Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7914 0 пікір 9 Мамыр, 2009 сағат 09:35

СӘКЕННІҢ ТҮСІ

Сейфуллиндер әулетінің тағдырын болжағандай...

Абай атамыздың сөзімен айтқанда «өлді деуге сыймайтын» себебі «өлмейтұғын артында сөз қалдырған» алаш ардақтыларының бірі де, бірегейі – Сәкен Сейфуллин. Кейбіреулер оны кеңестік саясаттың сойылын соққан «қызыл қыран» етіп көрсеткісі келсе де, біз үшін ол қазақтың қарағайдай тұлғасы.

Сұлу Сәкен, сері Сәкен атанған жалынды ақынның артында ісі мен сөзі қалғанымен, ұрпағын жалғар ұлы не қызы қалмағаны қандай өкінішті. Өз кіндігінен бала болмады емес, болған, бірақ... Бір емес, екі бірдей перзенті сәби кезінде шетінеп кетеді.

Сәкеннің өз кіндігінен болмаса да, кішкентайынан бауырына басып, қызындай көрген Ырымжаны бүгінде оның іздеушісі, мұраларын жинақтаушы. Әрі Сәкенді жендеттер кеп алып кеткен сол бір сәтті өз көзімен көргендерден қалған жалғыз куә.

Сейфуллиндер әулетінің тағдырын болжағандай...

Абай атамыздың сөзімен айтқанда «өлді деуге сыймайтын» себебі «өлмейтұғын артында сөз қалдырған» алаш ардақтыларының бірі де, бірегейі – Сәкен Сейфуллин. Кейбіреулер оны кеңестік саясаттың сойылын соққан «қызыл қыран» етіп көрсеткісі келсе де, біз үшін ол қазақтың қарағайдай тұлғасы.

Сұлу Сәкен, сері Сәкен атанған жалынды ақынның артында ісі мен сөзі қалғанымен, ұрпағын жалғар ұлы не қызы қалмағаны қандай өкінішті. Өз кіндігінен бала болмады емес, болған, бірақ... Бір емес, екі бірдей перзенті сәби кезінде шетінеп кетеді.

Сәкеннің өз кіндігінен болмаса да, кішкентайынан бауырына басып, қызындай көрген Ырымжаны бүгінде оның іздеушісі, мұраларын жинақтаушы. Әрі Сәкенді жендеттер кеп алып кеткен сол бір сәтті өз көзімен көргендерден қалған жалғыз куә.

Сәкен сондай балажан еді...

 

