Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3241 0 пікір 10 Тамыз, 2009 сағат 19:32

Елімізде мәдениет пен өнерге арналған арнайы телеарна ашуға мүмкіндік бар ма?

Өркениетті елдердің көпшілігінде өз ұлтының мәдениетін, өнерін насихаттайтын арнайы телеарналар бар. Кейбір мемлекеттерде өнер мен мәдениетті былай қойғанда, тіпті ұсақ-түйек тұрмыстық дүниелерге де арналған жеке-жеке арналар әр көрерменнің қажеттілігін қамтамасыз етеді. Балық аулаушылар мен аңшыларға дейсіз бе, егін, бау-бақша саласына арналған арналарды айтыңыз, осының бәрін біздің көрермендер спутникті телеарналардан көреді. Ал бізде төл өнеріміз бен дәстүрлі мәдениетімізді насихаттайтын бірде-бір телеарна жоқ. Бүгінгі ой-көкпарымызды осы мәселеге ойыстырған едік. Қазіргі уақытта елімізде мәдениет пен өнерге арналған арнайы телеарна ашуға мүмкіндік бар ма? Әлде бар телеарналарымыздың ең болмағанда біреуі толық қазақтілді бола алмай тұрғанда, салалық телеарна ашудың ауылы алыс па?

Қасым АМАНЖОЛ, журналист:

Иә

Өркениетті елдердің көпшілігінде өз ұлтының мәдениетін, өнерін насихаттайтын арнайы телеарналар бар. Кейбір мемлекеттерде өнер мен мәдениетті былай қойғанда, тіпті ұсақ-түйек тұрмыстық дүниелерге де арналған жеке-жеке арналар әр көрерменнің қажеттілігін қамтамасыз етеді. Балық аулаушылар мен аңшыларға дейсіз бе, егін, бау-бақша саласына арналған арналарды айтыңыз, осының бәрін біздің көрермендер спутникті телеарналардан көреді. Ал бізде төл өнеріміз бен дәстүрлі мәдениетімізді насихаттайтын бірде-бір телеарна жоқ. Бүгінгі ой-көкпарымызды осы мәселеге ойыстырған едік. Қазіргі уақытта елімізде мәдениет пен өнерге арналған арнайы телеарна ашуға мүмкіндік бар ма? Әлде бар телеарналарымыздың ең болмағанда біреуі толық қазақтілді бола алмай тұрғанда, салалық телеарна ашудың ауылы алыс па?

Қасым АМАНЖОЛ, журналист:

Иә

- Біздің елімізде мәдениет пен өнерге арналған арнайы телеарна ашудың баяғыда уақыты жеткен. Бұл мәселені мемлекет алдына төтесінен қойып, батыл айту керек. Барлық басылым беттерінде осы мәселе көтерілгені, айтылғаны дұрыс. Сондай-ақ бұл мәселеге қатысты мен сияқты қарапайым журналистің ғана емес, мемлекеттік шенеуніктің пікірін білген жөн. Кезінде қазақ мәдениетін насихаттайтын телеарна ашу туралы бастама «Қазақстан» ұлттық телеарнасында кешенді түрде жүргізілді. Сол тұста қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетіне арналған телеарна ашуға өте кәсіби тұрғыдан келіп, заманға сай телеарна жасауға ұмтылыс болған еді. Алайда өкінішке қарай, бұл бастамаға мемлекет тарапынан қолдау болмай, тоқтап қалды. Бізге өнерімізді, мәдениетімізді насихаттайтын телеарна өте қажет.

Мұндай телеарна ашуға мемлекеттің мүмкіндігі жетеді, онсыз да миллиондаған доллар оңды-солды шашылып жатыр ғой. Телеарна ашуға ақша жетпейді деген әңгіме бекер. Маман жетпейді деген де - бос сөз. Қазірде жұмыссыз жүрген, ұлтқа қатысты айтары бар небір мықты адамдар бар. Меніңше, біздің мәдениет пен өнерге арналған телеарна ашуға рухани интеллектуалдық потенциалымыз да жеткілікті. Тіпті интеллектуалдық деңгейіміз жетпеген күннің өзінде мұны көтеруге болады. Өйткені интеллектуалдық потенциал дегеніміздің өзі бірде жоғарылайды, бірде төмендейді. Айталық, жастардың білімін көтеру үшін оларды шетелге жіберіп оқытуға болады. Өз елімізде қанша университет журналистика факультетін ашып, телеарна мамандарын даярлауда. Егер өзіміздің елде өз игілігімізге жұмыс істемесек, отандық өнім жасамасақ, онда несіне жыл сайын журналист мамандар даярлап әуре боламыз? Мамандар даярлауға қыруар ақша бөлгенше, одан да мына тұрған Ресейдің арналарын көре бермейміз бе? Мәселе, салалық телеарна ашуды ұйымдастыра алатын, бастамашы бола алатын мемлекеттік жүйе және қайраткерлер жетпей тұр. Бұл - таза биліктің проблемасы. Шындап келгенде, бізде телеарнаның жиілігі мен толқыны да жеткілікті. Арнайы басқа жақтан жиілік алудың қажеттігі шамалы. Бізде күндіз-түні Ресейдің телебағдарламаларын беріп, халықтың миын ашытып отырған жалған телеарналар жетеді ғой. Қазақстандағы телеарналардың дені түріктің, кәрістің телесериалдарын беруден ары аса алмайды. Осындай телеарналардың бірін мемлекет өз қарамағына алып, өнер мен мәдениетті насихаттайтын мемлекеттік бағытқа бұруына болады. Бір кездері «Хабар-2», кейіннен «Еларна» деп өзгертілген телеарна тек қазақ тілінде ұлттық мәдениетті, өнерді насихаттаймыз деген еді. Соңында не болды? Бұл арна да телесериалдарды беретін, айналып келіп көрші елдердің бағдарламаларын аударып халыққа тарататын қатардағы көп телеарналардан еш айырмашылығы жоқ болды да шықты. Бізде жұмылған жұдырықтай күш біріктіретін жігерлі басшы, ұйымдастырушылар болмағандықтан да, қазақ көрермені жапа шегіп отыр. Қазақтың ән-күйі, өнері, дәстүрі, ғажайып мәдениеті насихатталмай жатыр. Қазақ балалары ортаңқол шетелдік музыкамен сусындауда.

