Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5648 0 пікір 6 Ақпан, 2013 сағат 10:57

Қазақ әдебиеті тарихы қалай оқытылып жүр?


1. Әдебиетті оқыту әдістемесінде ортақ мәміле жасалған ба?

2. Білім беру бағдарламасында әлі де ескерусіз қалған көрнекті тұлғалар жоқ па?

3. Жаңаша көзқарастағы оқулық жеткілікті ме?

4. Заманауи технологияларды қолдану барысында қандай қиындықтар кездеседі?

5. Шетелдегі қазақ әдебиетін қамти алдық па?«Айқын» газетінің көкейкесті сауалдарына Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетiнiң білікті мамандары жауап береді.

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ, жазушы, дра­матург, филология ғылымдарының докторы:

Барлық салада оқытылуы тиіс


1. Әдебиетті оқыту әдістемесінде ортақ мәміле жасалған ба?

2. Білім беру бағдарламасында әлі де ескерусіз қалған көрнекті тұлғалар жоқ па?

3. Жаңаша көзқарастағы оқулық жеткілікті ме?

4. Заманауи технологияларды қолдану барысында қандай қиындықтар кездеседі?

5. Шетелдегі қазақ әдебиетін қамти алдық па?«Айқын» газетінің көкейкесті сауалдарына Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетiнiң білікті мамандары жауап береді.

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ, жазушы, дра­матург, филология ғылымдарының докторы:

Барлық салада оқытылуы тиіс

- Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында қазақ әдебиетінің тарихы толыққанды өтіле бастады. Әсіресе, журналистика, филология факультеттерінде кезең-кезең бойынша жүйелі түрде оқытылады. Әдебиет - ұлттың рухани келбеті, жан дүниесі бол­ғандықтан, жас ұрпақ өз халқының ру­хын, жандүние­сін түсінуі үшін ең ал­дымен ұлттық әде­биетті оқуы керек. Сонда ғана өз халқыңды тани аласың. Осыны ескерген Франция, Иран, Түркия секілді елдерде өздерінің әде­биетінің тарихы тек фило­логия, жур­на­листика мамандық­та­рында ға­на емес, философия, тарих факуль­тет­терінде, тіпті медицина, ауылшаруа­шы­лық, техника саласында маман дайын­­дайтын арнаулы оқу орындары мен факультеттердің барлығында міндетті пән ре­тінде қосып оқытылады. Ал біздің елімізде әзірге олай емес. Филология мен журналистика фа­куль­теттеріндегідей жүйелі болмаса да, бір-екі семестр тым құ­рығанда шолу түрінде оқытылуы керек деп есептеймін. Бұл мәселеге БАҚ-та атсалысуы керек. Кейбір басылымдар «Жұлдыздардың» төңірегінен шықпай, «Ана көйлекті қан­шаға алдың?», «Мына киімді қайдан ал­дың?» болмаса «Сен пәленмен үйленгелі жатыр екенсің ғой», «Сені ажырасады дей­ді» деген сияқты арзанқол әңгімелердің тө­ңірегінде БАҚ-тың интелектуалдық дең­гейін түсіріп жіберді. Керісінше, осындай елеулі рухани мәселелерді жұмыла көтерсе, жүк жеңіл болар еді.

Өз басым, әдебиет тарихын оқытудағы үлкен бір белес ретінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Қазақ әдебиеті тарихының» он томдығын жарық­қа шығарғандығын айтар едім. Бұл жоғары оқу орындарында сабақ беретін доктор, профессорларымызға септігі тиетін, азат елдің ғалымдары тәуелсіз идеямен жазған үлкен еңбек болды. Бұл жинақта Алаш арыс­тарын былай қойғанда, «Қытайдағы қазақ әдебиеті», «Монғолиядағы қазақ әдебиеті» дейтін тараулар бар. Шетелдегі қазақ әдебиетінің өкілдері Абай, М.Әуезов сияқты жеке монографиялық түрде оқы­ты­л­маса да, жалпы қазақ әдебиеті тарихы­ның бір бұтағы ретінде бұл күнде жоғары оқу орындарында шолу түрінде айтылады, талданады. Кейбір университеттерде ар­наулы курс түрінде оқытылады. Тіпті ше­тел­дегі қазақ әдебиетінің тарихына қатысты курстық жұмыстар мен дипломдық жұмыс­тар жазылып, бұл тақырып зерттеледі.

