Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Ақмылтық 2219 9 пікір 11 Қараша, 2022 сағат 13:38

Бізің медиа қандай медиа?

(саяси эссе)

Жуықта қазақ телеарналардың бірінен «Сана» деген бағдарламаны көріп қалғаным бар еді. Жүргізушінің негізгі көтерген тақырыбы ковид пандемиясынан сақтану үшін адамдарды вакциндеуге шақыру, оның пайдасын дұрыс түсіндіруге байланысты отандық ақпарат құралдарының рөлін сараптау екен.

Мұнда жиналған жұрналистер арасында ию-қию пікір қайшылықтары да, түсінікті пайымдар да айтылып жатты. Бірі вакциндеу жайлы ресми ақпараттарды жарнама сияқты жайдақ хабар таратушы деп сынаса, әлеуметтік желідегі желдей ескен өсек-аяңдарды адамдарды күмәнға түсіруші, жалпы халықтық іске бөгет келтіруші, деп жатты.

Яғни, сөз түйіні тәуелсіз медиалар мен ресми медиалардың бір арнаға тоғыса алмайыны, бірі асыра сілтесе, бірі дұрыс түсінік бере алмайтын кемшін екендігін мойындауға келіп тірелді.

Қазақ медиасы тәуелсіздік дәуірінің отыз жылында осындай деңгейде қалғаны, әлі нағыз медиа болып қалыптаса алмағаны пікір алысушылардың әрбірінің сөзінен айқын көрініп тұрды.

Ал, бұл неден деген негізгі сұраққа жауап айтылмады. Сол баяғы ананы сөйтіп дұрыстау, мынаны бүйіп жөнге салу дейтін, түбегейлі реформалық емес, біздің қоғамның бүкіл саласының әдепкі қарекетіне айналған «косметикалық өңдеу» әдетін ұсынудан арғыға бара алмады.

Яғни, негізгі аурудың себебін емес, оның белгі-симптомдарын емдеу керек дегенге сайды. Мысалға, бастың ауруы ондағы қан тамырларының ескіруінен, тараюынан, ішкі өзегін қақ басқаннан яғни медицина тілінде «атеросклероз» болғаннан десек, осындай көп себептерден бастағы қан айналысы бұзылады. Ондай жағдайда тамырды тазартатын емдеу жасамай, аналгин ішуден де еш пайда жоқ. Қоғамымыздағы «ақпараттық ауруды» осыған салыстырсақ, біздің қазіргі медиадағы мешеулігіміз «советтік социалистік идеологиялық» дейтін бұрынғы созылмалы дерттің жазылмаған қалпы әлі жалғасып келе жатқандығынан екені анық.

Осы «советтік социалистік идеологиялық» дейтін медиа қандай болды? Еске түсірейік: «Ақыл-ойы, абыройы дүниенің» деп әспеттеліп, бас ұра табынылған КПСС деген дара партияның көрсеткен «сара жолын» ғана бағыт етіп алған, бір жақты идеологияны ұстанған медиа болатын. Оның басты ұраны бүкіл баспасөздің ең төбесінде жалаулап тұратын «Барлық елдің пролетарлары бірігіңдер!» деген сөз еді.

Қазір осы сөздің мағынасын ойлап қараңыз: Жалшы-жақыбайлар, жұмысшы-қаратабандар, тесікөкпе малшы-құсшылар... түгел бірігу керек екен, сонсоң... бай-бағландарды жапбай қырып-жоюға жабыла ұмтылыңдар, дейді!  Қорқынышты емес пе!? Таптық-фашизм! Солай болды да.

Оған Ресей бодандығындағы қазақтың қырғынға ұшырап үштен бірі қырылып, үштен бірі жан сауғалап көрші елдерге босып, үштен бірінің ғана қу жаны қалып, мың жылдық ұлттық болмыстың аз жылда күйрегенін айтсақ та жеткілікті. (Орыстың өз аристократиясы мен буржуазиясының жойылғаны, алайда олардың да бодан қазаққа жақсылық жасамағаны басқа әңгіме)

Міне, осындай коммунистік-фашистік іс-әрекеттерін советтік медиа халқынан және дүние елдерінен жасыру үшін қатал цензура жасады.

Яғни, қоғамда жасалып жатқан игі істерді ғана айту, партияның жасампаз ұрандары мен жиын-жиналыстарның лепірме сөздерін ғана жариялау, құр сөзбен үйіп-төккен алдампаз гуманисттік  қаулы-қарарларымен қауымды алдарқату тәсілін іске асырды. Осы мақсатта баспасөз беттерін идеологиялық құрал ретінде қолданып, теле-радиоларында партияның ұраншыл жиналыстарын жариялап, одан қалса ән-күй, концерттермен бастырмалатып  адамдарды ойлануға мұрша бермейтін әдісті ұстанған-ды.

