Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 2065 0 пікір 14 Қазан, 2022 сағат 13:57

Этносаясат: Қазақстандық тәжірибе

Жаһанданудың заманауи сын-қатерлері мен тегеуріндері жағдайында, толассыз қақтығыстар мен геосаяси тұрақсыздықтар жайлаған жер бетінде әр мемлекеттің ұлттық азаматтық бірегейлік саясаты алдыңғы орынға шығары сөзсіз. Әлем елдерінің басым көпшілігі көпұлтты болғандықтан салты бөлек, діні мен тілі бөлек этнос өкілдерінің басын қосу, мемлекеттің тұтастығын сақтау – басты міндеті.

Әртүрлі ұлт өкілдері араласқан кезде олардың бір-бірімен бәсекеге түсуі, араздығы, бір-бірімен шендесуі болып тұрады. Осындай түсінбеушіліктерді шешіп, олардың ортақ бір бағытқа қарай қозғалуына әкелу асқан саяси шеберлікті талап етеді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі дамытудың құнды бағдарларын айқындағанын атап өткен болатын.

«Біріншіден, Тәуелсіздігіміздің қастерлі құндылықтарын қорғау мен қастерлеу, екіншіден, қоғамдық дамудың өзекті мәселелері бойынша нақты мемлекеттік ұстаным», деген еді Мемлекет басшысы.

Сол үшінде көп ұлттан құралған мемлекеттердің саясатындағы басты бағыт – азаматтық бірегейлікті қамтамасыз ету болып табылады. Оған бастар төте жол елдің этносаясаты мен деморатияландыру жолындағы жеткен жетістіктері. Қазақстан егемендігін алған соң ел ішіндегі өмір сүріп жатқан өзге этнос өкілдерінің тату-тәтті, бірлікте өмір сүруінің алғашартын қалыптастырды. Елдің этносаясатын тұрақтандаруды, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, экономиканы көтеруді жолға қойды. Этносаясатты дұрыс бағытта жүргізу бүгінгі күннің де басты талабы болып саналады. Ата Заңымыздың 1 бабының 2-тармағында «Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси

тұрақтылық,-деп атап көрсетілген. Бұл  жеткізбек ойымызды қоштай түседі. Қандай да бір саяси жүйе ел тұрғындарының мүддесінен қашық болса, тұрып жатқан ұлттар мен этностардың мұң-мұқтажы ескерілмесе, олардың өзара бейбіт келісімде жұмыс істеуіне демократиялық негіз қаланбаса, этникалық топтардың азаматтық қоғамын құрап бере алмаса, әрине, ол мемлекет саяси пәрменінен айырылады. Мұны дәлелдеп отырудың өзі артық болар еді. Ондай мысалдар тарихта жеткілікті.

ХХ ғасырдың соңғы кезеңінде посткеңестік кеңістіктен шыққан елдерде болған 1986 жылы Алматыдағы көтеріліс, 1988-1991 жылдары әзірбайжандар мен армяндардың, 1989 жылы түріктер мен өзбектердің қақтығысы, Абхазиядағы абхаздықтар мен грузиндердің, грузиндер мен осетиндердің, 1990 және 2010 жылдары болған қырғыздар мен өзбектердің дауы этносаяси жанжалдар деп айтуға келеді.

Қазақстан тарихының бір парасы – елде қоныстанған ұлттардың мәдени және этностқ өзара қарым-қатынасы тарихынан тұрады. Жаһан тарихында түрлі халық өкілдерінің бір жерде өмір сүруі таңғаларлық жағдай емес. Осы ретте Қазақстанда да көпұлттылық ғасырлар бойы созылып, сабақтастығын үзбей,  жалғасын тауып келе жатқан дәстүр. Еліміздің көпұлтты мемлекетке айналуы өте ұзақ тарихи кезеңді қамтиды. Біз оны үшке бөліп қарастырамыз. Алғашқысы, Қазақстанның Ресей империясына кіру уақытына сәйкес келеді. Соның себебінен көшпенді қазақ елі отырықшылық мәдениетіне көшіп, өмір сүру стилі, құндылықтары өзгерді. Бірінші кезеңде еліміздің солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс аймағы отарланып, славяндардың өз аумағы пайда болды. Олардың елге көшу үрдісін казактар бастады. Жайықтың казак әскері құрамын славян ұлттарымен қатар башқұрт, түркімен, қарақалпақ, татар, қалмақ ұлттары толықтырды. Қазақстанның көпұлтты елге айналуының екінші кезеңі КСРО құрамында болуы. Сол уақытта еліміздің ғылыми, құқықтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени салаларында жаңаша бетбұрыстар болып, ұлттық құрамы қалыптасты. Кеңес саяси жүйесі Қазақстан аумағындағы өңделмеген жерлерді пайдаға асыру үшін, Ресейдің ішкері аудандарынан халықты жаппай көшіре бастады. Олардың кейбірі өз еркімен келсе, кейбірі күшпен әкелінді. Бірақ тарих беттері олардың өз еркімен атамекенін тастап қазақ жеріне өз қалауымен көшіп келгенін теріске балайды. 1940 жылға дейін Қазақстанға 65 мың шаруа отбасы қоныс аударады. Олардың ішінде Татарстаннан – 917, Украинадан – 6478, Курск обылысынан – 1415, Белоруссиядан – 2031, Рязаннан – 574, Чуваш республикасынан – 876, Мордовадан – 591, Воронеждан – 1142 тағы басқа да өңірлерден – 1068 шаруа отбасы болды. Үшінші кезеңді біз Қазақстанның егемендік алуымен, яғни халықаралық қатынастың қатысушысы болуымен сәйкестендіреміз. Осы уақытта еліміздегі әрбір ұлт өкілі емін-еркін тыныстап, өздерін ұлт ретінде дамытып, салт-дәстүрін, тілін, ділін жолғалпау мақсатында жұмыстар атқаруға мүмкіндік алды.