Әдебиет тарихындағы, оқытылуы барысындағы өзекті мәселелер төңірегінде зерттеулер мен ізденістер тоқтаған жоқ. Әлі де зерттелуге тиісті, иі қанбаған мәселелерді оқытушы ғалымдардың жетекшілігімен магистрлық, докторлық оқитын жас ға­лым­дарға зерттеу тақырыбы ретінде бері­леді. Сонымен қатар жеке зерттеу мақала­лары мен диссертациялар арқылы жаңа мазмұн мен тың деректер уақыт өткен сайын қосылып жатыр.

Тәуелсіздіктің арқасында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітірген мамандар қанша жақсы оқыса да, шетелдерге шыға алмайтын. Өйткені қазақ тілі мен әдебиеті шетелдерде оқытылмайтын. Ел ішіндегі әртүрлі дәрежелі мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында, институт­тарда ғана сабақ бере алатын. Бүгінде алыс-жуық шетелдерде дипломатиялық қызмет пен халықаралық журналистер, білікті түрколог ғалымдар дайындау сияқты әр алуан мұқтаждықтарға бағытталған қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтары ашылып отыр. Мұндай мамандықтар бүгінде Оң­түстік Кореяның Сеул Ұлттық универси­тетінде, Қытайдағы Пекин ұлттар универ­ситеті, Шынжаң университеті, Іле пе­­да­гогикалық университеттерінде (Құл­жада), Америкада­ғы Вашингтон уни­верситетінде, Чекиядағы Прага универ­ситетінде бар. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік универси­те­тінде де қазақ тілі мен әдебиеті деген ма­мандық ашылды деп естідім. Осыған байланысты үздік оқыған жас мамандар сол мемлекет­терге барып, сабақ беруіне мүм­кіндік туды. Мұның өзі қазақ әдебиеті та­рихы пәнін оқытудың халықаралық дең­гейге көтеріл­ген­дігінің айнасы. Кезінде бұл туралы ар­ман­дай да алмайтын едік. Шетелді қойып, өзімізде қазақ әдебиеті тарихының кей тұстарын оқыту қиынға соққан еді. Бұл - тәуелсіздіктің жемісі.

 

Анарбай БҰЛДЫБАЙ, профессор, филология ғылымдарының кандидаты:

Электронды оқулықтармен қамтамасыз ету керек

- Қазіргі таңдағы қазақ әдебиеті тарихы міндетті түрде оқытылатын пәндердің қа­тарында болғандықтан, бұл пәннің жоғары оқу орындарында оқытылуы өте жоғарғы деңгейде деп есептеймін. Кешегі күні ай­тыл­маған, жазылмаған, оқытуға мүмкіндік болмаған көптеген қаламгерлеріміздің шығармалары, өмір тарихы, соларға арнап жазылған оқулықтар оқытыла бастады. Арнаулы курстарда, яғни студенттердің таңдауы бойынша оқытылатын курстарда бұрындары оқытылмаған дүниелерді оқы­туға қазіргі жоғары оқу орындарындағы доктор, профессорлардың мүмкіндіктері де бар. Осы мүмкіндіктің аясында кешегі күні аты аталмайтын Алаш қайраткерлерінің, кертартпа ақындар деп есептелген діни ақындардың еңбектері мен өмір белестерін оқытуға қол жеткізіп отырмыз. Мұнымен қатар, қазақ әдебиеті тарихына байланысты оқулықтардың қайтадан жазылуы - бұ­рындары беймәлім болып келген қалам­гер­лердің шығармаларын қайта оқуға мүмкін­дік беріп отыр. Бұл тұрғысынан көңіліміз толады, әрине. Бірақ әлі де толықтыра түсетін жұмыстар өте көп. Соның бірі - арнаулы компьютерлік бағдарлама арқылы қазақ әдебиетінің тарихына байланысты электронды оқулықтар жасау мәселесі. Өйткені студенттер оқулықты парақтап отырғаннан гөрі, интернет пен электронды оқулықтарға жүгінгенді дұрыс көреді. Сон­дықтан да электронды оқулықтардың орны ерекше. Бүгінде біз электронды оқулықтар­мен студенттерді қамтамасыз еттік деп айта алмаймыз. Дегенмен, біздің факультетіміз қазақ әдебиетінің тарихы пәніне байланыс­ты электронды оқулықтар жасауды мақсат етіп отыр. Бірақ ойдағыдай бітіп кетті деп айтуға әлі ертерек. Оны жасап бітіру, сту­дент­терді электронды оқулықтармен қам­та­ма­сыз ету - бүгінгі оқытушылар мен әде­биет зерттеушілерінің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі деп ойлаймын.

