Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3389 0 пікір 8 Ақпан, 2013 сағат 11:56

Психология саласына қашан көңіл бөлінеді?

 

Қазақ кез келген проблемасын жаһанға жарияламайтын, не болса да ішінде, яғни, өз жарасын өзі жалайтын халық. Соның кесірінен «болар іс болып, бояуы сіңгенде» ғана қай жерден қате жібергенімізге бас қатырамыз. Мұны айтып отырғанымыз, АҚШ-та 40 мыңнан астам психиатр, 80 мыңнан көп психотерапевт және 225 мың психолог-маман, сондай-ақ, арнайы медбикелер  мен әлеуметтік жұмысшылар бар болса, біздің бұл тұрғыдағы жағдайымыз мәз емес. Суицидті айтпағанның өзінде мезгілсіз қаза көбейді. Бұл, әсіресе, темірдей тәртібі бар әскерде ушығып барады. Ел қорғайтын жігіттер өздеріне қол салғанымен қоймай, бірін-бірі өлтіріп жатса, қарапайым халық кімге сенім артпақ. Лаңкестік оқиғалардың бірде бірінде күштік құрылымдар келісім жасап, адам өмірін сақтай алмады. Бәрінің соңы өліммен бітті. Сол тұста құзырлы органдардың өздері мұндай жағдайда психологтар көмегінің қажет екенін мойындады.

 

Қазақ кез келген проблемасын жаһанға жарияламайтын, не болса да ішінде, яғни, өз жарасын өзі жалайтын халық. Соның кесірінен «болар іс болып, бояуы сіңгенде» ғана қай жерден қате жібергенімізге бас қатырамыз. Мұны айтып отырғанымыз, АҚШ-та 40 мыңнан астам психиатр, 80 мыңнан көп психотерапевт және 225 мың психолог-маман, сондай-ақ, арнайы медбикелер  мен әлеуметтік жұмысшылар бар болса, біздің бұл тұрғыдағы жағдайымыз мәз емес. Суицидті айтпағанның өзінде мезгілсіз қаза көбейді. Бұл, әсіресе, темірдей тәртібі бар әскерде ушығып барады. Ел қорғайтын жігіттер өздеріне қол салғанымен қоймай, бірін-бірі өлтіріп жатса, қарапайым халық кімге сенім артпақ. Лаңкестік оқиғалардың бірде бірінде күштік құрылымдар келісім жасап, адам өмірін сақтай алмады. Бәрінің соңы өліммен бітті. Сол тұста құзырлы органдардың өздері мұндай жағдайда психологтар көмегінің қажет екенін мойындады.

Ақпарат көздері былтыр Отан алдындағы борышын өтеуге келген 906 солдаттың психолог, психиатрлар есебіне алынғанын көрсетіп отыр. Нақты айтсақ, 165-ін психиатр, 741-ін психологтар бақылауға алған. Осы жерде мінез-құлқында ауытқу бар, психологиялық көмекке мұқтаж жандар қалай әскерге алынған деген заңды сұрақ туары анық. Психологтардың айтуынша, аудандық әскери бөлімдерде маман жоқтың қасы. Яғни, әскерге шақырылған жастарға сол жердегі кез келген кадр психолог бола салады. Әскери бөлімдер Кеңес үкіметі тұсынан келе жатқан «Прогноз-2» суицидтке бейімдікті анықтайтын тестті қолданады. Участкелік полицей жинап әкелген 20-30 жасты бір кабинетке кіргізіп, бланк таратады. Оның өзі орыс тілінде. Орысша білмейтіндердің оны түсінбесі бесенеден белгілі. Бірінен-бірі көшіріп, не жазғандарын өздері білмей, өтіп кетеді. Әскердегі суицидтің, қашудың, бірін-бірі өлтірудің, зорлықтың өршуін военкоматтағы психологтарға заңмен жауапкершілік жүктелмеуінің салдары демеске амал жоқ. Психолог қорытындысында «эмоционалды тұрақсыз» деп жазылғандардың өзі әскерге жіберіліп, қару ұстайтын көрінеді. Нәтижесінде Челахтардың әрекеті орын алады. Бұл психолог қорытындысымен сала мамандарының санаспайтынын көрсетеді. Әскерге келген 60 баланың 10 жарамсыз болатыны статистикамен анықталған. Норма бойынша бір психологқа 450 солдат жүктелуі тиіс болса, шын мәніндегі жағдай керісінше, 2000 адамнан келеді екен. Еліміздің әскери құрылымдарында психологқа қоятын талаптарды айқындайтын құжат енді ғана жасалып жатқан көрінеді. Әскери академияның психолог дайындауды қолға алғанына да көп бола қоймапты. Бұған дейін бұл жауапкершілікті заңгерлер мен әскерилердің өздері атқарып келген. Кей мекемелерде психологтарға күніне 18 адам қарау жүктеліпті. Кеңес Одағы кезінде бекітілген тәртіп бойынша бір айлыққа жұмыс істейтін психолог күніне 2-ақ адам қабылдауы тиіс. Өйткені, тест жүргізіп, оны талдауға 4-5 сағат кетеді делінеді екен. Елімізде психологтар жұмысының жүйеленбегенін осыдан-ақ көруге болады.

