап тұрған қақпаның жанына қайдан шыққаны белгісіз бір ит келе қалыпты. Оның «ауф!» деп үрген даусының қатты һәм қапелімде естілгені соншалық, ағылшын қақпашысы қолындағы добын түсіріп алыпты. Бара-бара еркінсіп, «ойынға араласып» бара жатқан хайуанды алаңнан шығарып тастау үшін таяу маңдағы футболшылардың бір-екеуі оны ұстап алмақ болады. Бірақ олардың әрекетінен ештеңе шықпайды. Міне, осы сәтте ағылшын жартылай қорғаушысы Джимми Гривздің басы істеп-ақ кетеді: ол дереу төрт аяқтап тұра қалып, тілін салақтатып, әлгі итке қарап шәуілдеп қоя беріпті. «Бұ не пәле тағы?» деп аң-таң қалған ит оның жанына келіп, иіскелей бастаған екен, Гривз оны шап беріп ұстай алады...

Орыс газеттері Яшинді кінәлады

Ширек финалдың қалған екі кездесуінде Югославия немістерден басым түссе, Чили құрамасы КСРО командасын тізе бүктірді. Орыс баспасөзі жеңіліске Яшинді кінәлі деп тауып, байғұс қақпашыны жерден алып, жерге салды. Жыл бойына БАҚ оның аты-жөнін атамады, тіпті ел біріншілігінде ерлік көрсетіп жатса да, үнсіз қалды. Шын мәнінде чилиліктер соққан екі голдың біріне біршама айыбы бар дегенмен, сәтсіздікке тек Яшин ғана кінәлі емес еді. Ол тіпті бұл додаға екінші қақпашы ретінде келген болатын, іріктеу ойындарынан бері қақпа кілтін КСРО-ның 1961 жылғы үздік футболшысы, кейін танымал спорт комментаторы болған Владимир Маслаченко берік ұстап келе жатқан-ды. Бірақ әлем чемпионаты басталуға бір апта қалғанда, Коста-Рикамен жолдастық кездесуде Маслаченко ауыр жарақат алып, саптан шығып қалды да, бас бапкер Г.Качалиннің, амал жоқ, аса бабында болмай тұрған Яшинге сенім артуына тура келді. Чилидегі қателігі үшін сынға ұшыраса да, 1963 жылы Әлем құрамасының сапында Англия командасына қарсы жолдастық кездесуде ғаламат шеберлігімен дүние жүзін тамсандырған даңқты қақпашы ақыры «Франс футбол» журналы ұйымдастыратын «Алтын доп» жүлдесінің иегері атанды. Осыдан соң ғана орыс газеттерінің ашуы басылып, оны «кеңес футболының мақтанышы» деп жаза бастады.

Сөз жоқ, доданың ең үздік матчы жартылай финалдағы Бразилия мен Чилидің белдесуі еді. Ширек финалда ағылшындардың қақпасына екі доп соққан Гарринча бұл ойында да жарқырай көрінді. Жалпы, бұрын Пеле мен Ваваға пас шығарып беріп, солардың көлеңкесінде жүретін бразилиялық «жетінші номер» осы чемпионаттың нағыз жұлдызына айналды. Чилимен ойында ол өзі екі доп соғып қана қоймай, Ваваға да қос нәтижелі пас шығарып берді. Оған еш қарсы тұра алмағандарына ашынған алаң иелері шабуылшыдан қайтіп кек аларын білмеген секілді. Әйтеуір қорғаушы Эладио Рохас оның соңынан түсіп, қайта-қайта шалып жыға берді. Әбден төзімі таусылған Гарринча (ол ешқашан дөрекілікке дөрекілікпен жауап бермейтін) кезекті жығылыстан соң, орнынан атып тұрып, бұзақыны қуа жөнелді. Рохас безектеп қашты. Қуып жеткен Гарринча әзілдеген сыңай танытып, бутсысының ұшымен оның құйрығынан жәй ғана түрте салды («тепті» деуге мүлде келмейді). Алаңдағы ойыншылардың бәрі де (бразилиялықтар да, чилиліктер де) қыран-топан күлкіге батты. Рохас та ыржиып, Манэмен (Гарринчаның есімі – Мануэлдің қысқарған түрі) қол алысып, татуласқалы тұр еді, перулік төреші Мальдонадо Ямасаки... шабуылшыны алаңнан қуып шықты! Гарринча кетіп бара жатқан кезде оның басына трибунадан әлдекімнің лақтырған бөтелкесі тиіп, дәрігердің көмегіне жүгінуге тура келді.

