Сенбі, 20 Сәуір 2024
Соғыста жүрген сұлулар 3677 6 пікір 4 Қараша, 2022 сағат 14:32

Атқыш қыз Александра: «Біз оңай берілетін құл емеспіз!»

Басы: Майдандағы Украина арулары: Маргарита Ривчаченко

Жалғасы: Майдандағы Украина арулары: Оксана Рубаняк

Украинада соғыс басталғалы 8 айдан асты. Содан бері ерлермен қатар қан майданда Отанын қорғап жүрген әйелдер ерліктің тамаша үлгісі бола білді.

Біз бүгін сіздерге – атқыш Александраны таныстырмақпыз.

Жасы – 23-те, әскери шені жоқ, ерікті.


– 24 ақпанда таңертең көзіңізді ашқанда ең бірінші не ойладыңыз, не істедіңіз?

-Мен ояу болатынмын. Ол түні ұйықтамадым. Бірінші жарылыстың даусын естігенде-ақ не болып жатқанын түсіндім. Таңғы сағат сегіздің болғанын күттім, содан кейін далаға шықтым. Ақшамды ауыстырып келдім де, әскердегі ағайынның қатарына қосылу үшін үйдегі жануарларымды қайда қоямын деп ойландым. 28 ақпанда бөлімшеге барып, әскерге қосылдым.

– Соғысқа бару туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?

Менде соғысқа барудан басқа амал болмады. Қанша жерден өзімшілдік болып көрінсе де сізге айтайын, мен бұл соғыстың әйтеуір бір күні боларын біліп, күттім. Неғұрлым тез басталса, соғырлым тез аяқталатынын түсіндім.

– Бұл жердегі қызметіңіз қандай, күніңіз қалай өтеді?

Ресми түрде – мергенмін, бірақ менің әртүрлі салаларда жеткілікті тәжірибем бар болғандықтан, әртүрлі жұмыстарды атқарамын. Медициналық көмек, іс жүргізуге көмек керек болса, жәрдемдесемін.

– Сіздің бөлімшеңізде гендерлік кемсітушілік бар ма?

Қазіргі бөлімшеге тап болғаныма қуанамын. Мұнда бірінші күннен бастап маған жақсы қарады. Бірақ 24 ақпанға дейін әртүрлі батальонда жұмыс істеп көрдім, сол жерде гендерлік кемсітушілікке тап болдым. Гендерлік кемсітушіліктің неден пайда болатынын білемін, сондықтан жүрегіме жақын қабылдамаймын. Украинада ерлермен бірдей деңгейде қызмет ететін әйел әскерилерге қатысты кемсітушілік бар, өкінішке орай, бұл қалыпты жағдайға айналып жатады. Өмірде феминизмнің өкілі емеспін, бірақ кейде сен міндетіңді ер адамнан артық орындап тұрсаң да, ерлердің сөзі маңызды болып тұратынын көресің. Әскерде де солай, өзінің иерархиясы бар.

– Қандай қиындықтарды бастан кештіңіз?

Басымдағы жалғыз қиындық – анамды уайымдаймын. Достарымның қаза болғаны жанымды ауыртады. Ал әскердегі жағдайға еш қиналмаймын. Бұл – соғыс. Бәріне дайын болуың керек.

– Толыққанды соғыс кезінде сізді не таңғалдырды?

Аяқ-қолынан айырылса да майдан шебіне қайтып келіп жатқан достарым таңғалдырады. Валентина атты құрбым жан-жағынан оқ жауып жатса да, Николаевадағы базарда көкөніс сатып, күйеуіне бронежилетке ақша жинап жүр. Міне, осындай, біздің халық. Олар Украинаның бет-бейнесі. Осы адамдар біздің жарқын болашағымызды құрушылар.

– Қазір сіздің рухыңызды түсірмей тұрған не?

Рухымды көтеретін – Украинаның жас өрім жеткіншектері, балалары. Соғыстың азабын тартып, өмірі қиылып жатқан балалар жүрегімді қатты ауыртады. Балалардың көз жасын көргенде өмірден түңілу дегенді ұмытам. Біз болашақ балдырғандардың ашық аспан астында, тәуелсіз Украинада өмір сүруі үшін бәрін істеуіміз керек. Олар соғыс дегенді тек тарих кітаптарынан ғана оқуы керек.

– Украинаның болашағынан қандай перспективаларды көресіз?

Украинаны барлық саладан үлкен, жаңа, жарқын болашақ күтіп тұр. Біз қазір тарихты құрып жатырмыз, күшейіп келеміз. Көпшілік керісінше болады деп ойлады. Біздің кемел келешегіміз бар, бірақ оған жету үшін күрестер мен қиындықтардан өтеміз. Мынаны ұмытпаған абзал: тек құлдарды ғана оңай басып алуға болады. Сондықтан Украинаның тәуелсіздігін тартып алуға әрекет жасау әзірге тоқтай қоймайды.

– Соғыстан кейін өміріңіздегі не нәрсені мәңгілікке өзгертесіз?

Мен қаласам да, қаламасам да соғыстан кейін көп нәрсе өзгереді. Дүниетаным, өмірді қабылдау басқаша болады. Менің білетінім, ендігәрі жақын адамдарымның, достарымның амандығына шүкір ететін болам. Достарым – менің байлығым.

– Украиналықтар мен әлемге не айтасыз?

Украиналықтарға күшті болыңыздар дегім келеді. Еңселеріңізді түсірмеңіздер. Қанша қиын болса да, үміттеріңіз өшпесін. Агрессор елмен соғысып жатқан халық үшін ең ауыр қателік – ол ел ішінде екінші соғыс өртін тұтату. Біз бір-бірімізді қолдауымыз керек, бағалауымыз керек. Ал осы соғыста бізге қол ұшын беріп жатқан елдерге бүкіл Украина халқының атынан, әскерилер атынан алғысымды білдіргім келеді.

Дайындаған Айжан Темірхан

Abai.kz

6 пікір