Маман мәселесін қозғап отырған соң жоғары оқу орындарына соқпай кете алмаймыз. Қазақстанда таза психологтар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Қайнар» секілді оқу орындарында даярлануда. Онда да жалпылама түрде. Яғни, осы күнге дейін бірде-бір оқу орнында мамандандырылған психологтар даярланбайды. Психологтар психологияны жалпылама оқып, сала бойынша мекемелерде өздері маманданатынын жасырмайды. Елімізде психикалық сауықтыру  орталықтары бар. Сол жерде еңбек ететін психологтар медицина қызметкері саналуы тиіс. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігінің мамандықтар тізіміне медицициналық психолог енбеген. Нәтижесінде ауруханадағы психологтар не дәрігердің, не медбикенің қатарына жатпайды. Санда бар, санатта жоқ. Сот сараптамасында да психолог проблемасы бар. 2010 жылға дейін психологтар Әділет министрлігінің штат бірлігінде болып, бір реттік тәртіппен аттестациядан өткен. Соларға сот сараптамасын жүргізуге рұқсат берілген. Бүгінде ол да жоқ. Орталық басшылары әр сот сараптамасы жасалған сайын «маман ретінде өткізді» деп бұйрық шығарады екен. Себебі, бізде психологтар еш мекемеде тіркелмеген. Ешқандай категорияға кірмейді. Мұғалімдер мен дәрігерлер категориясына қарай жалақыларын өсіру мүмкіндігіне ие болса, мектептер мен ауруханаларда солармен қатар жүрген психологтар мұның бірін де пайдалана алмайды.  20 жылдық тәжірибесі бар психолог пен жас маманның айлығы да бірдей. Мектептерде де психологтің жағдайы қызығарлық емес. 2500-3000 мың балаға  жалғыз психолог. Қағазбасты. Барып кел, шауып келмен жүргенінде балаларға нақты психологиялық көмек беру, диагностика ұмыт қалады.

Төтенше жағдайларға дайын мамандар жоқ

Күллі қазақ жұртының қабырғасын қайыстырған соңғы әуе апатында қаза тапқандардың туған-туыстарына психологиялық көмек көрсетуге мамандар тартылды. Мұның өз нәтижесін бергені анық. Дейтұрғанмен, өздерінің көмекті қалай көрсетерін білмей әбіржіп қалғандарын психологтар жасырмайды. Өйткені, олар бұл тұрғыда арнайы дайындықтан өтпеген. Ресейде төтенше жағдайларға қатысты психологиялық көмек көрсететін қызмет бөлек. Төлемақылары да жоғары. Ондағылар төтенше жағдай орын алса дайындықтан өткен психологтарды тікұшақтармен шұғыл жинап, тиісті көмек көрсетеді.  Бізде де Төтенше жағдайлар министрлігі әр аймақтағы психологтарды оқытып, дайындап алса, бәрімізге жақсы болар еді дейді мамандар. Өкінішке қарай, бұл тұрғыда да жүйелі жұмыс жоқ.

Өткен жылы Ішкі Істер министрлігі қызметкерлерін аттестациядан өткізу барысында психологтар көмегіне сүйенді. Оларды әрине, медицина саласында жүрген психологтар өткізді. Сөйте тұра, медициналық психолог деген мәртебені бекітуге үкіметіміз асықпауда. Бұл мәселеде депутаттар да үнсіз. Психологтардың пікірінше, психологияны алғашқы курстарда жалпы оқытып, 3-курстан соң белгілі бір бағытпен дайындау керек. Әскери немесе медициналық психолог, педагог-психолог, инженер-психолог, психолог-заңгер,  психолог-аналитик, психолог-диагност, психолог-кеңес беруші деген сияқты. Яғни, соңғы курстарда дәрігерлер секілді психолог та өз саласын айқындауы қажет. Психология мамандандырылып оқытылып, оған мемлекеттік қолдау болғанда ғана бір жетістікке жетеріміз анық. Психология мәселесінде де дамыған мемлекеттер тәжірибесін пайдалансақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Студенттер әлі ресейлік авторлардың  оқулығымен дайындалады