Қазақ әдебиеті тарихы бірер қаламгердің шығармасымен бітетін ғылым емес. Бай мұра. Дей тұрғанмен, санаулы шығармалары әдебиет тарихы оқулықтарына қосылып, зерттелгенімен де, кейбір авторларымыздың әдебиет тарихы пәнін оқыту барысында ай­тыл­май жатқан қырлары жоқ емес. Мәсе­лен, жыраулардың шығармаларын зерттегенде біздің Бұхар, Ақтамберді сынды ұлы жыраулармен қатар, осы жыраулық дәстүрді қалыптастырған көптеген өкілдер бар. Тағы бір айта кетуге тиісті сөз Дулат Бабатайұлы шығарма­ла­ры­ның тілі зерттелді (Рабиға Сыздықова мен Құлмат Өмірәлиев). Бірақ Дулаттың жазба әдебиетіміздің қалыптасуына жасаған ықпалы, Абайдың қазақ әдебиетінің негізін қалауына ұйытқы болған қырлары әлі зерт­телген жоқ.

Қазақ әдебиеті тарихының әдістемесін жүйелі түрде жасау және жетілдіру керек. Жаңа технологиялар мен компьютерлік бағдарламаға бағытталған әдістемелер жа­сау - қай салада болмасын кезек күттірмей­тін мәселенің бірі. Көптеген оқытушы­ла­ры­мыз педагог қызметкерлерді қайтадан аттестаттау барысында осы мәселеде қи­нал­ғаны жасырын емес. Сонымен қоса, қазір қолданыста жүрген оқулық мәселесі. Бұл оқулықтар бір кездері ағаларымыз жазған оқулықтар. Кеңестік дәуірдің көзімен жазылды. Ол кезде цензура деген болды. Айтылмайтын нәрселер айтылмады. М.Әуезов атындағы әдебиет институтынан қазақ әдебиетінің он томдығы жарыққа шықты. Бұнда жаңаша көзқараспен жазыл­ған дүниелер өте көп. Бірақ мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптар көбінде кітапханаларға кетеді, сатылмайды. Сон­дықтан осы негізде жаңаша көзқарастағы оқулықтар жазу - педагог ғалымдардың алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі.

Мұнда айта кететін бір жайт, бүгінгі PHD докторларымыздың әдебиет тарихын жете білуіне көп уақыт қажет. Ал әдебиет тарихын бес саусағындай білетін ғалым­дарымыз жаңа технологияларды меңгеріп бітірген жоқ. Осы орайда жаңа технология­ның құлағында ойнайтын PHD докторлары­мыз бен әдебиет тарихын жетік білетін аға буын профессорларымызды ұштастыру керек деп ойлаймын. Сонда ғана жаңаша оқулыққа, соның ішінде электронды оқу­лық­тар жасауға үлкен мүмкіндік туады. Бұл өзімізге ғана емес, дүниенің төрт бұрышын­да отырған қазақтарымыздың қазақ әде­биетінің тарихын оқуына мүмкіндік жасау - өте маңызды жұмыс.

