Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Аласапыран 3294 1 пікір 11 Қараша, 2022 сағат 13:05

Херсон: Шешуші де шиеленісті шегініс

Алдымен жедел ақпарат.

«Днепрдің ортасына дейін жете алатын құс сирек», - деп әлем әдебиетінің классигі Николай Гоголь жазса, күні кеше ресей әскері сол Днепрдің бір жағасынан екінші жағасына жетіп, Херсоннан қашып кетті.

Көкірегі ояу, көзі ашық ағайын бұл күнде Украина мен Ресей арасындағы соғыстан әбден хабардар, күні-түні таратылып жатқан екі жақты, екі мүдделі (кейде – екіжүзді де) ақпаратқа мейлінше қанық және де қайсысы шын, ал қайсысы - шындыққа жанаспайтынын іштей сезіп алған.

Сондықтан да күнделікті әскери хрониканы қайталамай-ақ қояйын да, тікелей тақырыпқа, яғни тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне көшейін.

Ол түйіннің аты – Херсон, дәлірек айтсақ, Ресей әскерінің осы қаланы тастап, кейін шегінуінің салдары: осы әскери маневрдің ішкі саяси, геосаяси, және, бізге, Қазақстанға қатысты әсері болмақ?

Біріншіден, бұл шегініс құнанын құдайындай, тайын тәңірісіндей көріп, түймедейді түйедей етіп келе жатқан ресейлік пасық та сасық пропаганданың «Ресей қарулы күштері әлемдегі ең қуатты әскерлердің қатарында» деген мақтампаз мантрасының тас-талқанын шығарды: мықты армия болса, күллі әлемге масқара боп, кеше ғана өзі басып алған қаланы тастап кете ме?

«Херсондағы бейбіт тұрғындардың жағдайын ойлағандықтан осындай қадамға барып отырмыз» деген себеп-сымақтың өзі не тұрады: адамдардың өмірін ойласа, қантөгіс соғысты мүлдем бастамас та еді ғой.

Мәселені ушықтырып тұрған бір жайт бар: дәл осы Херсонды кеше ғана Ресей заңсыз референдум арқылы өз қатарына қосып алып еді. «Енді Херсон Ресеймен мәңгі бірге!» деген ұранды барлық телеаран таратқаны есімізде.

Сондықтан да Кремль күні ертең: «Украина Ресей жеріне баса көктеп кірді, бұл дегеніңіз барып тұрған басқыншылық!», - деп БҰҰ мінбесінен байбалам салуы да ғажап емес.

Сонымен бірге, шегініс секілді ешкімге де абырой бере қоймайтын шарасыздық туралы шешімді бас қолбасшы Путиннің өзі жарияламай, тіпті ол шаруаны Қорғаныс министріне емес, одан да төменгі дәрежедегі офицерге тапсыруы – бұл қадамның амалсыздан жасалып отырғанының қосымша бір дәлелі.

Сарапшылардың айтуынша, ресей саяси басшылығындағы соғысқа қатысты көзқарастар қарама-қайшылықтары күн сайын ушығып бара жатқан секілді . Мұның өзі Құдай сүйер қылығы жоқ Кремльдегі ішкі тартыстың күшейе түскенінің бір белгісі. Бұл жайт Путиннің саяси келешегіне қатысты әрқилы ойға жетелейді...

Екіншіден, бұл шегініс, сөзсіз, объективті себепті өзінен анағұрлым үлкенірек әрі қуаттырақ ресей әскерін тұқыртып тастауға шамасы жетіп,  Херсонда құлаған шаңырағын қайта көтерген Украина жағының жеңісі. Бұл жетістіктің моральдық күші сұмдық: ендігі жерде сары-көк («жовто-блакитний») жалауды желбіреткен жауынгерлердің рухы жанданып, күш-қуаты еселене тұспек! Осылай, моральдық жағынан күшеюді ешқандай физикалық көрсеткіштермен өлшеу мүмкін емес!

Үшіншіден, бұл шегініс Украинаға әзірше техникалық жәрдем беріп жатқан «ұжымдық Батыстың» жеңісі. Енді тек олар «осы көмегіміз де жарайды екен ғой», - деп, соғысқа тікелей араласудан тартынып қалмаса болғаны.

Төртіншіден, бұл шегіністің бізге де қатысы болмақ.

Бүкіл әлем алдында масқара болған Путиннің қазіргі көңіл-күйі қандай екені айтпаса да түсінікті. Дегеніне жете алмаған, тарихи тұйыққа тірелген басшы кез келген оқыс қадамға баруы мүмкін.

Соның ішінде оның ашуы мен ызасы шекарасы ашық-шашық, халқы мен билігі бейқам жатқан қазаққа тиіп кетуі де мүмкін ғой.

Сол кезде бәрін ұмытып, тек билікке ұмтылып, «сен қарасың, мен ақпын», - деп таққа таласып, басқа шаруаға қолы тимей, жалпыұлттық бірлікке қол жеткізе алмай қайран қазақтың күні не болмақ?

Мені алда келе жатқан сайлаудан гөрі дәл осы жайт көбірек толғандырады!

Әміржан Қосан

Abai.kz

1 пікір