- Мен Сәкеннің кенже інісі Мәжиттің қызымын, - деп бастады әңгімесін Ырымжан апа, - Сейфолла мен Жамалдан жеті перзент туған, солардың тұңғышы – Сәкен. Cәкеннен кейін Мәлік (Мәлгаждар), Әбен, Мәжит деген төрт ұл, Рахима, Сәлима, Қалима атты үш қыз болған. Көргендердің айтуынша, Сәкеннің үш қарындасы да өте сұлу болғандықтан, көз тиіп қайтыс болыпты. Негізі, Сәкеннің өз кіндігінен екі бала болған. Тұңғышы Лаура 1929 жылы туылып, 1932 жылы қайтыс болып кеткен. Содан біраз уақыт балалары болмаған соң, әлі екі жасқа толмаған уақытымда ата-әжеміз мені Мәжиттен алып, Сәкеннің бауырына салады. Содан ол мені өзінің туған қызындай жақсы көрсе, мен де Сәкенді туған аға атап кеттім. Сәкен сондай балажан еді. Маған ерекше мейіріммен қарап, нендей еркелігім болса да бәрін де көтеретін. Ол қырық екі жастан қырық үшке қараған шағында атылды ғой. Сол уақытта мен бала болсам да Сәкенге келген адамдардың жас-кәрі демей үлкен бір адамға келгендей «аға, аға» дейтініне таңғала қарайтынмын. Ол кісі кабинетінде жұмыс істеп отырғанында бір адам батылы барып есігін қаға алмайтын. Сондайда біреу тығыз шаруамен келсе не болмаса тамақтануға шақыру керек болса «бар, туған ағаңды шақыр» деп мені жіберетін. Сосын мен ептеп қана кабинетінің есігін ашамын. Ол кісі үнемі жазып төмен қарап жазып отырады да, менің кіргенімді байқамай да қалатын. Аяғымның тықырын сездірместен, арқасынан барамын да мойнынан құшақтап алатынмын. «Ой, жаным, келдің бе?..» дейтін де, тізесіне отырғызып алып, үнемі жаңғақ толып тұратын тартпасын ашатын. Содан бір уыс жаңғақ алып, ерінбестен мені ертіп есіктің алдына шығып, жаңғақты шағып жегізетін. Сөйтіп өсірген бала едім мен. Одан кейін іссапармен қайда барса да маған міндетті түрде сыйлық алмай қайтпайтын. Менің сол сыйлықты алып мәз болғаныма өзін шексіз бақытты сезінуші еді. 1936 жылы ұлы Аян өмірге келді. Сол жылы Мәскеуде өнер мен әдебиеттің онкүндігі өтті. Жалпы 1936 жыл Сәкен мен оның отбасы үшін ерекше жыл болды. Онкүндікке Мәскеуге барып, қайтарында базарлық деп маған әдемі костюм, ал Аянға әппақ кереует ала келді. Туған ағам әр сапардан оралған сайын «Сәкенмен амандасайық» деп ауыл-ел, туған-туыстар түгел жиналатын. Сол көпшіліктің көзінше Аянға алып келген кереуетін көрсетіп, маған болса әдемі кәстөмді беріп жатқанында мен риза болмай, бұртиып, «қарашы, қанша сапарға барғанда маған мұндай әкелмеп ең, енді ұлың туып еді, мені бөлектейін дедің» деп, сыйлығын бетіне лақтырып жіберіппін. Алты жасар менің аузымнан сондай ауыр сөз естіген Сәкен біртүрлі сасқалақтап, «қап-ай, ә, ендігі сапарымд, ендігі сапарымда...» деп қызарақтап, ыңғайсызданып қалды. Солай дегенмен, одан кейін іссапарға шығу Сәкенге бұйырмаған екен. Осы оқиғадан көп ұзамай оны «үштік» ұстап әкетіпі, атып тастады. Ұлы Аян да періште күйінде әкесінің артынан о дүниеге аттанды. Қазір енді Сәкеннің өз кіндігінен ұрпақ қалған жоқ. Бүгінгі күнде Сәкеннен қалған жалғыз мен.

Сәкен – ірі қоғам, мемлекет қайраткері. Керек десеңіз, Республикамызға Қазақстан атын бергізген, «Қазақ тілі кеңсе тіліне айналмай, бағы жанбайтынын айтып», тіліміздің мемлекеттік статус алуына ең алғаш еңбегін сіңірген адам осы Сәкен Сейфуллин екенін тарихқа үңілген жан білер еді. Cондай-ақ Сәкен халқын шын сүйіп, қазақтың қара домалақ балаларын қолынан келгенше оқуға түсуіне жәрдемдесіп, тіпті өз үйінде де тұрғызған. Орынбор астана боп тұрған шағында небары 27 жасында үкімет басқарған Сәкен бір помещиктің он бөлмелі үйін жалға алып, соның бір бөлмесінде ғана өзі тұрып, қалғанын түгелдей ауыл балаларына баспана етіп берген. Оның ішінде Сәбит Мұқанов та, Ғабит Мүсіреповтер де бар. Міне, солай ұлты үшін аянбай еңбек етіп, онымен қоса сұлу сөзден жыр моншағын тізген ақын жүрегі өзінің, өзінің ғана емес-ау, иықтас жүрген халықтың бас көтерерлеріне зауалды шақ туатынын сезді ме екен? Сәкеннің өлеңдерін оқи отырып, «Түс» атты өлеңіне келгенде осыған жауап тапқандай болдым:

Түсімде жапан түзде кезіп жүріп,

Қорғансыз бір бақшаға келдім кіріп.

Аяныш түсті ойыма сол арада,

Қуарған ағаштардың түрін көріп.