Қазақ әдебиеті тарихын оқытуда ес­ке­ретін бір мәселе - шетелдердегі қазақ әде­биетінің тарихының жоғары оқу орын­да­рында оқыту мәселесін арнаулы курстармен шектемей, міндетті оқытылатын қазақ әдебиеті тарихы пәніне «Шетелдердегі қа­зақ әдебиетінің тарихы» деп бір тарау кір­гізу керек. Сонда ғана шетелдердегі қа­зақ әдебиетін толық біле аламыз. Бұл саланың зерттелуі кемшін емес, біраз кандидаттар мен екі ғылым докторы бар. Міне, осы бар материалды оқулықтарға енгізу қиын нәрсе болмауы керек.

 

Шоқан ШОРТАНБАЕВ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің аға оқытушысы:

Ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыратын мезгіл жетті

- Өткен ғасырдың 60-90 жылдарын­дағы қазақ әдебиетін оқыту барысында әдебиет тарихынан орын алуға тиісті, шығармалары ғылыми айналымға түсе қоймаған, оқу бағ­дарламаларына түрлі себептермен енбей қалған кейбір шығар­машылық өкілдерін кездестіруге болады. Бұл кезең әдебиетін оқытуда есімдері ескерусіз қалып, тиісті дәрежесінде атал­май, әдебиет тарихындағы алатын өзін­дік орны жете сараланбай келе жатқан шығармашылық өкілдерін оқу бағдар­ла­маларына, сонымен қатар жаңадан жазы­лып жатқан оқулықтарға енгізіп, жүйелеу қазіргі кезде керек-ақ. Мәселен, Асқар Сүлейменов, Әділбек Абайділ­данов, Жұматай Жақыпбаев, Мағзом Сүндетов және басқа қаламгерлермен бұл тізімді толықтыра түсуге болар еді. Жалпы алғанда, өткен ғасырдағы 60-90 жылдар аралығын­да­ғы қазақ әдебиетін ең бір жемісті, ұлт әдебиетінің қазы­на­сына сүбелі, шұрайлы шығармалар қо­сылған, әлем әдебиетінің озық туынды­ла­рымен бір қатарға тұра алатын, құ­нар­­лылығы жөнінен кез келген ұлт әдебиеті шығармаларымен иық тірестіре алатын кесек һәм күрделі туындылар дү­­ниег­е келген кезең деп танимыз. Сондық­тан осы үлкен кезеңге сол кезде жазыл­ған туындылардың бәрі бірдей енгізілді деп айту қиын. Әрине, Ғ.Мү­сіре­пов, Ғ.Мұс­та­фин, С.Мұқанов, Т.Ах­танов, Ә.Нұр­пейісов, Ә.Нұршайықов секілді бірқатар тұлға­лар­дың, әдебиеттің көрнекті өкілдерінің шығармалары қамтылғаны белгілі. Мұның сыртында Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, М.Шаха­новтың, М.Ма­ғау­ин­ның, Қ.Жұма­ді­лов­тың шығар­малары оқытылып келеді. Осы тұста әлі де біздің «әттеген-айлары­мыз» кездеседі. Мәселен, әртүрлі себеп­термен тасада қалып кеткен шығарма­ларымыз бен әдебиет тарихына енбей қалған, есімдері көп атала бермейтін тұлғаларымыздың шығармашылық әлеуетімен оқырманды, ғылыми ортаны толыққанды таныстыру мәселесін де ұмытпауымыз керек. Соны­мен бірге, 60-90 жылдардағы сатира жанрының майталмандары, қазақ тілінде тұңғыш са­ти­ра­лық романды дүниеге әкелген Садық­бек Адамбековтің, Жүсіп­бек Алтайбаевтың, Оспанәлі Иманә­лиевтің, Оспанхан Әубә­кіровтің, Шона Смаха­н­ұлы­ның және тағы басқа қалам иелерінің шы­ғармаларын жо­ғары оқу орындарында арнайы оқытудың, бағдарламаларға енгізудің кезегі жеткені анық. Сондай-ақ, қазақ балалар әдебие­тінің өкілдері қатарында саналатын Сансызбай Сарғасқаев, Әділбек Дүй­сенбиев, Маш­қар Гумеров, Марат Қабанбаевтардың есімін де, әдебиет тарихындағы алар орнын да тиянақтап, өмір деректері мен шығарма­шы­лығын оқытуды жоғары мектеп бағдар­ла­маларында қамту мәсе­лесін қарастыру қажеттігін де атап айт­қым келеді. Сон­дай-ақ, қазақ әдебиетінде кенжелеу дамып келе жатқан фантастика­лық жанр бар. Осы жанрдың өзіндік ерекшеліктерін саралаумен қатар, атал­мыш салада қалам тербеген авторлардың шығармашылығын да жүйелеп оқыту негізінде арнайы оқу бағдарламала­рына енгізілу керек-ақ. Тағы бір мәселе, қазақ әдебиетінде аз зерттелген, дегенмен өзін­дік қалыптасу, даму заңдылықтарын бастан өткерген детектив жанры жайын­да. Мұның да тұтқасын ұстаған жазушы­лары­мыз жоқ емес. Мәселен, белгілі қаламгер Кемел Тоқаевтың «Түнде атылған оқ», «Қастан­дық», «Сарғабанда болған оқиға» деген сүбелі шығармаларын детектив жан­рын­дағы үздік туындылар деп айта аламыз. Осы шығармаларды бала кезімізде, кейініректе де қызыға оқығанымызды ұмыта қойған жоқпыз. Соны негізге алып, үлгі тұтып жазылған қазақ әдебие­тіндегі детектив жанрының бар екенін ұмытпауымыз керек. Оның бүгінгі күні қалай жалғасын тауып отыр­ған­дығын да зерттеп, зерделеп отыру қажет.