Сондықтан, әдебиетін де нақты өмірді суреттейтін көркемдік бағыттан адастырып, жалаң таптық мүддені жоқтайтын идеологиялық әдебиетке айналдырып оны ашық түрде «пролетар әдебиеті» деп атандырды.

Сөйтіп, қоғамда болып өткен «асыра сілтеу» деп аталған өкіметтік қылмыстарды одан кейін де тынымсыз жүргізіліп жатқан репрессиялық  әрекеттер туралы еш шындық айтылмайтындай етіп, оны айту, жазу қылмыс ретінде қарастырылатын заң қабылдады. Ол заңның тармағы бойынша «контрреволюционист, антисовет, антикоммунист» деген жалалы атаумен соттайтын үрдіс қалыпты жағдайға айналған болатын.

Өйткені, тежеусіз билікке жеткен жалғыз партия ешкіммен санаспайтын, өз дегенінен танбайтын «темір-бетон жүйеге» көшкен-ді. Ондай жүйеге нақты шыншыл медиа емес, тек қана алдампаз идеологиялық медиа қажет болды. Ел азаматтарын тек таптық белгісі үшін және діни сеніміне бола жаппай жазалау, жеке пікірі, көзғарасы үшін қудаланған зиялы қауымға, олардың отбасыларына арнайы салынған «Қарлаг», «Гулагдан» бастап қиыр шығыстағы азаптау лагерлерін өз баспасөздерінде «халық жауларын жазалау» деген атаумен бүркемелегені бұған дәлел.

Сондықтан да, осындай темір жүйенің басталуынан аяқталуына дейін қасіретке ұшырған миллиондаған адамдардың аянышты тағдыры қалам ұшына ілінбей әдейі ескеруісіз қалып ұмыттырылды. Халық жадынан өшіру үшін кірпік қақпайтын цензура қызмет атқарды.

(Мәселен, атақты «Тынық Дон» романнын жазған Михаил Шолоховтың бір деректі әңгімесі Одақ ыдырағаннан кейін ғана жарыққа шықан-ды. Онда, әкесі Қызыл гвардияшыларға солдат болып жүргенде, Ақ гвардияшыларға қосылған оның жаңа үйлеген ұлы қызылдардың қолына тұтқынға түседі. Қызыл гвардия командирі қарқылдай күліп тұрып, тұтқынның әкесіне, «Егер бізге шын берілген болсаң, ана ақтарға болысып жүрген өз ұлыңды өзің атып, адалдығыңды дәлелде!», деп бұйрық береді. Әкесі ұлын былай алып шығады да, «Тез қашып кет, мен артыңнан өтірік атқылаймын», деп сендіреді. Ұлы анандай жерге қашып ұзаған соң, дәлдей атып ұшырып түсіреді. Қансырап өлгелі жатқан ұлына барғанда «Әке, неге аттың мені өмірімді жаңа бастаған жас едім ғой», дейді. Сонда әкесі, «Ұлым мені кешір, сенің әлі балаң жоқ қой, егер сені атпасам аналар мені атып өлтіреді, онда, үйдегі жетім қалған жеті баланы кім асырайды», деп ақталады)

Міне, бұл жүз мыңдаған осындай оқиғаларға мысал болатын бір тамшы шындық қана. Осындай фашистік зорлықпен құрылған елді, қоғамтанушылар «казармалық социализм» деп атады. Мемлекеттік және коллективтік деп аталатын (совхоз, колхоз) миллондаған шаруашылықтарда ішер тамағы мен киер киімі үшін ғана жалданған жалшылар мен дәл сондай жағдайдағы жұмысшыларда ешқандай да рухани еркіндік те, меншік құқы да болмады. Ал оларды басқарушылар жоғарғы жалақымен қызмет атқарып бюрократиялық әскери тәріппен басқаратын жоғарғы және төменгі партократтар армиясын құрады.

Осындай антигуманистік жүйе, казармалық қоғамның мүшелерінің қан мен терінен жиналған капиталға бүкіл дүниені тас-талқан жоятын сұмдық қымбат қару-жарақ жасаумен ғана айналысты. Оның бәрін «болашақтағы жарқын коммунизм үшін жасап жатырмыз» деп, сендірді. (Сол жойқын қарудың ең қыбат түрі атом-бомбаларын қазақ ортасында сынағаны, Одақ құлаған соң ғана айтылды) Оған да адамдар сенді. Яғни, идеологиялық медиа кезінде казармалық қоғамның әжетіне жарады деген сөз.

