Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Қауіп еткеннен айтамын 2713 13 пікір 15 Қараша, 2022 сағат 15:36

Ортақ ақша: Путиннің ойы - теңгенің түбіне жету...

Бүгін Ұлттық валюта күні. Яғни, Қазақстан тәуелсіздігінің бір белгісі саналатын – төл ақшамыздың күні. 1993 жылдың 15 қарашасы. Дәл осы күні кеңестік рубльдің орнына алғашқы теңге айналымға енді.

Біз бүгін соңғы жылдары көп дүниені ортақ қылғысы келіп жүрген солтүстіктегі сойы бөлек «одақтасымыздың» төл теңгемізді өлтіруге деген ниеті жайлы сөз қозғамақпыз.

Соңғы уақытта орыспен (Ресеймен – ред.) ортақ көбейіп келе жатқаны қазақ қоғамын алаңдатып отырғаны шындық. «Ортақ одақ», «ортақ спорт», «ортақ мәдениет», «ортақ медицина», «ортақ ақпараттық кеңістік», «ортақ зейнетақы», «ортақ еңбек күші», «ортақ сауда кеңістігі» т.б. Солардың ішіндегі ең қауіптілерінің бірі – «ортақ ақша».

«Бізге ортақ ақша керек», - дегенді Ресей президенті Владимир Путин айтты. Бірнеше жолы айтты. Онан соң, Ресейдің көбік ауыз көп шендісі орыс телеэфирлерінен тоқтамай айтты. Бүгінде бірте-бірте Ресейдің экономикалық тұтқынына айналып бара жатқан, Владимир Путинді «үлкен ағам» деп мақтана сөйлейтін Белорусь басшысы Александр Лукашенко да бірнеше жолы ортақ ақша жайлы сөз қозғады. Бұл идеяны қолдайтындар бізден де табылды. Енді осы айтылғандардың бірлі-жарымын сөзбе-сөз еске түсіріп өтейік:

2015 жыл. Ресей президенті Владимир Путин Мемлекеттік Думаға Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларуссия және Ресей елдерінің арасындағы қаржылық нарық айналымында жүруі тиіс ортақ валюта туралы заңның жобасын ұсынды. «Ортақ валюта ЕАЭО-ға мүше елдер арасында ғана емес, жалпы ТМД елдеріне ортақ ақшаның жобасы болып табылады», - деді. Алайда, ортақ валюта мәселесі 2025-2030 жылдары қаралуы мүмкін делінген болатын экономикалық одақтың құжатында.

Онан әрі 2016 жылы Владимир Путин Орталық банк пен Ресей үкіметіне ЕАЭО-ға мүше елдердің орталық банктерімен 1 қыркүйекке дейін ЕАЭО-да ортақ ақша шығару мәселесін пысықтауды тапсырған.

Жалпы Ресей 2010 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай валютаға көшуді ұсынып келе жатқанын білеміз. Енді көп созбақтамай, 2019 жылға бір тоқталайық.

2019 жыл. Ресей президенті Владимир Путин ТМД елдері басшылары кеңесінде ортақ валюта енгізу мәселесін тағы да ұсынды.

Сол 2019 жылы Белорусь басшысы Александр Лукашенко: «Ортақ валюта болады және ол – рубль болады. Біз бұл ұсынысты қолдаймыз», - деп сөйлеген еді.

Ортақ валютаны қолдайтын саясаткерлер біздің елден де табылады. ЕАЭО елдерімен бірдей ақша пайдалансақ шекеміз шылқып өмір сүрер едік дегенді қайсыбір жылы экс-коммунист, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров та айтқан.

Осылай тізбектей берсек бүгін бітпейміз. Ал биыл Ресей президенті Украинаға қарсы соғыс ашып, басы бәлеге қалды. Әлемнің өркениетті елдері Ресейдің Украинаға қарсы агерессиясын айыптады. Қап-қап, мая-мая санкцияның төпесіне алды. Экономикасы өлімші һәлге түсті. Өндірісі тұралады. Еуропаға жасаған газ бопсасы іске аспай қалды. Әлемнің екінші әскері деп әспеттелген армиясы жемқорлыққа белшесінен батқанын күллі әлем жұрты көрді. Ресей өзі жаулап алған қалаларын масқара болып, тасқап қашты. Кремльдің ең үлкен шегінісі – Херсоннан әскерін һәм өзі тағайындаған басшы-қосшыларын алып қашуы болды.

Сөйткен Путин биыл: «Доллардан бас тарту (дедолларизация) – түбі жүзеге асады. Бізде басқа амал жоқ», - деп және бір мәрте қадап айтты. «Дедолларизация басталып кетті. Енді шегініс жоқ», - деді Путин.

Бұл дегеніңіз өз кезегінде Кремль билігі «одақтастарына» «ортақ ақша» жайлы тағы айтады деген сөз.

Еуразиялық экономикадық одақтың түп мақсаты – КСРО-ны қайта құру екенін сарапшылар айтудай-ақ, айтып келеді. Шын мәнінде, бүгінгі Қазақстан пайдасынан пәлесі көп ЕАЭО-ның экономикалық тұтқынына айналған. ЕАЭО күн санап саясиланып бара жатқаны туралы сан рет жаздық. Дабыл қақтық. Нақты деректер келтірдік.

Баста айтқанымыздай, Беларусь пен Қазақстан Ресейдің ең сенімді серігі саналады. Кезіндегі одақтас он бес елдің ішінде Мәскеуге шексіз адалдық танытып отырған осы екі ел ғана. Ресей мен Беларусь бұрыннан бауырлас ел. Ал қазаққа не жоқ?!

Мәскеуді қолдаудан алдымызға жан салмаймыз. Халықаралық мінберлерде Ресейдің сөзін сөйлейміз. Билік өкілдері мемлекеттік тілге қарағанда Ресей елінің тіліне бейім. Байқоңыр мен Сарышағаннан Ресейдің ракетасы ұшып, әскери сынақтары өтіп жатыр. Ресейдің ықпалынан шыға алмаған ақорыстардың қандай күйге тап болғанын жоғарыда жаздық. Ендеше біздің де қауіп ойламасқа қақымыз жоқ...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

13 пікір