Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Қазақтың тілі 2703 4 пікір 31 Қазан, 2022 сағат 14:17

Кірме сөз қабылдау қағидаты қашан жолға қойлады?

Бізде «кірме сөз» деген шақта орыс тілі қабылдаған шетелдік сөздің қазақтілділер тарапынан айна қатесіз жазылып, мүлтіксіз айтылуы деген құлдық сана қол бұлғайды. Біліміміз асып бара жатпаса да, 40 жылдан аса аудармамен айналысып келеміз. Кейде орыстық термінді ана тілімізге бейімдеп, түпнұсқасына жуықтап жаза алмайтындығыңа налып та кетесің. Мақала өзгелерге ой салу үшін жазылып отыр. Артық кеткен пікіріміз болса, патша көңіл оқырман айыпқа бұйырмай кешіре жатар. Сонымен...

4 ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТІ ҒАЛЫМДАРЫ ТЕРМИНГЕ ҚАТЫСТЫ АҒЫЛШЫН ТІЛІН ҚЫСТЫРМАЙ, ОРЫС ТІЛІНСІЗ ҰҒЫНЫСА АЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК? деген сауалды ауызға ала бастады. Осыған жауап іздеп көрейік. Аталған төрт мемлекет алтай, қыпшақ, оғыз және қарлұқ диалектілерін тілдеріне негіз еткен елдер болса да, кірме сөз қабылдау қағидаттары ортақ елдер. Қазақтар кірме сөз қабылдаудың үрдісін жолға қойып, қалған үш елге үлгі болуға тиіс.

Ең бастысы тілімізге кіретін кірме сөздер орфоэпия заңдылығына, милеттік сөйлеу тілі заңдылығына, бағынады. Әрі ана тілімізде сөз басталмайтын х, в мен ф-дан басталатын кірме сөздер шоғыры ендігі жерде ұлттық әуеземізге бейімделіп, қ, б мен п деп жазылуға тиіс. В-дан басталатын қазақ есімдері жоқ. Сондықтан, артық дау туындамас үшін бұл әріптер Фатима, Хамит сияқты кісі аттарында және араб-парсыдан енген сөздерде ұшырасады деген арнайы ереже керек.

Кірме сөз қабылдау жолдары дегенге келсек:

1. Тікелей (ағылшын, орыс және түрік)

2. Жанама (орыс және түрік тілі арқылы өзге тілден енген сөздерді қабылдау)

Тікелей қабылдау дегеніміз – өз кезегінде:

Ұқсату  (Бұрыннан тілімізде бар белгілі бір сөзге ұқсату)  тірек (жолақ) – track [træk], пілте (фильтер)– filter |ˈfɪltə|  тұл (аспап)– tool |tuːl|

Қысқарту (Кірме сөздің алғашқы бөлігін ғана ықшамдап айтуға бейімдеу) Бәк (фон) –background |ˈbækɡræʊnd| Саб (субтитр) subtitle [ˈsʌbtaɪtl] немесе сабпәпкі (подпапка), кіләбә, кәміп т.с.с.

Біршама өзгертуден (Өзге тілдік кірме сөзді ұлттық сөйлеу тіліне төл нұсқалық дыбысталуынан біршама алшақтата отырып ыңғайлау) Бірәш (қыл қалам//кисть) brush |brʌʃ| сәтін (настройка) setting |ˈsetɪŋ| т.б тұрады.

Жанама сөз қабылдау дегеніміз – ағылшын, славян, түркі текті сөздерді орыс пен түріктен алып, өз тілдік заңдылығымызға бейімдеу. Алғашқы тәжірибесі ұшақ, білгесаяр (ноутбук), тауар, зауыт немесе сәлүт (солют), пәрәшөт, сінәрәт, текінікә т.б.

Проблема тудырып жүрген грек пен латын текті сөз алды жұрнақтары көп.

Енді осы мәселені нақты мысалдармен берейік.

…АРИЙ [< лат. …аrium < аrеа алаң, жер]. Белгілі бір мақсатқа арналған жер деген ұғымды білдіріп арнайы бір ғаламзаттық түсінікке жалғанады.  Мысалы: Виварий (vivarium, лат. vivus — «тірі») — медициналық-биологиялық мекемелердегі (ғылыми-зерттеу институттары мен зертханаларда) тәжірибе жасалатын хайуандарды ұстап тұруға арналған ғимарат немесе жеке жапсар орын. Қазекең “жануархана” деп аталатын медициналық терминді айналысқа енгізіп отыр. ЖАНУАРАРИЙ немесе ХАЙУАНАРИУМ деп ғылыми синонимін қолдансақ ұтпасақ ұтылмаймыз. Соңғысын Кіндік Азияның бес еліде ұғады.

Біз англо-сакстық сөздерді орысша аталуынша қолдана салатын болдық, әрі жұрттың ұлтшыл пейлі байыз тапсын деп қазақшалай да саламыз. Бәр мәселе қазақшаға аудару мен орысша айта салуымызда емес. Билік пен ұлт зиялылары тарапынан терминдік отарсыздану процесінің басталмауында. Ол үшін бюджеттен көп ақша жұмсап та керегі жоқ, жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай қаптаған ғылыми зерттеу орталықтарын ашудың да қажеті жоқ. Бар болғаны ағылшын тіліндегісін қазақша әуезелеу. Бұдан ұтамыз өйткені, баба қанымен сіңген қазақ тілі түгіл, ана тілімен сіңген орыс тілінен жеріген қандастарымызда ұғатындығы...

Тілші фонолог ғалымдарымыз әлеуметтік лингвистикалық зерттеулер жасап, салалық және кәсіби термін қабылдаудың жөн-жосығын 28 дыбысымызға бейімдеп қолға алып, свежийді балауса, бәлкөнді – самалдық, стюардессаны – Аспан қыз  деп былжыраған тірліктен арылтса деген ойдамыз.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

4 пікір