Қазір, осы ақиқаттың бәрі қоғамда әлдеқашан айпарадай ашылып болса да, «коммунистік-фашистік» деген атау бұрын коммунист болған адамдарға ауыр тиюі мүмкін. Бірақ, алғашында Ресейдің патшалық-монополиялық билігіне қарсы құрылған Социал-демократиялық деп аталатын Республикашыл партиясы кейінгі сайлауда екіге бөлініп, демократияны ұстанған Меньшевиктер жеңіліп, диктаторлықты қолдаған Большевик басымдыққа ие болды. Большевиктер билікке жеткен соң, өз партиясын «Коммунисттік» деген атауға сай тек таптық бағытта жүргізгені, бүкіл іс-әрекеті аяусыз «фашистік» деген атауды әйгілейтіндей екенін өздері де іштей мойындайтын шығар, әлде сол өздерін өздері құптайтын темір көзғарасынан таймаған болса таңғалуға да болмайды.

Өйткені, «идеологиялық ақпарат» адамдарды өзі өмір сүрген қоғамдағы нақты жағдайды көре алмайтын, көрсе де ойлай алмайтын рухани соқырлыққа әкелетін, сөйтіп жеке көзғарасын мүлде жойып, өзіндік пікірінен ажыратып, құлдық санаға түсіретін қоғамдық құрсау-шынжырдың бір түрі еді.

Міне, осы рухани шынжыр Советтік Империяның бодандығынан тәуелсіздік алған қазақ қоғамында өзгермей қалып қойды. Себеп, сол қоғамда өмір сүрген адамдар еркін ой, жеке көзғарас, рухани азаттық, сөз бостандығы, адам құқы, пікір алуандығы дейтін шынайы медианың ұстындарынан хабарсыз қалған-ды.

Әрі, қазақ қоғамы ресми түрде тәуелсіздік алғанымен сол қоғамның басқару жүйесінде тәрбиеленген партократтар билікте қалғандықтан олардың басқару тәсілі де өзгере қоюы екіталай болатын. Ал, сол басқару тәсілінің ең бірегейі, әрине бұрынғы «идеологиялық ақпаратты» қалпында қалдыру екені белгілі жәйт.

Солай болды да. Бұрынғы партократиялық басқарудың айтулы «ақпараттары» саналатын үлкен-кіші «Правдалардың» бірі саналған «Социалистік Қазақстан» тәуелсіздіктен кейін «Егемен Қазақстан» болып аты өзгерсе де, заты өзгермегеніне таңғалуға болмайды.

Осы ауқымды таралымын әлі сақтап келе жатқан гәзетті оқыған адам еліміздің жан-жақты нақтылы өмірі туралы одан шынайы ақпарат ала алмайды. Гәзетті қолға алып оқыған сәтте-ақ, кім болса да сол баяғы жырғаулы өмір үшін күресіп, табысқа кенеліп жатқан, екпіндеп алға жылжып бара жатқан қоғаммен қауышып, пендәуи рахатқа батып, қалғып кетеді. Жоғарғы, төменгі басқарушылардың әлеуеттілігіне тәнті болып, көзінен іркіліп түскен қуаныш жасының тамшысы балбырап ұйықтап бара жатқан бетінен сырғитыны сөзсіз.

Оның төменгі жағындағы облыстық, аудандық гәзеттер де «Егеменнің» кішірейтілген копиясы десек, «идеологиялық ақпараттың» жанының сірілігіне, өміршеңдігіне ғана таңғалу керек сияқты.

«Идеологялық ақпараттың» жанының сірілігі мен өміршеңдігі сонша, қазақ қоғамына нағыз медиа мәдениетін әкелуге талпынған, адамдарды еркін ойға шақырған, жеке көзғарас қалыптастыруға ұмтылған, рухани азаттыққа үндеген, сөз бостандығын алға қойған, адам құқын қорғауды мақсат еткен, пікір алуандығын қалыпты жағдай етуге күрес жүргізген қаншама «тәуелсіз гәзеттерді» жөргегінде тұншықтырып жіберді.

Ондай қысымға күш бермей шыдамдылық жасаған кейбір жаны беріктерінің құйрығына «оппозияциялық гәзет» деген шала байлап, көпшілікке жеккөрінішті көрсетудің сұрқай тәсілін де тауып кетті.

