Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Билік 1603 0 пікір 8 Қараша, 2022 сағат 09:51

Қазақстандықтар «ҚазМұнайГаз» акцияларын Tabys қосымшасы мен «Қазпошта» арқылы сатып ала алады

Қазақстанның кез келген азаматының енді Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ компаниясы «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алуға мүмкіндігі бар. Компания IPO-ға шығады – акцияларды бастапқы жария ұсынуды жүзеге асырады.

Инвесторлардан өтінімдерді қабылдау 2022 жылдың 9 қарашасында басталып, институционалдық инвесторлар үшін 30 қарашада, ал бөлшек инвесторлар үшін 2 желтоқсанда аяқталады. Сонымен қатар  жеке инвесторлар – Қазақстан азаматтарына басымдық беріледі. Осылайша, халықтық IPO форматын қамтамасыз ету жүзеге асады. IPO барысында «ҚазМұнайГаздың» қарапайым акциясының бағасы 8 406 теңгені құрайтын болады.

Акцияларды орналастыру екі платформада – Astana International Exchange (AIX)  және Қазақстан қор биржасында (KASE) өтеді.

Бұл екі қазақстандық қор биржаларында IPO-ның бірінші рет шығуы емес. KASPI акцияларын қосарлы орналастыру сәтті өтті: оның акцияларының құнының максималды өсімі 252%-ды құрады.

Қазақстандық компаниялардың тағы бір табысты IPO-ның мысалы: 2018 жылы өткен листинг пен «Қазатомөнеркәсіптің» кейінгі екі SPO-сының нәтижесінде оның акциялары құнының өсімі 383%-ды құрады.

«AIX сауда қызметінің төрт жылы ішінде біз шетелдік және жергілікті инвесторлар өздерін жайлы сезінетін әлемдік деңгейдегі интеграцияланған капитал нарығын құра алдық», - дейді AIX Басқарма Төрағасы Ренат Бектұров. - AIX-те сауда жасау арқылы инвестор ашық, әділ және реттелген нарықта жұмыс істейтіне; мәмілелер бойынша дәл және уақтылы есеп айырысуға; әділ баға бойынша сауда-саттыққа сенім арта алады.

Бүгінгі таңда AIX жүйесінде 30-ға жуық қазақстандық және шетелдік брокерлер тіркелген, олар арқылы IPO-ға қатысуға және қор биржасында бағалы қағаздармен сауда жасауға болады. AIX еуропалық, американдық, азиялық және қазақстандық есеп айырысу банктерімен жұмыс істейді, бұл геосаяси жағдайға қарамастан биржаның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Біздің мақсатымыз – табыс деңгейі мен қаржылық сауатына қарамастан, Қазақстанның барлық азаматтарының биржада сауда жасауын жеңілдету», - деп атап өтті Ренат Бектұров.

«Халықтық IPO» аясында қазақстандықтар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларын Астана халықаралық биржасында үш жолмен сатып ала алады:

1. Барынша қарапайым әрі жылдам әдіс – Tabys қосымшасында тікелей жазылу арқылы. Сізге бар болғаны тек смартфон, интернетке қолжетімділік, жеке куәлік пен банк картасы қажет. Бұл ретте тікелей жазылу үшін комиссия ұсталмайды – тек транзакция үшін банктік төлем алынады.

2. «Қазпочта» АҚ мен AIX интеграциясының арқасында сіз бүкіл Қазақстан бойынша 1000-нан астам бөлімшелер арқылы тікелей жазылымға өтініш бере аласыз. Тікелей жазылым акцияларды бірден сатуды жоспарламайтын немесе брокерді таңдауға асықпайтын, бұның бәрін кейінірек жасауды жоспарлайтын жандарға өте қолайлы.

3. Брокерлер – AIX және KASE биржаларының сауда мүшелері арқылы.

Айта кететіні, IPO барысында тартылған қаражат екі бөлікке үлестіріледі. ҚР Үкіметі бекіткен ережелерге сәйкес, қаржының 50%-ы ұйымды дамытуға бағытталса, тағы 50%-ы Ұлттық қорға жіберіледі.

 

Abai.kz

0 пікір