Бүгінгі күні елімізде жүзден аса этнос өкілі өмір сүріп жатыр. Мінекей өткенге көз жүгіртсек Қазақстан Республикасының ішкі тыныштығын, қоғамның татулығын сақтаудың өте маңызды екенін көреміз. Оған тек этносаралық келісімді сақтай отыра қол жеткіземіз. Сондықтан да мемлекет өзінің мойнына жүктелген бүкіл әкімшілік қызметі барысында тарихи мекендеуші ұлтпен қатар басқа этнос өкілдерінің қамын ойлап, олардың барлық конституциялық құқықтарын қамтамасыз етіп, заңды мүдделерін қорғап, ың-шыңсыз, бейбіт келісімді қарым-қатынасына тиімді жағдай жасауға, этносаралық татулықты күйттеген мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың, оның ең негізгісі – Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін демократиялық тәсілмен қамтамасыз етудің стратегиялық міндетін іске асыруды өзінің міндеті санайды.

Қазақтан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Халықтар достығын қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қалыптастырды. Ұлттар достығы – біздің басты байлығымыз. Бұл байлықты талан-таражға салуға, дәстүрмізді жоюға еш құқығымыз жоқ. Бұл қаншама жылдың жемісі. Қазақстанда әр ұлттың, әр халықтың үні естілуі керек. Сондықтан форумды тұрақты негізге айналдыру үшін жаңа қоғамдық институт құруымыз қажет», деген еді ол Ассамблеяны құру идеясын ұсынған 1992 жылы еліміздің егемендігіне арналған бірінші этникалық форумда. Осыдан кейін көп өтпей Қазақстан халқы татулығының белгісіндей болған Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесші орган ретінде құрылды. Уақыт жылжыған сайын органның мәртебесі ұлғайды. Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заң қабылданып, ұйымдық жағынан күшейе түсті. Органның атынан Парламент Мәжілесіне депутаттар сайланды.

Ұлтаралық қарым-қатынастың қазақтандық үлгісі төрт негізгі деңгейден құралған. Олар: тұжырымдамалық деңгей, саяси-құқықтық деңгей, институционалдық деңгей, ғылыми-әдістемелік деңгей. Тұжырымдамалық деңгей дегеніміз – ұлтаралық қатынастырады реттеу. Оның ішінде, экономиалық-әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық факторларды есепке алу, еліміздегі этностардың мәдени дамуына жағдай жасау, мүдделерін қорғау және жүзеге асыру принциптері бар. Саяси-құқықтық дейгейге ұлтаралық қатынастарды реттейтін заң актілері, құжаттар кіреді. Конституциямыз ұлтаралық келісімнің құқықтық негізі болып табылады. Негізгі заңның 39-шы бабында былай деп жазылған: «Ұлтаралық келісімді бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады». Сондай-ақ Конституцияның 7-бабында мемлекеттің Қазақстан халқының тілдерін дамыту мен оқуға жағдай жасайтыны, 19-бабында әр азаматтың өз тілі мен мәдениетін пайдалануға құқығы бары жазылған. Тек қана Негізгі заң емес, басқа да «Мәдениет туралы», «ҚР азаматтығы туралы», «ҚР тілдері туралы», «Тарихи-мәдени мұраларын қорғау мен пайдалану» туралы заңдар еліміздің кез келген азаматының ана тілінде білім алып, мәдениетін таратып, дамытуға мүмкіндік береді. Оған қоса, 2007 жылғы Ата Заң реформасына орай Қазақстан ұлттары республикалық жоғарғы заң шығару органына өкілдер жібере алады. Ұлтаралық бірлік жағдайындағы Қазақстан тәжірибесі көпшілікке үлгі болып отырғаны жасырын емес. Франция, Ұлыбритания, Норвегия, Қытай, Австрия, Америка, Германия, Испания секілді елдер Қазақстандық тәжірибен танысып, зерттеуге көшкен. Өркениетті елдердің Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты қоғамдық ұйымның қызметін зерттей бастауы, біздің даму саясатымыздың дұрыстығын дәлелдей түседі. Елдегі ұлттар арасындағы татулық пен бірлікті, келісімді насихаттау, қоғамдық оң пікірді қалыптастыру Қазақстанның дамуының негізгі кепілі болмақ. Сондықтан ел азаматтары тұрақтылық пен ұлттар арасындағы татулықтың ұйытқысы бола білуі керек.

 

Abai.kz

0 пікір