Сөйтіп, біздің қазақ қоғамы «советтік медианы» сақтап қалған жалпақбай халық екенімізді тағы да дәлелдеп шықтық. Осындай тырақы үрдісіміз гәзеттерде ғана емес, радио, теледидарда да сақталып келеді.

Теледидарды ашып қалсаңыз, мерейтойлар мен мемтойлар, шоу-концерттер мен той-концерттер, аңыраған айтыстар мен сәлеуетті сұхбаттар, өзге елдердің өмірілік хикаяттарын баяндайтын бітіп болмайтын сериалдармен қауышамыз.

Әрине, дүниежүзілік және отандық қысқа хабарлар бар екені рас, бірақ ол нақтылы қоғамдық медианың бір бөлшегі ғана ғой.

Қай қоғамда да болуға тиісті шетін жағдайлар, бүкіл елдің назарын аударатын дүмпулі оқиғалар, әлеуметтік мәселе көтеріп көшеге шеруге шыққан көпшілік қауым жайлы ресми медиалар жақ ашпайды. Өйткені, оның тілші қызметкерлері өз офистерінен аттап шықпайды, жанды өмірмен қоян-қолтық араласпайды. (Бұл олардың өз кәсібіне адалдығынан гөрі күнкөрісін артық көретін жағдайға көндіккендігін көрсетеді) Басқа елдердегі құсап, қолдарына микрофондарын  ұстап алып жан-таласып қайда не болса сонда тыным тапай жүгіріп жүретін өлермен тілшілерді бізден көре алмайсыз.

Иә, өте сирек көре аласыз, мәселен «Азаттық» деп аталатын біздің елдегі жалғыз еркін ақпараттың тілшілері дәл солай жасамақшы болып әрекеттеніп жүреді.

Бірақ, оларды көрген ресми адамдар өзінен пікір сұраған тілшілерге қабағын шытып, бір сөз айтуға жарамай кабинетіне қарай қашып не мәшинесінің есігін тарс жауып паңдана бұрылып кетіп бара жатады. (Өткен жылдары астананың дәл іргесінде бес сәби бала әке-шешесі бірдей түнгі жұмысқа кеткенде өрт шықан шағын үйде түгел опат болып, бүкіл ел күйзелгені ұмытыла қойған жоқ. Сонда, тағы да азаттық тілшісі бір орыс тілді депутат қариядан «Осы қайғылы оқиға туралы қандай ойдасыз?» дегенде, «Мұның маған қатысы қанша? Өртенген баланың шешесі кінәлі» деуі, өзінің халық алдында жауап беруге тиісті екенін әлі білмейтін, қоғамдық медиадан хабары жоқ, мансабына  мастанып қалған «халық қалаулысы» екенін дәлелдеген-ді)

Сонымен, еліміздің ресми медиасын осылай суреттесек те жеткілікті сияқты. Қоғамдық медианы «төртінші билік» деп, атау оның нақты анықтамасы екені рас болса да, ол біздің елдің қазіргі ресми медиасына үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын айтсақ  дегеміз.

Өйткені, ондай нақты медиада қоғамдағы үлкен-кіші оқиғалар мен жоғарғы-төменгі басқару жүйесіндегілердің бүкіл тірлігін бүге-шігесіне дейін хабарлайтындықтан одан ел тұрмысы айнадай көрініп тұрады.

Осындай жағдайда ғана азаматтық қоғам өзін-өзі басқарады, бастық пен басқарылушы бірдей жауапкершілікті мойынына алады.

Мұндай нақты медианы қоғамның «рухани желдеткіші» деуге де саяды. Ондай нағыз «ресми желдеткіштің» бізде жоқ екенін жоғарыда айттық. Егер, біздің қазақ қоғамы қазіргі ақпараттық технологияның арқасында іске жегілген «әлеуметтік желі» болмағанда тұншығып өлген болар еді. Елде болып жатқан шетін жағдайлардан ел мүлде хабарсыз қалар еді. Осындай жағдайда тағы бір медианың түрі саналатын ақпараттық порталдардың болуы қоғамның кейбір саласынның тынысын ашуға септігін тигізуде.

Алайда, елдегі ақпаратты тұтынушылардың тоқсан пайызын уысында ұстаған ресми медиа мен жеке тұлғаларды қамтитын әлеуметтік желінің ара салмағы мүлде тең емес екенін байқау қиын емес.

Қоғамда жаңа өзгерісті үздіге күткен шақ туғанда ғана мемлекеттік медианың «идеологиялық медиа» емес нақты медиа болу керек екенін билік өкілдері енді ғана мойындай бастағаны бірақ тәуекел ете алмайтыны байқалады.

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

9 пікір