Серік АБАС-ШАХ, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

Жоқ

- Дәл қазіргі кезде елімізде мәдениет пен өнерді насихаттайтын арнайы телеарна ашатын мүмкіндік жоқ. Біріншіден, бүгінгі қаржылық дағдарыс алқымымыздан алып тұрғаны көпшілікке белгілі. Ал қаржы тапшылығы кезінде телеарна ашу қиынға соғады. Екіншіден, қаржы үйіліп-төгіліп жатса да, бізде маман жетіспейді. Өз басым оқу бітіргелі осы телевизия саласында қызмет етіп келе жатқандықтан, басқаны білмесем де, осы саланы түсінемін. Біз «қазақ күшті, қазақ дарынды, қазақ мықты» дегенді құр кеудемсоқтықпен айтамыз. Ал шындап келгенде, қазақ мамандары жетіспейтін сала жетеді. Мысалы, ғарышқа қазақ жігіттері ұшқанымен, оны ұшыратын мыңдаған мамандар - басқа ұлттың өкілдері. Сондықтан ғарыштың маңындағы мамандықтарды игермейінше, қазақ ғарышы дамыды деп айта алмас едім.

Қазіргі уақытта көлігіңіз бұзыла қалса, оны жөндетуге барғанда қазақ балаларын аз кездестіресіз. Егер мейрамхана ашсаңыз, оның бас аспазы аспаздыққа жақын ұлттардың өкілінен болады. Ауылға мешіт немесе үй сала қалсаңыз, құрылысты жақын көрші ұлт өкілдері салып береді. Осы тұрғыда айтар болсақ, телевизия саласында да көптеген кәсіптерге, соның ішінде техникалық қамтамасыз ету жағына, монтаждауға қазақтың қыз-жігіттері аз барады. Бірен-саран болмаса, кәнігі мамандардың арасында қазақ жоқтың қасы. Мысалы, телевизиядағы жарық қою саласын алайықшы, мықты жарық қоюшы қазақты кездестіре алмайсыз. Алысқа бармай-ақ өзіміздің телеарналарда кейбір бағдарламаларға жүргізуші таппай жатамыз, бар жүргізушілеріміз көңілімізден шықпайды. Оларды ауыстырайық деп жас қыз-жігіттердің арасында қаншама байқау жарияладық. Бірінің келбет-көркі келсе, олар тіл білмейді, ал кейбіреуінің шешендігі болғанымен, келбеті келіспейді дегендей. Сондықтан мұндай жағдайымызбен бүтіндей бір телеарна ашу деген - күлкілі. «Қазақтілді журналистика орыстілді журналистикадан кем емес» деп жатады. Бірақ мен келісе алмаймын. Егер, шынымен, қазақ журналистикасы мықты болса, оның нәтижесі болуы керек. Айталық, таралымы үлкен газеттер шығуы керек, аудиториясы үлкен телевизиялар жұмыс істеу керек. Жарнама берушілер қазақтілді басылымдар мен телеарналарға, бағдарламаларға өздері жүгіріп жарнама беруге мүдделі болғанда ғана - әңгіме басқа. Біз өзіміз орыстілді басылымдарды іздейміз, орыстілді жаңалықтарға ұмтыламыз. Өйткені қазақтілді басылымдар оқырманды қанағаттандырмайды, керегімізді таба алмаймыз. Қазақ үйінде жатып намыстарын қорғағысы келеді. Ал намыс үлкен құрбандықты қажет етеді. Телеарна ашылғаннан кейін жиырма-отыз сапалы бағдарлама, деректі фильмдер, мықты ток-шоулар керек. Олардың мықты, білімді, терең ойлы жүргізушілері болуы шарт. Сондай-ақ өнер мен мәдениетті насихаттау үшін тек студияның ішіне тығылып алмай, түрлі деректі фильмдер түсіру қажет. Бұл үлкен режиссураны талап етеді. Ал біз қазір бар телеарналарымыздан іліп аларлық бағдарламаны атай алмай, есімізге түсіре алмай, санап отырамыз. Сондықтан әл-әзір сала-салаға бөлек телеарна ашуға дайын емеспіз.

Бейтарап пікір

Бақыт БӨКЕБАЕВ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Өнер басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда телевизиямыздың бәрі коммерциялық болғандықтан, өнер саласындағы адамдардың өнерді насихаттауға мүмкіндіктері болмай қалды. Болашақта мәдениет пен өнерге арналған телеарна міндетті түрде ашылуы керек. Бұл үшін болашақта мемлекет тарапынан қаржы бөлінгені жөн. Әсіресе, ұлттық өнеріміз бен дәстүрлі өнерімізді насихаттайтын телеарна тек қазақ тілінде болуы шарт. Әзірге осы мәселеге бізде аса құнтталмай отыр. Меніңше, мәдениетке арналған телеарна ашылып, онда салмақты бағдарламалар болса, арнаны қаржыландыратын демеушілер де табылып, мүмкіндік молаяр еді.

 

 

Дайындаған Айнұр СЕНБАЕВА

"Алаш айнасы" газеті, 07.08.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564