Семіпті сұры кетіп ағаштары,

Көгерген жапырақ жоқ – бәрі сары,

Жаздыгүні қурапты сорлы бақша

Болмаса жаратушы хақтың жары...

«Қара ворон» кімнің есігінің алдына тоқтаса, сол үйге қайғы орнайтын

Туған ағамды алып кетердің алдында біз отбасымызбен Талғарға барып демалып қайттық, - деп жалғады әңгімесін кірпігі жасқа шыланған Ырымжан апа, - Сәкен ол жердің ауасының тазалығын, жалпы табиғатын жақсы көретін. Сондықтан қаланың шулы өмірінен бір уақыт демалғысы келсе, ылғи да Талғарды бетке алатын. Жаз уақытында төсегін киіз үйге емес, ашық аспан астына, алма ағашының түбіне салдыратын. Сол жылы қыркүйектің 22-лері шамасында біз Талғардан қалаға оралсақ, үйдің іші үрейде отыр екен. «Осы үйдің маңайын күнде бейтаныс адамдар торуылдап жүр» деді үйдегілер. «Қара ворон» атанып кеткен қара машина кімнің есігінің алдына тоқтаса, сол үйге қайғы орнайтын. Оны көргеннен жұрт «кімнің үйіне кірер екен, кімді алып кетер екен» деп, қорқып, есігін тарс бекітіп, тырп етпей отыратын. Сол машина біздің ауланы айналшықтап жүргенін көрген жұрт «байқа, Сәкен, бір пәле болып жүрмесін» десті. Оған Сәкен «мен ештеңе бүлдірген жоқпын, неден қорқуым керек?» деп еңсесін тік ұстаған күйі жұмысын істеп жүре берді. Содан 24 қыркүйек демалыс күні болатын. Таңертең барлығымыз ұйқыдан оянып, шай ішіп болған кезіміз. Сәкен әдеттегіше айнаға қарап шашын алуға кірісті. Жалпы, ол кісінің сырбаздығын, сымбаттылығын жұрт аңыз қылып айтады ғой. Расында, ағам өз келбетіне ерекше күтім жасайтын. Ешқашан шаштаразға шашын алдырмайтын. Бір айнаны алдына, екіншісін арқасына қойып өзі алатын. Сөйтіп отырғанда үйге бейтаныс екі орыс сау етіп кіріп келді. Түстері суық, қолдарындағы құпия қағазды көрсетіп еді, Сәкеннің жайдары жүзі қуарып кетті. Жүрегі қысылып қалса керек, су сұрады. Сөйтіп еді, әлгі екі орыс «вам воду пить нельзя» деп ішкізбеді. Сосын ағам тез-тез киіне бастады. Әлгілердің бірі ағама қарап тұрса, екіншісі кабинетін ақтарыстырып, қағаздарын тексерумен болды. Сәкен үстіне галифе шалбарын, етігін, құндыз жағалы былғары пальтосын киіп жатқанын көріп, орыс «почему вы так тепло одеваетесь?» деп сұрады. Сөйтіп еді ағам «Что такое тюрьма я хорошо знаю» деп жауап берді. Олай дейтін себебі Сәкеннің атаман Анненковтың азап вагонында болғанын өздеріңіз білесіздер ғой. Киініп болып қалғанда, тыстан үшінші бір адам кірді де «неге кешігіп жатырсыңдар, не қарсылық танытып жатыр ма?» деді. Екі орыс бастарын шайқады. Олар Сәкенді қара машинаға мінгізіп алып кетті. Содан кейін Сәкенді ешкім көрген жоқ.

- Негізі жау алыстан келмейді дегендей, Сәкенді ұстап берген сол өзі араласқан қаламгерлердің бірі дейді ғой?..

- Ондай аласапыран шақта кімді кім көрсеткенін білмек түгілі, өз басымызбен қайғы боп кеттік қой. Сәкеннің қолжазбаларын да сақтай алмадық. Жендеттер туған ағамды алып кеткен соң оның он алты қапшық қолжазбасының да көзін жойған. Ішінде батырлар жыры, шежіре, тағы да басқа соңғы жазған туындылары да кетті ғой... Бірақ, осы тұста сізге бір нәрсе айта кетейін. Сәкеннің 90 жылдық мерейтойында ғой деймін, Жазушылар Одағында үлкен жиналыс болды. Сонда Сәкен шығармашылығы жайлы баяндама жасаған Мүсілім Базарбаев дүйім жұрттың ішінен сұқ саусағымен Мұхамеджан Қаратаевты нұсқап, «Сәкенді көрсеткен мынау» депті. Ол үндеместен орнынан тұрып, залдан шығып кетіпті. .