Бір айтарлығы, елімізде психологияны сала-салаға бөліп оқытатын білікті маман жоқтың қасы. Бұл жоғары оқу орындары басшылығының кемшілігі. Бала білімін арттыруда білікті мамандарды тартпайды. Физкультураны немесе филологияны бітіріп келгендер психология бөлімінің магистратурасын оқып, кандидат, т.б. болады.  Бұлардан бала қандай білім алмақ? Жоғары оқу орындары студенттері көбінесе Ресей авторларын аударып пайдаланады екен.  Кәмелеттік жасқа толмағандар ісін қарауда балалар психологын таба алмай  қиындыққа ұрынатындарын судьялар аз айтып жүрген жоқ. Медицинада психиатрдің психолог қорытындысынсыз тұжырымдама жасамайтынын ескерсек, бұл мамандыққа заңды түрде мәртебе бекітіп, қоғамдағы орнын анықтайтын кез жеткен сынды. Республикамызда менталитетімізге, т.б. сай бекітілген психологиялық нұсқаулық жоқтығы елдігімізге сын. Ресейдің ереже-нұсқаулықтарын аударып, соларға сүйенетініміз, психологиялық жұмыстардың «тисе терекке, тимесе бұтаққаның» керімен жүріп жатқанының дәлелі. Бұл психологтардың кінәсі емес. Олар жоқтан бар жасап, осы қызметті елімізде жандандыруға бар күш-жігерлерін жұмсауда Алайда, солардың еңбегіне баға, бағыт-бағдар беретін жүйе жоқ. Олар қандай заңдылыққа сүйенетінін білмейді. Осы мәселеге халық қалаулылары бейжай қарамас деген үміттеміз.

Сіз не дейсіз?

 

Айжан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, Республикалық психиатрия-психотерапия және наркология ғылыми-зерттеу орталығының психологы:

«Бізде психологияға қатысты істің бәрі есеп үшін ғана жүреді»

Бізде әр мекеме өз бетімен жұмыс істейді. Бір-бірімен байланыс, біріге қызмет ету жоқ. Психологтар мемлекет тапсырмаларын орындап жүр. Ұшақ апатқа ұшыраған бірінші сағатта-ақ Астанадан басшымыз С.Алтынбеков телефон шалып қолдан келген көмектің бәрін көрсетуді тапсырды. Елімізде психологтар статусын көтеруді талап ететін қаншама оқиғалар орын алды. Сот сараптамасын өткізіп жүрміз. Бірақ заң жүзінде психиатр-эксперт бар болғанымен, психолог-эксперт жоқ. Қазақстанда психологиялық қызметті жандандыратын жүйе қалыптасу үшін арнайы заңнама керек. Психологтардың ассоциациясы бар, олар коммерциялық тұрғыда жұмыс істейді. Ақылы түрде тренингтер өткізеді. Ал, төтенше жағдайда не істеу керек, соған бір жоба жасап, психологтардың басын қосып жатқан ешкім жоқ. С.Алтынбеков психологтар мәртебесін көтеру жөнінде жоғарыға хат жіберді. Арнайы мамандықтар тізіміне кіргізуді ұсынуда. Үкімет психологтарға қатысты жеке құжат қабылдауы тиіс. Мектептегі психологты директормен бір қатарға қойған жөн. Аудандық білім бөліміндегілер психологтан есеп талап етеді. Шын мәнінде психологтың немен айналысуы керек екенін олардың өздері білмейді.

Террористік жағдайларда психологты шақыртып, келіссөз жүргізу болған емес тәжірибеде. Әр мекеме өз білгендерінше әрекет етеді. Заңгерлік психологияны психолог емес заңгерлер оқытып, нәтижесінде біліксіз тергеушілер шығуда. Сұрақты дұрыс қоя алмайды. Мысалы, ұрлық жасап түскендерге «физаффект жағдайында болды ма?» деген сұрақ қояды. Бұл Қылмыстық кодекстің 96-103 баптар бойынша өлім мен ауыр дене жарақаты салынғанда ғана қойылатын сұрақ. Ал, тергеушілер зорлыққа да, ұрлыққа да қоя береді. Бізде психологияға қатысты істің бәрі есеп үшін ғана жүреді.

 

Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ,

«Заң газеті»

0 пікір