Бүгінгі таңда қазіргі қазақ әдебиетін оқы­тудың да ара-жігі әлі толық ажыраты­лып, белгілене қойған жоқ. Оқыту бары­сын жетілдіретін тұстар кездеседі. Мәсе­лен, қазіргі қазақ әдебиетіндегі түрлі тақырып­тарды игерудегі жазушылардың шығарма­шылығын талдап-талқылау мен таратып айту жағы әлі оқулықтарда толық қамтыла қойған жоқ. Қазіргі қазақ әдебиетін біз тәуелсіздік алған кезеңнен бастаймыз. Бү­гін­гі қазақ әдебиетінің өкілдеріне қолына қалам алғандардың барлығын енгізуге бо­лады. Бірақ осы кезеңге кімдер енуге тиіс, кімдердің шығармаларын мектеп оқулық­тары мен жоғары оқу орындарында оқыты­луы керек деген мәселе күн тәртібі­нен түс­пей келе жатыр. Осы дүниеге әдебиет­тану­шылардың кеңінен ойласып, талдап-талқылауы мен саралауы керек-ақ. Осы орайда, қазіргі әдебиетімізді бағамдайтын еңбектерді де жетілдіру қажет. Санасы озық, талғаммен оқитын жастарды тәр­бие­леуде бүгінгі күні жаңаша техноло­гияларды қолдана жұмыс жасауды да ұмытпауымыз керек. Тағы бір назарда ұстайтын жайт, әдебиеттегі көкейкесті мәселелерді ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыратын, саралай­тын мезгіл жетті. Кезінде көптеген кітаптар кеңестік идеология үстемдік еткен кезде жазылды. Қазір ұлттық мүдде тұрғысынан ойлайтын, рухани деңгейді бағамдай ала­тын азаматтарға сөз өнерінің болашақ ұр­пақты тәрбиелеуде орасан зор маңыз атқа­ра­тынын, адамның жан-жақты қалыптасуы үшін өлшеусіз орны бар екенін дәлелдеу артық. Ендеше, бүгінгі күн тұрғысынан, яғни жаһандану жағ­дайындағы сөз өнерін, қаламгерлердің шығармашылық-көркемдік әлемін саралауда, жан-жақты жүйелеп қарас­тыруда ұлт әдебиет­танушыларының, зерттеушілерінің, әдебиетшілерінің алда атқарар міндеттері көп екені белгілі.

