Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 1798 0 пікір 11 Қазан, 2022 сағат 15:20

Дін саласындағы басты мемлекеттік саясат – конфессияның рухани рөліне құрмет көрсету

Қазақстан үшін дәстүрлі әрі мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылатын едәуір ірі конфессиялар – исламның суниттік ағымына жататын ханафи мазхабы мен орыс православие сенімі болып табылады (оларды бірінші кезекте тарихи фактор айқындаған). Ислам Қазақстан территориясында 10-ғасырдың өзінде-ақ (Қарахандықтар кезеңінде), ал православие болса, 18-ғасырда (Қазақстанның Ресейге қосылуынан кейін) ресми дін болып танылған. Сонымен қатар Қазақстан территориясында бірнеше топқа бөліп қарауға болатын басқа конфессиялар да бар.

Бірінші топқа иудаизм, буддизм, лютерандық және тб. ұлттық белгілерімен сипатталатын конфессияларды жатқызуға болады. Ал екінші топқа «жаңа», дәстүрлі емес деп атауға болатын діни бірлестіктерді жатқызуға болады. Ал оларды өз кезегінде екі топқа бөлуге болады. Бұлар – 19-20-ғасырларда негізінен АҚШ-та пайда болған діни бірлестіктер (Жетінші күн адвентистері, Иегова куәгерлері, мормондар, саентологтар және тб) және Қазақстанда тәуелсіздіктен кейін пайда болғандары (Алля Аят, Ата жол тб). Діни ахуалды айқындайтын екі басты фактор – Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын ханафи масхабын күшейту есебінен діни деңгейдің күннен күнге көтеріліп келе жатқаны және «жаңа» протестанттық бірлестіктер тарапынан белсенді түрде жүргізіліп жатқан інжілдендіру әрекеттері болып табылады. Исламдандыру табиғи себептердің ықпалымен жүзеге асуда. Бұл ең алдымен, қазақтар мен басқа түркі халықтарының исламмен тығыз байланысты ұлттық мәдениет бастауына қайта бет бұрулары болып табылады. БАҚ-тардың исламның рухани құндылықтарын насихаттауға байланысты Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасымен бірге жүргізетін жұмыстары белсенді сипат алды. Сонымен қатар, аталмыш бағыт мемлекет пен исламдық діни бірлестіктердің (бәрінен бұрын Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының) Қазақстанда исламның рухани күшін нығайтуға арналған серіктестік қарым-қатынастарының әлі қолданылмаған күшіне ие. Мұнымен қоса исламдандыру процесінің жаңа басталғанын, әлі аяқтауға алыс екендігі факторын ескергенде, бұл мәселеге мемлекеттің тұрақты өсу тұрғысынан ықпал етуі тиіс.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан інжілдендіру ісі нақты жоспарланған және жақсы ұйымдастырылған сипатқа ие. Бұл тұрғыда дінді өзіне жат жерге орнықтырудың әлемдік (мысалы, Оңтүстік Кореядағы секілді) тәжірибесі қолданылуда. Барлық протестанттық ұйымдардың шетелдік орталықтары бар және дәл солар адептердің қажетті санын белгілейді. Мысалы, Сунн Бок Ым шіркеуінің алдына қойған міндеті – 2010 жылға дейін Қазақстан Республикасында 700 шіркеу ашу болып табылды. Қазақстанның інжілдендірілуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мәселен, жақсы қаржыландыру, діни әдебиеттің көп мөлшерде әкелінуі мәселелері жолға қойылған, миссиологияның әдіс-тәсілдері дайындалып, дамытылуда, халықаралық және құқық қорғау ұйымдары, елшіліктер тарапынан қолдау көрсетілуде. Қазақстанды інжілдендіру мәселесі ауқымды талдауды қажет етеді, сонымен қоса бұл мәселеде шетелдік барлау қызметтерімен, сыртқы саясат ведмостволарымен байланыс жасау мүмкіндіктері де қарастырылуы керек. Бұл бірлестіктердің шетелдегі жұмыстарына да, соның ішінде олардың тарихы, догмалары, тұрған еліндегі мемлекетпен қарым-қатынасы секілді мәселелерге жете талдау жасалынуы керек.

Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдарға мұндай ұйымдардың жағымсыз әсерін шектеуге бағытталған ықпалды технологияларды қолдану мүмкіндігін береді. Аталмыш факторлар ашық және жабық сипаттағы діни бірлестіктер туралы мәліметтер базасын құруды қажет етеді. Мәліметтер қорымен тиімді жұмыс атқару үшін қазіргі кезде де, келешекте де идеология тұрғысымен қатар, әр түрлі жағдайларда әрекет ету мүмкіндіктерін қарастырып, болжау тұрғысынан да діни бірлестіктерге баға беру критерийлері жүйесінің жасалынуы керек.

