Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Билік 2075 1 пікір 2 Қараша, 2022 сағат 17:49

Депутат: "Рақымшылық жасау қылмыстық жауапкершіліктен құтқармайды"

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Жақын арада Заң мәтіні баспасөзге жарияланбақ.

Президент жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Жанна Кәрімованың айтуынша, рақымшылық жасалған азаматтардың жақындарына жаңа заңның еш әсері жоқ.

«Мемлекет басшысы рақымшылық туралы заңның қабылданатынын жариялағаннан кейін көпшілік арасында «Рақымшылыққа ілінгендердің туыстары мен жақындарына қандай да бір келеңсіз салдарды күту керек пе?» деген сұрақ жиі естіле бастады. Бұл арада айта кетерлік жайт, қолданыстағы заңнамаға сәйкес рақымшылыққа ілінгендердің жақын туыстары ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Рақымшылыққа ұшырағандардың туыстары мен жақындарына қатысты ешқандай заңдық шектеулер жоқ. Мәселен, құқық бұзушыларға рақымшылық жасау олардың балаларының болашақта мемлекеттік немесе әскери қызметке баруына еш кедергі бола алмайды», - деп түсіндірді сарапшы.

Сонымен қатар ол ауыр қылмыс жасағандарды рақымшылыққа ілінеді деген пікірді жоққа шығарды.

«Сондай-ақ бірнеше қайтара рецидивист ауыр қылмыскерлер рақымшылыққа ілігеді деген пікір де шындықпен жанаспайды. Мемлекетке опасыздық жасағандығы үшін, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деп айыпталған сотталушылар, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 78-бабында көзделген өзге де қылмыстарды – кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы, террористік, экстремистік қылмыстар мен азаптаулар жасағандарға, қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауiптi қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға рақымшылық жасау туралы акт қолданылмайды. Яғни қылмыскерлердің ең қауіпті санаттары қоғамнан шеттетіледі», - деді Жанна Кәрімова.

Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских Рақымшылық жасау қылмыстық жауапкершіліктен құтқармайтынын айтты.

«Бұл заң - жаңа, әділетті Қазақстанның көрінісі екені сөзсіз. Сондай-ақ қоғам арасында тұрақтылыққа байланысты түрлі мәселелер орын алған еді. Аталмыш заң қаңтар оқиғасында алаңға шығып, араңдатушылардың құрбаны болып, мемлекеттік мекемелерді қиратуға қатысқан азаматтарға қатысты. Бірақ, бұл билікке қарсы шығып, заңсыз іс-әрекеттерді ұйымдастырушылар үшін негізсіз»,-деді ол.

Сондай-ақ депутат бұл заң олардың қылмыстық жауапкершіліктен құтылуына жол бермейтінін айтты.

«Рақымшылық сот үкіміне байланысты жазасын азайтады, бірақ қылмыстық жауапкершіліктен алып тастамайды. Жазаланушы оқиға барысында мемлекетке келтірілген залалдардың шығындарын толық өтейді»,-дейді депутат.

Бұл заң негізінде  ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға: ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзім төрттен үшке, ал аса ауыр қылмыстар үшін жартысына қысқарады. Дегенмен, азаптаулар жасаған адамдар, террористер, экстремистер, рецидивистер және тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушыларға рақымшылық көрсетілмейді.

 

Abai.kz

1 пікір