Бразилия мен Чехословакия кездескен финалдық матчтың алдында турнирдің тәртіптік кеңесінің басқосуы болды. Онда таң қаларлық шешім қабылданды: әлемдік біріншіліктер тарихында тұңғыш рет алаңнан қуылған ойыншыға келесі матчқа қатысуға рұқсат етілді. ФИФА басшылары Гарринчаға көрсетілген қызыл қағаздың негізсіз екенін осылай мойындады. Финалда да Манэ өз командасының барлық шабуылына қатысып отырды. Пеле жарақат алып саптан шығып қалған соң да, бас бапкер Морейра оған қолдау көрсетті. «Мен Пеленің үнемі алаң жиегінен табылып, жігіттерді жігерлендіріп отыруын қаладым, – дейді ол. – Оның моральдық қолдауы алаңдағы жігіттерді одан бетер арқаландырып жіберді. Яғни, команданың шабытын қоздырушы фактордың бірі осы Пеле еді. Ал алаңдағы ойын тізгінін мен Гарринчаға сеніп тапсырдым».

Нәтижеде Бразилия құрамасы қатарынан екінші рет әлем чемпионы атанып, Италияның 30-жылдардағы тамаша табысын қайталады.

Ойын нәтижелері

Финалдық турнирге 16 команда қатысты.

32 ойын өткізілді, 89 доп соғылды (орта есеппен 2,78 гол).

«А» ТОБЫ

Уругвай – Колумбия – 2:1,  КСРО – Югославия – 2:0, Югославия – Уругвай – 3:1, КСРО – Колумбия – 4:4, КСРО – Уругвай – 2:1, Югославия – Колумбия – 5:0

«В» ТОБЫ

Чили – Швейцария – 3:1, Италия – Германия – 0:0, Чили – Италия – 2:0, Германия – Швейцария – 2:1, Чили – Германия – 0:2, Италия – Швейцария – 3:0

«С» ТОБЫ

Бразилия – Мексика – 2:0, Чехословакия – Испания – 1:0, Бразилия – Чехословакия – 0:0, Мексика – Испания – 0:1, Бразилия – Испания – 2:1, Мексика – Чехословакия – 3:1

«D» ТОБЫ

Аргентина – Болгария – 1:0, Англия – Венгрия – 1:2, Англия – Аргентина – 3:1, Венгрия – Болгария – 6:1, Венгрия – Аргентина – 0:0, Англия – Болгария – 0:0

ШИРЕК ФИНАЛ

Чили – КСРО – 2:1, Германия – Югославия – 0:1, Бразилия – Англия – 3:1, Венгрия – Чехословакия – 0:1

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Бразилия – Чили – 4:2, Чехословакия – Югославия – 3:1

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Чили – Югославия – 1:0

ФИНАЛ

Бразилия – Чехословакия – 3:1

17 маусым. Сантьяго. «Насьональ» стадионы. 68 679 көрермен. Төреші Латышев (КСРО).

Бразилия: Жилмар, Дж.Сантос, Мауро, Зозимо, Н.Сантос, Зито, Диди, Гарринча, Вава, Амарилдо, Загалло.

Чехословакия: Шройф, Тихи, Новак, Поплухар, Плускал, Масопуст, Квашняк, Поспихал, Шерер, Кадраба, Елинек.

Голдар: Масопуст, 15 (0:1), Амарилдо, 17 (1:1), Зито, 69 (2:1), Вава, 78 (3:1).

Сұрмергендер

Гарринча және Вава (Бразилия), Л.Санчес (Чили), Еркович (Югославия), В.Иванов (КСРО), Альберт (Венгрия) – бәрі де 4 доптан.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3500