Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Билік 3333 9 пікір 11 Қараша, 2022 сағат 13:45

Түркілер тағы бас қосты

Өзбекстанда түркі елдерінің кезекті басқосуы өтуде. Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті Самарқанд қаласында өтіп жатыр. Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан, Венгрия, Әзербайжан қатысуда. Тақырып сан түрлі, ұсыныстар сан қилы. 

Түркі мемлекеттерінің саммитінде Қазақстан президенті бірнеше ұсыныс айтты. Ең алдымен Қазақстан БҰҰ жарғысын сақтау мен құрметтеуге шақырды. "Қазақстан барлық елдің территориялық тұтастығын біржолата қолдайды және Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң сақтауды қажет деп есептейді. Бұл – еліміздің негізгі мүддесіне толығымен сай келетін қажетті қағидат. Сондықтан бұл қағидатқа басымдық ретінде баса назар аударамыз", - деді Тоқаев. Бұл Ресейдің өзге елдің аумағын басып алып, заңсыз референдумдар арқылы территорияларды бөлшектеу әрекетін біздің қолдамайтынымызды тағы бір мәрте көрсетсе керек. Аумақтық тұтастық қазіргі заманда басты тақырыпқа айналып келеді.

Тоқаев түркі елдері арасындағы сауда қатынасын дамытудың маңыздылығын тілге тиек етті. Ол үшін әрине жол тораптары мен логистика, транзитті дамыту қажет.

"Бірінші, қазіргі алмағайып кезеңде транзит-көлік коммуникациясының әлеуетін арттыру және оның мүмкіндігін барынша пайдалану аса маңызды. Себебі, біздің мемлекеттеріміз Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тікелей байланыстырады.

Бауырлас үш ел арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – соның жарқын мысалы. Сондықтан, біз көлік-логистика саласына ерекше мән береміз. Соңғы 15 жылда Қазақстан осы саланы дамытуға 35 миллиард доллар қаржы бөлді. Біз көлік бағдарын көбейтуге және логистиканы өзара ықпалдастыруға мүдделіміз. Сол үшін 2025 жылға дейін тағы 20 миллиард доллар инвестиция тартуды көздеп отырмыз.

Түркітілдес халықтардың құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамытуы айрықша маңызды. Бұл ретте, сіздерді осы бағдарды барынша пайдалануға шақырамын. Транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерімізді одан әрі жетілдірген жөн. Әсіресе, шекара бекеттерін жаңғыртуымыз керек. Сондай-ақ, қолданыстағы теміржол және автокөлік бағыттарына балама жолдар табу үшін кешенді шаралар қабылдаған абзал.

Бұдан бөлек, "цифрлық көлік жүйесін» қалыптастыру аса маңызды. Бұл қадам жүктерді рәсімдеу шараларын оңтайлы етеді. Оған қоса, тасымал құжаттарын жылдам алмасуға жол ашады, халықаралық нарыққа шығуға қосымша мүмкіндіктер береді", - деді ол.

Қазақстан Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін, жаңа транзит жолдарын іздей бастады. Бұл шикізатты жеткізу және тауар тасуға да қатысты. Ең тиімді маршрут ретінде Транскаспий бағыты, Каспий арқылы Әзербайжанға, артынша Грузияға бағыт алып, Грузия порттары арқылы Еуропа мен Түркияға аттану мүмкіндіктері бар. Сонымен бірге Түркіменстан арқылы Иранға, ары Түркияға шығуға мүмкіндік беретін логистикалық жолдар іске қосылуда. Бұл жалпы түркі елдері арасындағы сауда қатынасын дамытары анық.

Президент мәдени байланыс пен білім-ғылым саласындағы әріптестікті арттыру керектігін де айтты. Тоқаев биыл Моңғолияда Құтлық қағанның кесенесі табылғанын айтып, түркілердің мәдени, тарихи кешендерін бірлесе зерттеу керектігін мәлімдеді. Сонымен бірге түркі елдерінің Венчурлық қорын құрғып, сол арқылы маңызды старт-ап жобаларға инвестиция тартуға жол ашу қажеттігін айтты. Жасыл экономиканы дамыту мен түркі елдерінің ЖОО-лары арасындағы байланысты арттырудың маңыздылығы да ұмыт қалмады. Ол бойынша нақты шаралар қабылдап, оны жүйелі ету керектігі баса айтылды.

Жиын соңында ортақ құжат қабылданып, мәлімдеме жасалады деп күтілуде.

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525