Сенбі, 20 Сәуір 2024
Айтыс 1998 12 пікір 10 Қараша, 2022 сағат 13:57

Тайжан: Жекпе-жекке шығыңыз, Жигули мырза!

Қазақстан президенттігіне үміткер Жигули Дайрабаев жер комиссиясы бойынша бұрынғы әріптесі Мұхтар Тайжанды «популист» деп атап, сынға алды.

«Мұхтар айналайын-ай, сенде ұят бар ма? Сен мені аға деп жүрген адамсың ғой. Енді сен менің Президенттікке кандидатқа түскеніме ішің жарылып бара жатыр ма? Пысық болсаң, ақылды болсаң, өзің неғып түспедің?

Елдің бәрін бұзып, іріткі салдың. Сенің жүрген жеріңе шөп шыға ма? Сенің менде нең бар? Адамгершілік болу керек қой. Мұхтар Тайжан бір жерді оңдырып кетті дегенді естімеппін. Сен Назарбаевтың ақ үйінде де жұмыс істедің ғой. Одан кеттің Тоқаевтың қасында да жұмыс істедің. Бас пайдаңды ойлап, Ұлттық кеңеске өзің сұранып кірдің. Ол жерден түк шықпаған соң, безіп жоғалдың. Сенің істеп жүрген тірлігіңнің бәрін білеміз ғой. Былтыр жер мәселесі бойынша республикалық комиссияға өзің кірдің сұранып. Ол комиссияда сен меннен ұтылдың. Намысың бар болса, нең бар? Қайта қуанбайсың ба? Қарапайым ауылдан шыққан азамат президенттікке таласып жатқанына…», - деді ол әлеуметтік желідегі бейнежазбада.

Жигули Дайрабаев Мұхтар Тайжанның ауылда бір күн де жұмыс істеп көрмегенін, ондағы адамдардың жай-күйін білмейтінін, оның ауылда еңбек етіп жүрген халықты алдап жүргенін айттты.

«Ауыз менікі деп оттай бересің бе? Демократия деген оттау ма? Сұрағың болса кел өзіме!», - деді ашуға мінген Дайрабаев.

Ал Мұхтар Тайжан өзінің Facebook парақшасында кандидатпен дебатқа шығуға дайын екенін жазды.

«Президент лауазына түсіп жатқан үміткер Жигули Дайрабаев мырза маған қатты ренжіп үндеу жариялапты. Намыс, ұят туралы сөз қозғап маған «шық» деп шақырып жатыр екен.

Шықсақ шығайық, Жигули мырза. Кез келген телеарна болсын, YouTube арна болсын мен сізбен тікелей эфирде ашық пікірталасқа дайынмын.

Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс - төреші халықтың өзі болсын», - деп жазды.

Abai.kz

12 пікір