Сарапшылардың пікірінше, тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы жылдармен салыстырғанда қоғамдағы діни дәстүрлердің тұрақты бола бастауына қарамастан, бұдан бұрынғы атеистік кезеңнің ықпалы салдарынан көптеген қазақстандықтардың дінге қатысты ой-санасы тұрақтанбаған. Ал бұл жайт халықтың дінтанушылық деңгейінің көтерілуі мен тіпті теологиялық тұрғыда хабардар болуы мәселесіне қатысты ойластырылған, болжанылған жоспары жасалынуы керектігін көрсетеді. Сонымен қатар, діни ахуалды қалыптастырудың маңызды факторларының бірі ретінде жастардың дәстүрлі және дәстүрлі емес діндерге деген қызығушылығының күн санап артып келе жатқандығын мойындау керек. Бірінші жағдайда, яғни, дәстүрлі діндерге деген қызығушылық мәселесінде жастарға отбасындағы тәрбие әсер етеді (өз халқының дәстүрлеріне деген құрмет), ал екінші жағдайда бәрінен бұрын жаңа ұйымдардың өз ілімдерін әсіресе жастарға арналған арнайы әдістермен (шет тілдірді үйретудің тегін курстары, түрлі салаларға қызығушыларға байланысты клубтар тб.) агрессивті түрде жаюы болып табылады. Қазақстанда дау-жанжал туғызуға жақын факторлар да кездеседі. Оларға дәстүрлі емес жаңа ағымдардың жұмыстарын (Иегова куәгерлері, харизматикалық шіркеулер, елуіншілер ең алдымен дәстүрлі түрде қалыптасқан қоғамға да, мемлекетке де оппозиция болып табылады), дәстүрлі емес конфессиялардың мемлекетке қарсы тұруы, олардың ислам мен православиенің ролін мүлдем қабылдамауы, жалпы алғанда бәсекелес ұйымдар ретінде конфессиялар арасындағы қарым-қатынастар, сондай-ақ конфессия ішіндегі бәсекелестік жайттарын жатқызуға болады. Қазақстандағы діни ахуалдың дамуына шетелдерде болып жатқан процестер де үлкен әсер етеді. Мәселен, исламның қазір толықтай антагонистік болып табылатын әр түрлі ағымдарға бөлінуіне байланысты, біздің елімізде де ұқсас ағымдар жұмыс істей бастады. Дінді жаюдың шетелде дайындалған барлық жаңа әдістері Қазақстанға да ауысып келуде. Діндерге де байланысты жалпы әлемдік тенденциялардың ықпал ету саласы егжей-тегжейлі талдауды қажет етеді.

Қазақстанда бірегей дінаралық келісімді қалыптастыруға бағытталған белсенді мемлекеттік саясатпен ерекшеленетін зайырлы мемлекеттік құрылымның өзіндік моделі құрылған. Бұл тәжірибені Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу арқылы әлемдік қоғамдастыққа көрсетуде. Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері дін саласындағы мемлекеттік саясат – дінді терістеу мен онымен күресуден бастап, ірі конфессиялармен серіктестік байланыстарға дейін апаратын өзгерістерді бастан өткерді. Біріншіден, діни бірлестіктер азаматтық қоғамның институттары ретінде қоғамның рухани өмірін дамыту мәселесінде мемлекеттің серіктестері болып табылады (бұл Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасында көрініс тапқан). Сонымен қатар мемлекет пен діни бірлестіктер әу бастан тең емес дәрежеде тұрғандықтан бұл серіктестік тек әлеуметтік-рухани салада ғана көрініс тапқан. Өйткені мемлекет дін ұстанушылардың белгілі бір қауымдарын ғана емес, бүкіл азаматтарды өз ішіне қамтиды; мемлекет шығарған заңдар барлығы үшін міндетті болады; ал діни бірлестіктер бекіткен қағидалар тек олардың мүшелері үшін ғана және олардың қалауы бойынша міндетті болады. Қазақстандағы діни бірлестіктер қоғамдағы азаматтық тыныштық пен рухани келісімді беркітуге бағытталған мәдени-әлеуметтік іс-шараларға белсене араласады. Ірі діни орталықтар мен бірлестіктердің басшылары Қазақстан халықтарының республикалық және кіші Ассамблеясының құрамына кіреді. Орталық және аймақтық деңгейлерде ҚР Үкіметі жанындағы кеңес беру-ақылдасу органдары ретінде діни бірлестіктермен байланыс кеңестері, аймақ басшыларының кеңестері, дамудың мемлекеттік, салалық (секторлық) және аймақтық даму бағдарламаларын құруға қатысатын комиссиялар мен жұмыс топтары түріндегі ықпалды ынтымақтастық механизмдері күннен-күнге дамып келеді. Екіншіден, діни дәстүрлердің белсенді түрде қайта өрлеу процесі жүруде, діни ағарту орталықтары пайда болуда. Үшіншіден, мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимыл проблемаларын шешуге, өзара іс-қимыл мен серіктестік артықшылықтарын белгілеуге арналған жалпы ұлттық тиімді үн қатысу алаңына айналған азаматтық форумдар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Дін саласындағы басты мемлекеттік саясат – конфессияның рухани роліне құрмет көрсету болып табылады. Дәстүрлі Исламның суниттік ағымындағы ханафи масхабы мен орыс православиесінің мәдениет құраушы ролі басқаларынан гөрі көбірек мойындалады. Осы себепті оларды мемлекеттің конфессиялық саясатының екі қанаты деп белгілеуге болады.

 

Abai.kz

0 пікір