 

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты:

Сәкен мен Сәбитті сызып тастауға хақымыз жоқ

- Жалпы, әдебиет тарихы заман ағымы­на, идеологияға байланысты өзгеріп тұра­ды. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі - біраз ақтаңдақтарымыз­ды түгендеуге мүмкіндік берді. Әдебиет тарихына тек Алаш қайраткерлері ғана емес, кезінде ескішіл, кертартпа ақындар ретінде оқытуға тыйым салған «Зар заман» ағымының өкіл­дері, әсіредін­шілдер ретінде шығармалары шідер­лен­ген бірқатар кітәби ақындардың туын­дылары әдеби айналымға қосылды. Оның үстіне іргедегі Қытай мен Моң­ғо­лиядағы қандастарымыздың әдеби жәді­герлері де ұлы көшпен бірге атаме­кеннің арнасына құйылды. Сондықтан қазіргі қазақ әдебиетінің тарихы кеңес кезімен салыстырғанда толыққанды оқытылып жатыр деуге негіз бар. Жоғары оқу орын­дарында сонау Ежелгі әдебиеттен бастап кезең-кезеңімен Қазіргі әдебиет тарихы­на дейін оқытылады. Қазіргі жүйе бо­йын­ша қамтылмай қалған тұстарын таңдау пәні ретінде тереңдетіп оқытуға да мүмкіндік бар. Өткен жылы академик Сейіт Қасқабасовтың жетекшілігімен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қазақ әдебиетінің тарихы­ның» он томды­ғын шығарды. Басқа да кітаптар, зерттеу еңбектер жарық көріп жатыр. Біздің Еуразия Ұлттық универ­ситетінің қазақ әдебиеті кафедрасы да әдебиет тарихындағы қамтылмай қалған тұстарды қайта қарап, бірнеше жинақ шығаруды жоспарлап отыр­мыз. Бұл енді зерттеу еңбектері жайында айтарымыз. Ал оқулықтың жөні бір басқа. Жоғары оқу орындарында қазіргі Болон үдерісіне лайықталған оқулықтар әлі де қажет. Өкінішке қарай, көп өңірлерде әлі күнге әдебиет тарихынан баяғы Ханғали Сүйіншәлиевтің, әдебиет теориясынан Зейнолла Қабдоловтың оқулықтарымен оқытуға мәжбүр болып отыр. Ол оқулық­тар­дың мазмұны нашар деп отырған жоқпын. Бірақ қазір жүйе, көзқарас деген өзгерді ғой. Қазіргі талап бойынша оқулық оқу жылы басталғанда бірінші беті ашылып, аяқталғанда соңғы беті жабылуы тиіс. Жыл сайын оқу-әдісте­мелік кешен дегенді дайындаймыз. Оның өзі оқулықтың тала­бына жауап беретін дүние. Бірақ негізгі маз­мұны өзгермегенімен, сыртқы құрылы­мы жыл­да өзгере береді. Соны неге оқулық қылып шығарып, бірақ бекітіп қоюға болмайтынын түсіне алмай-ақ қойдым. Бізде қазір оқулықтарды әр университет өз бетінше шығарып жатыр. Оның тиражы өздеріне ғана лайықталып шы­ғарыл­ған­дықтан, басқа университеттерге жетпейді. Осының барлығы бір орталық­қа бағынды­ры­лып, бір жүйеге түсу керек деп ойлаймын. Барлық оқу орындарына оқыту міндетте­летін ортақ оқулықтар жа­зылу керек. Оқу­лық жазатын ғалым­дарға арнайы еңбек демалысын беріп, жеткілікті деңгейде қала­мақысы төленуі тиіс. Сонда ғана сапалы оқулықтар жазылады. Оқулықтарды жазуды негізгі ғалымдар шоғыры топтасқан ұлттық университеттерге берсе құба-құп.