«Ұлыңыз халық жауы ма – сіз де халық жауысыз!»

Сәкенді алып кеткен күні кешкісін өрістен қайтқан малын қарсы алып жатқан жерінен әкесіне бейтаныс біреулер жақындап келіп: «Сейфолла Оспанов деген сіз бе?» дейді. Не болғанынан әлі бейхабар ақсақал «Иә, мен» дейді. «Онда сіздің ұлыңыз халық жауы болып тұтқындалды, сіз де халық жауысыз» деп сол тұрған жерінен ұстап әкетеді. Жанында тұрған ауыл ақсақалы аң-таң қалып, «ойбай-ау, қарияның не жазығы бар?» дегені үшін оны да алып кетеді.

Тәуба, Сәкеннің шешесі мұны көрмепті, әйтпесе балаларының ішінен Сәкенін ерекше жақсы көретін Жамал апа мұндай күйікке шыдамас еді. Анненковтың азап вагонында болғанында ұлынан күдер үзбей, күн сайын күтетін ана «Сәкен келе жатыр» деген хабарды естігенде аңырай жылап, алдынан жүгірген екен. Сол анасы 1935 жылы қайтыс болады. Сейфолла қартты алып кеткен соң, бүгін-ертең ұстап әкетеді деп отырған уақытта інісі Мәлік тысқа шығып кетеді, сол кеткеннен не өлі денесі, не өзі табылмай із-түзсіз кетіпті. Ол әулеттен аман қалған жалғыз Сәкеннің інісі Мәжит қана. Ол қалай дейсіз ғой? Ағасы мен әкесінің күйігінен төсек тартып жатып қалған Мәжитті жендеттер тұтқындамай, беті бері қарағанын күтеді. Содан екі айдай төсек тартып жатқан ол жазылған кезде жоғары жақтан «әзірге қоя тұрыңдар» деген бұйрық келеді. Сөйтіп Мәжит бостандықта қалады, бірақ тірі өлік күйін кешеді. Ешбір жерге жұмысқа алмайды. Қайда барса, «халық жауының туысы» деген аттан арыла алмайды.

Сәкен мен Күлбарам заңды некеге отырмаған

- Зиялылардың барлығының дерлік әйелдерін АЛЖИР-ге, КАРЛАГ-қа жіберіп жатқанда, Күлбарам апамыз одан қалай аман қалды?

- Оның себебі Күлбарам мен Сәкен заңды некеге отырмаған-ды. Сондықтан, оны лагерге жіберген жоқ, бірақ Сәкенді ұстап әкеткен соң, әйелі мен біздерді, ұлын тұрып жатқан үйімізден қуып шықты. Алматы секілді үлкен қалаларда тұруға тыйым салды. Содан апамыз Аянды алып, төркіні Ақмолаға кетті. Ауыл-ел Сәкеннің көзі ғой деп, Аянды жібергісі келмеп ед, оған Күлбарам көнбей отырып алды. Сөйтіп жүріп ақыры Аяннан айрылып қалдық қой... Мен қайтадан өзімінің туған әке-шешемнің қолына келдім.Сол аралықта, яғни туған ағамды жазықсыз жазалауға ұшыратқанша мен олармен бірге тұрғандықтан, ағаммен араласқан ақын-жазушылардың барлығы мені бертін келгенге дейін Сәкеннің қызы деп білетін.

- Сондай құрметпен өстіңіз ғой?..

