Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Асқанға - тосқан 2215 4 пікір 3 Қараша, 2022 сағат 14:27

Шенеуніктер казиноға құртқан ақшаны кім іздейді?

Мен өткенде біздегі жұмсақ орындықтарда шалқайып отыратын биік лауазымды шенеуніктердің құмар ойынға еліткендігі соншалықты, ылғи казинодан шықпайтындығы туралы жазған едім.

Алматы облыстық прокуратурасы осы мәселені зерттеп, біздегі мықтылардың осы казино мен ойын автоматтарына барлығы 500 миллион теңгені қалдырып кеткендігін анықтаған.

Содан не болды дейсіздер ғой?.. Ештеңе де. Барлығы сол баяғы, бәрі судан таза, сүттен ақ болуға тырысып, жанталасып жатыр. Айтатындары: «Әрине, бұл дұрыс емес. Барлық мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексінен аспауы керек», - деген жалпылама, жалпақ шешейлік. Сол баяғы «сен тимесең, мен тимен бадырақ көз» дегеннің сарыны.

Бұлардың ішінде казинода ақша ұтқызудан басқаларды шаң қаптырып кеткен, яғни, 97 миллион теңгені қабақ шытпай осында тастап кеткен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері көш бастап тұр. Ал олардың бастығы Марат Ахметжановтың да айтатыны осы уәж. Олармен үзеңгілес келе жатқан, яғни, казинодағы ақша шашудан екінші орын алып, 95 миллион теңгені сөзге келместен бере салған Қорғаныс министрлігіндегі дөкейлер, тіпті, үнсіз. Ауыздарына су толтырып алған сыңайлы. Бұлар, сірә, «бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген ұстанымға берік екендігі байқалады. Ал бұлардың қасында тым қарапайымдылық танытып, құмар ойынға небәрі 25 миллион теңге ғана ұтқызған Қаржы министрлігіндегі үнемшілдерге бірдеңе деудің өзі ұят секілді. Одан қалды, бас-аяғы тек қана 15 миллион теңгенің басына су құйған Қаржы монторингі агенттігі мен казиноға 7 миллион теңгені әзер тапқан Жоғарғы сотқа қалай кінә арта аларсың?..

Жалпы, казино секілді жын ойнақтан аулақ жүрудің қажет екендігін жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер түгілі, қарапайым қаймана қазақ та біледі. Ал Әдеп кодексіне берік болуды министр мырза қарамағындағыларға ертерек ескертуі керек еді. Енді «жау кеткен соң, қылышыңды боққа шап».

Ал енді бұл жерде көпшілікті толғантқан басты сауал мүлдем ұмыт қалған сыңайлы. Ол «осыншама мол ақшаны әлгі мемлекеттік қызметшілер қайдан алды?» деген салмақты сұрақ. Бір қызығы, мұны министрі болсын, қалғаны болсын, шеберлікпен айналып өтуге тырысады. Бұл не, оған жауабы жоқ па, әлде қарапайым халықты ақымақ санай ма?

Сіздер қалай ойлайсыздар?

Жайберген Болатов

Abai.kz

4 пікір