Біздің әдебиет тарихында көрнекті тұл­ғалардың шығармашылығы негізінен түген­деліп болды. Бірақ оның көбі дис­серта­ция деңгейінде қалып жатыр. Қорғал­ғаннан кейін дені оқулықтарға енбей қалады. Мәселен, Бейімбет Май­линнің біз білмейтін бірнеше романы бар екен. Репрессия кезінде жойылып кеткен. Оны Серікққали Бәйменше ағамыздың доктор­лық диссертациясынан білдік. Осы уақытқа дейін Мұхтар Әуез­овтің әйгілі «Еңлік-Кебегін» тұңғыш дра­малық шығарма деп оқытып жүрміз. Оның классикалық туынды екеніне дау­ы­мыз жоқ. Дегенмен, оның алдында К.Тө­гісовтың, Қ.Кемеңгерұлы­ның, Т.Жомартбайұлының және басқа дра­ма­лық туындылардың болғаны айтыла бермейді. 1959 жылы Мұхтар Әуезов бас­таған ірі ға­лымдарымыз қатысқан үлкен кон­фе­рен­ция болған. Ол жерде идеоло­гия­лық тұрғыда кімді қалай оқытамыз деген мәселе көтерілген. Бізге қазір де сондай бір тоқтамға келетін жиын қажет. Ке­зін­дегі Сәкен Сейфуллин бастаған кеңестік әде­биеттің негізін қалаушылар мен қазіргі Алаш қайраткерлеріне кел­генде ғалым­дар­дың пікірі екіге жары­лады. Біз қазақтың болашағы үшін кеңестік идеяны пайдалана отырып, күрескен ұлы қайраткерлеріміз Сәкен мен Сәбитті әдебиет тарихынан сызып тастауға хақымыз жоқ. Тек қай шы­ғар­маларын оқытамыз деген мәселе ғана күн тәр­тібінде тұр. Осындай түйткілді сұрақтар төңірегінде ғалымдарымыз ортақ мәмілеге келсе, әдебиетіміздің келешегі жарқын болады ғой деп ойлаймын.

 

 

Жұмат ТІЛЕПОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық акпараттандыру академиясының академигі:

Әдеби мұраны білмейтіндер, өзінің кім екенін біліп жарытпайды

- Қазақ әдебиетінің тарихы - Қажым Жұмалиев, Мәлік Ғабдуллин, Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазиннің кезінен бері оқытылып келе жатқан пән. Сол кісілердің алдынан Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаевтар дәріс алған. Ол кезде Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожакеев, Тұрсынбек Кәкішовтер еңбек жолын жаңадан бастаған жас мамандар болған. Сол уақытта қазақ әдебиетінің тарихы ХVIII ғасырдан Бұхар жыраудан бастап оқытылатын.

Өйткені ол кісі - ескі дәуірдегі әдебиетті зерт­теген, білген, айтқаны үшін істі болып, сотталып келген адам. Әйтпесе, қазақ әде­биеті тарихын білмейтін адам емес. Сол кездегі Қ.Жұмалиев, М.Әуезов, Т.Нұрта­зин­дер қазақ әдебиетімен қоса, батыстың әдебиеті мен орыс әдебиетін де жатқа айта­тын мамандар екеніне ешкімнің шүбәсі жоқ.

Әрбір ғылым бір орында тұрып қалмай­ды ғой, зерттеледі. Қазір қазақ әдебиеті тарихында біздің жыл санауымызға дейінгі кезеңдергі әдебиетке қатысты жәдігерлер айтылатын, оқытылатын болды. Көне қытай жазбаларындағы біздің әдебиетімізге қатысты дүниелер - соның бір парасы. Осы мәселе бойынша кезінде «Қазақ уни­вер­си­теті» баспасы профессор Тұрсынбек Кәкі­шев­тің басшылығымен «Қазақ әдебиетінің қыс­қа­ша тарихы» деген екі томдық кітап жарық көрген.

Бүгінде негізгі оқулықтардың бірі про­фес­сор Х.Сүйіншәлиевтің «Қалың бола­шақ­тан қазақ әдебиетінің тарихы» деген кітабы. Алма Қырау­баева, М.Мағауин, Ш.Сәтбаева, Қ.Сыдықов, Әнуәр Дербі­сәлин­дердің еңбектері кіргізіліп, оқытылып жатыр. Енді осы оқулықтардың таралымы қандай дегенде, қазақ әдебиеті тарихына қатысты әдебиеттер мен оқулықтардың тиражы өте аз. Бұл оқулықтар бұрын санау­лы ғана оқу орындарында оқытылатын болса, бүгінде жекелеген жоғары оқу орын­дарында да оқытылады. Жалпы, қазақ әдебиетін қазақтың тарихы сияқты барлық оқу орындарында оқытылуы керек. Біздің әдеби мұрамызды білмейінше зиялы жастарымыз шын мәнісінде өзінің кім екенін, ұлттың ұлттық деңгейі қандай еке­нін біліп жарытпайды.