- Құрметпен өскенім шамалы. Мәжитті еш жер жұмысқа алмады. Қайда барса Сейфуллин деген тегіне қарап, кеудесінен кері итерді. Жиырма жыл біз солайша «халық жауының тұқымы» болып, әбден шетқақпай көрдік. Мен де мектепті бітірген соң, КазПи-ге түссем деп барғанымда, мені әлгіндей тегім үшін оқуға қабылдамады. Мединститут та солай етті. Содан тауым шағылып жүргенде бір күні көшеде кетіп бара жатып кездейсоқ «Мал дәрігерлік институты оқуға шақырады» деген хабарландыруды көзім шалып қалды. Емтихан тапсырып көріп ем, өтіп кеттім. Бірақ қысқы сессиядан соң бір күні «ректор шақырып жатыр» деді. Жүрегім зу ете түсті. Барсам, ол кісі менің үстімнен арыз түскенін, халық жауының қызы екенімді айтты. Мен «Сәкен, атам, ағам кетті, енді менің не жазығым бар?» деп тап сол жерде жылап жібердім. Ректорымыз орыс болса да мені аяп, әзірге оқуға келмей, жұрт көзіне түспей тұра тұруымды өтінді. Солайша сол кісінің адамгершілігінің арқасында оқуымды бітіріп алдым. Еңбек жолымда да кейін осындай қиындықтар ұшырасты. Жұмыстан босатылайын деп тұрған шағымда Сәкеннің және атамның ақталғаны жөнінде шешім шығып қалды.

Біздің қолымызға берілген бұйрық, шешімдердің барлығының төменгі жағында қол қойғандардың есімі жабық тұр. Оны қоя беріңізші, Сәкеннің де, атамыз бен ағамыздың сүйектері қайда жатқанын білмейміз ғой!.. Олардың артында қалған жалғыз іздеушілері әкем Мәжит еді, ол кісі 1987 жылы көз жұмды. Әкемді қара жер қойнына тапсырып жатқанда сондай қатты қиналдым. Сәкен ағамды, атамды еске алатын құлпытас орнату керек деп білдім. Сөйтіп, Кеңсайда әкем жатқан жердің жанынан ол кісілерге құлпытас орнатып, оған «Жатқан жері белгісіз, айтса көңіл сенгісіз, тағдыр» деп жаздырдық.

Рухтарды көмбейді қара жерге

Ұсталып кетерінің алдында Сәкен өз қолымен ауласына үш емен ағашын отырғызған екен. Қазіргі Қонаев пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында кезінде Сәкен тұрған үйдің орнына басқа көпқабатты ғимарат салынып кеткенімен, сол емендер әлі тұрса керек. «Кейде бір қатты қиналған шағымда бала кезімнің куәсі сол емендерді қолыммен сипап, Сәкеннің рухымен сырласқандай болып қайтамын», - деді Ырымжан апа.

Биыл қыркүйектің 24-інде Сәкенді ұстап алып кеткеніне тура 70 жыл толады екен. Осы жетпіс жыл бойына әлі белгісіз болып өзекті өртеп отырған жайт - отыз жетіде опат болған алаш ардақтыларының сүйегін таба алмай отырғанымыз. Құпия сол ашылмаған күйінде қалып отыр. Әркім әр түрлі болжам айтады. Мәселен Мудров деген ақсақа Сәкен атылып кеткен дегенге қарсы шығып, «Мен Сәкенмен Магадан түрмесінде бірге болдым. Қыстың бір күнінде ол кенеттен жоғалып кетті. «Қашып кеткен ғой» дестік бәріміз. Сөйтіп ек, көктем шыға қар астынан сүйегі табылды. Оны өз қолыммен жерлегем» деушілер де болды кезінде. Тоқсанға таяп қалған қартты жолбасшы қылып, сол өзі айтқан жерге барғанда, өкінішке орай, бірнеше жыл өтіп кеткендіктен, Сәкенді жерлеген жерді таба алмаған. Осындай оқиғаларға байланысты ақын Ғалым Жайлыбай «Рух» атты өлең жазған. Сондағы мына бір жолдарын көңілге жұбаныш еткеннен басқа амал жоқ:

Ақбоз атты құлатқан жала керме,

Магаданға мола іздеп бара берме.

Сәкен деген халқымның рухы ғой,

Рухтарды көмбейді қара жерге.

(№36 (140) 14 қыркүйек 2007 жыл)

 

0 пікір