Бұрынғыдай емес, еркіндік, бостандық алған заманда жалтақтамай оқытуға да, дұрыстап зерттеуге де мүмкіндіктер бар ғой. Ал шетелдегі қазақ әдебиетінің өкілдері жоғары оқу орындарында оқытылып жүр. Шетелдегі қазақ әдебиетіне қатысты монографиялар шықты. Барлық мәселе бір күнде шешіле қоймайды, әрине.

 

Дариға САТЕМИРОВА, филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы:

Сағат көлемін көбейту қажет

- Қазақстанның жоғары оқу орын­дарын­да қазақ әдебиетінің тарихын оқыту Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты негізінде жүзеге асырылады. Бүгінде осы стандарттың орнына білім бағдарламасы қабылданған. 2012 жылдан бастап аталған құжаттың орнына енгізілген Білім бағдарла­ма­сына сәйкес оқытыла бастады. Бұл бағ­дарлама шетелдік білім беру жүйесіне сәйкестендіріліп, білім алушының қос диплом алу мүмкіндігіне бағытталған. Осы құжаттарға сәйкес әдебиет тарихының бар­лық кезеңдерін оқыту үшін арнаулы сағат саны қарастырылған. Ал енді әде­биет­тің әр кезеңін білім алушыға таны­ту, меңгерту - ол пән оқытушысының білім деңгейі мен ұстаздық шеберлігіне де байланысты дер едік. Әрине, бұл тұста, жеке ұлттың тілі мен әдебиетін оқытатын филология факуль­теттерінің өзіндік ерекшелігін сақтап қалу жағын да ескеру қажет.

Қазақ әдебиеті тарихын оқытуда заман ағымына ілесеміз, шетелдік білім беру жүйесіне көшуге ұмтыламыз деп ұлттық сөз өнерінің құнын түсіріп алмау қажет. Қазақ әдебиетінің тарихын оқытуда тұтас ұлттың тарихы, мәдениеті, діні, салты-дәстүрін назарда ұстау қажет. Осы тұста айтарымыз, білімді бір жақты тестілеу арқылы ғана бағаламай, білім алушының тілдік қорын тексеріп, шешен сөйлей білу мәнерін де үнемі бақылап отыру үшін ауызша сынақ-емтихан түрлерін де қайта жетілдіру қажет деп ойлаймын. Сонда студент көлемді көркем мәтіндерді оқып, әдеби-теориялық талдау жасауға машықтанатын еді.

Академик С.Қирабаевтың тәуелсіздік ал­ған алғашқы жылдарында: «Ендігі кезең­де бұрынғы оқулықтардың бәрін қазіргі көзқарас, талап тұрғысынан қайта қарап, жаңаша ойлау жүйесімен жазу керек» деп айтқан, әдебиет тарихын зерттеушілердің алдына қойған талабына жауап беретін, заманауи талаптарға лайық, жаңа бағыттағы оқулықтар болуы қажет.

Бұл жерде әдебиет тарихын оқытудағы кемшіліктер дегеннен гөрі, кей тұстарда талап, міндеттердің толық орындалмауы деп айтуымыз керек шығар. Жоғарыда айтқанымыздай, сан ғасырлық тарихы бар қазақ әдебиетін толық қамту және шетелдегі қазақ әдебиетінің үлгілерін оқыту үшін сағат көлемін көбейту қажет.

Бүгінгі ақпараттандырылған заманда ғаламтор желісінде үнемі отырудан жалықпайтын жас ұрпақты әдебиетке тарту үшін, ұлттық сөз өнерінің інжу-маржандарымен таныстыру мақсатында арнайы әдебиет тарихына қатысты ғылыми-таным­дық сайттар ашуды да назардан тыс қалдырмаған жөн.

 

Бетті дайындағандар -

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ,

Оразбек САПАРХАН,

Еркежан ЖҰМАТАЕВА

"Айқын" газеті

 

0 пікір